Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамыз



бет2/21
Дата07.02.2022
өлшемі287 Kb.
#83347
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
Байланысты:
Қазақстан республикасының Коституциясы

ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап
1. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 21.12.01 ж. № 18/2 қаулысымен берілген түсініктемені, ҚР Конституциялық Кеңесінің 2005 жылғы 29 сәуірдегі № 3 қаулысын қараңыз
2. Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.
2-бап
1. Қазақстан Республикасы - президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет.
2. Республиканың егемендiгi оның бүкiл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етедi.
ҚР Конституциялық кеңесінің 2003 жылғы 23 сәуірдегі № 4 қаулысын қараңыз
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның елордасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның елордасы Астана қаласы болып табылады.
4. Қазақстан Республикасы және Қазақстан атауларының мәнi барабар.
3-бап
1. Мемлекеттік билiктiң бiрден-бiр бастауы - халық.
2. Халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға бередi.
3. Қазақстан Республикасында билiктi ешкiм де иемденiп кете алмайды. Билiктi иемденiп кетушiлiк заң бойынша қудаланады.
Халық пен мемлекет атынан билiк жүргiзуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзiнiң конституциялық өкiлеттiгi шегiнде Парламенттiң құқығы бар. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берiлген өкiлеттiктерi шегiнде ғана билiк жүргiзедi.
4. Республикада мемлекеттік билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну, олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы, өзара iс-қимыл жасау принципiне сәйкес жүзеге асырылады.
 
4-бап
 
1. Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да мiндеттемелерiнiң, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесiнiң және Жоғарғы Соты нормативтiк қаулыларының нормалары болып табылады.
«Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының нормаларын қолдану туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 10 шілдедегі № 1 Нормативтік Қаулысымен берілген түсініктемені, ҚР Конституциялық Кеңестің 1996 жылғы 28 қазандағы № 6/2 Қаулысын және ҚР Конституциялық Кеңестiң 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 қаулысын  қараңыз
2. Конституцияның ең жоғары заңды күшi бар және Республиканың бүкiл аумағында ол тiкелей қолданылады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 Нормативтік қаулысын, ҚР Конституциялық Кеңесінің 2006 жылғы 18 мамырдағы № 2 Қаулысын, ҚР Конституциялық кеңесінің 2000 жылғы 11 қазандағы № 18/2 Қаулысын қараңыз
3. Республика бекiткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайдан басқа реттерде, тiкелей қолданылады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 Нормативтік қаулысымен берілген түсініктемені, ҚР Конституциялық Кеңесінің 2006 жылғы 18 мамырдағы № 2 Қаулысын қараңыз
4. Барлық заңдар, Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлердi ресми түрде жариялау оларды қолданудың мiндеттi шартты болып табылады.
5-бап
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Мемлекеттік органдарда партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Қоғамдық бiрлестiктер заң алдында бiрдей. Қоғамдық бiрлестiктер iсiне мемлекеттiң және мемлекет iсiне қоғамдық бiрлестiктердiң заңсыз араласуына, қоғамдық бiрлестiктерге мемлекеттік органдардың қызметiн жүктеуге жол берiлмейдi.
3. Мақсаты немесе iс-әрекетi Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бiрлестiктер құруға және олардың қызметiне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрiлген құрамалар құруға тыйым салынады.
4. Республикада басқа мемлекеттердiң саяси партиялары мен кәсiптiк одақтарының, дiни негiздегi партиялардың қызметiне, сондай-ақ саяси партиялармен кәсiптiк одақтарды шетелдiк заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берiлмейдi.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 07.06.00 ж. № 4/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
5. Шетелдiк дiни бiрлестiктердiң Республика аумағындағы қызметi, сондай-ақ шетелдiк дiни орталықтардың Республикадағы дiни бiрлестiктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиiстi мемлекеттік органдарымен келiсу арқылы жүзеге асырылады.
6-бап
1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады.
2. Меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгіне де қызмет етуге тиiс. Меншiк субъектiлерi мен объектiлерi, меншiк иелерiнiң өз құқықтарын жүзеге асыру көлемi мен шектерi, оларды қорғау кепiлдiктерi заңмен белгiленедi.
3. Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн.
7-бап
1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл - қазақ тілі.
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
3. Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.
8-бап
Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптерi мен нормаларын құрметтейдi, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршiлiк қарым-қатынас жасау, олардың теңдiгi мен бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпау, халықаралық дауларды бейбiт жолмен шешу саясатын жүргiзедi, қарулы күштi бiрiншi болып қолданудан бас тартады.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 9-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
9-бап
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері - Туы, Елтаңбасы және Гимнi бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртібі конституциялық заңмен белгiленедi.
II БӨЛIМ


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет