3 дәріс. Қазақ халқының ұлттық қозғалысының қайнар көздері
1. Қазақ ұлттық интеллигенциясы: қалыптасуы, құрамы, коғамдық қызметі.
2. Аграрлық мәселе және қазақтардың Ресейдің І – ІІ Мемлекеттік Думасына
қатысуы. Б. Қаратаевтың, Т. И. Седельниковтің, А.Бірімжановтың қызметі.
Қазақ ұлттық баспасөзінің дамуы.
3. Ресейдегі Ақпан буржуазиялық – демократиялық революциясы және оның
Қазақстанға ықпалы. Қазақстандағы саяси ағымдар мен партиялар (Алаш, Үш
жүз, Шуро-и-Ислам).
Дәрістің мақсаты:
Алаш партиясын құруға мұрындық болған қазақ
зиялыларының қоғамдық-саяси көзқарастарының бастау көздерін, құрамын
және олардың алғашқы саяси әрекеттерге араласу жолдарын анықтау. 1917
жылғы қос революция тұсында құрылған саяси ағымдар мен партиялардың
ұстанған бағыты мен қызметін талдау
Дәрістің мазмұны:
қазақ ұлттық интеллигенциясының қалыптасу
тарихы зерделеніп, олардың бірінші орыс революциясы мен 1917 жылғы
ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы аралығындағы саяси
қызметі қарастырылады.
1. XX ғасырдың алғашқы онжылдығында көптеген елдер, олардың
ішінде Ресей де, дамудың индустриялық кезеңіне нықтап аяқ басты. Ресей
өнеркәсіптік төңкерісін аяқтап, өзінің отарлы аймақтарын, олардың қатарында
Қазақстанды да, жаңа әлуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси
қатынастардың аясына тартты. Өлкеде жекелеген өнекәсіп орындарының,
темір жолдардың, майда кәсіпкерліктің қалыптасуы, банк т.б. пайда болуы
қазақтар арасында жаңа әлуметтік топтар мен қауымдастықтардың өмірге
келуіне септігін тигізіп жатты.
Қазақ өлкесіндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси хал-ахуал
аграрлық, ұлттық мәселелердің шиеленісуімен ерекшеленді. Қазақстанда осы
шиеленістен туындайтын аграрлық және ұлт-азаттық қозғалыс ең алдымен
отаршылдыққа қарсы бағытталды.
XX ғасырдың бас кезінен өрістей бастаған қазақ қауымына тән
қоғамдық қозғалыс өз алдына буржуазиалық-демократиялық мәні бар
17
жалпыұлттық мақсат-міндеттерді: ұлттық тең құқылық, халықтың мәдениетін
көтеру, оқу-ағарту ісін жетілдіру, әйел теңдігін қамтамасыз ету, көшпенділерді
отырықшландыру сияқты міндеттерді қойды. Басқа сөзбен айтқанда бұл істің
басы-қасында болған жаңадан қалыптаса бастаған қазақтың аз ғана тұңғыш
интеллигенттері жалпы ұлттық сұраныстарға жауап беруге және оларды
шешуге тырысты.
Қазақ интеллигенциясын қалыптастыруда Петербург, Мәскеу, Варшава,
Ресейден тыс шетелдік шығыс оқу орындары, Қазан университеттері мен
басқа да жоғарғы оқу орындары, сондай-ақ Сібірдің жоғарғы және арнаулы
орта білім беретін оқу орындары да айтарлықтай рөл атқарды.
Революцияға дейінгі қазақ интеллигенциясы өзінің шыққан ортасы
тұрғысынан алғанда әр текті болды: олардың қатарында ақсүйек, бай
әулеттерінен шыққандар да, орта дәулетті отбасы өкілдері де, жекелеген
қарапайым шарулардың балалары да болды. Олардың жоғарғы және арнаулы
орта оқу орындарынан алып шыққан кәсіби мамандықтары да әртүрлі болды.
Бұлар отарлы қазақ өлкесінің басқару аппаратында әртүрлі жұмыс атқарған
чиновниктер, денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері, журналистика,
оқу-ағарту және мәдениет саласында еңбек еткендер және сан жағынан басқа
топтардан аз болмаған иженер-техник қызметкерлерден тұрды. Осылар XX
ғасыр басындағы қазақ қауымының рухани және саяси сұраныстарына
мүмкіндігінше толық жауап беруге үлестерін қосты.
Ресейдегі 1905-1907 жылдардағы революцияның Қазақстан үшін де
тарихи кезең болғандығы даусыз. Бұл жылдары Ә. Бөкейханов атап
көрсеткендей, «бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс
тасқыны құрсауына енді». Бұл жылдары қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-
саяси қызметіндегі белсенділігі де арта түсті. Олар 1905 жылдың
желтоқсанында Оралда бес обылыстың қазақ халқы делегаттарының съезін
өткізіп, өз партиясын - Ресей конституциялық-демократиялық (кадет)
партиясының бөлімшесін құруға әрекет жасаған болатын. Ондағы мақсаты -17
қазанда жарияланған патша Манифесі берген бостандықтар шеңберінде
қазақтардың ұлттық мүддесін қорғау еді. Осыған байланысты 1906 жылдың
ақпанында Семей қазақтарының екінші съезі өткізілді. Ол кадеттерге жақын
бағдарламаны мақұлдады. Сонымен қатар, оған өлкеге шаруалардың қоныс
аударуын тоқтату, Қазақстанның барлық жерін байырғы халықтың меншігі деп
тану, ұлттық мектептер ашу, дін ұстау тағы басқа да талаптар енгізілді.
Олардың басында Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Тынышбаев, М.
Шоқаев, М. Дулатов, Б. Қаратаев, А. Бірімжанов және қазақ зиялыларының
басқа да көрнекті қайраткерлері жүрді.
2. Осы жылдары Қазақ халқының саяси ой-өрісінің дамуында І-ІІ
Мемлекеттік Думаға сайлау жүргізу науқаны маңызды рөл атқарып, онда қазақ
зиялыларының көптеген өкілдері белсенді қызметімен көзге түсті. Мәселен, І-
ші Мемлекеттік Думаға қазақ халқы атынан 4 депутат: Ә. Бөкейханов, А.
Бірімжанов, А. Қалменов, Б. Құлманов сайланды. Олар Дума жұмысына
мұсылман депутаттары фракциясы құрамында болды. ІІ-ші Мемлекеттік
18
Думаға 6-ы қазақ ұлтының өкілдері: Б. Қаратаев, А. Бірімжанов, Т.
Алдабергенов, Х. Нұрекенов, Ш. Қосшығұлов, М. Тынышбаев сайланды.
Екінші Дума депутаттарының құрамы жағынан болсын, күн тәртібіне
қойылған мәселелерді талқылау жағынан болсын бірінші Думаға қарағанда
солшыл бағытта болғанды. Негізгі пікір тартысын тудырған мәселелердің
бастысы аграрлық және қоныс аудару мәселесі болды. Әсіресе, депутаттар Б.
Қаратаев, А. Бірімжанов, Ш. Қосшығұлов, Х. Нұрекенов өте белсенді түрде,
заң шеңберінде патша өкіметінің қоныс аудару саясатына қайткенде бір ықпал
етуге тырысты. Мәселен, 1907 жылы 17 мамырда депутаттық сауалға
байланысты жарыссөзде депутат Б. Қаратаев сөйледі. Ол өзінің сөзін қазақ
халқы үшін ең маңызды іске айналған жер мәселесіне арнады: «Үкімет,
біріншіден, Ресей ішіндегі помещиктер мүддесін, яғни, 130 000 помещиктің
мүддесін қорғау үшін» жерсіз орыс шаруаларына қазақ жерлерін тартып
әперіп отыр. Екіншіден, үкіметтің бұл саясаты ашықтан-ашық ұлы
державалық, шовинистік негізде жүргізілуде. Соның нәтижесінде жерге
орналастыру мекемелері қазақтарды «орныққан орындарынан, поселке,
деревня құрап отырған үйлерінен жаппай қуып шығумен айналысып отыр».
Әрине, бұл сөз жүзінде патша үкіметінің қазақ даласындағы отарлау саясатын
жергілікті халықтың атынан әшкереу еді. Б. Қаратаев орыс халқының еңбекші
бұқарасы мен зиялы қауымын қазақ елін осындай ауыр жағдайына көңіл
аударуға шақырды.
ІІ Мемлекеттік Думада қазақ халқының мүддесін қорғап Орынбор
облысынан депутат Т. Седельников және депутат Н. Бородин сөз сөйледі.
Қазақ халқының 1905-1907 жылдардағы революциялық қозғалысқа
қатысуы, олар үшін ұлттық және әлеуметтік мүдделер жолындағы күрестегі
үлкен мектеп әрі саяси тәжірибе болды.
ХХ ғасырдың екінші онжылдығында Қазақстанда ұлттық сана өрлеу
үстінде болды. Қазақ қоғамындағы ұлттық қозғалыс бүкіл халықтық сипат ала
бастады. Ұлттық қозғалыстың әртүрлі ағымдары қалыптасып, оның негізгі
күші ұлттық интеллигенция болды.
«Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің жарыққа шығуы отарлық езгіге
қарсы күрестің мазмұнына сапалық өзгерістер енгізуде және қоғамдық саяси
ойдың дамуына үлкен серпін берді. «Айқап» пен «Қазақ» әлеумет істеріне
бұрыннан араласып жүрген азаматтардың ой-пікірлерін ғана жариялап
қоймай, сонымен бірге жас қаламгерлердің де қаламын ұштап, саяси ой
жүйесі, көзқарасының қалыптасуына мүмкіндіктерін кеңейтті.
«Айқап» журналы қазақ елінде 1911-1915 жылдары шығып тұрды. Оның
шығарушысы және редакторы Мұхамеджан Сералин (1871-1929 жж.) болды.
Журнал Қазақстандағы сол кезеңнің идеялық-саяси ой-пікірдің аграрлық-
демократиялық бағыттарын білдірді. Оған Б. Қаратаев, Ж. Сейдалин, С.
Торайғыров, Б. Майлин және басқалар қатысып тұрды. Журнал беттерінде
негізгі мәселелер қатарында оқу-ағарту ісі мен аграрлық мәселе, яғни жер
қатынастары, көшпенділердің дәстүрлі мал шарушылығы және олардың
19
отырықшылыққа көшуі туралы мақалалар көптеп жазылды. Сондай-ақ,
журналда патша өкіметінің отаршылдық саясаты әшкерленіп отырды.
Сонымен қатар, Орынбор қаласында 1913-1918 жылдары А.
Байтұрсыновтың басшылығымен шығып тұрған ресми «Қазақ» газеті болды.
Ол либерал-демократиялық бағыт идеяларын ұстанды. Газет редакциясында
сол кездегі қазақ конституциялық-демократиялық партиясының және қазақ
халқының жалпы ұлттық қозғалысының жетекшісі, экономист-ғалым Ә.
Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов және басқалар қызмет істеді. Олар
ең күрделі аграрлық мәселеде жерге Ресей патшалығының тарапынан
мемлекеттік меншіктің күшін жою және оны қазақтардың меншігіне беру, жер
сатуға тыйым салу талаптарын қойды.
Қазақ халқы дамудың қандай бағытын таңдауы керек, қандай жолмен
жүруі қажет деген мәселе бойынша: «Айқап» газеті исламдық бағыттағы
шығыстық үлгіні ұсынса, «Қазақ» газетінің төңірегіне орналасқан зиялылар
ұлттық ерекшеліктерді сақтай отыра батыстық өркениет даму жолының
бағытын ұсынды.
«Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы қазақ халқының саяси және
рухани өмірінде терең із қалдырды. Бұл жалпыұлттық деңгейге көтерілген
басылымдар халықтың санасын жандандыруда маңызды роль атқарды. Ал Ә.
Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Сералин, Б. Қаратаев сынды
зиялы қауымның алдыңғы қатарлы өкілдері қазақ халқының ғасырлар бойы
отарлық езгіге қарсы азаттық күресін жаңа сапалық деңгейге көтерді. Ол
бұрынғы қарулы көтерілістерден саяси-интеллектуалдық деңгейге көтерілді.
3. Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тән дағдарыстың
салдары болып табылатын 1917 жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде
патша үкіметі құлатылды. Ол Ресей халықтарының, оның алдыңғы қатарлы
күштерінің патша билігіне, крепостниктік құрылысқа және отарлық езгіге
қарсы көп жылдық күресінің жеңісімен аяқталды.
1917 жылы 28 ақпанда М.В. Родзянконың басшылығымен Мемлекеттік
Думаның комитеті құрылып, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті қалпына
келтіруді өз қолына алғанын мәлімдеді. 2 наурыз күні Мемлекеттік Думаның
Уақытша комитеті мен Петроград Кеңесінің арасындағы келісім бойынша
Уақытша үкімет құрылды.
Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы зор
қуанышпен қарсы алды. «Қазақ» газеті 9 наурыздағы санында: «...Қазақтың оң
жағынан ай, сол жағынан күні туды, жақсылық, қуаныш тек орыстікі емес,
отаны Руссия болған жұрттың бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш» -
деп жар салды. Ақпан революциясы қалың бұқараның саяси құқықтарын
кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске ашық
араласуын қамтамасыз етті. Елдегі қоғамдық өмірде саяси партиялардың рөлі
орасан өсті. Революция патшалық цензураны жойды. Жұртшылық сөз және
жиналыс бостандығын кеңінен пайдаланды.
Уақытша үкіметтің ұлттық мәселе бойынша қабылдаған алғашқы
актілерінің бірі 1917 жылы 20 наурызда Ресей азаматтарының құқындағы діни
20
наным-сеніміне, ұлтына қарай шектеушілікті алып тастау болды. Көктен
іздегендері жерден табылғандай болған халық Уақытша үкіметке барынша
қолдау көрсетуге даяр екендіктерін білдіріп, империяның түкпір-түкпірінен
құттықтау жеделхаттар жөнелте бастады.
Ақпан революциясының қазақтар үшін қаншалықты маңызды болғанын
А. Байтұрсынов: «Алғашқыда революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен
қарсы алса, ол, біріншіден, бұл революцияның оларды патша өкіметінің
қанауы мен зорлығынан құтқаруына, екіншіден, оларды өзіміз басқарсақ деген
ескі үмітінің нығая түскенінде еді»,- деп түсіндіреді. Халықтың Уақытша
үкіметке барынша қолдау көрсетуіне оның 1916 жылғы 25 маусым
жарлығының күшін жойып, бұратаналарды қара жұмысқа алуды тоқтатуын, ал
7 наурызда 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға амнистия жариялау
сияқты шараларды да ықпал етті. Бұл жөнінде М, Дулатов: «Сары әскер»
қарсылық қылған елдерге лек-легімен аттанып, казак-қырғыз даласын қызыл
қанға бояуға кірісіп еді. Он айға жетпей патша өкіметі құламаса, Ресейдегі
ұлы төңкеріс болмаса, не болар еді»,-деп жазды.
Ақпан революциясының жеңісі Қазақ өлкесі мен Түркістан аймағында
халықтың мұң-мұқтажын жоқтайтын саяси күштер: «Алаш» ұлттық
демократиялық партиясын, большевиктердің мүддесін қорғайтын «Үш Жүз»
радикалдар партиясын және түрікшілдік пен исламды жақтайтын «Шуро-и-
Ислам» т.б. саяси ағымдар, ұйымдар, партияларды тарих сахнасына шығарды.
Аумалы төкпелі 1917 жылғы қос революция тұсында құрылған «Алаш»,
«Шоро-и-Ислам», «Үш жүз» партияларының қызметіне қысқаша тоқталайық.
«Алаш» партиясының құрылуы, мақсаты мен қызметі 1917 жылдың
жазына қарай қазақтың либерал-демократиялық қозғалысы жетекшілерінің
Уақытша үкіметке деген сенімі әлсіреуінен туындады. Өйткені Уақытша
үкімет Қазақстанда түбірлі әлуметтік-саяси мәселелер бойынша іс жүзінде
құлатылған патша үкіметінің саясатын жүргізуін жалғастырды. Өзінің мәні
жөнінен империялық билеу мен басқару органы болған Уақытша үкімет нағыз
демократиялық тұрғыдан ұлт және аграрлық мәселелерді шешуді қолға алған
жоқ. Басқа езілген халықтар сияқты, қазақ халқының өзін-өзі билеу, Қазақстан
өз алдына ұлттық-демократиялық автономия болу жөнінде мәселені
мемлекеттік дәреже деңгейінде көтереді деген үмітті Уақытша үкімет
ақтамады. Осыдан кейін Уақытша үкіметтегі шешуші позицияға ие болып
отырған кадеттерге деген Ә Бөкейхановтың көзқарасы күрт өзгерді. Ә
Бөкейханов кадет партиясынан іргесін аулақ салып, енді қазақ автономиясын
құруға мұрындық болуға тиісті ұлттық-саяси партия ұйымдастыруға бел шеше
кірісуі үлкен саясаткерге тән батыл қадам болды. Бірінші бүкілқазақтық съезд
1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өтті. Съезде «Алаш» ұлттық-
саяси партиясының бағдарламасы жарияланды, жыл соңына қарай ұйымдық
тұрғыдан қалыптасты.
«Алаш» партиясы күрделі 1917 ж. үш ірі мәселені шешуге үлкен үлес
қосты. Біріншіден, партия мүшелері халық арасында, қазақ зиялылары ішінде
ең алдымен шешілуге тиіс жалпыұлттық зәру мәселелерді талқылауға
21
мұрындық болып, сол мәселелер бойынша ортақ тұжырымдарға келуде басты
роль атқарды. Бұл тұжырымдар партия бағдарламасының жобасында
(«Қазақ», 1917, № 251) берілді. Екіншіден, партияның ұйтқысы болған
қайраткерлер қазақ елінің Алаш автономиясы атанған ұлттық мемлекетінің
өмірге келгенін жария еткен екінші жалпықазақ съезін (1917 ж. желтоқсан)
даярлап өткізді. Осы съезде өмірге Алашорда ұлттық үкіметі келгені мәлім.
Үшіншіден, осы жылғы қарашада болып өткен Бүкілресейлік Құрылтай
депутаттар сайлауында барлық қазақ қайраткерлері «Алаш» партиясы атынан
депутат сайланды. Осы Құрылтайға депутаттар сайлау барысында барлық
қазақ облыстарында «Алаш» партиясы ең көп дауыс алған партия болды.
Обьективті жағдай, күрделі де қатал өмір ағымы «Алаш» партиясының саяси
күреске білек түріп араласып кеткен ірі саяси күшке айналуына мүмкіндік
бермеді.
Исламшылдар «таза ислам» жолын, ал түрікшілдер модернизм және
прагматизм бағытын ұстанды. «Шуро-и-Ислам» алғашқы кезде бұл екі
бағытты біріктірсе, құрылғаннан кейін үш айдан соң, яғни 1917 жылы шілдеде
оның құрамына «таза ислам одағы» - «Шуро-и-Улем» бөлініп шықты.
Улемшілер өздерінің жетекшісі адвокат С. Лапиннің басшылығымен «шариғат
бойынша таза мұсылман ұстанымдары негізінде мұсылмандардың өзін-өзі
билеу құқықтарын іске асыру» бағытында тұрды. Біз қарастырып отырған
уақыт аралығында бұрынғы Сырдария және Жетісу облыстарында қазақ пен
қырғыз және мұсылмандар арасында «Шуро-и-Ислам» партиясы беделге ие
болды. Өйткені қым-қиғаш 1917 жылдың дүрбелең тұсында Қазақ
комитеттері, «Алаш», «Шуро-и-Ислам» т.б. саяси партиялар мен ұйымдар
ұлттық мүддені қорғаштаған еді.
Ал енді «Үш Жүз» партиясына тоқталатын болсақ, бұл партия өзінің
саяси ықпалы Қазақ өлкесінің солтүстік-шығыс аймағында жүрді. «Үш Жүз»
партиясының Орталық комитеті Омбыда орналасты. Оның негізін қалаушы
Мұқан Айтпенов болды. Бірақ «Үш Жүз» партиясының қызметі Көлбай
Төгісов есімімен тығыз байланысты еді.
1917 жылдың соңы мен 1919 жылдың наурызына дейінгі аумалы-төкпелі
саяси дүрбелең жағдайында К. Тоғысов «Алаш» партиясына қарсы күрес
жүргізіп, оның саяси сахнадан кетуіне күш салды. «Үш Жүз» партиясының
қызметіне терең талдау жасаған М. Қойгелдиев: «...Үш жүз» аталатын саяси
ұйым өзінің пайда болу негізі жағынан да, әлеуметтік базасы жағынан да,
терең, табиғи қоғамдық сұраныстан гөрі, сол тарихи кезеңдегі саяси дүрмек
ағымында әлеуметтік саяси айқындамасы толық қалыптасып үлгермеген, бірақ
ықпалды саяси күшке айналу ниеті саяси ұйым құруға алып келген түрлі әлсіз
элементтердің жиынтық көрінісі болып табылады» деген тұжырым жасады.
1919 жылы наурызда, жетекшілерінен айрылған «Үш Жүз» партиясы да өз
қызметін тоқтатты.
Бақылау сұрақтары:
22
1) Қазақ интеллигенциясын қалыптастыруда қандай оқу орындары айтарлықтай
роль атқарды?
2) 1907 жылы 17 мамырда Ресейдің ІІ- Мемлекеттік Думасында депутат М.
Қаратаев қазақ халқы үшін ең маңызды қандай мәселені көтерді?
3) Ақпан революциясының қазақтар үшін қаншалықты маңызды болғанын не
сипаттайды?
Достарыңызбен бөлісу: |