Қазақстан Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік жариялап, дербес мемлекет атанып, өзінің ішкі және сыртқы саясатының негізгі басым бағыттарын анықтай бастағанына ширек ғасыр толып отыр. Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығында халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналды. Осы қысқа мерзімде Қазақстан өзінің ерекше даму моделін таңдап, әлемдегі бейбітшілік пен бірліктің бірден-бір үлгісі бола білді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап көрсеткендей: «Тәуелсіздік – тұрақты және қауіпсіз келешекке деген зор сенім». Осымен қатар еліміз халықаралық саясатта бірқатар тың идеяларды ұсынып, әлемнің дамуына зор үлесін қосып келеді. Беделді халықаралық ұйымдардағы табысты төрағалығы мен жаһандық және аймақтық мәселелерді шешудегі тың бастамалары халықаралық қоғамдастықтың көңіл бөліп, жетекші мемлекеттердің онымен кеңесіп, санасуына әкелуде.