Қазақстан рреспубликасының МӘдениет және спорт министірлігінің Ұйымдастыруымен өткен



бет1/2
Дата02.07.2018
өлшемі95,75 Kb.
#45425
  1   2



ҚАЗАҚСТАН РРЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТІРЛІГІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ӨТКЕН
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері,

Маңғыстау облысының құрметті азаматы,

Абай, Махамбет аудандарының құрметті азаматы,

Қазақстан Жазушылар, Сәулетшілер Одақтарының мүшесі

Махамбет Өтемісов атындағы сыйлық иегері



САЙЫН НАЗАРБЕКҰЛЫНЫҢ

«ҚАЛАМ МЕН ҚАЛАҚ» АТТЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ

Астана. Ұлттық кітапхана

30.01.2018 ж.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТІРЛІГІНІҢ ұйымдастыруымен өткен шығармашылық кешті министірліктің жауапты қызметкері БЕКЗАТ СМАҒҰЛОВ жүргізді.
Кітапхана фоесінде

Сайын Назарбекұлының сәулет туындылары (17 планшет) және

жарық көрген әдеби шығармаларының (32 кітап) көрмесі ұйымдастырылған.

Кеш авторы шығармашылық кеш қонақтарына өз еңбектерін қысқаша таныстырып өтті.


Кітапхана мәжіліс залы

Ашылу сәтінде «Шабыт» академиясының өнерпаз 4 студенті Сарыарқа, Адай, Балбырауын, Ата толғауы күйлерін орындады.

Медицина университетінің 8 студенті Сайын Назарбекұлының өлеңдерін жатқа оқыды.

«Шабыт» академиясының студенттері (6 студент) Сайын Назарбекұлының «Сағыныш» толғауын мәнерлеп оқып шықты.

Маңғыстаудан келген «Абай әлеміне саяхат» клубының мүшелері (Батыр ауылы 10-шы мектеп, Ақтау 13-ші гимназия, Жыңғылды мектебі, Таушық мектебі) Абай ойлары мен Абай қарасөздерінен үзінділерді үш тілде жатқа оқыды.
НҰРНИЯЗ МҰХАНОВ

Маңғыстау облыстық музыка-драма театрының директоры, Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы

Нұрнияз мырза кеш авторына Маңғыстау облыс әкімшілігінің құттықтау хатын тапсырып, иығына облыс әкімшілігінің сыйлық шапанын жауып, Маңғыстаулықтар атынан шығармашылық кешке табыс тіледі. Сондай-ақ ол Сайын ағаның драматургия саласындағы еңбектеріне тоқталып, Маңғыстау музыка-драма театры ұжымы атынан да кеш авторына құттықтау жолдады.


КЕШ АВТОРЫ САЙЫН НАЗАРБЕКҰЛЫ

Жазушылар және Сәулетшілер Одақтарының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Маңғыстау облысының, Абай, Махамбет аудандарының құрметті азаматы, абайтанушы

Құрметті замандастар! Қадірлі іні-қарындастар мен жастар!

Мен өзімді бақытты өмір сүрдім деп ойлайтын адаммын. Осылай деп сеніммен айтқызатын бір-екі себептерімді атап өтейін.

Біріншіден елу жасымда қазақ халқының санасындағы сан ғасырлық бодандық деген қорлық түйсігінен арылып, біз енді басына бақ қонған тәуелсіз халықпыз деп шаттыққа бөленгенін өз көзіммен көріп, жан-жүрегіммен сезінген ұрпақ өкілімін.

Екіншіден, Әбіш досым, жаны жәннәтта болғыр мен туралы: «Сайын тәуелсіздікпен бірге туып, елу жасында бір қолына қалам, бір қолына қалақ алып іске кірісті» - деген еді, бір мақаласында. Солай болғаны рас та еді. Менің құрдастарым зейнеткерлік мәселесін қалай шешуді ойлана бастаған шақта мен алғашқы шумақ өледерімді жазып, алғашқы зираттық сәулеттік кесенелерімді тұрғыза бастаппын. Жасы ұлғайған кісіге бұдан артық қандай бақыт болмақ. Содан бері өткен осы 27 жыл ішінде біз ақын-жазушы, сәулетші-құрылысшы атаныппыз. Олардың артында драматургия, этнография деген де біз қонып кеткен төбелер бар. Бір қолымызға алған қаламымыз да, екінші қолдағы ұстаған қалағымыз да бізге біршама абырой-атақ алып беріпті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Маңғыстау облысының, Абай, Махамбет аудандарының құрметті азаматы атаныппыз.

Біз бүгінгі шығармашылық кешімізді осындай себептермен Әбекең сөзіміен «Қалам мен Қалақ» атадық.

Уақыттарыңызды бөліп осы кездесуге келгендеріңіз мені бұрынғыдан да бақыттырақ етпек. Өйткені мен шығармашылықпен айналысқан осы 27 жыл ішінде 32 кесене, күмбез, сағаналар тұрғызылса да, отыздан астам кітаптар мұқабасында Сайын Назарбекұлы аты тұрса да ретін тауып солардың бірде-біреуінің арнайы тұсауын кестіре, осындай кеш ұйымдастыра алмаппын.

Міне бүгін сәті түскен секілді. Бұл шығармашылық кеш үшін Мәдениет және спорт министірлігіне, Ұлттық кітапханаға айтар алғысым зор.

Әлгі айтқан олқылықтардың орны толатындай сезініп, мен шын мәнінде, сіздердің арқарыңда, өзімді зор бақыт иесі сезініп тұрмын. Сол үшін осы кешке қатысып отырған барлығыңызға зор рахметімді жолдаймын.

Еліміз тәуелсіз ел атанғаннан бастап өз ұлтының тарихына, рухани тірлігіне аз да болса өз үлестерін қоса алған, ұмыт бола бастаған тарихи оқиғалар мен ұлт ұлыларының аруағын тірілтуге еңбек ету бақытына ие болған жандардың бірі екендігім мені ылғи алға ұмтылдырумен болды.

Мен өткен өмірімді сарапқа сала зерделей оны екі кезеңге бөліп бағалаймын.

Біріншісі алғашқы елу жыл. Бұл жылдарды біз келесі бесжылдықта келіп жететін коммунизм жеңісіне, ертең түзеліп кететін тұрмысымызға сенумен өткізіппіз.

Екінші кезеңі 1991 жылы қазақ халқының басына Ұлы жаратушының құдіретімен Ел тәуелсіздігі орнай қалған жыл болды. Содан бастап заман да өзгерді, адам да өзгерді. Біз де өзгердік.

Сайын Назарбеков орнына анадан жаңа туғандай, рухани да, адами да жаңарған, ержеткен, туған жерінің бір жыртығына жамау болуға дайын Сайын Назарбекұлы атты жаңа адам пайда болды.

Сол сезіммен 25 жыл күні-түні еңбек еткен жас жазушы, жас сәулетші атана жүріп жасымыз 2016 жылы 2-ші қаңтарда 75-ке толыпты.

Қарттық жасқа жеткен сол адам қаламының мұқала бастағанын, қалағының ауырлай бастағанын сезінеді. Ол «енді не істеймін, шыныменен можабай қарт болып отырып қалғаным ба?» деген сұрақтарға жауап іздейді.

Мені осындай сұрақтарға, сезімге жетектеген нәрсе – өмір бойы елім деп еткен тынымсыз еңбек тәрбиесі болатын.

Сондықтан да біз «Қол еңбегің несібең асырайды, ой еңбегің байлығың басыбайлы» дейміз.

Ел егеменділігінен бастау алып, 1991 жылы Сұлтанмахмут Торайғыров, 1992 жылы Абай-Шәкәрім кесенелерін салудан басталатын менің қолеңбегімнің қорытындысы – Қазақстанның түкпір-түкпірінде ел тарихының кешегісі ретінде бой көтеріп тұрған 30-дан астам кесенелер.

Бұлар қол еңбегінің нәтижесі еді.

Ой еңбегіміз де жоғарыда айтып кеткендей отыздан астам түрлі тақырыпқа жазылған кітаптар авторы етті.

Бірақ жасым жетті, күшім қайтты деп тоқырайтын кісі біз емес екенбіз.

Өмір бойы өз бетімен өз жолын іздеп, өз жөнін тауып келе жатқан бұ кісі енді өз білігін, өз өнерін, өз қабілетін, елім мен жерім атты қасиетті сезімдерін жастар тәрбиесі атты қасиетті жұмысқа арнамақ болады.

Со кісі қателеспеген секілді. Ол соңғы екі жылын өзінің 77 жылдық өмірінің ішіндегі ең бақытты жылдары болды деп есептейді. Ол Абайдың рухани күшін жастар тәрбиесі атты қасиетті жұмыста пайдалану үшін «Абай әлеміне саяхат» атты клуб құрмақ болады. Бұл ой іске асады, нәтижелі де болады.

Ұлтымыздың рухани күшін жастар тәрбиесіне пайдалануға негізделген бұл мақсатты шаруа өз жемісін бере бастайды. Осы кезде «Абай әлеміне саяхат» клубы Маңғыстау облысының барлық 134 орта мектебінде, Шоқан Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде өз шаңырақтарын көтерді. «Абай әлеміне саяхат» клубын құру, біздің көкірегімізде қалыптасқан сүйікті Отанымызға деген сүйіспеншілік, ел ертеңі жастарға деген қамқорлық, халқымыздың ұлы тұлғаларына деген құрмет сезімдер нәтижесі деп есептейміз.

Адам нағыз бақытын өз еңбегінен табады.

Қай заманда да, қай қоғамда да ел ертеңі – жастар.

Қазақ халқының рухани тірлігінің жаңғыруын Абайдан бастасақ, оны жалғастырған Ахмет Байтұрсындар, бір сөзбен айтқанда Алаш ардақтылары, оған жалғасқан Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезовтер, оларға ілескен Нұрсұлтан, Әбіш, Ақселеулер тобы жүзеге асырды.

Енді міне еліміз біздердің алдымызға «Рухани жаңғыру» деп жаңа ұрпақ өсірудің жаңа бағдарламасын ұсынып отыр.

Біз «Клуб мақсаты – ұрпағымыздың рухани болмысын, отансүйгіштік санасын жат пиғылдылар үгітінен аман сақтау үшін, оларды жас басынан Абай сөздері, Абай ойлары арқылы үнемі нәрлендіріп отыру қажет!» дейміз.

«Абай әлеміне саяхат» клубы жастар санасына, олардың өмір мен жаратылыс туралы түсінігіне Абай ойлары, Абай түсінігі арқылы, халқымыздың асыл армандыры мен әдет-ғұрпын ұлықтау арқылы әсер етсе дейміз...

Бұл жұмыс мектеп оқушылары арасында жақсы нәтиже беретініне көз жетті.

Бірақ жаңа сұрақтар туындай бастады. Бұл ауқамды шаруаға бір кісінің күші де. қаражаты да, уақыты да жетпейтіні белгілі болды. Сонымен қоса оындай тәрбие жұмысында бір Маңғыстаумен шектеліп қалмау керектігі де түсінікті болды.

Олай болса Байтағымызға қалай таратамыз? Бұл рухани жұмыс авторы Сайын Назарбекұлының жасы да жылдан жылға «келместің кемесіне» жақындап келеді. Ол кемесіне мінген күні бұл шаруа тоқтап қалмай ма?

Осы ойлармен біз Мемлекет хатшысына хат жаздық.

Ұсынысымыз:

«Абай әлеміне саяхат» клубының рухани орталығын құру. Сол орталыққа әр облыс әкімшілігі тағайындаған клуб жетекшілері мүше болса...

Осындай рухани орталық әр облыс жетекшілері арқылы, білім басқармалары арқылы оқушыларды осы клуб мүшелігіне тарту жұмыстарын іске асырса...

Солар ішінен орталықты басқаратын болашақ лидерлер анықталатын болса...

Жастар тәрбиесін «Рухани жаңғыру» жобасына сәйкес барлық жерде сапалы жүргізу үшін, жастарымыздың рухани болмысын ұлтымыздың рухани байлығымен нәрлендіріп отыру үшін осы орталыққа бір тұрақты мемлекеттік теледидар арнасы жұмыс жасап тұрса...

Бұл арна жастарды шет елдің секс пен намыссыздық, өлім мен зорлық үгіттерініне қарсы күрес жүргізсе...

Қазіргі заманда біздің қоғамымыз ел болып жаңа рухани жаңғыру сатысына көтерілуге дайын болды деп айта аламыз. Сондықтан да Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ Елінің мәңгілік даму, мәңгілік ел болу бағдарламаларын жария етті.

Осы кезеңдегі мектеп ұстаздарының, клуб жетекшілерінің мақсаты әрбір шәкірттің рухани сезімін бұдан екі ғасыр бұрын 19-шы ғасырда, бар болғаны 27 жыл өмір сүрген, Сұлтанмахмут Торайғыров сезіміне жеткізу болса...

Бүгінгі жастарымыздың әрқайсысы қазақ көгінде күн болу арманымен ержетсе....

Қазіргі біздің жастарымыз, ертеңгі күні ел тағдырын қолдарына алатын әр азаматымыз Абай данышпанның өздеріне қалдырған өсиетін жүрегімен қабылдап «мен де бір кірпіш қазақтың, бір кетігіне қаланар!» дейтін дәрежеге жетсе...

Біздің ойымызша Мәңгілік Ел деген сол болмақ...

Сондай ойға бекіген адам, ол – ойы қалыптасқан, өзінің бұл тірлікке қажеттігін сезінген, Отанын жанындай сүйетін, жетім-жесірді маңдайынан сыйпай алатын, еңбегімен от басын да, Отанында қуанта алатын адам.

Оқыған, білімді, азамат атануға, қайраткер тұлғаға ұмтылатын адамдардың ақыры бір күні өзінің рухани күшін сезінетін күні туады. Өзін-өзі бақылып, өзіне-өзі есеп бере бастайды. Абай айтқан «мен осы не тындырып жүрмін?» деген сұраққа жауап іздей бастайды.

Ілгері ұрпақ міндеті жас ұрпақтардың әлгі сұрақтарына жауап бере алатын пайдалы шешімдер дайындау.

Бүгінгі күні сіздердің алдыңызда, құрметті осы кешке қатысушыылар, қуана айтар, өзіме мақтаныш бір хабарам бар.

Ол – мен осы клуб жұмысымен айналысқан екі жыл ішінде қаншама оқушылармен, қаншама ұстаздармен, қаншама ата-аналармен кездесе жүріп «Абай әлеміне саяхат» клубы туралы бір де-бір қарсы пікір естімеппін. Демек бағытымыз дұрыс.

Қай заманда да, қай қоғамда да ел ертеңі – жастар.

Әлі күнге мына тірлік жалына жабыса, аз күн тірлігімде тірі жүрейінші деп жағаласа жүріп жасымыз сексенге жақындағанда, біз, Абай әлемінің есігін қай заманда, қай күні қақтық екен деп те ойлап қоямыз.

Абай әлемінің есігінен қағу мүмкіншілігі қазір барлығымызда бар, есігін ашқан кісіге ол әлем ішіне кіріп сәлем беру міндеті тұр. Ал содан соң Елбасымыздың: «Менің балаларыма, ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс» дегеніндей тұжырым жасай алатын болсақ, туған халқыңа деген махаббат сезімін оята алатын болсақ, онда өзіңнің тағдырың туралы, өзіңнен тәрбие алған жастар тағдыры туралы уайым жемеуге болады дейміз..

Мен де өзімді ұстаздар санатына қосатын адаммын. Жастар тәрбиесі атты тақырып маған ұстаз ретінде де, жазушы-ақын ретінде де, «Мәңгілік Қазақ Елі» деп жүрегі соғатын қазақ ретінде де өте жақын, өте қымбат тақырып.

Бүгін Сіздерге, осы шығармашылық кешті пайдаланып, өзімнің жастар тәрбиесі туралы көп жылғы ойларымның қорытындысын, және соны іске асыру жолындағы облысымыздың мектептерінде ұйымдастырылып жатырған «Абай әлеміне саяхат» клубының жұмыстарын Сіздердің назарларыңа ұсынуға мүмкіндік туғанына өте қуаныштымын.

Әр жасы жеткен кісі өз қарттық дәрежесіне дайын болуға тиіс.

Осы жиынды пайдаланып, біз «Абай әлеміне саяхат» клубының өмірге келуіне, алғашқы қадамын басып қаз тұруына мүмкіндік туғызған, жан-жақты көмек көрсеткен Маңғыстау облысының білім басқармасына, Батыр аулындағы № 10 орта мектеп ұжымына ризашылық сезіммен алғысымды білдіреміз.

Бұл клубты құрғандағы мақсат – жасымыз 75-тен асқанда абырой-атақ жинаудың жолы емес (шынын айтқанда атақты болу онша теріс те емес) бұл шаруа жаңа ғана айтып кеткен, жүрегі «Мәңгілік Қазақ Елі» деп соғатын біз секілді бір қазақтың сол мәңгілік елдің бір жыртығына жамау болып жамалу, бір кетігіне кірпіш болып қалану мақсаты. Жас ұрпақты сондай сезімге баулу...

Біз ендігі бұл тіршілік қалғанын, баста ой, жүректе сезім, ауызда сөз, біз тындыра алар іс, міне бұлардың барлығын осы клуб мақсатына арнамақ болдық.

Бұл кезеңді біз өміріміздің үшінші кезеңі деп атадық.

Өзімнің осы шығармашылық кешімді мен осылай пайдалануды жөн көрдім. Жастар тәрбиесі – барлығымыздың да қасиетті парызымыз.

Сіздерге тағы да менің шығармашылық кешіме атсалысқандарың үшін шын ниетіммен ризашылық сезімімді білдіремін. Рахмет.

Сайын Назарбекұлы, 30 қаңтар, 2018 ж.


ҚОЙШЫҒАРА САЛҒАРАҰЛЫ

  ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор

Адам баласы бойындағы туабітті қабылет қырларын толық игеріп, соны өзара үйлестіріп, бір жүйеге келтіріп, нәтижесін көрсете алса, әлгі «талантты», «талант» деп жүргеніміз сол болса керек. Халықтың түрлі өнері бар қабылетті жандарды «сегіз қырлы бір сырлы» деуі де осыған саяды. Біз білетін Сайын Назарбекұлы, міне, осындай өз бойындағы қабылет қырларын жарқырата көрсете білген зор талант иесі. Біздің осындай талант иесімен танысып, дос болғанымызға да отыз бес жылдай уақыт болыпты. Содан бері жақын жүрсек бірге туған бауырдай үйме-үй араласып, жырақтау жүрсек, сәті түскенде сағынысып табысып, қимай қоштасып дегендей, ортақ мақсат-мүдденің жетегінде жұп жазбай бірге келеміз.

Мен Сайынмен табысқанға дейін, бәлкім, қазақы қалыптан шыққандығымнан болар, «жазмыштан озымыш жоқ, тағдыр маңдайыңа не жазса, соны көресің» деген ұстанымның ықпалында болатынмын. Басқаша айтқанда, толқын қақпақылдаған жаңқадай өмірі ағысының ығында қырық деген жасыңыздың қырқасына қарай қалқып келе жатқанмын. Сөйтіп жүргенде Сайынның әуелі бір жаратушыға деген берік сенімінің, сонсоң өзінің өмірге деген ерекше құштарлығының арқасынада бұл заманның көрініп келетін ажалына айналған дертпен арпалысты күн кешіп, жеңіп шыққанын көрдім. Жеңіп қана қоймай, бұрынғы сау күніндегіден гөрі тіршіліктің, уақыттың қадіріне жетіп, соны қалай іңкәрлік құштарлықпен аялап, байғалайтынын сездім. Адамның өз тағдырына өзінің ықпал ете алуымен бірге, қабылет тұмасының көзін ашып, сан қырынан көріне атынына көз жеткіздім. Айтылғанның айғағы: бұл күнде қазақ қауымының бір тобы Сайынды «техниканың тілін меңгерген жүргізуші, енді бір тобы алдынан тәрбиелі шәкірт өрген тағылымды ұстаз» деп біледі. «Арынды ақын, тамаша жазушы, белгілі драматург» деп танитындар өз алдына, шебер құрылысшы, сұңғыла сәулетші деп білетіндер де жетіп артылады. «Танымы мол тарихшы, ата-баба жолын арғытектен бері таратқан шежіреші» деп бағалайтындар өз алдына бір төбе. Мұның сыртында «Абайтанушы», «Адайтанушы» деп құрметтейтіндер және бар. Не керек, айта берсек, толып жатыр және соның бәрі шындық.

Жүргізушілігіне – жарты ғасырдан артық машина рөлінде отырып, кең байтақ қазақ даласының төрт құбыласын түгел шарлағыны куә.

Жиырмашақты жыл жоғарғы, орта оқу орындарында шәкірт алдында үзбей дәріс оқығаны оның ұстаздығына куә.

Құрылысшылығы мен сәулетшілігінің мәртебесін асырып, кең байтақ даламыздың әр қиырынан атақты бабаларымыз бен әулие аналарымыздың басына Сайын қолымен орнатылған ақ мрамордан өрілген 34 сәулетті де сәнді кесене «менмұндалайды».

Ақын, жазушылығына баспадан жарық көріп, оқырманының ынта-ықыласына бөленген отыздан астам кітаптары айғақ. Облыс, республика театрларының сахнасында қойылып, көрерменінің сүйспеншілігіне ие болған драмалары оны қалың көпшілікке тамаша драматург екенін дәлелдегеніне де біраз болған.

Тарихшы, этнограф, шежіреші екенін білгіңіз келсе, 2015 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Қазақ халқының шежіре-тарихы. Адай тайпасы» атты 8 томды парақтап көріңіз.

Оны Абайтанушы деп бекер айтқанымыз жоқ. 1992 жылдары басталған Абай-Шәкәрім кесенесін сала жүріп Сайын Абай Құнанбайұлы, Әбіш Кекілбайұлы, Нұрсұлтан Әбішұлы туралы ойларын, сезімдерін қағазға түсіре бастайды. Сол ойлар ақыры «Ұлы Дала Ұлдары» деген атақпен 2009 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көреді. 2017 жылы Абай туралы толғаныстарына «Абай әлеміне саяхат» деген ат тағады. Осындай атпенен кітап шығарады. Мектеп оқушыларына арналған клуб құрады.

Ол өз өмірін үш кезеңге бөліпбағалайды екен. Біріншісі елу жасқа дейінгі, екіншісі ел егемендігіне арналған 25 жылы. Сайынның әлгі аталған шаруалараның бәрі осы 25 жыл ішінде іске асады. Жас 75-ке толып, енді тыныстайтын кезең келгенде Сайын өмірімнің үшінші кезеңі басталды. Бұл кезең менің ең өмірімнің ең нәрлі де, нәтижелі кезеңі болмақ дейді.

Ол өмірінің үшінші кезеңін жас балаларды Абай тынысымен тыныстатуға арнамақ. Оның Маңғыстауда басталған бұл ісінің қандай нәтиже беріп жатқанын қазір респубилика мектептерінінен қолдау тауып, біріне бірі жалғаса ашылып жатқан «Абай әлеміне саяхат» клубтарының жетекшілері мен мүшелерінен сұраңыз. Мұның бәрі Сәкеңнің өнер қырлары, оның адамгершілігі мен кісілік парасаты! Осы ізгі қасиеттердің негізінде, менің пайымдауымша, Сәкеңнің төңірегіндегі әр адамды өзіндей көріп, ерекше құрметтеуі, отбасына, Отанына, халқына деген шексіз адалдығы, алаңсыз берілген сүйіспеншілік махаббаты жатыр. Ол – өмірге ерекше құштар жан. Ал іңкәр құштарлықтың адамға небір ғажайыптарды жасататыны баршаға аян.

Бұл ойымызға жасы сексенге жуықтағанда алғаш рет ұйымдастырып отырған Сәкеңнің осы шығармашылық кеші куә. Ол бұл кешін қорытынды кеш, есеп беру кеші дегісі келеді. Ал біздің байқағанымыз Сайынның бұл кеші нағыз өмірге құштарлығынан туындаған жаңа бір қырының жарқырай түсуі дер едік. Дегеніңе жете бер, Сайын!



ҒАРИФОЛЛА ЕСІМ

Философия ғылымдарының докторы, акдемик, абайтанушы.

Қазақ қазақ күйінде ғасырлардан ғасырларға өту үшін не керек?

Бүл қазіргі заманның басты мәселесі.

Осындай игілікті істерді атқару қазіргі қазақ азаматтарына сын.

Құдайға шүкір тәуелсіздік бар. Елбасымыз бар. Жұртымыз тегіс, халқымыз қалыпты жағдайда. Азаматтар да аз емес. Бірақ бұлар қоғамға тоқмейілшілік сезім тудырмауы керек. Қазақ халқының дұшпандары өткен тарихтарында да болған, қазір де бар, келешекте де болады.

Сондықтан да Асан Қайғы бабамыз «қилы-қилы заман болады. Судағы ақшортан қарағай басын шалады» деген сақтық философиясын ешқашан есімізден шығармауымыз керек. Жастарды осы рухты сезіндіре тәрбиелеуіміз қажет.

Біздің ортамызда өзінің жанқиярлық еңбектерінің арқасында нәтижелі істерімен, кісілік келбетімен танылып жүрген азаматтардың бірі – Сайын Назарбек. Ол қазақ азаматының осындай міндетін өзінің жанқиярлық еңбектерінің арқсында нәтижелі істерімен, кісілік келбетімен өмір бойы атқарумен келеді.

Бізге Сәкеңнің бүгін өткізіп отырған «Қалам мен Қалақ» атты шығармашылық кеші бұл мәселеге көзімізді жеткізе түсті.

Қазақ елінің қай өңіріне барсаң да Сәкеңнің салған кесенелері алдыңнан шығады. Елге еңбек еткендерді, елде болып жатқан жақсылықты білгісі келетін азаматтар Сайын Назарбекті тегіс таниды.

Оның кейінгі жылдары хакім Абай еңбектерін мектеп оқушыларына насихаттау мақсатында «Абай әлеміне саяхат» атты клубы құруы аса қажетті іс-шара.

Мен таң қаламын. Азаматтың өсіп, жетілуі сан қилы болады екен. Сәкең біршама жасқа келгенде атқа қонады, өмірге деген өз соқпағын салады. Бұл кезде өз сол соқпағы үлкен даңғылға айналған.

Тәуелсіздік туымен бірге өз еңсесін де бірге көтерген Сайын еліне қызмет етуге бел шешіп кіріседі.

Бұл нағыз азаматтық қасиет.

Сондықтан Сайын Назарбек мырзаны қазақтық қазығы болып қағылатын азамат деп түсінемін.

Қазақ халқы осындай азаматтарымен мәңгілікке бара жатыр...


МЫРЗАГЕЛДІ КЕМЕЛ



Экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры

Құрметті достар, әріптестер!

Бүгін біздің алқалы жиынымыздың себепкері Сайын Назарбек- ұлы жайында көп жақсы сөздерге тағы да бір рет қанықтық. Сәулетшілігі, ақындығы, драмалық шығармалар тудырушы қызметі, түрлі танымдық еңбектері, жаңа кітаптары өз бағасын алып жатыр.

Сәкемді тануыма дәл осы күндері 6 жыл толды. Алдымен сәулетші ретінде ғана білсем, танысып араласа келе қисапсыз еңбектерін оқып, еңбекқорлығына тәнті болдым. Бүгінг кездесудің «Қалам мен қалақ» атануы жайдан жай емес. Оған сөз ұстаған азаматтардың айтқаны барлық қатысушылардың көзін жеткізді.

Өзі: «Барлық ұлыларға ортақ бір қасиет бар, ол – олардың адам сүйгіштігі» - десе, бұл сөз өзіне де қатысты. «Ұлы» дей алмасақ та, «көрнекті» деуге әбден лайық.

Алдымен мен Сайын Назарбекұлының 9 томдығын ерінбей-жалықпай, бір сөзін қалыс қалдырмай, астын сызып, белгі соғып оқығанмын. Орыс әдебиетінде «конгениальность» деген сөз бар. Бұл «генийлері ұқсас» дегенге келеді. Сайын Назарбекұлының генийі өзі кесене салған Абайға жақындайды, досы Әбішке ұқсайды. Осыдан ширек ғасыр бұрын, елуге жуықтаған жасында, Сәкемнің өмірінде күрт өзгерістер болыпты. Жұрт «аты жаман» деп атайтын кеселге ұшырап, көп емделіп аман қалыпты.

«Өмірде кездескен бір қиыншылық, жоқтық, ауыр кесел адам бойындағы жасырынып жатқан қуат көзін ашады» деген бір ой бар. Сол Сайын Назарбекұлына да қатысты. Ауыр кеселге ұшырар алдында бірер өлең ғана жазған азаматымыз, кеселді жеңгеннен кейін мүлдем өзгерген, өз бойындағы жаңа қырлары ашылған. Оның соңғы жиырма бес жылда атқарған істері соның куәсі.

Шынында: «Тағдырдың бағалы сыйлары бізге ауыру, жоғалту, көңіл қалу арқылы келетіні жиі» - деп пәлсапа соққымыз келеді.

Леонардо да Винчи: «Кедергілер мені сындыра алмайды. Әрбір кедергі мені тәуекелшіл ете түседі» - деген екен. Бұл сөз Сайын Назарбекұлына қатысты айтылғандай.

«Барлығы бір Алланың қолында» дей отырып, Сайын Назарбекұлының бірінші отада әкесінің өз жанын қия баласына жүрім тілеуі, соңғы отада анасы баласы үшін Құдайдан тілеп жатып өмірден озуы оның қазірге дейін аман жүруіне, жаңа шабыт көздерінің ашылуына сеп болып, періштенің әуминіне іліккені десек қате кетпеспіз.

Содан бастап Алладан бір ерекше пәрмен келгендей, бұрын қалам ұстамаған адам өлеңді бұрқыратып жаза бастапты. Өлеңмен қоса өз басынан, жұртының басынан өткен, құйма құлақ үлкендерден таралып, ел ауызында аңызға айналған оқиғалар туралы танымдық әңгімелерді, Абылды, Мәтжан биді жазыпты.

Содан бергі Сайын Назарбекұлының жазған-сызғандары мол-ақ. Шығарманың толғағы қиын келетіні де, оп-оңай жазылатыны да болады. Ол кісінікі – соңғысы екен. Жазарманның жазғандарын әуелі қаншама рет ой сарабынан откізіп, жазбағын қаншама рет қағазға түспей тұрып, басында үйіріліп тұрып алған соң ғана, көз майын тауысып жазатыны қалам ұстаған адамдардың бәріне де аян. Шығарма шынайы болғанда ғана, оны сүйіп, сүйсініп жазғанда ғана жеңіл жазылады.

Сайын ағадан тағы не байқадым? Байқағаным, бұл кісінің бір ерекшелігі – жадының мықтылығы. Одан он шақты жас кіші біздер біреулердің аттарын еске түсіре алмай мүдіріп жатсақ, одан ол байқалмайды, еркін де сенімді үнмен көсілте сөйлейді.

Армандар жүректе пайда болады және жүректе өледі...

Бір сөзбен айтқанда Сайын Назарбекұлы жүрегі үлкен, жаны жалаңаш, таза адам.

Сайын ағаның қаламынан туған мынадай сөзі бар: «Барлық байлық: еңбек пен ақылдың, намыс пен бақтың жиынтығы! Осы төртеуі бір басқа қонса, сол кісі бәрінен де байырақ. Жан-жақты бай. Бұлардың әрқайсысы да әуелі Құдайдың бергені, сосын үлкен талап пен еңбектің нәтижесі» - дейді. Бұл кісінің тұла бойы еңбек пен намыстан тұрады, ал ол екеуі ақыл мен тәуекелге бас имек.

Сайын ағаның бүгінгі қалпын көргенде, қазақ рухы бойын тіктеп, ренессанстық дәуір қайта оралып келіп қалатындай көремін.

Рух демекші, ойымда жүрген бір сөз бар еді, айтып жіберейін: - «Қазақ рухы өз тағдырында бірнеше рет сынған және майысқан. Рухымыз көшпелі тұрмыстан отырықшылыққа көшкен кезде алғаш рет сынған. Көшпелі тұрмыстан қазақ жерігендіктен ауысқан жоқ: халық саны көбейді, бодан болдық, соғыс пен ашаршылық жанымызды жеді. Оған енді бейімделген қазақты кеңес үкіметі зорлап колхозға тықты, қала салына басталды. Қалаға көшкен қазақ қалпының айғағы мынау:

- Ел-жұртымыздың өзіміз білетін қонақжайлылығы мен қайырымшылдығынан бойымыз жеңілдеп, азғындадық;

- Ізгілігіміз бен аңқаулығымыз өзімізге зиян келтірді;

- Есігіне құлып салмаған елден, бірнеше құлып салынатын темір есік жасататын жағдайға жеттік;

- Көршілер бірін-бірі танымайтын, есігін ашпайтын болды, ағайын-туыс та солай, үйлеріне бара қалғанда: «жайша келдіңіз бе?» - дейді.

Рухтың майысуы отарлаудың азабына, итжеккенге айдалуға, хандық биліктің отарлаушылардың озбырлық билігіне көшуіне, Алашшылардың көрген азабына, ашаршылыққа, 37-нің ылаңына, соғысқа, тың игереміз деп өзімізді өзі ішімізде азшылыққа ұшырауымызға ұрынған қиындықтардан білеміз. Біз соны жеңген халықпыз. Жеңуімізге бүгінгі кейіпкеріміз сынды рухы биік азаматтардың тұтас галареясының бар екендігі себеп болған.

Бүгінгі кездесуден баяғы мәрттік, сөзге тұру, есепке құрылмаған дархандық, далабейіл мінез қайта оралғандай көрініп тұр. Қайта өрлеу экономикамызда, саясатымызда басталып-ақ кеткеніне ширек ғасырда аса уақыт өткенімен, қазақ санасының ренессансына жетісуі қиын болар деп, көп бағытта алаңдап жүргенде осы кісіні көріп, алыстан бір жарық сәуле көргендей күйде болдым. Жаратушы Сәкемді, Сәкем сынды рухы берік адамдарды қазақ рухын жетілдіруге қызмет етсін деп, қолдап-қорғалап жүрсе керек. Жетпістің бесеуіне келгенде, Құдай берген денсалықтың арқасында ел аралап, «Абай әлеміне саяхат» атты лекцияларымен жас буынды тәрбиелеп жатуы да осының айғағы.

Қазақта бірнеше мағына беретін сөздер көп. Соның бірі «Жаса» деген сөз. Оның бір мағынасы «көп жаса, өмірің ұзақ болсын» деген сөз. Тағы бір мағынасы: «жасар ісің таусылмасын, шығармашылығың таси берсін, артыңда үлгі болар іс қалдырып, жасампаздықпен ғұмыр кеш» дегенге келеді.

Сайын Назарбекұлына және осы кісі тектес ізденгіш, өмірге ғашық көзбен қарай алатын адамдардың бәріне осы «Жаса!» сөзін арнаймын.

Өмірге бейтарап қарамайтын, қолынан келгенінің бәрін жасауға талпыныс үстіндегі Сайын ағамызға денсаулық, жақсылық, игілік тілеймін!




САМАТБЕК БӨКЕБАЙ

Халықаралық сәулет академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор 

Сайын Назарбекұлы 1941 жылы өмір есігін ашып, елу жасқа дейін тағдырдың маңдайына жазған кәсіптерімен айналысып: еңбекқор адам, білікті маман, ұлағатты ұстаз болып қалыптасады.

Табиғатынан өнерлі жаратылған адамның көмулі жатқан өнер көздерінің жарыққа шығуына ел егемендігі қатты әсер етеді. Басқа түскен ауыр сырқатына қарамай осы өткен 25 жыл ішінде Сайын ағамыз өзін:

Сайын – сәулетші, құрылысшы;

Сайын – ақын, жазушы;

Сайын – драматург;

Сайын – журналист;

Сайын – көркемсөзші;

Сайын – этнограф;

Сайын – ұстаз

ретінде тек қана танытып қоймай, аталған салаларда көптеген жетістіктерге де жетеді.

Сайын Назарбекұлының шығармашылық қырларымен таныстыруды мақсат етіп отырған бұл шағын кітап-альбом, 75 жасқа толғалы отырған Сайын ақсақалдың сәулетшілік өнері мен құрылысшылық еңбегі туралы толығырақ мәлімет келтіріп, сонымен қоса оның басқа өнерлер саласындағы еңбектері туралы да қысқаша деректер ұсынбақ.

Сайын ақсақал өзі туралы «Ұлы дала Таулары» атты шығармасында:

– Алла тағала сәтін түсіріп аузыма салған: «Ой еңбегің – қазынаң, басыбайлы, қол еңбегің – дәулетің, асырайды», – деген осы бір ауыз сөз менің бар өмірімнің арқауы секілді. Қырық алты жасымда алғашқы шумақ өлеңімді құрастырып, елу жасымда алғашқы күмбезімді тұрғызыппын. Осы жаста жұрт зейнеткерлік қамын ойлай бастайтын болса, мен жас ақын, жас шебер атала бастаппын. Мені жақсы білетін Әбіш Кекілбаев бір мақаласында «Елу жасында бір қолына қалам, бір қолына қалақ ұстап іске кірісті» дегенде бізді дәл суреттеген секілді...», -- деп, сыр шертеді.

...Біздің де көзіміз жеткені Әбекең назар аударып отырған Сәкеңнің қаламы – елім мен жерім, ізгілік пен адамгершілік деп жырласа, қалағы – тарихи тұлғалар мен ел қалаулыларына деп қолға алыныпты.

Сайын ағаның бар өнерінің басында сәулетшілігі көзге түсіңкірейді.


Ол жасы 75 ке толса да, әлі күнге қаламы мен қалағын қолынан түсірген жоқ. Әбекең Сайын Назарбекұлын бір қолына қалам, бір қолына қалақ ұстата бейнесе, ақын Медет Дүйсенов «ҚАЛАҚ ПЕН ҚАЛАМ» атты өлең арнапты.

Шалмасын деп өлеңнің қорығын мұң,

Әр ісіңді, адамдық жолы қылдың.

Қалақ, қалам – туыстас егіз екен,

Ағай сені көрдім де, соны ұғындым!
Қалағың мен қаламың – қос қанатың,

Ауыр жүкті кезің бұл төске алатын.

Жұмбағы көп өлеңнің жарысына,

Құлагерін кешеңдеу қосқан ақын.


Қылса деймін ұрпақтар үлгі өзіңді,

Бейқам жүрген көрмеппін бір кезіңді.

Кім айтады, ғажайып жыр емес деп,

Қалағыңнан өрілген күмбезіңді!?


Бер ағатай, ірікпей береріңді,

Мезгіл өлшер тайызың, тереңіңді.

Кім айтады, жүректің сыры емес деп,

Қаламыңнан өрілген өлеңіңді!?


Қалақ тұрғай, әр тасқа ән жайлатып,

Қалам тұрғай, сияға талмай батып.

Қамын ойлап,

Қайда да өз халқыңа –

Керегіңді сезіну қандай бақыт!

Сайын Назарбекұлы – құрылысшы-инженер. Ал оның өздігінен игерген көп мамандықтарының бірі сәулетшілік дедік. Оның осы екі мамандығы зираттық сәулет ескерткіштері деген, қазақ халқының әлімсақтан ерекше мән бере айналысқан сәулетшілік өнеріне алып келген секілді.

Сайын Назарбекұлының тас өнері де, сөз өнері де ұрпақ санасы үшін деп өмірге келіп жатқаны шығармаларынан, мінезінен, сөзінен анық байқалып тұрады. Соның дәлеліндей Сәкеңнің «Ұрпақ санасы үшін күрес» атты бір ой толғауымен таныстыра кетелік...

...Ұрпақ санасы үшін күрес – ең маңызды шаруа!

Күресу үшін күрес құралы керек!

Күресетін болсақ, өз ішіміздегі "озбырлар", байлық пен билікке жету жолында ештеңеден тайынбайтар қауымына, үрдісің түгіл ұлтыңмен қоса жұтып жіберуге дайын "Жаһандану" айдаһарына қарсы біз қандай күш, қандай құрал пайдалана аламыз?

Әлемдік тәжрибе ештеңеден тайынбайтындар қауымы "озбырлар" мен "жаһандану айдаһарына" қарсы тұра алмағандардың, күш біріктіріп күреспегендердің әуелі ұлттық рухын жоғалтатынын, сосын ұлт ретінде жойылып кететінін алға тартады. Оған мысалдар көп. Бұл дәлелсіз қабылданатын аксиома, дәлелденген теорема. Бұл қауіптерден сақ болуға, басқа түскенде жеңіл көтеріп кетуге қазақ халқының жалғыз-ақ жолы бар, жалғыз-ақ құралы бар!



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет