Болат САЙЛАН
Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің “Қазақстан тарихы”
кафедрасының профессоры,
тарих ғылымдарының докторы
Садықбек Сапарбекұлы: қысқа ғұмыр
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында коммунистер жастарды қоғам жұмысына тартып, оларды барынша пайдалануға тырысты. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін жер-жерде коммунистік билік салтанат құра бастады. Сол уақытта жастардың жалынды жетекшісіне айналған Ғани Мұратбаев және қыздар арасынан Алма Оразбаевалардың есімі дарынды ұйымдастырушылар ретінде көпке танымал болды. Ал кейбір жастардың есімі тіптен атаусыз қалды. Өйткені жастар ұйымының құрылуына атсалысып, артынан кеңестік қоғам нық орнаған соң олардың арасынан “халық жауы” ретінде атылып кеткен азаматтар да болды. Бұл азаматтар туралы кеңестік қоғамда оқуға, олар туралы жазуға тиым салынды. Осындай елі үшін қызмет етіп, Ғани Мұратбаевпен қатар жүрген қазіргі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында (Балапантөбе ауылында) дүниеге келген Садықбек Сапарбекұлы еді.
Көпшілік Ғани мен Садықбек екеуінің өте жақын дос болғанын, бір жылы туған құрдас екендігін, екеуі де жастайынан ұйымдастыру жұмыстарында бірге жүргенін, жастардың ұйымдастырушысы ретінде сол жылдарды қосарлана танылғанын біле бермейді. Ол кезде комсомолдың жұрт таныған екі жетекшісі болды. Бірі – Ғани, бірі – Садықбек. Бұл уақытта Ғани өлекелік комсомол комитетінің бас хатшысы да, Садықбек Түркістан Орталық партия комитетінің жастар бөлімінде істеді. Бұл жылдары Орта Азия мен Қазақстан комсомолының екі белгілі қайраткері жергілікті кедей жастарын ұйымдастырып, Қызыл Армия үшін азық-түлік жинады. Бүкіл Орта Азия мен Қазақстанның комсомол активистері ол кезде осы екі тұлғаның ықпалында өсті [1].
Садықбек 1919 жылы партия мүшелігіне өтті. 1921 жылы Коммунистік Жастар Одағы атынан РК(б)П X съезіне делегат болып қатысты. В.И. Лениннің сөзін тыңдады. Партияның ХV, ХVІ съездерінің де делегаты, Қызылорда, Қарсақпай аудандық, Ақмола, Гурьев округтік, Ақмола губерниялық, Батыс Қазақстан облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Қазақстан кәсіподақтар Кеңесінің төрағасы, Қазақстан өлкелік партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, көрнекті публицист болды. Ол Жетісу, Орта Азия округтік тәркілеу науқаны қорытындысы жөнінде көптеген тартымды, дәйекті де деректі мақала-очерктер жазды. В.И Лениннің еңбектерін аударуға қатысты, әдеби сынға да араласты” [2, 86-б.]. Жас Садықбек сол кездегі Ақмешіттегі революцияны жүзеге асырушы Ф.Н. Селиверстов, А.В. Червяков, П.А. Ермолов, Х.Ибрагимов, Кудрящев, Лобачев секілді адамдардың ықпалын көрді. Соның әсерімен саяси түсінігі тереңдеді. Жас жігіттің қабілетін тез байқаған большевиктер Ақмешіт уездік-қалалық комитетінің шешімімен оны Ташкентте ашылған үгітшілер-ұйымдастырушылар курсына жіберді. Қысқа курс аяқталған соң, Түркістан өлкелік партия комитеті 35 кісіні Мәскеудегі Свердлов атындағы шығыс елінің коммунистік университетінің қысқа мерзімдік курсына оқуға аттандырды. Солардың ішінде С.Сапарбекұлы да болды. 1920 жылдың күзінде Ташкентке оралады да, онда комсомол ұйымдастырушыларының бірі болып қызмет істеді. Түркістан комсомолы Орталық Комитетінің пленум мүшесі, Ташкент қалалық комсомол комитетінің бюро мүшесі болды [3]. Міне осы шақта ол өзінің үлкен ұйымдастырушы, нағыз жастар жетекшісі екендігін ісімен шегелей түсті.
Өкімет басында жүрген Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұловтар өзінің ізіне ерген қыз-жігіттерді дереу қамқорлыққа алып, революция істеріне баулыды. “Осыдан бірнәрсе шығады-ау” деген жасөспірім болса, қай-қайсысы да кеуделерінен кері итерген жоқ. Осындай аумалы-төкпелі шақта Ташкент топырағын басқан ол үгітшілер даярлайтын партиялық курсқа келген күннен бастап-ақ басшылар назарын өзіне аударды. Оның алғырлығы, саяси тұрғыдан білімдарлығы өзгелерден оқшауланып тұрды. Қысқа мерзімдік курсты тез-ақ аяқтап шыққан Садықбекті енді Түркістан Республикасының басшылары жауапты жұмыстарға пайдалануды ойлады. Сөйтіп, оны Ақтөбе майданына жіберді. Бүлікті басып, халықты тыныштандыру үшін қызыл армияның арнаулы топтары жөнелтілгенді. Түркістан Орталық Комитеті жауынгерлерді идеялық тұрғыдан көтермелеп, рух беріп отыру үшін 35 коммунисті арнайы жіберді. Солардың бірі – Садықбек болды.
Ақтөбе майданынан еңсесі биік болып оралған коммунистердің бір шоғыры Мәскеуге – Свердлов атындағы Коммунистік университеттің жанындағы партия қызметкерлеріне арналған курсқа оқуға жіберілді. Тыңдаушылар қатарында Садықбек те болды. Ол бұл ұсынысты қуана қабылдаған еді. Мәскеудегі оқуын жақсы аяқтап шығып дереу Ташкентке оралды. Оның да өз себебі болатын. Жиырмасыншы жылдары Түркістан Республикасында оқыған, білімді, іскер азамат өте көп бола қойған жоқ. Содан да мұндағылар оқуда жүрген әрбір жастың тізімін қолға ұстап, реті келсе жылдамдатып шақырып алып, жауапты жұмыстарға қойып жатты. Садықбек те сондай арнаулы есептегі жігіттердің бірінен саналатын-ды.
Түркістан топырағында жастармен, комсомол мүшелерімен жұмыс барынша өрістетіле бастады. Өйткені, ендігі билік те, иелік те солардың қолына көшуі керек болды. Уақыт талабы солай еді. Ташкентке Орталық Комитеттің шақыртуымен жеделдетіп жетіп келген Садықбекті құрдасы әрі жерлесі Ғани Мұратбаев құшақ жая қарсы алды. Ғани мен Садықбек сол бір жылдарда Орта Азия жастары арасында зор беделге ие болды. Ғани Мұратбаевты Түркістан Коммунистік Жастар Одағының басшысы ретінде таныса, Садықбек Сапарбекұлын Түркістан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің жастар бөлімінің меңгерушісі ретінде үлгі тұтты. Елгезектігіне, сезімталдығына, бауырмалдығына бола оларды қадірлеп-құрметтеді.
Садықбектің ағалық ақылын көп тыңдап, қамқорлығын көрген қазақ әдебиетінің үлкен жанашырларының бірі, профессор Бейсембай Кенжебаев ақсақал бір естелігінде: “Мен Садықбекті тұңғыш рет осы комсомол жұмысында жүрген кезінде, 1922 жылы Ташкентте көрдім. Ол кезде мен Сырдария облыстық совет-партия мектебінде оқитынмын, әрі сондағы комсомол ұясының хатшысы болып істейтін едім. Бір күні Луначарский атындағы халық үйінде қала комсомолдарының бір үлкен жиналысы болды, оған комсомолдар өте көп келді. Жиналыста сөйленген сөздер ретіне қарай орыс, өзбек, қазақ тілдеріне аударылып жеткізілді. Сонда Садықбек орысша сөйленген сөздерді қазақ тіліне, қазақша сөйленген сөздерді орыс тіліне аударып тұрды. Ол уақытта комсомолдар арасында Садықбектің аты Ғани Мұратбаев атымен қатар аталатын еді. Сол жылы “Жас қайрат” журналының бір санында екеуінің суреттері қатар басылған. Садықбектің суреті астына “Қазақ жастары арасынан алғашқы шыққан қайраткер, комсомолдың көрнекті қызметкерлерінің бірі” деп жазылған еді. Садықбек жастар арасында әйгілі, беделді болды. Бір үзіліс кезінде Садықбекке барып жолықтым. Оған өзімді таныстырдым. Ол орта бойлы, шымыр денелі, аққұба, өте жайдары жігіт екен. Менімен өзінің туған інісі, көптен көріп жүрген танысы, тіпті, жақын досы тәрізді ішіне тартып сөйлесті, хал-жайымды сұрады. Оқу, комсомол жұмысы жайында кеңестер берді. Садықбектің жүріс-тұрыстарынан, әңгіме-кеңестерінен, мінберде сөйлеп тұрғандағы қимылдары мен қалып-пішіндерінен оның сөзшең. жігерлі, өткір екені айқын байқалады, оның бәрінен бір жаңалық сол заман лебі, ұлы революция екпіні есіп тұрды. Ол жөніндегі менің алғашқы әсерім осылай еді”, – деп бағалауы, С.Сапарбекұлының орыс тілін еркін меңгерген, Ғ.Мұратбаевпен дәрежелес тұлға және дарынды азамат екенін анық аңғартады [4].
1920-1923 жылдар аралығында қабілетті жас Садықбек Түркістан өлкелік партия комитетінде, оның жанындағы партия мектебінің комсомол бөлімін басқарды. Сонымен бірге оған Алматы, Жетісу облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін де қоса атқаруға тура келді. Садықбектің шын жарқырап көрінуі осы кезеңдер болды. Осы жылдар ішінде С.Сапарбекұлы көрнекті комсомол қайраткері, жан досы Ғ.Мұратбаевпен қойын-қолтық араласты. Екеуі бірлесе отырып, Шығыс жастарына жол-жоба ұсынды. Зейінді балаларды қамқорлыққа алып, тәрбиеледі. Кейінірек атағы шығып, қазақ халқының аяулы ұл-қыздарына айналған Ш.Артықбаев, А.Тоқмағамбетов, А.Хангельдин, Ө.Тұрманжанов, Б.Кенжебаев, Ж.Арыстанов, Ж.Бектұров секілді азаматтарға көп көмегін тигізді. С.Сапарбекұлы осы кезеңдерде Ғ.Мұратбаевтан өзге В.Голчин, С.Қожанов, Ш.Зарипов, Ә.Ақбаев, Б.Аралбаев, Н.Фокин, М.Қайыпназаров, С.Есовалармен де тығыз байланыста болды. Үнемі ақылдасып, ой бөлісіп отырды. Ортақ іске бірлесіп жұмыла білді [4].
1927 жылдың күзінде қазақ өлкелік партия комитетінің алтыншы конференциясы өтті. Бұған Ақмола губерниясынан делегат болып қатысқан С.Сапарбекұлы конференция аяқталғаннан соң, пленумның шешімі бойынша өлкелік партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі әрі бюро мүшесі болды. Міне, осылайша, іске тындырымды, елгезек жігіт тез өсті. Ол бұл қызметте 1929 жылдың аяғына дейін отырды. “Аузы алты қарыс” Ф.И. Голощекинмен жұмыс істеуіне тура келді. Оның жүргізіп отырған саясатына коммунистерше баға бере білді.
С.Сапарбекұлы 1929 жылдың аяғында округтік партия комитетінің хатшысы болып тағайындалды. Ал, 1931 жылы Қарсақпай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне ауыстырылады. Міне, осы кезеңдерде ол академик Қаныш Сәтбаевпен тығыз байланысты болып, үлкен Жезқазған мәселесін, тағы басқа, да таукен мәселелерін көтерісуге жәрдемдесті. Содан кейін Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінде шамалы уақыт хатшы болады да, 1933 жылдың қазанында Қызылорда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне ауысты. Ол бұл қызметті 1935 жылдың желтоқсанына дейін атқарды. Қызылордада қызмет атқарған кезінде ол осы аймақта суландыру мәселесімен көп шұғылданып, күріш, бидай, мақта егісін жолға қоюда, одан қажетті мөлшерде өнім жинауда зор еңбек сіңірді. Садықбек тек қана комсомол, партия қайраткері болып қалған жоқ, ол сонымен қабат қазақ халқының іргелі ел болуы үшін қай істе де бас тартпаған. Айталық, ол 1935 жылдың аяғында республика кәсіподақтары кеңесінің төрағасы қызметіне жоғарылатылғанын екінің бірі біле бермесе керек. Осылайша республика кәсіподағының аяғынан тік тұрып кетуіне (1935-1936жж.) зор үлес қосты.
С.Сапарбекұлы 1937 жылдың қараша айына дейін, яғни “халық жауы” деген жалған жалаға ілігіп, ұсталып кеткенше республиканың бірқатар облыстарында жауапты жұмыстар атқарды. Сталиндік сойқанның салқыны Садықбекті де құтқармады. Ұзын құрықтың бір ұшы оған да жетті. Жазушы Ж.Бектұров ол кісімен ұсталатыннан бір күн бұрын жолыққанын былай суреттейді: “Садықбек ағамыздың қасында шайымызды ішіп болғанша отырдым. Қараса көз тоймайтын ажарлы адам. Байқаймын, ара-тұра күрсініп қояды. Еңсесі түскенін білдіргісі келмейді. Тегі буфет жаққа арқасын, залға бетін бере отыруы әлдеқалай емес. Кірген-шыққан жұртқа көз салғысы келетіндей, қалың өрт, ауыр дерт іште арпалысып жатқандай, үрей, қорқыныш қас-қабаққа кіргендей. Мейманхананың Громова дейтін әкімші-кезекшісі бар еді. Ертеңіне сол кісі есік алдында маған “кеше сіз бірге отырған адамды алып кетті”, – деді [5]. Жасы отыз беске енді ғана шыққан аяулы азамат сталиндік репрессияның құрбаны болып кете барды. Өзге қайраткерлеріміз секілді С.Сапарбекұлы да 1937 жылы “халық жауы” болып ұсталып, қайтып бостандыққа шыға алмай, атылып кетті. Тіпті есіл ердің қай жерде атылғаны да белгілі болды. 1938 жылы Алматы облысының Іле ауданына қарасты “Қарасу” маңындағы “Қандысай” деген жерде 19 комиссар атылып, жерленген. Солардың тізімі газетте жарияланғанда, арасынан “Садықбек Сапарбеков – Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы” деген тізім бірге шықты.
Қорыта айтқанда, Кеңестік биліктің алғашқы жылдарында Қазақстанның жастар арасынан шыққан қайраткер Садықбек Сапарбекұлы туралы бүгінгі ұрпақ біпмейді десек қателеспейміз. Ал, сонда бұған кім кінәлі дерсіз. Әрине, бұның бәрі де сол кездегі солақай саясаттың салқыны. С.Сапарбекұлы 1937 жылы “халық жауы” болып ұсталып, жазықсыз атылды емес пе. Мінеки, осы бір жалған жаладан құтылу есіл ерге, өте ауыр соқты.
....................................................
1. Жұмат Ж. Ғани мен Садықбек // Егемен Қазақстан. – 2002. – 26 ақпан.
2. Сайлан Б.С. Кеңестік биліктегі Қазақстанның жастар саясаты: тарихы мен тағылымы (1917-1991 жж).
3. ҚОММ. 1-қ., 2-т., 11-іс, 23-п.
4. Әлмашұлы Ж. Жастардың жалынды жетекшісі Садықбек Сапарбекұлы // Сыр бойы. – 2008. – 12 сәуір.
5. Бектұров Ж. Айыбы не еді ағалардың? // Қазақ әдебиеті. – 1988. – 27 май.
Достарыңызбен бөлісу: |