7-БӨЛІМ. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары. Өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары
Ескерту. 7-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 10.01.2018 № 132-VI Заңымен (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
91-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану негiздерi
1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын:
1) есi дұрыс емес күйде осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің баптарында көзделген іс-әрекеттердi жасаған;
2) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн психикасы жаза тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтындай бұзылған;
3) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасының бұзылуынан зардап шегетiн;
4) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарынан (ауруларынан) емделуге мұқтаж деп танылған;
5) кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған он сегіз жастан асқан адамдарға тағайындауы мүмкiн.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикасының бұзылуы бұл адамдардың өзге елеулi зиян келтiру мүмкiндiгiне не өзiне немесе басқа адамдарға қауiп төндiруiне байланысты жағдайларда ғана тағайындалады.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын орындау тәртiбi Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексiнде және денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында айқындалады.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнің 1) – 4) тармақтарында көрсетілген және өзiнiң психикалық жай-күйі бойынша қауiп төндірмейтін адамдарға қатысты сот осы адамдарды емдеу немесе оларды психоневрологиялық ұйымдарға жiберу туралы мәселенi Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен шешу үшiн денсаулық сақтау органдарына қажеттi материалдар жiбере алады.
Ескерту. 91-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
92-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану мақсаттары
Осы Кодекстiң 91-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдарды емдеу немесе олардың психикалық жай-күйін жақсарту, сондай-ақ олардың осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің баптарында көзделген жаңа іс-әрекеттердi жасауының алдын алу медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудың мақсаттары болып табылады.
93-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрлерi
1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының мынадай түрлерiн:
1) амбулаториялық мәжбүрлеп байқауды және психиатрда емдеуді;
2) жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуді;
3) мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуді;
4) интенсивтi байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуді;
5) химиялық кастрациялау түрінде мәжбүрлеп емдеуді тағайындауы мүмкiн.
2. Есi дұрыс күйiнде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшiн сотталған, бiрақ есiнің дұрыстығы жоққа шығарылмайтын, психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарынан (ауруларынан) емдеудi қажет ететiн адамдарға сот жазамен бiрге амбулаториялық мәжбүрлеп байқау және психиатрда емдеу түрiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн.
3. Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасаған адамдарға сот жаза мерзімін өтегеніне қарай бостандығынан айыру орындарынан босату кезінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындау, ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы мәселені шешеді.
Ескерту. 93-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
94-бап. Амбулаториялық мәжбүрлеп байқау және психиатрда емдеу
Егер адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша психиатриялық стационарға орналастыруды қажет етпесе, осы Кодекстiң 91-бабында көзделген негiздер болған кезде амбулаториялық мәжбүрлеп байқау және психиатрда емдеу тағайындалуы мүмкiн.
95-бап. Психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу
1. Егер адамның психикасының бұзылу сипаты тек психиатриялық стационарда ғана жүзеге асырыла алатын емдеудiң, күтудiң, ұстаудың және байқаудың осындай шарттарын талап ететiн болса, осы Кодекстiң 91-бабында көзделген негiздер болған кезде психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалуы мүмкiн.
2. Жалпы үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамға қауіпті іс-әрекетiнiң сипаты бойынша стационарлық емдеу мен байқауды қажет ететiн, бiрақ интенсивтi байқауды талап етпейтiн адамға тағайындалуы мүмкiн.
3. Мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамға қауіпті іс-әрекетiнiң сипаты бойынша тұрақты байқауды талап ететiн адамға тағайындалуы мүмкiн.
4. Интенсивтi байқайтын мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамға қауіпті іс-әрекетiнiң сипаты бойынша өзiне немесе басқа да адамдарға айрықша қауiп төндіретін және ұдайы әрі интенсивтi байқауды талап ететiн адамға тағайындалуы мүмкiн.
96-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын ұзарту, өзгерту және тоқтату
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын ұзартуды, өзгертудi және тоқтатуды психиатр-дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы негiзiнде мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеме әкiмшiлiгiнiң ұсынуы бойынша сот жүзеге асырады.
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы тағайындалған адам сотқа осындай шараны тоқтату туралы немесе өзгерту туралы ұсыныс енгiзу үшiн негiздердiң бар екенi жөнiндегi мәселенi шешу үшiн кемiнде алты айда бiр рет психиатр-дәрiгерлер комиссиясында куәландырылып отыруға жатады. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату немесе өзгерту үшiн негiздер болмаған кезде мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеменiң әкiмшiлiгi мәжбүрлеп емдеудi ұзарту үшiн сотқа қорытынды бередi. Мәжбүрлеп емдеудi бiрiншi ұзарту емдеу басталған кезден бастап алты ай өткеннен кейiн жүргiзiлуi мүмкiн, мәжбүрлеп емдеудi одан кейiн ұзарту жыл сайын жүргiзiледi.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын өзгертудi немесе тоқтатуды адамның психикалық жай-күйi өзгерiп, бұрын тағайындалған шараны қолдануда қажеттілік болмай қалған не медициналық сипаттағы өзге мәжбүрлеу шарасын тағайындауда қажеттілік туындаған кезде сот жүзеге асырады.
4. Психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеудi қолдану тоқтатылған жағдайда, сот мәжбүрлеп емдеуде болған адамға қатысты қажеттi материалдарды оны емдеу немесе психоневрологиялық ұйымға жiберу туралы мәселенi Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен шешу үшiн денсаулық сақтау органдарына беруi мүмкiн.
97-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылғаннан кейiн жаза тағайындау
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн немесе жазасын өтеу уақытында өзінің әрекеттерi үшiн өзiне есеп беру немесе оларға ие болу мүмкiндiгiнен айыратын психикалық аурумен ауырған адамға, егер ескіру мерзімі өтіп кетпесе немесе оны қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату үшін негiздер болмаса, ол сауыққаннан кейiн сот оған жаза қолдана алады.
2. Психикасының бұзылуы қылмыс жасағаннан кейiн басталған адам емделген жағдайда, жаза тағайындау немесе оны орындауды қайта бастау кезiнде адамға психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу қолданылған уақыт бас бостандығынан айырудың бiр күнi үшін не қамаққа алудың бір күні үшін психиатриялық стационарда болған бiр күн есебiмен жаза мерзiмiне есептеледi.
98-бап. Жазаны орындаумен біріктірілген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары
1. Осы Кодекстiң 91-бабы бiрiншi бөлiгiнің 3) және 5) тармақтарында көзделген жағдайда, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары – бас бостандығынан айыруды өтеу орнында, ал өзге де жаза түрлерiне сотталғандарға қатысты амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымдарында орындалады.
2. Осы Кодекстiң 91-бабы бiрiншi бөлiгiнің 4) тармағында көзделген жағдайда, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары – бас бостандығынан айыруды өтеу орнында, ал өзге де жаза түрлеріне сотталғандарға қатысты денсаулық сақтау ұйымдарында орындалады.
3. Сотталған адамның стационарлық емдеудi талап ететiн психикалық жай-күйi өзгерген кезде сотталған адамды психиатриялық стационарға немесе өзге де емдеу мекемесiне орналастыру Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен және негiздер бойынша жүргiзiледі.
4. Аталған мекемелерде болған уақыт жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi. Сотталған адамның көрсетілген мекемелерде одан әрi емделуiне қажеттілік болмай қалған кезде оны шығару Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен жасалады.
5. Жазаны орындаумен біріктірілген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасының қолданылуын тоқтатуды жазаны орындаушы органның ұсынуы бойынша, психиатр-дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы негiзiнде сот жүргiзедi.
Ескерту. 98-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |