Қазақстанның театр режиссурасы: сабақтастық және жаңашылдық



бет8/10
Дата23.10.2016
өлшемі2,55 Mb.
#65
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Қазақ театры сонау 1928 жылы Жұмат Шаниннің сахнаға шығарған «Гамлетінен» бастап, Шекспир шығармашылығынан бүгінгі күнге дейін қол үзбей келуде. Тәуелсіздік жылдары ағылшынның ұлы драматургінің пьесаларын еліміздің барлық режиссерлары жаңа интерпретацияда қоюға тырысып, заманауи тыныста өмір сүруге мүмкіндік берді. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде қазақ көрермендерінің алдында Гамлеттің, Лир патшаның, Ромео мен Джульеттаның, Отеллоның бейнелері жаңа қырынан ашыла түсті. Енді олар бұрыннан таныс классикалық кейіпкерлер емес, қасымызда жүрген замандас бейнесінде көрінді.

Шекспир трагедияларының көшбасын құрайтын «Ромео мен Джульетта» пьесасы тәуелсіздік жылдары қазақ сахнасында бірнеше рет қойылған дүниелердің бірі болды. Пьеса тақырыбының өзектілігіне назар аударатын болсақ, болашақта да сахналануын тоқтатпайтын ұлы шығармалардың бірі болып қала бермек. Нәтижесінде бір-біріне өлердей ғашық екі жас Ромео мен Джульеттаның сезімі ежелден жау екі әулет Монтекки мен Капулеттилердің қарсылығына ұшырап, қалайда үйленбек талпыныстары ақыры қайғы-қасіретпен аяқталатынын білмейтін көрермен кем де кем.

«Ромео мен Джульетта» трагедиясы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының сахнасында режиссер Қуандық Қасымовтың, М.Әуезов атындағы театрда өзбек режиссері Олимжан Салимовтың бір‑біріне мүлдем ұқсамайтын шешімдерімен өз көрерменін тапты.

2007 жылы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының сахнасында режиссер Қ.Қасымов қойған «Ромео мен Джульетта» трагедиясында екі ғашықтың бір‑бірімен қосыла алмауының басты себебі – дін мәселесінің болуы спектакльдің көтерген идеясының ауқымын кеңейтіп, жаңа мазмұнға ие болды. Бұл жөнінде театртанушы А.Еркебай: «Шымылдық ашылғанда сахнаның екі жағында бір-біріне қас Монтекки мен Капулеттидің отбасылары. Жай тұрған жоқ, режиссерлік шешім бойынша Капулетти жанұясы креске табынып шоқынып тұрса, Монтеккилер мұсылман киімін киіп намаз оқып тұр. Осы бірінші мизансцена арқылы режиссер бірден екі жанұяның бір-біріне деген қастығының төркіні – дін екенін анық көрсетеді. Және бүкіл қойылымды осы идеяға бағындыруға тырысқан. Режиссердің бұл ойынан пьесаның трагедиялық бояуын қалыңдатып, әлеуметтік тартысты күшейтіп көрсету мақсаты танылды» [89, 411 б.] және «...Қойылымдағы Қ.Қасымовтың шығармашылық ізденісі сәтті нәтижеге жеткен. Режиссер автор идеясын, өзінің ойын актер ойыны арқылы жүзеге асырған. Және ең бастысы Қайта өрлеу дәірінің ұлы драматургі Уильям Шекспирдің жазып кеткен өлмес шығармасын бүгінгі күннің мәселелерімен үндестіріп отырып қоюында. Режиссердің тақырып аясын қоюлатып, шығарманың трагедиялық желісін тереңдеткен. Осыдан біз Қасымовтың бұрыңғы дәстүрлерге сүйенбей, тың ізденіс, өзіндік тапқырлық танытқан режиссер ретінде қабылдаймыз», – деп режиссердің шешімін құптағанын көреміз [89, 415 б.].

М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында О.Салимовтың режиссерлігімен жарыққа шыққан «Ромео – Джульетта» театрдағы жас актерлерінің жалынды ойынымен көркем қойылым деңгейіне жетті. «Бұл пьесаны ұлттық театр өнерінің талантты режиссерлерінің бірі Қайрат Сүгірбеков марқұм қоймақ еді. Басын бастағанымен, мақсатына жете алмай, дүниеден өтіп кетті. Сөйтіп, Қ.Сүгірбеков бастаған бұл қойылымды Өзбекстанның Жастар театрының көркемдік жетекшісі, танымал режиссер Олимжан Салимов мырза жалғастырып, сахналап отыр. Қойылымда тың трактовкалар бар, оның үстіне, жас артистер жағы көбірек қамтылған», – дейді Е.Обаев спектакльдің қойылу тарихы туралы [90].

Қойылымның негізгі идеясы болған «жаулық пен өшпенділік атадан балаға мирас болмауы тиіс» ұраны ұрпақтың жадына барынша сіңірілгендей әсер берді. Көрермен қойылымды тамашалау барысында ұлы махаббат деген қасиетті ұғымның қанды оқиғаға айналуының тірі куәсі бола алады. Қойылым адам бойындағы менменшілдік, пендешілік сынды қасиеттерді жан-жақты қырынан ашуға тырысады. Дегенмен спектакльдің идеялық көркемдік жағынан кемшіліктері бар дейтін пікірлер де бар. Бірақ, біз бұл пікірмен келіспейміз, өйткені әлемдік тәжірибе бойынша классикалық туындылардың әр түрлі ракурста сахналанып жатқандығы белгілі. Бұл спектакльдің біздің театрдағы формасы классикалық үлгіден аса алмай отырғандықтан, сол көзқараспен қарағанда қазіргі театрдағы мүмкіндіктерді барынша оңтайлы пайдалана білген, идеялық көркемдік деңгейі жоғары қойылымның бірі деп бағалауға болады.

Спектакльде әсіресе актерлік ансамбльдің ойынына баса назар аударуға болады. Себебі, театр корифейлері мен жас әртістер ойынының өзара үндестік таба білуі қойылымның басты жетістіктерінің бірі. Ғазиза Әбдінәбиева, Айдос Бектемір, Бақтияр Қожа, Бекжан Тұрыс, Еркебұлан Дайыровтың ойындарымен қатар, басты кейіпкерлерді сомдаушы С. Бақаева мен М.Мұхтарұлының жарасымды жұптасып, сахнада салтанат құруы қойылымның көркемдік деңгейінің көтерілуіне басты себепші болып тұрды.

С.Бақаева Джульетта бойынан сұлу сымбаттылықты, жұмсақ мінезділікті, қыз бойына тән нәзіктілікті баса көрсетуге ұмтылған. Ал, М.Мұхтарұлы Ромеоның өмірге құштарлығын, сүйген ғашығы үшін түрлі әрекеттерге барудағы жас бозбалаға тән албырттығын да нанымды жеткізген.

Спектакльде трагедия ерекшелігін, оның көркемдік‑идеялық мазмұнын, автор ойын, замана келбетін, кейіпкерлер мінезін актерлар мен режиссер дұрыс түсінген. Режиссерлік жұмысы жұмыр, мизансценалық шешімдері орынды бұл қойылымның репертуарлық тізімде әлі біраз уақыт тұратындығына сеніммен қараймыз.

Польшаның белгілі шекспиртанушысы Ян Котт: «Гамлета» нельзя сыграть просто. Наверное, поэтому он так манит режиссера и актера. В «Гамлете» находили свои черты многие поколения. Может быть, именно в том и гениальность «Гамлета», что можно смотреться в него, как в зеркало. Идеальный «Гамлет» был бы одновременно и самым шекспировским, и самым современным» [91, с. 67] – демекші, Шекспирдің ең әйгілі трагедияларының бірі «Гамлетке» еліміздің бірден екі жетекші театрлары – Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театр мен Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалы драма театры назарларын аударды.


Осынау күрделі бейнені жасап шығару әрбір әйгілі театр шеберінің өзінен ерен еңбекті талап етері ақиқат. Гамлет ролін мардымды шығару үлкен сын, зор мақтан. Қоюшы‑режиссерлар Юрий Ханинга‑Бекназар мен Болат Ұзақов бұл шығармаға жаңа заман талабынан келуге деген ұмтылушылықтары бірден байқалады.

Әсіресе, М.Әуезов театрының сахнасында Ю.Ханинга‑Бекназардың интерпретациясындағы «Гамлет» трагедиясының уақытпен үндестігін табуды, спектакльдің сахналық үлгісін де дәуір лебінің, сол кезеңнің тұрмыс-тіршілігінің бояуын шартты түрде бере отырып, Гамлет өмірі арқылы бүкіл адамзат тағдырын дәл бүгінгі күн биігінен қарастыруды міндет еткен. Ендеше режиссер мен спектакльдің суретшісі Е.Тұяқов Гамлет ғұмыр кешкен ғасырдың осы күнмен алшақтығын, жылдар өткен сайынғы адам санасының өзгеруін жіті қадағалап, ескере өзгеше бір қырынан келуді діттеген. Сахнаның бүкіл техникалық мүмкіндігін пайдаланған суретшінің арқасында қойылымның пластикалық шешімі ұтымды шыққан.

Әдетте әлемдік деңгейдегі режиссерлер мен актерлер Гамлетті бірінші кезекте ойшыл қылып суреттесе, А.Сатыбалдының Гамлеті бүгінгі таңда оны зұлымдықпен, жалғандықпен арпалысқа түсе алар күрескер етіп бейнелеген. Актердің керемет физикалық мүмкіндігін осы қойылымнан байқауға болады. Бір тыным таппай, әр сөзін әрекетпен жалғастыруы, бүгінгі экшн фильдеріндегідей түрлі трюктармен толықтыруы да замана ағымына сай келген.

Ресейдің көрнекті шекспиртанушысы А.В.Бортошевич: «Гамлет» обладает необьяснимым свойством, подобно чуткому сейсмографу, улавливать и отзываться на малейшие колебания исторической почвы, движения социального времени. Эта пьеса, говоря словами Шекспира, призвана «держать как бы зеркало перед природой, являть... всякому веку и сословию – его подобие и отпечаток». У всякого времени, всякого поколения, как известно, свой Гамлет» [92, с. 485] – деп айтқандай режиссер Ханинга‑Бекназар қойылым ырғағы мен сахналық тұтастықты сақтап, келісті актерлық ансамбль құрып, қазіргі көрерменге жақын өз Гамлетін сахнаға шығарды.

Ал, Астанадағы академиялық театрдың сахнасындағы Гамлет арқылы режиссер Б.Ұзақов азып-тозған орта, қоғамдағы жайсыздықты тереңінен философиялық тұрғыда ашқысы келген. «Режиссердің ой-тұжырымы бойынша Гамлеттің ой арпалысы, Эльсинордағы оқиғалар бір-бірімен байланыс тауып, бүгінгі біз өмір сүріп отырған қоғамды көрсетеді. Сатқындық пен шарасыздық атмосферасы бүкіл қойылымды жаулапалған. Болат Ұзақовтың «Гамлет» қойылымында ағылшын драматургі суреттеп кеткен өмір философиясын, болмыстың көлеңкелі тұстарын көрсетуі арқылы адамзаттың трагедиясын жеткізген» [93, 323 б.] – деп А.Еркебай айтқандай «Гамлет» басты кейіпкердің кек қайтаруы жайындағы трагедия емес, бұл әлемдік өнердегі аса ұлы философиялық трагедияның бірегейі. Осындай күрделілікті барлай отырып, театр ұжымы таразылап, саралап, елеп-екшеп барып асқан жауапкершілікпен қарап, бөлекше шешім табуға күш салған.

Астаналық Гамлет – Н.Өтеуілов шиыршық атқан шындық пен адалдық, әділеттік үшін жанын қиюға даяр биік тұлға, жігерлі азамат. «Ол өз уақытына тән алысу-жұлысу, жұдырықтасу, қанжар, қылыш сияқты суық қаруларды айқас үстінде қалай пайдалану жағынан да замандастарынан бір иық озық тұрған жасұлан, бірақ ұр да жық емес. Ол сезімтал, ойшыл. Жүзінің ашықтығымен сөзді анық жеткізетін дауысының құлаққа жағымды әуездігімен, түрмеге ұқсас ғимараттың бұрыш-жақтауларымен нағыз цирк әртістерінше бір жоғары шығып, бір төмен түсіп, қиналмай емін-еркін қозғалатын ептілігімен де ол көрерменді өзіне бірден баурап алады», [94] – деп өнертанушы Өтен Ахмет актердің жұмысына өз бағасын берді.

Гамлет заманының азып-тозғандығын шартты түрде көрсеткісі келген режиссер мен суретші сахнаны қараңғы түнекке ораған. Режиссерлік ой-тұжырым мен тапқыр шешімдер, жас актерлардың жарасымды ансамбль тапқан әдемі ойын өрнегі, өзіндік ұстаным, пайымдары – бүкіл адамзатқа ортақ келелі мәселелер төңірегіндегі ойға бағындырылған.

Еліміздің жас режиссерлерінің бірі – Дина Жұмабаеваның әлемдік классикадағы қадамы Қарағанды театрындағы «Король Лирмен» жалғасты. Шымылдық ашылысымен бірден көзге түсіп, назарды аудартқан мизансцена бар. 3 билік, қарапайым 3 үстел арқылы көрініс табады. Режиссерлік шешім бойынша ол үстелдер ағайынды қыздардың қарым-қатынасына қарай бөлініп, ажыратылып отырады. Патша десе бірден ойға оралатын сән-салтанаттан ада, тіпті ханның тәжі де жағымсыз темірлерден құралған. Тек қыздардың киім үлгісінде ғана патшалық сәннің кейбір бөліктері сақталған. Атап өтетініміз, режиссер Шекспир мәтінін едәуір қысқартып, пьесаға қатысатын жиырма кейіпкердің жетеуін ғана қалдырған.

Режиссерлік шешім сәтті актерлік ойынмен толықты. Актер К.Жұмабеков кейіпкерінің мінез сырын ашуда сахналық бейнелеу құралдарынан сөздің айтылу толқындарына, ырғақ интонациясына, керекті қимыл-қозғалысқа мән беріп, асқан дәлдікпен пайдалана білген. К.Жұмабеков оқиға барысында Лир мінезінің ерекшелігін, көңіл-күйін бірден жайып салмайды, ол оның бойындағы өзгерістерді, сезім қалтарыстарын, ішкі жан дүниесіндегі дүмпулерді байыппен бірте-бірте айқындайды. Қорытындысы ретінде «Әл-Тарази Таразға шақырады» атты халықаралық театр фестивальінде Лир патша роліндегі Кеңес Жұмабеков сахнадағы өнімді еңбегі үшін марапатталғанын атап өтуге болады.

Спектакльдің сыртқы пластикалық шешімі жөнінде премьерадан кейін газет бетіне жарияланған мақалада біз толық қосылатын мынадай пікір бар: «Декорации завораживают. По сути, их нет. Сцена как бы вывернута наизнанку. Зрители видят ее темное нутро, черный квадрат, который обычно скрывают за расписными задниками. Нависающие над площадкой ряды осветительных приборов – бескомпромиссный технократический фон. Его дополняет лежащее на полу полотно, напоминающее шкуру, содранную с какого-то гигантского хищника.

По шкуре во все стороны ездят три струганных стола на колесиках. Впереди стоит жестяная емкость с водой. В руках артистов – ножи, рыбины и битый эмалированный таз (найденный на помойке).

На мужчинах бесформенные балахоны, не фиксирующие принадлежность к определенной культуре. Все обуты в солдатские ботинки с металлическими набивками и шипами. Две старшие безжалостные дочери одеты в черное и красное платья. И только младшая Корделия – воплощение чистоты и света – носит белое.

Происходящее на сцене завораживает. Режиссер открывает, как устроен мир, из которого вырезали компонент радости. В атмосферу небытия погружает трек на итальянском языке «Я улетаю» из музыкального оформления цирка «Дю Солей»: «Ты будешь помнить каждый момент прекрасного безумия… Мы будем воспевать с ностальгией всё наше противостояние. Я взлетаю. Я улечу» [95]. Жалпы алғанда, қойылым режиссері мен бүтіндей театр ұжымының спектакльді қоюдағы мәдениеті, бүгінгі күн сипатын беруі, пластикалық шешімін ұтымды таба білуі шығармашылық ізденістер аясының кеңдігін танытады.

Жас режиссер Д.Жұмабаеваның трагедияны өзінше түсініп, сахнаға қоюға тың жолмен, өзіндік ой‑тұжырыммен келгендігі қуантарлық жайт.

Ал М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының шығармашылық бет-бейнесін танытқан У.Шекспирдің «Король Лир» трагедиясын сахналауы – аталмыш өнер ұжымының классикалық дәстүрге берік ұстанымдарының дұрыстығын ашып көрсетті. Өзінің суреткерлік ізденістерін жүзеге асыру үшін Р.Андриасян - театрдың бұрын да сахналық жобаларын бірге жасаған досы, қазіргі таңда Германия елінің азаматы Эрнест Гейдебрехтпен қоян-қолтық жұмыс жасап, нәтижесінде спектакльдің көркемдік шешімі - минамилизм бағытында шешілген. Кейіпкерлердің киіміне заманауи сипат берген суретші Л.Кужель тарихи кезеңнен бөлек, уақыт тынысын білдіретін детальдарды көп қолданған.

У.Шекспирдің драматургиясындағы «В наш век слепцам безумцы вожаки!» деген Лирдің тілімен айтылған негізгі ой - қойылымның басты арқауына айналған [96, с. 30]. Осынау ой-тұжырым спектакль аяғына дейін нақтылы әрі жүйелі түрде жүзеге асырылады

Король Лир бейнесін сахнаға алып шыққан актер Ю.Капустин өз қолымен билікті таратып беруімен бірге жанұялық бақытын, әкелік мейірімін де шашыратып төгіп алған бақытсыз жанның ішкі арпалысы мен жүрек қылын шертетін сәттерін шынайы сомдаған. Актер кейіпкердің сыртқы келбетін көрсету үшін, гримнің көмегіне жүгініп, кәрілік дендеген адамның аяғын сылтып басуы, ернін шылпылдататуы, бір нәрсені есіне түсіре алмай қалатын ұмытшақтақтығынан туындыған іс әрекеттері сәтті табылған детальдар болатын.

Ал, көрнекті режиссер А.Эфрос: «Шекспир народен. У него земной взгляд. Он видит все так, как оно есть. Его высокая и стройная философия опрощена житейски «низким» взглядом. Его удивительный интеллект выражается в простой интонации. Он чуток, точен, строен, откровенен, груб и прост. И абсолютно естествен. Самое трудное в Шекспире – найти естественное и простое выражение страсти и интелекта. И еще лаконизм. Даже если речь идет об огромном многостраничном монологе», - деп айтқан пікір негізінде айтарымыз, режиссер аталмыш қойылымды үлкен ізденіс пен философиялық таным тұрғысында келіп, интеллектуалдық туынды етіп сахналаған. «режиссерлік монтаж жасау» әдісі тұрғысынан келген [97, с. 238].



Әлемдік классиканың «алтын тәжі» іспеттес ұлы драматург У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясының табиғаты – қазақтың болмыс-бітімімен ерекше үндесетін өміршең туындылардың қатарында. Ұлттық театр тарихының өткеніне көз жіберсек, осынау ұлы туынды - қазақ сахнасында тұңғыш рет 1943 жылв 16 қазанда Мәскеудің А.Луначарский атындағы театр өнері институтының көрнекті ұстаздары О.Пыжова мен Б.Бибиков сахналапты. Бұған алғаш қатысқан сахна шебері Қ.Қуанышбаевтың сөзімен айтқанда, «аударма деуге аузың бармайды».

Жетпіс жылдан астам қазақ театр өнерінің майталман артистері мен режиссерлері аталмыш қойылымда өз қолтаңбасын қалдырғаны белгілі. Әрине, соның ішінде саңлақ сахнагерлер Шәкен Аймановтың Петручиосы мен Хадиша Бөкеева сомдаған Катарина бейнесі қойылымды көзімен көрген аға буын жадында әлі сақтаулы. Кейін қос актердің орындауындағы Петручио мен Катаринаның атақты сахнасы - Ш.Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» көркем фильміне еніп, көрермендер көзайымына айналды.

Міне, жетпіс жылдан бері еліміздің көптеген режиссерлері қойған «Асауға тұсау» комедиясы жастар театрының төрінде Нұрқанат Жақыпбай көркемдік шешімімен заманауи үлгі, жаңашыл түрде сахналанды. Спектакль хақында Н. Жақыпбай: «Мен бұл қойылыммен проблема шешейін деп ойлаған жоқпын. Материал ұнады. Бұл Шекспирдің ұлы шығармаларының бірі. Оның шығармалары ешуақытта қартаймайды. «Күлкілі, жеңіл спектакль дүниеге келді» деп ойлаймын. Жас театр. Бірақ, соған қарамай, басқа қолтаңбамен, толғаныспен ойнады деп ойлаймын», - деп аталмыш комедияның құндылығы мен оны таңдап алудағы себебін айтқан болатын [98].

Қойылымның басты ерекшелігі – қоюшы-режиссерден бөлек, Бекболат Құрманғожаев пен Дәурен Серғазиннің де ат салысқандығы. Бұдан үш бірдей режиссердің жұмысын айқын көруге болады. Нәтижесінде Жастар театры сахнасына астарлы әзіл мен көтеріңкі көңіл күйдің атмосферасы пайда болды. Спектакльдің сәтті шығуына – жас актерлердің түбегейлі табыстарымен бірге көпшілік сахналарындағы жәрмеңкелік ойындар мен билердің көркемдік шешіміне тікелей байланысты. Режиссерлік шешімдерден бөлек, әуен мен би үндестігі, декорация жанр ерекшелігіне сай ойластырылған. Қоюшы-суретші Ерлан Тұяқов жұмысынан байқағанымыз – сахнада кеңістік пен қажырлы еңбек бар.

Спектакльде Петручионың алар орны зор. Шәкен Айманов салған сара жолды Ыдырыс Ноғайбаев жалғаса, Жастар театрындағы туындыда классикалық бейнені сомдаудағы сабақтастықты актер Әділ Ахметов алып жүрді. Қызылорда қаласында өткен С.Майқанованың 100 жылдығына арналған республикалық театр фестивалінде көрнекті сыншы Ә.Сығай актердің Петруччио бейнесін сомдаудағы ерекшеліктеріне, өнер жалғастығының жарасым тапқанына кеңінен тоқталып, «Әділ Ахметов – ХХІ ғасырдың Шәкені», - деп баға берді.

Фактура мен қимыл-әрекет тұрғысында режиссер таңдауда шалыс баспады. Бұл таңдаудағы ақтаудағы еңбекті актердің сөз саптасы мен сахнадағы жүріс-тұрысынан байқауға болады. Актер жұмысының ұтылған, ұтқан тұстары жөнінде жас театртанушы Н.Жұмабай: «Сөзі анық, әрекеті нық. Кейіпкерін барынша жанды етіп шығаруға тырысқан. Солай бола тұрса да, Әділ ойынына сәл зиялылық жетіспейтіндей көрінді. Петручионың да тоғышар топтың ортасында киіп алар бетпердесі бар. Бірақ ол бетперденің озық ойлы, алғыр азамат Петручио парасатын, өре биігін, оңаша қалғанда ой қорытар таным көкжиегін көлегейлеуге хақысы жоқ. Осыны актер толыққанды түсінгені абзал. Асауға тұсау саламын деп біртоға дөрекілікке кетіп қалу бас кейіпкер табиғатына апарар жолда жаңылыстырады. Сондықтан да асауды тұсар азамат кейпінде жүрген актер мінезінде адуындылықтан бөлек, серіктесінің мысын басар ақыл-парасат, ішкі тереңдік, тіпті, серіліктің ұшқыны да сезіліп жатса, ризашылық сезіміз еселене түсер еді», – деп сабақтайды [99].

Театртанушы ойымен келісетін тұстарымыз да бар. Дегенмен, бірінші қателікті Катаринадан іздеу керек сияқты. Себебі, Катарина тым асау болып кеткендіктен, Петручио одан асып түсіп бағындыру мақсатында қаталдығы мен дөрекілігін арттырған деп ой түйгіміз келеді. Қойылымда эпизодтық рол болса да мазмұнды ойын көрсете білген Грумио - Жандәулет Батай, Люченцио - Дәурен Серғазин, Гортензио - Нұрлыбек Төлеген, Гремио - Бейбіт Құсанбаев, Баптиста - Азамат Есқұловтың бейнелері өзіндік бояуымен есте қалды.

Театр тек бір адамның қолынан келмейтін, ұжымдық өнер екенін ескерсек, Жастар театрының жас актерлерінің жұмысын тамашалап, сахналық өнерлеріне тәнті болып келеміз. Театрдағы еңбек өтілдерінің аздығына қарамастан «Асауға тұсау» сынды классикалық туындыларға үлкен батылдықпен, әрі оны оны абыроймен алып шығуға деген ұмтылысы труппа еңбегінің үлкен жемісі. Еліміздегі жастарға деген қолдау ары қарай жалғасын таба берсе, театр өнеріміз де жаңаша бір лепке ие болып, театр өнерінен де дамыған елдермен тереземіз теңесе бермек.

«Шекспир – XVI ғасырда өмір сүрген адам. Бірақ арада бірнеше ғасыр өтсе де оның пьесалары әлі әлем театрларының сахнасынан түспей келеді. Өйткені, қаншама ғасырлар өтсе де, заман өзгерсе де, адам табиғаты өзгермейді. Қай заманда өмір сүрсе де адам бойындағы жақсы көру, қызғану, сүйсіну сияқты сезімдер сол күйінде қалады. Әсіресе, билікке, таққа таласу - адамзаттың өмірлік мәселесі болып қала береді», - деп профессор С.Д.Қабдиева Шекспир драматургиясының өміршеңдігіне баға беруі арқылы, қазақ сахнасындағы да режиссерлердің қызығушылығының да төркінін түсіндірді [100, 11 б.].

Заманауи үлгіде қойылған спектакль комедиялық ситуацияларға құрылған. Өр мінезді Петручио қиқар Катаринаны баурап, әзіл арқылы тентектігін жеңеді. Катарина тұрмысқа шыққан соң сіңілісі Бьянкаға сөз салушылар көбейіп, әкесі Баптиста екінші қызын да ұзатады.

Өнердегі дәстүр жалғастығын жай-жапсарын сөз еткенде И.П.Эккерманның: «Во всем искусстве существует преемственность. Когда видишь большого мастера, то находишь всегда, что он умел воспользоваться достоинствами своих предшественников и именно благодаря этому сделался великим» [101, с. 307], - деген тұжырымын негізге алсақ, «Асауға тұсау» комедиясын биік деңгейде сахналай білген Ә.Мәмбетов пен оның шәкірті Н.Жақыпбайдың режиссурасынан сабақтастық бағытының ерекше жарасым тапқанын айтып өтуіміз керек.

Әлемдік аренадағы драматургтердің ішінде А.П.Чехов ең көп қойылатын драматургтердің бірі. Өз заманының жаңашыл драматургі А.Чехов пьесаларының қай-қайсысы болмасын өзінің дәуір тынысын, уақыт рухын шынайы бейнелеуімен құнды. А.Чехов шығармаларында басты қаһармандар жоқ, ондағы кейіпкерлер көпшілік, қалың жұртшылық.

«Каждая страна и каждый художник теперь имеет право на своего Чехова, на свой путь к нему, и из суммы этих общих, разрозненных в пространстве усилий складывается феномен мирового чеховского театра» - деп ресейлік театртанушы Т.Шах‑Азизова айтқандай Чеховтың шығармашылығына қазақ театры ашылғаннан бері бірнеше рет оралып отырды [102, с. 416].

Әсіресе, 2000 жылы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында режиссер Ә.Мәмбетовтың «Ваня ағай» қойылымдары жұртшылықты елең еткізді. Себебі, көрнекті режиссер осыған дейін аталмыш спектакльді М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында қойған болатын. Егер біріншісін театр мамандары көркемдік деңгейі жоғары қойылымдардың қатарына қосып, ұлттық театр тарихына алтын әріптермен енгізсе, екіншісіндегі режиссерлік батыл шешімдер негізінде келген артистердің шеберлігін, қазақтың актерлік өнеріндегі сабақтастықтың жарасым табуына жатқызды.

2013 жылы «Апалы-сіңілі үшеу» де осы театрдың сахнасында алғаш рет көрерменге жол тартты. Қоюшы-режиссер Р.Андриасян өз спектаклінде психологиялық сарынға басымдық берген. Классиканы өз деңгейінде оқи білу мен оны сахнада тірілту үлкен режиссура мен үлкен актерлік талантты қажет ететіні белгілі. Бұл қойылымнан ұтымды режиссерлік жұмыспен қатар, кәсіби актерлер ансамблін де қатар көруге болады.

Режиссурадағы нақтылық пен айқындық орындаушылардың өз рольдерін дұрыс ұғып, жан‑жақты меңгеруге жетелеген.

Ольга - Д.Темірсұлтанова, Маша - Н.Қарабалина, Ирина - З.Кәрменова сынды таланты мен сұлулығы қатар үйлесім тапқан актрисалардың шынайы ойындары арқылы небір күрделі әлемдік классикаларды қазақ тілінде тірілтуге қабілетті екендігімізге көзіміз жетті. Өмірдің мәнісін жоғалтқан, не өздерін, не өзгені түсінуге шамалары таусылған, өмір сүруге деген талпыныстарынан гөрі өкініштері көп апалы‑сіңлілердің бар арманы «Мәскеуге!» деген ұранның астында өтуде. Ал, қыздардың қолы жетпей тұрған Мәскеулері - орындалмайтын армандардың, алдамшы үміттерінің символы болып қала береді.

Жалпы спектакль барысы туралы: «...Бұл пьесаның қазақ театрындағы қойылымы классиканы игеру жолындағы үлкен ізденіс деп айтуға болады. Драмада негізінен өмір мұраттарының орындалмас құр арман, бекер әурешілік екені бейнеленеді. Чехов драматургиясының осындай идеялық ерекшеліктерін дұрыс түсінген режиссер көрерменге айтар сыры мол спектакль тудырған», - деп театр сыншысы А.Еркебай орынды бағалап өтеді [103].

Ал қойылымды көркемдеген суретші В.И.Кужельдің жұмысын ерекше атап кетуіміз керек. Ол пьесаның әрекет орнын анықтап, киім‑кешек эскиздерінің дәуір келбетіне сай келуін қадағалаумен бірге, спектакльдің бейнелік пішін‑үлгісін шығарманың көркемдік ерекшелігіне қарай тапқан.

1975 жылы ашылған Республикалық неміс драма театрының тәуелсіздік жылдарындағы қарқынды жұмысы мен саяси ұстанымы – олардың тарихи Отаны Германияда қызығушылық туғызды. Германияда аз ұлттардың жалғыз театры Баутцен қаласындағы неміс-серб театрында өткен «Ұлттық театрлар туралы» атты конференцияға шақырудан бастап, театрдың батыстық мәдениет өкілдерімен біріккен жұмыс басталды. Театр труппасының интернационалды болуы театрдың эстетикасы мен бағытында түбегейлі өзгерістерді талап етті. Сондықтан ДТК - пікір сайыстар мен эксперименттер орталығына айналды.

Өнер академиясының түлектерінің дипломдық жұмысы негізінде Н.Дубс сахналаған Б.Брехттің «Да. Нет» қойылымы, Дарья Штоккердің «Contact@net» пьесасы желісінде қойылған спектакль – театрдың көркемдік-эстетикалық келбетін танытатын қойылымдар болды. Өнер ұжымына 2014 жылы тағайындалған көркемдік жетекші, әрі бас режиссер Н.Дубс үшін театрдың негізгі міндеттерінің бірі – неміс халқының мәдени дәстүрлерін сақтаудың инновациялық жаңа жолдарын іздестіру болып табылады.

Соның нақты дәлелі - «Пробуждение весны» қойылымында республикалық неміс драма театрының бас режиссері Наташа Дубс және Бонн қаласындағы «Патология» камералық театрының көркемдік жетекшісі Марен Пфайфер бірігіп жұмыс жасап, шығармашылық тандем құра білді. Аталмыш қойылымдардың негізінде Гете Институты мен Алматы қаласындағы Германияның Бас елшілігінің қолдауының арқасында қазіргі заманғы неміс драматургиясының ерекше кішігірім фестивалін өткізді.

«Пробуждение весны» спектаклі белгілі неміс ақыны және драматургы Франк Ведекиндтің (1864-1918) пьесасы бойынша қойылды. «Пробуждение весны» пьесасының алғашқы қойылымы 1891 жылы болды және сол заманның консервативтік театрлық ортада жарылған бомба әсерінде өтті. «Пробуждение весны» тақырыбы жастық адамгершілік ізденістердің билік етіп отырған көлгірсу моральмен қақтығысы. Режиссер Наташа Дубс ойынша бұл пьеса бүгінгі күннің өзінде-ақ өзектілігін жоғалтпаған. Орыс сахнасында «Пробуждение весны» спектаклі сонау 1907 жылы Всеволод Мейерхольд қойылымымен пайда болды. Егер Александр Блок және Лев Троцкий пьесаны сотқар және адамгершілігі жоқ деп санаса, Наташа Дубстің өз пікірі бар: «Біз жасөспірімдер өмірінің қорғансыз және қамкөңіл нәзік сәттерінің асқынған кездеріне назар аударғымыз келді. Егер осы сәттерде жанында жақын ересек адам болмаса, қайғылы жағдайға душар болуы мүмкін», - дейді.

Жалпы Қазақстандағы өзге ұлт театрларындағы режиссураның дамуына, мемлекеттік тұрғыда жағдай жасаған. Ұлттық театрлардағы режиссерлердің шығармашылығы - толеранттық пен бірлік негізіндегі Қазақстандағы этникалық қауымдастықтарды гуманистік үдерістердің маңыздылығын, бірлесе өмір сүру үрдісінің мәнін айқындайды.

Сондай‑ақ, тәуелсіздігіміз қолымызға тиген жылдары әлемдік классикалық драматургияға да қызығушылық арта түсіп, бұрын‑сонды қазақ сахнасына қойылмаған Ж.Ануйдың, Г.Ибсеннің, Г.Гауптманның, Т.Уильямстың, Э.Олбидің драматургиясымен қатар, орыстың ұлы жазушылары А.П.Чеховтың, Н.В.Гогольдің пьесалары да жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл дүниелерді Ә.Мәмбетов, Б.Атабаев, Қ.Қасымов, Н.Жақыпбай, Т.Теменов, Б.Ұзақов, Д.Жұмабаева сынды т.б. режиссерлердің сахнаға шығаруы - ұлттық режиссураның дамуына, тың белестен көрінуіне ықпал жасады. Сонымен бірге, бұндай ізгі бастамалар шетелдермен мәдени байланыстарды нығайтуға, қазақ театрының шеңберін кеңейтіп әлемдік театр үрдісінен өз орнын табуға әсер етті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет