Кеңес дəуірі кезінде Қазақстанда алапат ашаршылықтар болып, халқымызды жер бетінен біржолата құртып жібере жаздады. Соның ішінде екі үлкен əлеуметтік апат еліміздің мəңгі есінде сақталып қалды. Мұның біріншісі – 1921-1922 жылдары, екіншісі – 1930-1933 жылдары болған ашаршылықтар. Оған не себеп болды, біз енді сол жөнінде ой толғасақ. Тарихшылардың, саясаттанушылардың пайымдауынша, оған кінəлі Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, содан туындаған шаруалардың жеке меншігін тəркілеу, жою, əртүрлі ауылшаруашылық салықтарымен бас көтертпеу, күштеп отырықшыландыру, күштеп колхоздастыру, дəулеттілерді, зиялыларды «феодализмнің өкілі, буржуазиялық интеллигенция» санап, атып-асу, билікке жалшыларды тартып, қоғамды қолдан надандандыру. ВКП(б) Орталық Комитетінің Қазақстан өлкелік партия комитетінің басшылығына Голощекинді жібергені мəлім. Екінші пленумда сөйлеген сөзінде-ақ:
«Ауылды кеңестендіру, бұл – шын мəнінде, Қазақстанды кеңестендіру. Сондықтан барлық салада біздің жұмысымыздың ілгерілеуі үшін қазақ кедейлерін ұйымдастырмай əсте мүмкін емес», — деп жар салған ол билік басына келгеніне екі ай өтер-өтпесте ауылдарды аралап көрмей-ақ, елдегі жағдайға өзінше баға беріп, байбалам салды. «…Ауылда байдың үстемдігі, рудың үстемдігі өзгерссіз сақталған, шын мəнінде өлкеде кеңес өкіметі орнамаған», — деп мəлімдеді. Сол кезде «Советская степь», «Еңбекші қазақ» газеттерінің бетінде Голощекиннің «Ауылды кеңестендіру», «Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын» деген сөзі ұран болып көтерілді.
Сөйтіп, ол Қазақстанда «Кіші Қазан» өткізуге кірісті, қазақтың төрт түлік малын түгел сыпырып алып, мемлекет меншігіне бергізді, əсіресе, қазақтың «жаны» – жылқының көзін жоюға айрықша күш салынды. Сталиннен, партияның Орталық Комитетіндегі негізгі басшыларынан өзінің төтенше шараларды жүргізуіне, авантюристік бағытын берік ұстануына рұхсат алған Голощекин Қызылордада өткен 1927 жылғы 23 қарашадағы ВКП(б)-ның Бүкілқазақстандық конференциясында халыққа ашықтан-ашық айбат шекті. Ол: «…Сіздер Зиновьевтің: «Қазақстан Голощекиннің жеке билік құруы үшін басыбайлы берілді», — дегенін білесіздер, — деді. – Кез-келген топтың көсемдері Қазақстанға (өзіне дегені) қарсы шығып байқасын – бір аптаның ішінде күлі көкке ұшады». Осылайша қолына тиген шексіз билікті пайдаланған Голощекин бірінші кезекте өзіне қарсы шыққан білікті де білімді азаматтарды қуғын-сүргінге салып тентіретіп жіберді.
Мұнан кейін «ұжымдастыру» деген желеумен көшпелі елді арсыздықпен тонатып, халықты əдейі ашаршылыққа ұрындырды. Қызыл империя бейбіт заманда қазақ ұлтына жасаған нəсілшілдік қылмысын əлемдік қауымдастық алдында жасырып, кеңестік цензура көп жылдар бойы 1931-1932 жылдардағы қазақ даласындағы ашаршылықты баспасөз бетінде жазуға, бұқаралық ақпарат құралдарында айтуға қатаң тыйым салды. Əкімшілік биліктің осынау ел ішіндегі арандату саясатына, əділетсіздік пен зорлық-зомбылыққа қарсы шыққандар «халық жауы», «бандалық құрылым» аталып, қырып жойылды. 1930-1933 жылдардағы қолдан жасалынған ашаршылықтан елімізде қазақтардың үштен бірі ғана аман қалды. Өйткені, 1937 жылғы Бүкілодақтық халық санағының алғашқы мəліметтері бойынша, Қазақстанның ауыл халқы 1930 жылдың
1 маусымынан 1933 жылдың 1 маусымына дейін 3 миллион 379,5 мың адамға кеміген. Осы кемуден 1 миллионнан астам босқындарды шығарып тастасақ, 1930- 1933 жылдардағы аштық құрбандарының 2 миллион 200 мың адамнан асып түсетінін байқаймыз. 1992 жылы осы мəселені еліміздің Жоғарғы Кеңесі Төралқасының комиссиясы арнайы тексерген-ді. Сонда: «Қазақ елі аштықтан жəне соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 миллион 200 мың адамнан, яғни барлық қазақ халқының 48 процентінен айрылды», — деп бұл комиссия нақты тұжырымдама жасады. Қазір белгілі болып отырған жағдай, 1930-1933 жылдардағы қолдан жасалынған ашаршылықта негізінен, жас балалар мен əйелдер көп қырылып, оның халқымызға демографиялық зардаптары да ауыр тиді, ұлтымыздың сан жағынан өсуін тежеп тастады.
1897 жылғы патша өкіметінің санағына сенсек, қазақтар көрші өзбек ұлысынан үш есеге жуық артық, яғни 4 миллион 84 мың болыпты. Аштықтың ащы дəмін татпаған өзбек халқы бұл күндері 30 миллионға жуықтаса, қазақтарды шет елдегі қандастарымен қоса есептесек, орташа болжам бойынша саны 15-17 миллион шамасында ғана. Мұны еске алғанында кейбір тарихшылар: «Егер де 1930-1933 жылдары елімізде қолдан аштық жасалмағанында, қазақтардың саны 60 миллионның үстінде болар еді», — деп те ой толғайды. «Саяси маняк» Голощекин тұсында асыра сілтеушіліктің шын мəні саяси бүркемеленсе де, ол қызыл империя үстемдік құрған шақта айтуға да, жазуға да тиым салынған мəселе болса да, кейін бұл əлеуметтік апат–«Қызылқырғын»,«голощекиндікгеноцид» деген тарихи атауға ие болды.