Байқұлова Ұлболсын
ИЯ 21-7
Қазақстанның дамуы мен көркеюіне менің үлесім.
Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» деп өз ішімнен жүз ойланып мың толғандым. Себебі бұл сауал жастар арасында өте күрделі және ауқымды. Бір-екі сөйлеммен жаза салатын сұрақ емес. Сондықтан бар ойымды жинақтап, сарапқа салып, «бақ шаба ма, бап шаба ма» деп, бастаған ісімді орта жолдан тоқтатқым келмей шығармамды жазуға кірістім.
Көптің талқылауына түскен бұл сауалдың жауабын тапқандай болып, өз алдыма қойған мақсаттарыммен, армандаған армандарым жайлы ойлай бастаған едім, ойыма ой қосылып қаламыма қанат бітті.
Әрбіріміз бұл дүниеге шырылдап келген мезеттен бастап, мына өмірдің ауасымен тыныстай бастаймыз. Ата-бабаларымыздың кейбір қасиетін сүйегімізге дейін сіңіре өмірге аяқ басамыз. Ең бастысы әрқайсымыздың тұтастай келбетіміз, ішкі сыртқы мазмұнымыз, әртүрлі ойларымыз мен армандарымыз болады, бірақ түбі бәрі бір өзіндік сипатқа ие. Осыған байланысты әрбіріміздің атқарар міндетіміз бар.
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де-бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан», — деп қара өлеңнің патшасы ұлы ақын Абай атамыз айтып кеткендей, кез келген адам «Өмір» атты дүниенің босағасын аттағаннан кейін өз орнын, кірпіш секілді өз кетігін табуға ұмтылады, яғни биіктейді, өнеді, өседі. Алдына қойған қағидасын берік ұстанып, таңдаған мамандықтарының қызығын көруге ұмтылады. Бұл ретте «Елім үшін не істей аламын» деген заңды сұраққа: «Сіз өзіңіз қалаған кәсібіңіздің маманы болу арқылы еліңізге өз үлесіңізді қосасыз. Ал сол қалауыңыздағы мамандық арқылы сіз ел дамуына пайда әкелесіз»-деп жауап беруге болатын секілді. Бірақ бұл мақсатқа жету жолында тек сөзге қарағанда нақты, айқын қадамдарға бару маңызды. Елін сүйетін әр адам мемлекетінің гүлденуі үшін үлес қосуы керек. Алайда өз үлесін қосуда міндетті түрде ұлы істер атқару шарт емес. Әркім өз мүмкіндігіне қарай қызмет атқарса сол да жеткілікті. Кейбірі мәдениет жағынан, кейбірі экономика, саясат жағынан, ал кейбірі техника, экология, спорт жағынан мемлекетімізге өз үлесін қосып жатыр.
Бүгінгі Қазақстан Астанасын бас қала етіп, дамыған мәдениет пен экономиканың, білім мен ғылымның орталығына айналдырып, елінің тұрақтылығы мен бірлігін сақтап, дүниежүзіне танытуға күш салуда. Бұған мемлекетіміздің Біріккен ұлттар ұйымына, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық қауымдастықтарға мүше болып дүние жүзі елдерімен тығыз байланыс орнатуы және осы жолда атқарып жатқан қыруар істері дәлел бола алады. Кемеңгер Елбасымыздың «Қазақстан -2050» бағдарламасы өз бағытымен жүзеге асса, келешекте Қазақстан мемлекеті дүние жүзіндегі ірі мемлекеттер қатарына қосылады деген сенімдемін.
Достарыңызбен бөлісу: |