Бастауыш сыныпта оқыту процесінің тәрбиелік әлеуетін арттыру
Бастауыш сынып пәндерін оқытудағы басты мақсат – білім алушыларды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға тәрбиелеу негізінде білім беру.
Қазіргі сабақтың құрылымы бірінші кезекте тәрбиелік мақсатты жүзеге асыру арқылы пәндік білім бере отырып, тәрбиенің негізін қалайтын адамгершілік, табиғатты қорғау, жалпы адамзат баласына, қоршаған ортаға деген мейірімділік сияқты құндылықтарды бала бойына дарытуды көздейді.
Білім алушының ұлттық санасын оятуға, ана тіліне, өз еліне, туған жеріне деген құрметін қалыптастыруға, салт-дәстүрлерін білуге және қолдануға ықпал ететін тәрбиелік мәні бар тақырыптар («Мен атамның көмекшісімін», «Мен анамның көмекшісімін», «Қазақ халқының құнарлы ас мәзірі», « Салауатты өмір мәні – ата –баба мұрасы», «Ата ақылы», «Еңбек және өнер», «Ұлттық ойындар»,
«Денсаулық- табылмас байлық», «Маған ұнайтын ойындар», «Менің отбасым»,
«Отбасы құндылықтары», «Менің ата-анам», «Менің сүйікті кітаптарым»,
«Қазақстанның көрікті жерлері», «Менің туған өлкем», «Қазақстан Республикасының мерекелері» және т.б.) негізінде оқыту ұлттық құндылықтарымыздың мәнін түсінуге, өзінің іс-әрекетіне талдау жасауына, өзіндік қорытынды тұжырым жасай білуіне жағдай жасайды.
Бастауыш сынып пәндерін оқытуда жұптық, топтық, өзіндік жұмыстарға негізделген және түрлі модельде даярланған логикалық, шығармашылық, жағдаяттық тапсырмалар, ойын түрінде берілген материалдар, рөльдік ойындар білім алушы бойында мақсатты түрде құндылықтар жүйесін қалыптастыруға негіз болуы тиіс.
Бастауыш сынып білім алушыларының бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды дамыту көбінесе мұғалім мен отбасының үйлескен, келісілген жұмыстарына байланысты ұйымдастырылады. Өйткені ата-аналар мұғалімнің қандай адамгершілік нормаларына тәрбиелейтінін, бала тәртібіне қандай талаптар қоятынын, олардың әрекеттері адамгершілік өлшемшарттар бойынша қалай бағаланатынын, сынып ұжымындағы қоғамдық пікірдің қандай екендігін білуі тиіс. Ата-аналар мен педагогтердің тәрбиелік әсерінің бірлігі тәрбиенің мақсаты мен нақты міндеттерін түсінуінен, оларды әртүрлі әдістер мен тәсілдерді қолдана отырып жүзеге асыру білігінен көрінеді.
Оқу процесін ұйымдастыруда ата-аналарды тартудың түрлі тәсілдері арқылы қол жеткізуге болады. Мысалы, бірлескен үй тапсырмалары (балалар мен олардың ата-аналары үшін), тақырыптың мақсат-міндеттері ашатын әдебиеттер ұсыну, таныстыру сабақтары мен тренингтер, әңгімелер өткізу және тағы басқа әдістерді кеңінен қолдану қажет. Мұндай жұмыстар балаларды мектепте де, үйде де үздіксіз тәрбиелеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |