120. «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіндегі негізгі қағидаларын: соғысқа, ядролық қаруға және терроризмге қарсы күресу жөніндегі бастамалары. Барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Бірақ бүгінде бұл елесті сағымға айналуы ықтимал. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Және бұл қатер – жаһандық соғыс! Жер өркениеті, ғалымдардың есебі бойынша, 15 мыңнан астам соғысты, яғни әр жыл сайын 3 соғысты басынан өткерген. Оларда жүздеген миллион адам қаза тауып, Жер бетінен қалалар мен елдер жоғалған, мәдениеттер мен өркениеттер жойылған.
ХХІ ғасырға аяқ басқан адам баласы қиялдың өзін таңқалдыратын ғылыми жаңалықтар ашып, жаңа буын технологияларын жасап жатыр. Адамзат өз дамуының сапалы жаңа сатысына өтуде. Әлем Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің табалдырығында тұр. Көптеген қорқынышты аурулардың тамырына балта шабылуда. Бірақ соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр.
Соғыс вирусы алдағы жасанды интеллект төңірегіндегі жаңалықтарға кесел жұқтыруға дайын тұр. Милитаризм адамдардың санасы мен мінез-құлқына тереңдей еніп кеткен. Халықтың қолында қазір 1 миллиардтан астам атыс қаруы болса, олардан әлемде күн сайын мыңдаған адам көз жұмады. Әскери қауіп бүкіләлемдік ауқымдағы қасіретке айналуы әбден мүмкін. Осындай өліммен аяқталатын қатердің белгілері анық байқалады. Халықаралық қатынастарда жанжалдастық тәуекелдері күшейе түсіп отыр. Әскери қақтығыстардың географиясы өткен екі әлемдік соғыстың – Еуропаның шығысындағы, Африканың солтүстігіндегі, Таяу Шығыстағы соғыстың іс-қимылдарының тарихи шегін қамтуда.
Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәрсе.
Халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Ол жекелеген елдердегі бірлі-жарым актілерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қарсы кең ауқымды террорлық агрессияға айналып үлгерді. Миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі көрініске айналуда. Экономикалық санкциялар мен сауда-саттық майданы да қалыпты құбылыс болып отыр.