Қазақстан тарихы дәрістер жинағы №1 дәріс. Кіріспе



бет6/8
Дата11.12.2022
өлшемі187,84 Kb.
#162350
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Қазақстан тарихы лек жинағы

1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутаттары "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Заң қабылдады. Заңның бірінші бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Ол өзінің жеріне, ұлттық табысына жоғары иелік ету құқы бар, тәуелсіз сыртқы және ішкі саясатын жүргізеді, басқа шет мемлекеттермен халықаралық құқықтық принциптері негізінде өзара байланыс жасайды деп көрсетілді. Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның біртұтас халқын құрайды, олар республикадағы егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады. Республика азаматтары өздерінің ұлтына, ұстайтын дініне, қандай қоғамдық бірлестікке жататынына, тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, шұғылданатын қызметіне, тұрғылықты орнына қарамастан бірдей құқықтар иеленіп, бірдей міндеткерлікте болады делінген. Заңда Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғау мақсатында өзінің Қарулы Күштерін құруға хақылы екендігі, республика азаматтарының әскери міндетін өтеу, оның тәртіптері мен талаптары жөнінде айтылған. Сөйтіп, 1991 жылғы 16 желтоқсан республиканың тәуелсіз күні ретінде бүкіл әлемге танылды.
1992 жылы 4 маусымда мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран бекітілді. 2006 жылы қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа әнұраны қабылданды. 1992 жылы қыркүйек айында Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы болып өтті. Желтоқсан айында Қазақстан халықтарының форумы өткізілді. Оның негізгі мақсаты-еліміздің ішкі саяси бағытын дамытуда ұлтаралық келісімді және саяси тұрақтылықты сақтау.
1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Онда Қазақстан Республикасы –демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет екендігі, оның жерінің тұтастығы мен бөлінбейтіндігі және оған қол сұғуға болмайтындығы жазылды. Қазақстан Республикасы адамды, оның өмірін, бостандығы мен ажырамас құқығын ең қымбат қазына деп таныды. Халық мемлекеттік өкімет билігінің қайнар көзі ретінде мемлекеттік билікті тікелей және өз өкілдері арқылы шешетін болып белгіленді.
1995 жылы 30 тамызда бүкіл халықтық дауыс беру арқылы референдумда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа Конституцияға көптеген өзгеріс, ғылыми қағидалар енгізілді. Егер бұрынғы Ата Заң 4 бөлім, 21 тарау, 131 баптан тұрған болса, кейінгісі көлемі жағынан едәуір қысқарып, 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Жаңа Конституцияда екі палаталы парламенттің ерекшеліктері де жан-жақты көрсетілген. Жоғары мемлекеттік органдар жүйесіндегі үкіметтің тиісті орны, сот билігінің, прокуратураның қызметтері де айқындалған. Ашық баламалы сайлау, саяси күрес мәдениеті, көппартиялық жүйеге кең жол ашылды.
Қоғамды демократияландыру барысында Қазақстанда көппартиялық жүйе пайда болды. Көппартиялықты құқықтық жағынан реттеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» (31.5.1996) және «Саяси партиялар туралы» (2.7.1996) заңдарында қамтамасыз етілді. 1999 ж. республикада 14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер құрылды. Қазақстанның көппартиялық жүйе дамуының келесі кезеңінде Қазақстанның азаматтық партиясы (1998 ж. 17 қараша), Қазақстан республикалық халықтық партиясы (1998 ж. 17 желтоқсан), Қазақстанның аграрлық партиясы (1999 ж. 6 қаңтар), Республикалык «Отан» партиясы (1999 ж. 19 қаңтар). «Азамат» демократиялық партиясы (1999 ж. 27 наурыз), Қазақстан әйелдерінің демократиялық партиясы (1999 ж. 21 маусым), Қазақстан патриоттарының партиясы (2000 ж. 1 шілде) кұрылды. 2002 жылдың II жартысында Қазақстанның бірлескен демократиялық, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының құрылтай съездері болып өтті. 2002 ж. 15 шілдеде қабылданған «Саяси партиялар туралы» жаңа заңда саяси партиялардың құқықтық негіздері, олардың кұқықтары мен міндеттері, қызметінің кепілдіктері белгіленді. саяси партиялардың мемлекеттік органдармен және басқа ұйымдармен қатынастары реттелді. 2002 ж. елімізде 16 партия тіркелді.
Қорыта келгенде, біздің жаңа Конституциямыз, еліміздің рәміздері халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы аңсаған шынайы егемендікке қол жеткізгендігінің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан республикамыздың әрбір азаматы Ата Заңымыздың мазмұнын жете біліп, оның талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік нышандарды құрметтеуге міндетті.
2. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшу жолына түсті. Осы бағытта 1992 жылы қаңтарда бағаны ырықтандыруға, мемлекеттік меншікті оның иелігінен алып жекешелендіруге кірісті.
Мемлекет дағдарыстан шығудың жолдарын қарастыра бастады. Оның ең бастысы - бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Қазақстанда ырықтандыру 1992 жылы мұнайдың және мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін жоғарылауы керек деген ұранмен жүргізілді. Осының нәтижесінде әр кәсіпкер, әр кәсіпорын ең жоғарғы таза пайда алғысы келді. Сөйтіп баға шарықтап өсті, елдің экономикасы бағаның шарықтап өсу кесірінен төмен түсіп кетті.
Бағаны ырықтандырудан кейінгі екінші атқарылған іс - жекешелендіру. Мемлекеттік меншікті жекешелендірусіз нарыққа нақты көшу мүмкін емес еді. Бұл қадам нарық субъектілерін құру тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге халықтың бойында меншік иесі психологиясын қалыптастыру тұрғысынан да маңызды еді. Сондықтан да республикада ауқымды жекешелендіру жүргізілді. Бүгінде оны өткізудің 4 кезеңін даралап айтуға болады. Алғашқы үшеуі мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің ерекшелігімен байланысты болса, төртінші кезең мемлекеттік меншікті басқаруды жетілдіруге екпін түсуімен сипатталады.
1993 жылы 15 қарашада мемлекеттің өз ақшасы - теңге енгізілді.
1996 жылы республикадағы кәсіпорындарды реформалау және жеке жобалар бойынша ірі объектілерді жекешелендіру жөніндегі жұмыс қарқын алды. Бірақ осыған қарамастан өндірістің құлдырауы тоқтамады. Тек 1996 жылдың соңына қарай өнеркәсіптің құлдырауы кейбір салаларда тоқтап, аздап өскендігі байқалды. Өндірістің құлдырауының басты себебі - Одақ бойынша бұрынғы қалыптасқан шаруашылық қатынастардың үзілуі. Өнеркәсіптің артта қалуының тағы бір себебі - оның шикізат өндіруге бейімделген сыңаржақтылығында, дайын тауар өндіретін, әсіресе, машина жасау салаларының жоқтығында болды.
Жоғарыда айтылған қиындықтар мен кемшіліктерді жою үшін 1999 жылдан бастап Қазақстан үкіметі елдің өнеркәсібін жандандыруда бірсыпыра шараларды іске асырды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасы жасалып, химия өнеркәсібі мен машина жасау саласын дамыту бағдарламасы тиянақталды. Соның нәтижесінде 1999 жылы мұнай-газ өндіру, металлургия, химия, полиграфия және тоқыма-тігін өнеркәсіптерінде өнімнің өсуіне қол жеткізілді. Жыл соңында жалпы өнім өндіру 1%-ке, ал өндіріс көлемін арттыру 1,8%-ке өсті. Елдің алтын қоры 2 млрд. долларға жетті.
Міне, осындай мемлекеттік маңызды шараларды жүзеге асыру барысында 2000-2002 жылдары республикада тұрақты экономикалық өрлеу, өндіріс ауқымының өсуі байқалды. Тек соңғы 3 жылда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 42,9 пайызды құрады. Қазақстанның өнеркәсіп саласында мұнай-газ өндірісі елеулі орын алып, ол жалпы өнеркәсіп өнімінің 46 пайызын қамтыды.
Қазақстан үкіметі соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға бағытталған шараларды іске асыруда. Ауыл шаруашылығына 1996 жылғы бюджеттен 4,3 млрд. теңге, 1997 жылы 5,3 млрд. тенге бөлінді. 1996 жылы Азия даму банкісі тарапынан Қазақстанға 100 миллион АҚШ доллары мөлшерінде несие бөлінді. Оның 50 млн. доллары 1997 жылы ауыл шаруашылығына жұмсалды. Ауылда шаруашылық жүргізудің жаңа формалары қалыптасты. 2000 жылы республика көлемінде 96198 ауыл шаруашылығы құрылымы, оның ішінде 91471 шаруа қожалығы, 1781 өндірістік кооператив, 2886 шаруашылық серіктестігі және 60 жеке меншік кәсіпорын жұмыс істеді. 
Ауыл шаруашылығын одан әрі дамытудың жаңа кезеңі 2002 жылдан басталды. Бұл 2005 жылға дейінгі уақытты қамтуға тиіс кезең аграрлық өндірістегі реформаны аяқтау, ауыл шаруашылық жерлеріне жеке меншікті енгізу және ауылдың әлеуметтік бейнесін жаңғырту мәселелерімен сабақтастырыла қарастырылған. Үкімет 2002 жылдан бастап ауыл шаруашылығына қатысты үлкен жүйелі жұмыстарды жүргізе бастады. 2002 жылы маусымда мемлекеттік-аграрлық бағдарлама қабылданды. Ол 2003-2005 жылдарды қамтыды, бұл жылдар ауылды қолдау, өркендету жылдары деп аталды. Сөйтіп, аграрлық сектор мен ауыл адамдарының мәселелерін кешенді шешу үшін 2003-2005 жылдар Ауыл жылдары болып жарияланды.
Елімізде реформалау нәтижесінде аралас әрі ерікті жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылып, ол өзінің тиімділігін көрсетті. 1,5 миллионнан зейнеткер ынтымақты негізде зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етілді. Зейнетақы индексациялаумен бірге 2003 жылы оны саралап өсіру жүзеге асырылды. Жеке жинақ принциптеріне негізделген қамтамасыз етудің бір ғана түрі - жинақтаушы зейнетақы жүйесі ойдағыдай дамытылуда.
3. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң егемен мемлекет ретінде халықаралық қатынастар жасауға, белсенді сыртқы саясат жүргізуге кірісті. Еліміздің геосаяси жағынан орналасуына байланысты сыртқы саясаттың негізгі діңгегі - көпвекторлық жол, яғни коп бағыттылық. Өткен уақыт ішінде Қазақстан Республикасын дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеті таныса, 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынастар орнатты. Шет елдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашылды. Ал Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді.
Қазақстан өзінің сыртқы саясатында ірі көрші мемлекеттер - солтүстікте Ресеймен, шығыста Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше назар аударып келеді. Ресей мен Қазақстан арасында ынтымақтастықтың тереңдей түсуінде 1998 жылы 6-шілдеде Мәскеуде қол қойылған мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы Декларация маңызды рөл атқарды. Оның негізінде екі мемлекет арасындағы қаржылық өзара келіспеушіліктерді реттеу және Байқоңыр космодромын бірлесіп пайдалану мәселелері шешілді.
1998-1999 жж. белсенді дипломатиялық әрекеттер арқылы Қытай мен Қазақстан арасында шекараны нақтылау негізінен аяқталды.
АҚШ Қазақстан Республикасын тәуелсіз мемлекет ретінде таныған 1991 жылдың 25 желтоқсаннан бастап, екі мемлекет арасында елші дәрежесіндегі толыққанды дипломатиялық қатынастар орнады
1992 ж. 15 мамырда ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа және 1999 ж. 28 наурызда Қазақстан мен Ресей арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Қазақстанның көрші мемлекеттермен шекарасының жалпы ұзындығы 15 мыңға жуық шақырымды құрайды. Соның ішінде Қазақстанның Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекарасы шамамен 1050 шақырым, Ресей Федерациясымен - 7,5 мыңнан астам шақырым, Түркменстанмен — 400 шақырым, Өзбекстанмен - 1660 шақырым.
Шекара мәселесін Азия елдерінде тұрақты шешуде Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) маңызды рөл атқарады. 1996 жылғы сәуірде Шанхайдағы кездесу кезінде Ресей, Қытай, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан басшылары шекараларды бұзбау, олардың арасындағы бейтарап аймақтық қашықтықты 100 шақырымға дейін жеткізу келісіміне қол койылды. Кейін бұл келісімге Өзбекстан қосылды.
1992 ж. БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында Президент Н.Назарбаев Азияда өзара ынтымақ пен сенім шараларын орнықтыру туралы мәселе көтерді. 1993 ж. көктемде Алматыда осы мәселеге байланысты шақырылған бірінші бас қосуға оннан аса мемлекеттен өкілдер келген болса, сол жылғы тамыз айындағы кездесуге 17 елден сарапшылар тобы келді. Қазақстан Хельсинки процесіне қосылып, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның жұмысына қатысты (1992 ж.). Ал 1996 ж. 31 қыркүйекте Қазақстан БҰҰ-ға мүше 129 елдің қатарында ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қол қойды.
Қорыта келгенде, тәуелсіз Қазақстан дүние жүзінің көптеген елдерімен тең деңгейде дипломатиялық жэне экономикалық қарым-қатынастар орнатты. Қазақстан Орталық Азияның көшбасшысына, халықаралық құрметті әріптеске, яғни халықаралық лаңкестікке, есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетін мемлекетке айналды. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі туралы шешім оның сенімді дәлелі болды.
12 дәріс.Тақырып: Қазақстан Республикасының егемендігінің нығаюы
Дәрістің мазмұны: Қазақстанның тәуелсіздігінің қалыптасуы барысындағы саяси-экономикалық дамуы баяндалады.
Дәрістің мақсаты: Қазақстан Республикасының егеменділігінің мәнін талдап, дүниежүзілік қауымдастықта алатын орнын белгілеу. 
1. Қазақстан Республикасының Президенті 2030 жылға дейінгі Стратегиялық дамудың ұзақмерзімді басымдықтарын анықтап берді:
1. Ұлттық қауіпсіздік. Аумақтық тұтастығын толық сақтай отырып, Қазақстанньщ тәуелсіз егемен мемлекет ретінде дамуын қамтамасыз ету.
2. Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамының топтасуы. Қазақстанға бүгін және алдағы ондаған жылдар ішінде ұлттық стратегияны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық біртұтастықты сақтап, нығайта беру.
3. Шетел инвестициялары мен ішкі жинақталымдардық деңгейі жоғары ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу. Экономикалық өрлеудің нақтылы, тұрлаулы және барған сайын арта түсетін қарқынына қол жеткізу.
4. Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты. Барлық қазақстандықтардын, өмір сүру жағдайларын, денсаулығын, білімі мен мүмкіндіктерін ұдайы жақсарту, экологиялық ортаны жақсарту.
5. Энергетика ресурстары. Мұнай мен газ өндіруді және экспорттауды қалыпты экономикалық өрлеу мен халықтың тұрмысын жақсартуға жәрдемдесетін табыс алу мақсатында жедел арттыру жолымен Қазақстанның энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану.
6. Инфақұрылым, әсіресе көлік және байланыс. Осы шешуші секторларды ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, саяси тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге жәрдемдесетіндей етіп дамыту.
7. Кәсіби мемлекет. Ісіне адал әрі біздің басты мақсаттарымызға қол жеткізуде халықтың өкілдері болуға қабілетті Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің, ықпалды және осы заманғы корпусын жасақтау.
Осы ұзақ мерзімді басымдықтар мемлекет пен біздің, азаматтарымыздың күш-жігерін жұмылдыру үшін қызмет етуге, еліміздің, бюджеті мен кадр саясатын қалыптастыру кезінде өлшемдер негізіне алынуға тиіс.
Еліміздің Президенті конституциялық міндеті шеңберінде Қазақстан халқына сыртқы және ішкі саясатының негізгі бағыттары жайында үндеу жариялайды. Н.Ә.Назарбаевтың пікірі бойынша: «Мемлекет әрі бүтін қоғамымыз жылма-жылдық жоспардың шеңберінде қызмет жасауға жүйелі бағыт болатын терең көрегенділік пен стратегияны қажет етеді».
Бұл белгіленген ұзақ мерзімді басымдықтарға 1, 2, 5 жылдық жоспарларға есептелген және біртіндеп жүзеге асырылып жатқан нақты іс- қимылдардың стратегиясы қабылданады. Мәселен, Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі экономикалық дамуының индустриалы-инновациялық даму стратегиясы жасалды. Мұнда территориялық дамудың стратегиясы, Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан республикасында туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, елімізді экокномикалық модеринизациялаудың стратегиясы, сондай-ақ Алматы аймақтық финанс орталығы құру мәселесі көтерілді. ҚР Президенті жанынан кәсіпкерлер кеңесі құрылды.
6 сәуір 2007 жылы Қазақстан Президентінің жарлығымен « 2030 жылға дейінгі даму страттегиясын жүзеге асырудың шараларының» 2005-2007 жж. дейінгі басты бағыттарын жүзеге асыратын жыл сайынғы жалпы ұлттық жоспар жасалды.
2. Бүгінгі Астана Егеменді Қазақстан Республикасының Елордасы, маңызды өнеркәсіптік және мәдени орталығы, теміржолдар және автомобиль жолдарының түйіскен торабы саналады.
1984 жылы бүгінгі Астананың орнында Есіл өзенінің жағасында Қараөткел елді мекенінде әскери бекініс салынған болатын. Ақмола қаласы статусын алған соң, осындағы өтетін жәрмеңкелердің арқасында өңірге айрықша танылады. Қазақстанның барлық аймақтарының саудагерлері және Ресейдің, Орталық Азиядан келгендер осында жиналатын. ХХ ғасырдың 50 жылдарынан Ақмола қаласы солтүстік өңіріндегі әлі де игерілмеген табиғи ресурстардың орталығына айналды.
Бір уақытта КПСС ОК бас хатшысы Н.С. Хрущевтың идеясы өмірге енбей қалып, бұл қала астықты өңірдің ресми астанасы ретінде бола алмады. Бірақ ол қазір Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы болды. 1992 жылы Целиноград қайта Ақмола атана бастады. Ал 1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғары кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулысы қабылданады.
1997 жылы Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев астананы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы тарихи шешім қабылдады. Қалада ол кезде 319 мың адам болды. Қала аумағы 1997 жылы 258 км.м болды, ал бүгінде Астана 710,2 км.км құрайды. Бұл тарихи шешімнің қабылдануына қаланың өте ірі көліктік жолдардың тоғысында, еліміздің ұтымды геосаяси орталығында орналасуы себепкер болып, ол көп жағдайда біздің жас мемлекетіміздің келешек қарқынды дамуын айқындап берді. 1998 жылы 6 мамырда жаңа елорданы Астана деп атау туралы шешім қабылданды. Ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР-дың Заңы қабылданды. Осы жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып етті. Біз айрықша қысқа мерзімнің ішінде еліміздің дәл ортасында жаңа астанамызды тұрғыздық. Астана қазақстандықтардың мақтанышына айналды. 1998 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша Қазақстан астанасына медаль беріліп «Әлем қаласы» жоғары атағы берілді.
Бүгінгі күні Астана - қазіргі заманның саяси, экономикалық және әлеуметтік - мәдени проблемалар бойынша түрлі кездесулер өткізілетін, көптеген шетелдік инвестициялар тартылатын, сәулет өнерінің біртуар туындылары көтерілетін және ең батыл идеялар өмірге енетін еуразиялық кеңістік орталығы.
Еліміздің жаңадан орын тепкен ордасын көркейту мақсатына орай президентіміз 2001 жылы «Астана жаңа қала» деген арнайы экономикалық аймағын құрған болатын. Бұл шара Есілдің сол жағалауына инвестициялар тарату, құрылыста озық технологияларды пайдалану, сондай-ақ қазіргі заманғы инфрақұрылым арқылы құрылысты қарқынды түрде дамыту еді. Сол себепті Астанадағы үкімет сарайлары, құрметті орындар, министрліктер мен қоғамдық ғимараттар аса көрнекті сәулеттік бейнеге ие болып келеді. Осындай ғажап, өзге қалалардан ерекшеленіп тұрған Астанаға келгендер биіктігі 97 метрге жететін «Астана-Бәйтерек» монументін іздейді. 97 саны ел орталығының Алматыдан Астанаға көшу жылын білдіреді. Бәйтерек ғимаратында көркем сурет галереясы бар, ірі аквариум, ресторан орналасқан. Халқымыздың өмірінде келісімді билігімен, әділ сөзімен, елінің басына ауыртпашылық түскенде шешендігімен алғырлығымен еліне қорған болған, асқан беделге бөленген дана үш би - Әйтеке, Қазыбек, Төле бас қоса отырған сәулетті ескерткіш орнатылды.
Әрине астанамыздың болашағы көбінесе 21 ғасырдағы халықаралық, экономикалық, геосаяси және басқа қатынастардың дамуына байланысты болары анық. Астананы салдырып жатқан Нұрсұлтан Назарбаев бір ғана қазақ халқының ғана емес, Ұлы Даланы, Қазақстан Республикасы аталатын байтақ өңірді бір кезде мекен еткен және бүгінгі таңда мекендеп жатқан халықтардың «еуразиялық арманын» асқақтатуға бекем бел байлап отыр. Бұл өлке-халықтарды бауырына басып, татуластырып қана қоймай, оларды жаңа қауымдастық, жаңа өркениет құру жолында топтастыра білетін өлкеге айналмақ. Елорданың өркендеуі еліміздің өркендеуінің белгісі. Ендеше бас қаланың жаңадан қаланып жатқан іргетасының берік болуы да мемлекетіміздің болашаққа нық сеніммен жасар қадамының нағыз кепіліне айналмақ.
3. КСРО-ның құлауы барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1989 жылдың маусым айынан Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы болатын. 1990 жылдың 24 сәуірінен республикада Қазақ КСР Президентінің лауазымы бекітіліп, Жоғарғы Кеңестің сессиясында Қазақ КСР-нің бірінші Президенті болып Н.Ә.Назарбаев сайланды.
КСРО-ның ыдырауынан кейін және Қазақстан Республикасының құрылып, егеменділігінің күшеюімен байланысты жалпыхалықтық дауысқа салып, балама негізде Президент сайлау мәселесі туды. Жоғары Кеңес Президент сайлауын өткізуді 1991 жылы 1 желтоқсанға белгіледі. Бұл ел тарихыдағы алғашқы жалпыхалықтық сайлау болатын. «Президентті сайлау туралы» заң қабылданып, бұл лауазымға Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылды. Сайлауға 8788726 адам қатынасты немесе 88,23%. Н.Ә.Назарбаевқа 8681276 сайлаушылар дауыс берді яғни 98,78%. 1991 жылдың 10 желтоқсанда Алматыда Қазақстан Республикасының бірінші Президентінің инаугурациясы өтті.
1995 жылдың 29 сәуірінде республикада Президент Н.Назарбаевтың басқару мерзімін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде жалпыхалықтық референдум өткізілді.
1999 жылғы 10 қаңтарда болып өткен Қазақстан Президенті сайлауына балама негізде 4 кандидат тіркелді. Олар: Коммунистік партия өкілі С.Ә.Әбділдин, Сенат депутаты Ә.Ғ.Ғаббасов, Мемлекеттік Кеден комитетінің төрағасы Ғ.Е.Қасымов және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан Президентін сайлауға барлық сайлаушылардың 87,05 проценті қатысты. Дауыс беру қорытындысында Н.Ә.Назарбаев жеңіске жетіп, қайтадан Қазақстан Республикасы Президенті болып сайланды. Оған дауыс беруге қатысқан барлық сайлаушылардың 79,79 проценті өз дауыстарын берді.
Қоғам айқын мақсаттар мен оларға қол жеткізу жолдары баяндалған стратегиялық бағдарламалық құжатқа мұқтаж болатын. Олар "Қазақстан -2030" ел дамуының Стратегиясында тұжырымдалды. 1997 жылдың қазан айында Президент Н.Ә.Назарбаев республика халқына «Қазақстан -2030» деген атпен жолдау қабылдап, онда еліміздегі дағдарыстан шығудың және жүріп жатқан реформаларды аяқтаудың, сондай-ақ алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылудың, немесе "Қазақстан барысын" қалыптастырудың жаңа бағдарламасын ұсынды. Егеменді Қазақстан тарихында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетімізді қалыптастырып, дамытуда шексіз еңбек сіңірген тұңғыш Президент ретінде есімі алтын әріппен жазылады. Оның есімімен елдегі саяси және экономикалық қайта құрулар, ұлттар, діни ағымдар арасындағы бейбітшілік пен келісімдердің салтанат құруы, жаңа орталық Астананың қалыптасып, дамуы байланыстырылады. Дүниежүзілік аренада Қазақстан жас мемлекет болса да ел таныған жан-жақты сыртқы саясатымен бейбітсүйгіш, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан, Азиядағы ұжымдық қауіпсіздіктің жаңа белсенді мехнизмдерін ұсынған, аймақтық интеграцияға ұмтылған ел ретінде белгілі болды. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бұл ұмтылысы дүниежүзілік қауымдастықтағы елдер, саяси тұлғалар арасында жоғары бағаланып, Қазақстан республикасы ОБСЕ ұйымында 2010 жылы төрағалық ету құқығына ие болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет