Қазақстан республикасының мектепке дейінгі ұйымдарында 2014-2015 ОҚу жылын



Дата26.08.2017
өлшемі296,19 Kb.
#28395
қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі

«мектепке дейінгі балалық шақ» Республикалық Орталығы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМДАРЫНДА

2014-2015 ОҚУ ЖЫЛЫН

ҰЙЫМДАСТЫРУ ТУРАЛЫ
ӘДІСТЕМЕЛІК-НҰСҚАУ ХАТ

Астана


2014

«Мектепке дейінгі балалық шақ» Республикалық орталығының Әдістемелік кеңесінің шешімімен баспаға ұсынылды (2014 жылғы 24 шілдедегі № 6 хаттама).

Қазақстан Республикасының меншік нысандарына қарамастан барлық типтегі және түрдегі мектепке дейінгі ұйымдарында 2014-2015 оқу жылын ұйымдастыру туралы. Әдістемелік-нұсқау хат. – Астана: «Мектепке дейінгі балалық шақ» Республикалық орталығы, 2014. – 16 бет.

Әдістемелік-нұсқау хат Қазақстан Республикасы мектепке дейінгі ұйымдарында білім беру процесін ұйымдастырудың материалдарын қарастырады.

Материал мектепке дейінгі ұйым меңгерушілеріне, әдіскерлеріне, педагогтарына және ата-аналарға арналған.

Кіріспе

Қазақстанның әлеуметтік-эконмикалық дамуы жалпы білім беру жүйесіне, оның ішінде бастауыш буынға − мектепке дейінгі тәрбиеге жаңа талаптар қойып отыр.



Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан Халқына Жолдауында «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз − белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» деп атап айтқан.

Мұндай жан-жақты дамыған азаматты қалыптастыру мектепке дейінгі жастан басталады.

Мектепке дейінгі жастағы балаларды дамытудың өзектілігі бір ғана мақсатпен түсіндіріледі: терең ойлы, дені сау, ақылды және мейірімді бала қалыптасатындай білім беру.

Адамды мектепке дейінгі жастан дамыту оның алдағы барлық өмірінің анықтауышы болып табылады. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі.

Мектепке дейінгі жастағы балаларды оқыту жүйесіне инновациялық технологиялар негізінде әзірленген ақпараттық технологиялар, электронды оқу-әдістемелік кешендері енгізілуде.

Жаңа оқу жылының негізгі міндеттері:

- мектепке дейінгі білім берудің нормативті құқықтық базасын жетілдіру;

- мектепке дейінгі ұйымдар желісін арттыру және олардың материалды-техникалық жағдайын, пәндік-дамытушы ортасын нығайту;

- мектепке дейінгі ұйымның оқу-тәрбиелеу процесінің бағдарламалық-әдістемелік мазмұнын жаңарту;

- мектепке дейінгі білім беру педагогтарының біліктілігін артыру жүйесін жетілдіру;

- ата-аналар қауымдастығымен ынтымақтастық болып табылады.

Қазіргі уақытта республиканың мектепке дейінгі ұйымдарында 670 мыңнан астам баланы қамтыған 9 мыңдай мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істейді. 1 жастан 6 жасқа дейін балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту - 48,8% - ды, ал 3 жастан 6 жасқа дейін – 73,4%-ды құрайды.



Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнының басым бағыттары

2014-2015 оқу жылында мектепке дейінгі білім беру жүйесі қызметінің негізі бағыттары:

- сапалы мектепке дейінгі білім беруге қолжетімділікті қамтамасыз ету;

- тәрбие мен оқытудың инновациялық технологияларын ендіру негізінде білім беру процесін жаңғырту;

- пәндік-дамытушы ортаны моделдеу;

- тәрбиелеу-білім беру процесіне ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді ендіру;

- мектепке дейінгі ұйымдарда тілдердің үштұғырлылығын іске асыру;

- педагогикалық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіру;

- мектепке дейінгі ұйым қызметіне ата-аналарды тарту, бала тәрбиесі процесінде өзара әрекеттің түрлі стратегияларын құру, отбасылық тәрбиені жүзеге асыруда психологиялық-педагогикалық қолдау болып табылады.

Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі ұйымдары, олардың ведомостволық бағыныстылығына және меншік нысандары, типтері мен түрлеріне қарамастан, педагогикалық білім беру қызметін нормативті құжаттарға сәйкес жүзеге асырады (қосымша 1).


Педагогикалық процесті ұйымдастырудағы әдістемелік тәсілдер

Мектепке дейінгі білім беру саласында педагогикалық процесс келесі негіздерде қамтамасыз етіледі:

- мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу және оқытуда тиімді тәсілдер, мазмұнның бірлігі және сабақтастығы, тәрбиелеу және оқыту әдістері;

- мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру процесін жүзеге асыруда инновациялық тәсілдер, оқытудың мақсатын, мазмұны мен әдістерін жаңартудың әлеуметтік кесімділігі;

- танымдық әрекеттерді бес білім беру саласы арқылы ұйымдастырудағы кіріктірілген тәсілдер (Денсаулық, Қатынас, Шығармашылық, Таным, Әлеуметтік орта);

- сөйлесу, ойын, зерттеу әрекеттері арқылы білім беру процесін интерактивті құру, ересектермен және құрбыларымен ынтымақтастық;

- жас ерекшеліктеріне сәйкес бала дамуының мониторингі;

- баланың жеке тұлғасын қалыптастыруда және оның қабілеттерін дамытуда педагогикалық процеске қатысушылар – ата-аналар, педагогтар, әлеуметтік орта арасындағы кешенді бірлестік;

- ақпараттық-коммуникациялық технологиялар.
Мектепке дейінгі ұйымдарда пәндік-дамытушы орта құру

Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үйлесімділігі және мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқыту процесін жүзеге асыру үшін қауіпсіз пәндік-дамытушы орта құруға ерекше көңіл бөлінуі қажет. Барлық мектепке дейінгі ұйымдар «Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1684 Қаулысымен бекітілген ережелерді басшылыққа алады.

Пәндік-дамытушы ортаны ұйымдасытрудың негізгі міндеті – балаларда еркіндік пен белсенділікті анықтау үшін жағдайлар жасау.

Келесі міндет балалардың бірлескен әрекет пен ойында өздерінің қызығушылығын ұйымдастыра білу мүмкіндігінен тұрады, бұл арқылы әлеуметтік қабілеттерді дамытады:

- тіл табыса білу;

- түрлі әлеуметтік рөлдерді бөлу және орындау;

- бір-біріне көмектесу және қолдау;

- тапсырмаларды орындау.

Пәндік-дамытушы орта білім беру әлеуетінің ең көп іске асырылуын қамтамасыз етуі, қолжетімді болуы, яғни тәрбиеленушілердің ойын мен ойыншықтарға еркін рұқсаты болуы қажет.

Секторларға (дамыту орталықтарына) жабдықтарды орналастыру балаларға ортақ қызығушылықтары бойынша топтарға бірігуге мүмкіндік береді.

Міндетті құралдар танымдық әрекеттерді белсендіретін материалдар болып табылады:

- дамытушы ойындар;

- техникалық құрылғылар және ойыншықтар;

- тәжірибелі-іздеу жұмыстарына арналған нәрселер;

- үйренуге арналған түрлі материалдар, эксперименттеу, коллекция жинақтау.

Балабақшада пәндік-дамытушы ортаны ұйымдастыру кезінде дамытушы зонада түрлі тапсырмаларды ойластыра білетін барлық педагогтардың шығармашылық қызметі қажет. Тапсырманы балалардың қызығушылығы мен қажеттілігіне байланысты өзгертуге болады.



Мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру процесін ұйымдастыру

Мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиелеу-білім беру процесін «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» негізгі білім беру бағдарламалары, «6-7 жастағы балалардың мектепалды даярлығына арналған жалпы білім беру бағдарламалары», «Қайнар», «Балбөбек» балама бағдарламалары және т.б. негізінде жүзеге асырады.

Білім беру бағдарламаларында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкес мектепке дейінгі білім берудің базалық мазмұны анықталған.

Білім беру процесі бес білім беру саласын «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» кіріктіру арқылы қамтамасыз етіледі, олардың әрқайсысы баланың жас ерекшелігіне байланысты мақсатты бағыттары бар өзіндік тараулардан тұрады.



«Денсаулық» білім беру саласында балалардың денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтының ережелерін саналы түрде сақтауын қалыптастыруға, сауықтыру-гигиеналық процедуралар өткізуге эмоциональды-жағымды қатынасқа, қозғалыстарды жетілдіруге, физикалық және мықтылық қасиеттерін дамытуға, балалардың дербестігіне бағытталған педагогикалық жұмыстардың шарттары мен мазмұны, міндеттері белгіленген.

«Денсаулық» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады:

1) дене шынықтыру;

2) тәртіп қауіпсіздік негіздері, валеология.



«Қатынас» білім беру саласында байланыстырып сөйлеуді дамытуды, мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тілдік әрекетке жеке қабілеттерін дамыту, мазмұнды диалог пен монолог құра білу іскерлігін, тілдік шығармашылығын көрсетуге бағытталған жұмыстардың мазмұны мен міндеттері қарастырылады.

«Қатынас» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады:

- тіл дамыту;

- көркем әдебиет;

- сауат ашу және жазу негіздері;

- мемлекеттік, орыс және басқа тілдер.



«Таным» білім беру саласында баланың қоршаған ортада бағдарын кеңейту және байыту, қоғамдық өмір, еңбек және ересектердің қызметі, экологиялық мәдениет негіздері туралы түсініктерін қалыптастыруға бағытталған педагогикалық жұмыстардың міндеттері, мазмұны мен шарттары айқындалып көрсетіледі.

«Таным» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады:

- сенсорика;

- қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру;

- құрастыру;

- экология негіздері;

- қоршаған ортамен таныстыру.

«Шығармашылық» білім беру саласы мектепке дейінгі кіші жастағы балаларды шығармашылық - эстетикалық тәрбиелеуге, бала бойында эстетикалық эмоциялар мен сезімдерді дамытуға, музыка, ән, бейнелеу өнері салаларында қарапайым білім, білік және дағды элементтерін қалыптастыруға бағытталған.

«Шығармашылық» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады:

- сурет салу;

- мүсіндеу;

- жапсыру;

- музыка.



«Әлеуметтік орта» білім беру саласында жеке тұлғаның әлеуметік қасиеттерін дамыту, құрбыларымен және ересектермен тіл табысудың түрлі құралдарын меңгеру, балалар қоғамын қалыптастыру міндеттері шешіледі. Білім беру саласының мазмұнын іске асыру балалардың дербестігін, адамгершілік қасиеттерін дамытуға, олардың өзін-өзі бағалауына ықпал етеді.

«Әлеуметтік орта» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады:

- қоршаған ортамен таныстыру;

- экология;



  • көркем әдебиет;

  • өзін-өзі тану.

Әр білім беру саласының барлық тараулары бағдарламалық материалдарды игеру көрсеткіштерінің тізімімен аяқталады.

Аптаға ұйымдастырылған оқу қызметінің жалпы көлемі және оның ұзақтығы жас кезеңдеріне байланысты МЖМБС талаптарына сәйкес оқу жоспарымен анықталған:

Ерте топта (1 жастан 2 жасқа дейін) бағдарлама ұзақтығы 7-10 минутқа дейін 7 сағ. ұйымдастырылған оқу қызметін қарастырады.

Бірінші кіші топта (2-ден 3 жасқа дейін) бағдарлама ұзақтығы 10-15 минутқа дейін 9 сағ. ұйымдастырылған оқу қызметін қарастырады.

Екінші кіші топта (3-тен 4 жасқа дейін) бағдарлама ұзақтығы 15-20 минутқа дейін 12 сағ. (оның ішінде 1 сағ. вариативті бөлім) ұйымдастырылған оқу қызметін қарастырады.

Ортаңғы (естиярлар) топта (4-тен 5 жасқа дейін) бағдарлама ұзақтығы 20-25 минутқа дейін 14 сағ. (оның ішінде 2 сағ. вариативті бөлім) ұйымдастырылған оқу қызметін қарастырады.

Ересектер тобында (5-тен 6 жасқа дейін) бағдарлама ұзақтығы 25-30 минутқа дейін 20 сағ. (оның ішінде 3 сағ. вариативті бөлім) ұйымдастырылған оқу қызметін қарастырады.

Вариативті компонент мектепке дейінгі ұйымның тақырыптық бағыты, экспериментальды жұмысы, педагогтардың шығармашылық қызметі, ұйымдастырылған оқу қызметінен тыс балалармен жұмысты, олардың мүддесі және шетел тілдерін үйрету бойынша жұмысты болжайды.

Бағдарламаның вариативті бөлімінің мазмұнын анықтау үшін тәрбиеленушілер мен ата-аналардың білім беру қажеттілігіне мониторинг жүргізіуі қажет.

Компьютерлерді қолдану арқылы өткізілетін ойын сабақтар 5-6 жастағы балалардан бастап, аптасына 2 реттен көп болмауы тиіс. Компьютермен жеке жұмыстың ұзақтығы:

- 5 жастағы балалар үшін – 5–7 минутты;

- 6 жастағы балалар үшін – 10 минутты құрайды.

Күн тәртібінде вариативті компонент сабақтарын өткізу уақыты мектепке дейінгі ұйым әкімшілігінің құзіретінде болады.

Мектепке дейінгі ұйымдарда балаларға каникул қарастырылмаған. Жалпы білім беретін мектептердің мектепалды даярлық сыныптарындағы балаларға бірінші сынып оқушылары сияқты каникул қарастырылған.


Инклюзивті білім беру

Мүмкіндігі шектеулі балалар басқа балалармен бірдей мектепке дейінгі ұйымдарға арналған білім беру бағдарламалары бойынша білім алады. Мұндай балалар үшін балабақшада және топта бала мүмкіндіктеріне сәйкес арнайы жағдайлар құрылады: пандустар, баланы тақтаға, педагогке және т.б. жақын отырғызу.



Мектепке дейінгі ұйымдағы даярлық топтар және жалпы білім беретін мектептегі мектепалды сыныптар

Балалардың мектепалды даярлығының негізгі мақсаты мектепке дейінгі жастағы балалардың жалпы, жеке, физикалық дамуын, білімді меңгеруге даярлығын қамтамасыз ету, балада оқу іс-әрекетін меңгеруге қажетті жеке қасиеттерді қалыптастыру болып табылады.

Міндеттері:

- балалардың мектепте оқуға мақсатты және жүйелі даярлығы;



- жеке қабілеттерін және дарындылығын дамыту;

- балаларды ұлттық, жалпыадами этикалық және мәдени құндылықтарға баулу, балалардың интеллектуалдық дамуы;

- жоғары рухани және адамгершілік негіздерін қалыптастыру;

- балалардың физикалық және психикалық денсаулығын нығайту;

- білім берудің өзара сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз ету.



Мектепалды даярлық топтарда және сыныптарда сабақтарды ұйымдастыру және өткізу мектепке дейінгі тәрбие және оқытуға арналған білім беру бағдарламалары және Типтік оқу жоспары негізінде жүзеге асырылады.

Мектепалды даярлық топтары және сыныптары 5–6(7) жас аралығындағы балаларды қамтиды.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты мен үлгілік оқу жоспарларына сәйкес мектепалды даярлық топтары мен сыныптарында оқу жүктемесі 24 сағатты құрайды, оның ішінде 20 сағат - ұйымдастырылған оқу әрекетіне, 4 сағат – вариативті компонентке қарастырылған.

Мектепалды даярлық топтары мен сыныптарында ұзақтығы 25-30 минуттан ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің саны төрттен көп болмауы қажет. Әрбір сабақ арасындағы үзіліс ұзақтығы 10-12 минут болуы қажет, бұл кезде бірқалыпты қарқындылықпен қимыл-қозғалыс ойындары ұйымдастырылады.

Мектепалды даярлық топтары мен сыныптарында негізгі білім беру бағдарламасы ретінде «Біз мектепке барамыз» және балама «Мектепалды даярлықтың білім беру бағдарламасы» бағдарламасы қолданылады.

Бағдарламалар мектепте оқытуда балалар даярлығының контекстінде бала тұлғасының психикалық және физикалық даму жағдайын қамтамасыз етуге бағдарланған балабақша мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қарастырады.

Мектепалды даярлық топтары мен сыныптарында білім беру мазмұны балалардың танымдық, қатынас, эстетикалық және физикалық потенциалын дамытуға бағытталған «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Әлеуметік орта» және «Шығармашылық» білім беру салалары арқылы жүзеге асырылады.

Білім беру үдерісінде тіл дамыту, жазу, санау, бейнелеу, құрастыру, жапсыру және т.б. қамтамасыз ететін оқу-әдістемелік кешендері қолданылады.
Балалардың мектепке әлеуметтік-психологиялық даярлығы төмендегі дағды, біліктермен анықталады:

- оқыту мотивациясы (мектепке барғысы келеді; оқудың маңыздылығы мен қажеттілігін түсінеді; жаңа білім алуға қызығушылық танытады); 

- құрбыларымен және ересектермен тіл табыса білуі (бала қарым-қатынасқа тез ыңғайланады, агрессивті емес, сөйлесу кезінде мәселелі жағдайларынан шығып біледі, ересектердің беделін мойындайды);

- оқыту міндетін қабылдай білу (мұқият тыңдау, қажеттілігі болса тапсырманы нақтылау);



- басқа ортаға бейімделе білу (балалар ортасына), өзгелермен бірге әрекеттесу, топтың мүддесіне бағыну.
Балалардың мектепке даярлығының психологиялық аспектілері:

- қолдың ұсақ бұлшықеттерін дамыту (қол жақсы дамыған, бала қарындашты, қайшыны сенімді қолдана біледі);

- кеңістікті бағдарлау, қозғалыс үйлесімділігі («жоғары – төмен», «алға – артқа», «оң – сол» түсініктерін ажырата біледі);

- көз – қол жүйесінің үйлесімділігі (бала дәптерге қарапайым графикалық бейнені – өрнекті, қашықтықта көрген пішінді дұрыс көшіре алады (мысалы, кітаптан);

- логикалық ойлауды дамыту (салыстыру кезінде әртүрлі нәрселердің ұқсастығы мен айырмашылықтарын табу, ортақ белгілеріне қарай заттарды топтарға дұрыс топтастыра білу қабілеті);

- өзіндік зейінін дамыту (15-20 минут ішінде орындалған жұмысқа зейінін сала білу қабілеті);

- өзіндік есте сақтауды дамыту (жанама есте сақтау қабілеті: есте сақталған материалды нақты белгімен байланыстыру: сөз-сурет, немесе сөз-жағдай).
Физиологиялық даярлық – физиологиялық және биологиялық даму деңгейі, денсаулық жағдайы.
Тіл дамыту және сауат ашуды меңгеруге даярлық:

Баланың мектепке даярлығының басты критерияларының бірі фонематикалық есту болып табылады, яғни:

- сөз тіркесінде берілген дыбысты анықтай білу;

- сөздерде дыбыстың орналасуын анықтай білу (сөздің басында, ортасында, аяғында);

- сөздерге дыбыстық талдау жасау дағдыларын меңгеру: дауысты және дауыссыз дыбыстар, қатаң, ұяң және үнді дауыссыз дыбыстарын ажырата білу;

- сөздерді буындарға бөле білу;

- 3-4 сөзден сөйлем құрастыра білу;

- жалпылама түсініктерді қолдана білу, зат есімге анықтама жасай білу;

- суреттер топтамасы, мазмұндық суреттер, берілген тақырып бойынша әңгіме құрастыра білу;

- заттар туралы әңгіме құрастыра білу (ересектер ұсынған жоспар бойынша);

- шағын әдебиет мәтіндерінің мазмұнын өз еркімен, мәнерлі, дәйекті жеткізе білу.
Қарапайым математикалық ұғымдарды дамыту және математиканы оқытуға даярлық:

- саны белгілі нәрселерді санау және есептеу;

- онға дейінгі сандарды тура және кері санай білу;

- берілген санға көршілес сандарды (алдыңғы және кейінгі) атай білу;

- алғашқы ондық санының (жеке бірліктерден) және екі кіші саннан құралған санның құрамын білу;

- цифрларды білу: 0, 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9;

- +, -, = таңбаларын білу, арифметикалық таңбаларды қолдана білу;

- цифрлардың арақатынасын және заттардың санын білу;

- қосу және азайтуға есептер құрастыру және шеше білу қабілеті;

- геометриялық пішіндерді білу: шеңбер, шаршы, төртбұрыш;

- шеңберді, шаршыны екі және төрт бөлікке бөле білу;

- тор жол қағаз бетіне бағдарлауды үйрене білу.

Баланың ой-өрісі және білімді меңгеруге даярлығы:

- үйдің мекен-жайын, телефонын, ата-анасының толық аты-жөнін және отбасы құрамын атай білу;

- ересектер қызметінің әртүрлі түрлері туралы жалпы түсініктің болуы;

- қоғамдық орындарда және көшеде жүріс-тұрыс ережелерін білу;

- жыл мезгілдері және маусымдық құбылыстар туралы жалпы түсініктің болуы;

- ай, апта күндерінің аттарын және олардың реттілігін білу.

Мектепке даярлық кезінде балаға пайдалы сабақтар:

Қолдың ұсақ бұлшықеттерін дамыту:

- әртүрлі конструкторлармен жұмыс;

- қайшымен, ермексазбен жұмыс;

- альбом бетіне сурет салу (қарындашпен, бояумен).

Дамыту жаттығулары және ойындар арқылы балалардың танымдық қабілеттерін дамыту (есте сақтау, зейін, қабылдау, ойлау):


  • ойнаймыз, оқимыз, дамимыз;

  • ойлау қабілетін қалыптастыру ойындары;

  • тор жол бетіне сурет саламыз;

  • сызбалар;

  • суреттің екінші жартысын аяқта;

  • графикалық диктанттар;

  • кеңістікте бағдарлау;

  • ұқсас суреттерді боя.

Жоғарыда аталған білім, іскерлік және дағдылар әрқайсысы балаларды мектепке даярлауға бағытталған дербес бөлімдерден тұратын білім беру салалары арқылы жүзеге асырылады.

Әрбір білім беру саласында мектепке дейінгі ересек жастағы балаларда білім, іскерлік және дағдыларды меңгеру деңгейі бойынша күтілетін нәтижелер анықталған.


Мектепалды даярлыққа арналған оқу материалдары

Мектепалды даярлыққа арналған оқу материалдары пәндік жинақтармен ұсынылған. Әрбір жинаққа әліппе – дәптер, дидактикалық материалдар, оқулық - хрестоматия, мультимедиялық - анимациялық электронды құралдар және әдістемелік нұсқаулық кіреді.


Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қауіпсіз жағдайлар құру

Мектепке дейінгі ұйымның меңгерушісі, педагогтары, мамандары және басқа қызметкерлері Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес балаларды тәрбиелеу мен дамытуға арналған тыныш және қауіпсіз жағдайлар құруға нақты жауапкершілік алады.



Мектепке дейінгі ұйым меңгерушісі:

- балалардың денсаулығы мен өміріне;

- сапалы тәрбие мен оқытуды қамтамасыз етуге;

- нормативті-құқықтық актілер талаптарына сай қажетті материалды-техникалық, білім беру-дамыту ортасын құруға;

- балалар мен педагогтар ұжымында жағымды шығармашылық орта қалыптастыруға;

- педагогтардың кәсіби құзіреттілігін арттыруға;

- ата-аналар қауымдастығымен, білім беру органдарымен, өзге де мүдделі органдар және ұйымдармен байланыс орнатуға;

- мектепке дейінгі ұйымды күзеттің техникалық құралдарымен (бейнебақылау жүйесі) жабдықтауға, мектепке дейінгі ұйымда қауіпсіз жағдайлар құру үшін Internet желісіне қосылған сандық IP бейнекамераларын орнатуға тікелей жауапкершілік алады.



Оқу-тәрбиелеу процесін ұйымдастыру барысында әдіскердің рөлі орасан зор. Ол өз кезегінде, педагогикалық үдеріс барысын сапалы әдістемелік бағдарламамамен қамтамасыз етуге, педагогтарға жоспар құрып, күн тәртібін, жұмыс циклограммасын орнатуға көмек көрсетуге, технологиялық карталарды дұрыс безендіріп, толтыруға және баланың даму деңгейіне байланысты мониторинг жүргізуге міндетті.

Әдіскер педагогтардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруға, озық тәжірбиелермен бөлісуге және таратуға, кеңес отырыстарын, сайыстар мен байқаулар және т.б. өткізуге жауапты. Тәрбиешілер, педагогтар, ата-аналар мен басқа да мамандар арасында өзара қарым-қатынасты үйлестіреді.

Әдіскер мектепке дейінгі ұйым қызметін келесі бағыттармен қамтамасыз етеді:

- тақырыптық жоспар мен пәндік және оқу курсының бағдарламаларын құру;

- оқыту мен тәрбиелеудің мазмұнын, құралдарын, әдістері мен түрлерін анықтауға көмектесу;

- жас ерекшеліктеріне сәйкес сабақ кестелерін құру;

- озық практикалық тәжірибелерді ендіру және тарату;

- тәрбиешілер, педагогтар, ата-аналар мен басқа мамандары арасында өзара қарым-қатынас орнату.
Тәрбиеші оқу процестерін ұйымдастырады:

- топтағы оқу-тәрбиелеу жұмыстарын жоспарлайды;

- балалардың денсаулығы мен өмір қауіпсіздігіне жауап береді;

- денсаулық сақтау қызметін орындайды;

- бес білім беру салаларын кіріктіру аясында пәндік-дамытушы ортасы құрады;

- балалармен жұмыста жеке-оңтайландырылған тәсілді іске асырады;

- дамуында ауытқушылығы бар балалармен түзету жұмыстары саласындағы мамандарға көмек көрсетеді;

- қол жеткізген қорытынды сараптамаларға сүйене отырып, алдағы жұмыстың жобасын әзірлейді.

- озық педагогикалық тәжірибелерді зерделеумен шұғылданады;

- білім беру процесіне инновациялық әдістер мен технологияларды ендіреді;

- балаларды тәрбиелеу мен оқытуға мәселелері бойынша ата-аналарға консультациялық көмек береді.


Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің оқытушылары:

- оқытылатын тілдің спецификасын ескере отырып, МЖМБС талаптарына сәйкес балаларды оқытуды жоспарлайды және ұйымдастырады;

- балаларда тіл мәдениеттерін қалыптастыруға әсер етеді;

- баланың жеке қабілеттерін дамыту жолдарын айқындайды және көмектеседі;

- оқытудың әр түрлі формаларын, әдістерін мен құралдарын қолданады;

- инновациялық технологияларды қолданады;

- жоспарлауға ғылыми-әдістемелік тәсілді жүзеге асырады;

- бағдарламалық материалдарды толықтырады және т.б.


Музыкалық жетекші:

- балалардың музыкалық дамуын жүзеге асырады;

- балалар мерекесін, музыкалық сабақтарды мен басқа да мәдени шараларды ұйымдастырады және жүргізеді;

- музыкалық дарынды балаларды айқындайды;

- балалармен жеке жұмыстар жүргізеді;

- балалардың музыкалық тәрбиесі бойынша ата-аналарға және тәрбиешілерге кеңес береді.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарындағы педагог-психолог:

- мектепке дейінгі жастағы балалардың психологиялық және әлеуметтік игілігіне бағытталған жұмыстар жүргізеді;

- түрлі психологиялық (психокоррекциялық, реабилитациялық және кеңестік) көмек көрсетуге байланысты іс-шаралар қолданады;

- түрлі профильдің және арналудың психологиялық диагностикасын өткізеді;

- психологиялық-педагогикалық қорытындыларды құрайды;

- балалардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, даму және оқыту жұмыстарына негізделген бағдарламалар жоспарлауға және әзірлеуге қатысады;

- мектепке дейінгі жастағы шығармашыл дарынды балаларға психологиялық қолдау көрсетіп, олардың дамуына ықпал етеді.
Қос қызмет бойынша педагогтар: мектепке дейінгі ұйымдардың мұғалім-дефектологы, мұғалім- логопеді:

- балалардың психикалық, физикалық және физиологиялық бұзушылығына диагностика жүргізеді;

- көрінген бұзушылықтың құрылымын және деңгейін анықтайды;

- бұзылған функцияларды қалыптастыру бойынша жеке және топтық түзетулерді жүзеге асырады;

- мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтендіруге ықпал етеді;

- дамуында ауытқушылықтары бар балаларға көмек көрсетудің арнайы әдістері мен жолдарын қолдану бойынша педагогикалық қызметкерлерге, ата-аналарға кеңес береді.
Дене шынықтыру нұсқаушысы:

- ұйымдастырылған оқу қызметін жоспарлайды және жүзеге асырады;

- дене тәрбиесі бойынша озық педагогикалық тәжірибені зерделейді;

- инновациялық технологияларды қолданады;

-денсаулық сақтау сұрақтары бойынша ата-аналарға консультациялық көмекті жүзеге асырады;

- санитарлық-гигиеналық жағдайларды және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етеді;



- арнайы медициналық топтағы балалармен қосымша сабақтар өткізеді.
Медициналық қызметкерлер:

- балалардың денсаулығына және физикалық дамуына жауап береді;

- емдік-профилактикалық шаралар өткізеді;

- санитариялық-гигиеналық нормаларды сақтауды, күн тәртібін және балалар тағамдарының сапалылығын қамтамасыз етеді.

- балалардың тамақтануын ұйымдастыруға, тағамның сапасына бақылауды жүзеге асырады, берілген нормалар мен талаптарға сай мәзір құрастырады, азық-түлікті салуға қатысады, сынамасын шешеді, дәрігердің тағайындауына сәйкес диеталық тағамды қажет ететін балалар үшін бөлек мәзірмен қамтамасыз етеді.


Педагогтар мен мамандардың біліктілігін арттыру
Бүгінгі күннің талаптарына сәйкес мектепке дейінгі ұйым педагогы:

- үнемі өзіндік білімін көтерумен шұғылданады;

- педагогтар мен ата-аналарға арналған ашық сабақтар өткізеді;

- инновациялық әдістер мен технологияларды меңгереді;

- мақалалар, баяндамалар дайындау арқылы өз әлеуетін жүзеге асырады;

- жиі біліктілігін арттырады;

- біліктілікті арттыру үшін педагогикалық кадрларды аттестациялаудан уақтылы өтеді;

- тәлімгер ретінде жас педагогтарға көмек көрсетеді;

- педагогтарға арналған түрлі байқауларға қатысады;

- өз жетістіктерінің нәтижесі бойынша портфолио әзірлейді.



Қосымша1
Мектепке дейінгі ұйым қызметін реттейтін нормативті-құқықтық құжаттар тізімі:
- 2007 жылғы 27 шілдедегі №319-III «Білім туралы» ҚРЗ (14.01.2013 ж. жағдай бойынша өзгертулер және толықтыруларымен);

- 1997 жылғы 11 шілдедегі № 151 «ҚР тіл туралы» ҚРЗ (30.01.2014 ж. жағдай бойынша өзгертулер және толықтыруларымен);


- 2012 жылғы 28 маусымдағы № 23-V «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» ҚРЗ;


- 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» ҚР МЖМБС;

- Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің типтік ережелері, 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 (ҚРҮҚ);

- ҚР БҒМ Министрінің «Мектепке дейінгі ұйымдар түрлері қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» 2013 жылғы 29 мамырдағы № 206 бұйрығы;

- 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1684 ҚРҮҚ бекітілген «Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары;

- 2007 жылғы 21 шілдедегі №306 «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» ҚРЗ;

- 2002 жылғы 11 шілдедегі № 343 «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» ҚРЗ;

- «Білім берудің мектепке дейінгі ұйымдарын күтіп ұстауға және пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық ережесін бекіту туралы» ҚР БҒМ 2010 жылғы 13 қаңтардағы № 13 бұйрығы;

- «Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жіберу үшін мектепке дейінгі (7 жасқа дейін) жастағы балаларды кезекке қою» мемлекеттік қызмет стандарты (ҚРҮҚ №1119);

- МДҰ мемлекеттік тапсырысты орналастыру Ережесі (ҚР БҒМ 2012 жылғы 4 мамырдағы №198 бұйрығы;

- 1 жастан 5 (6) жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған типтік оқу жоспары, 2013 жылғы 20 желтоқсандағы ҚР БҒМ №557 бұйрығы;


- Ерте жастағы (1 жастан бастап 3 жасқа дейінгі) балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Алғашқы қадам» бағдарламасы, 2010 ж.;

- Мектепке дейінгі кіші жастағы (3 жастан бастап 5 жасқа дейінгі) балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Зерек бала» бағдарламасы, 2010 ж.;

- Мектепке дейінгі ересек жастағы (5 жастан бастап 6 жасқа дейінгі) балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Біз мектепке барамыз» бағдарламасы, 2010 ж.;

- «Балбөбек» бағдарламасы, 2006 ж.



- «Қайнар» бағдарламасы, 2006 ж.



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет