106. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және оның нәтижелері. 2010 жылғы 1-2 желтоқсандағы Астанадағы Саммит – дүниежүзілік маңызы бар оқиға.
Қазіргі жаңа Қазақстан тарихындағы маңызды белестің бірі елдің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) – Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық етуі болды.
Қазақстан – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасынан бұл ұйымға ең алғаш төрағалық еткен мемлекет. Мүше мемлекеттердің тең құқықтылығы қағидатын және «Ванкуверден Владивостостокке дейінгі ортақ кеңістік» доктринасының пәрменділігін ЕҚЫҰ-ның сақтағанын көрсеткен бұл тарихи шешім республикамыздың халықаралық саясаттағы барған сайын артып келе жатқан рөлінің мойындалуының айғағына айналды.
Еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының ұраны латынның төрт «T» әрпі болды: сенім (trust), дәстүр (tradition), транспаренттілік (transparency) және төзімділік (tolerance). Сенім – халықаралық қатынастардағы басты ресурс. Елдер арасындағы өзара сенімге құрылған қарым-қатынас пен ұдайы үнқатысып отыру ұжымдық қауіпсіздіктің заманауи жүйесінің негізін құрайды. Дәстүр Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның іргелі қағидаттары мен құндылықтарына адалдығын айшықтайды. Транспаренттілік мейлінше ашықтықты, «қосарланған стандарттың» және «жіктеу шектерінің» жоқтығын, сонымен қатар қауіпсіздік саласында басты назарды сындарлы ынтымақтастыққа бағыттауды аңдатады. Төзімділік – бұл мәдениеттер және өркениеттер арасындағы диалогтың барған сайын артып отырған маңызын түйсіну. Төрағалықтың басты нәтижелі түйіні – ЕҚЫҰ-ның онжылдық үзілістен кейінгі 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда өткен Астана Саммиті. Оған дейінгі жоғары деңгейдегі басқосу 1999 жылы Ыстамбұлда өткен болатын.
Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 38 мемлекет және үкімет басшысы, жоғары лауазымды шенеуніктер, сонымен қатар басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында ЕҚЫҰ Бас Хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германия Федеральдық Канцлері Ангела Меркель, Италия Премьер-министрі Cильвио Берлускони, т.б бар.