442-бап. Қашқындық
1. Қашқындық, яғни әскери қызметтен жалтару мақсатында бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты осындай мақсатпен қызметке келмеу –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Қызмет бабымен сенiп тапсырылған қарумен қашу, сол сияқты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қашқындық –
үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi немесе екінші бөлiктерінде көзделген қашқындықты жасаған әскери қызметшiні, егер қашқындық ауыр мән-жайлардың тоғысу салдары болып табылса, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
443-бап. Әскери қызметті атқарудан жалтару немесе бас тарту
1. Әскери қызметшiнiң аурумын деп жалған сылтаурату немесе өзiне қандай да бiр болмасын зақым келтiру (дене мүшесiн зақымдау) не денсаулығына өзге де зиян келтiру немесе жалған құжат жасау немесе өзгеше алдау жолымен әскери қызмет мiндеттерiн орындаудан жалтаруы, сол сияқты әскери қызметті атқарудан бас тартуы –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не елу тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
2. Ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған дәл сол іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
Ескерту. 443-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |