22-лекция: Төре, қожалар, төлеңгіттер және басқа топтар.
Қазақ жүздерінде әр түрлі топтардан тұратын құрылым болған. Қазақтардың дәстүрлі қоғамында ХІХ ғасырдың басынджа төмендегі құрылымдар болған: төрелер, қожалар, төленгіттер, және құлдар. Сонымен қатар шала-қазақтар.
Қазақ қоғамында төре өзінің басын Шыңғыс ханның «алтын руынан» алады. Қазақ хандығы қалыптасқан кезде қазақ ұлыстарын негізінен Дешті-Қыпшақтың ұлы билеушілерінің бірі Орыс ханның ұрпақтары басқарды. Төрелер қазақ хандары мен сұлтандарының ұрпақтары болғандықтан ақсүйектерге жатады.
Кіші жүзде ХІХ ғасырда төрелердің үш тобын кездестіреміз: 1)Әбілқайырдың ұрпақтары, 2)Қайып ханның ұрпақтары, 3)Сәмеке ханның ұрпақтары.
Орта жүздің төрелері өзінің шежіресін Жәдіге ханнан бастайды. Бұнда төрелер Кіші жүзге қарағанда саны жөнінен көбірек: 1)Әбілмәмбеттің ұрпақтары, 2) Абылай ханның ұпақтары, 3) Сәмеке ханның ұпақтары, 4)Барақ сұлтанның ұрпақтары.
Ұлы жүзде төрелер аз, себебі Моғолстан хандары Тоғылық Темірден басталып, ХVІІІ ғасырда Жолбарыс хан өлгеннен кейін ұрпақ жалғасы түпкілікті үзілді. Хожалар – мұсылман дінін таратушылар. Өздерінің шежірелерін пайғамбардың жиендерінен тікелей бастаған еді. Сол себепті қазақ қоғамында жетекші рольге ие болды. Қожалар қоғамдары Ташкент-Түркістан аймағында көп болған. Бұлардан басқа қазақ қоғамында сунактар, көлегендер өмір сүрді. ХІҢХ ғасырда Қазақстанның далалық аудандарында қалмақтардың үш тобы болған: 1) қазақ руларының құрамына әр түрлі аттармен кіргендер (мысалы бала қалмақ, қыз қалмақ, тоты қалмақ, қараша қалмақ т.б.) 2) Қазақ төрелерінің төлеңгіттері болып енгендер, 3) Қазақстанның шығысында өмір сүргендер.
Қазақстан территориясында бұлардан басқа қазақтармен араласып кеткен қарақалпақтар, қырғыздар, ноғайлар да болған.
Төлеңгіттер сұлтандарға қызмет етушілер, соларға барлық жағынан тәуелді құл есебінде өмір сүрді. Олардың арасында тыс жерлерден келген ұлты басқалар да көп болған.
Төлеңгіттердің өз шаруашылығы болды, олар сұлтан таңбасын пайдаланды. Олардың арасында шетелдіктер көп болды. Кейбір аудандарда төлеңгіттер қатарында түрікмендер басым санға ие болған.
1771 жылы Поволжьеден Жоңғарларға көшкен қалмақтар жолшыбай Ставрополье түрікмендерін қорлап алып кеткен болады. Бірақ жолдарында қазақтар түрікмендерді қалмақтардан тартып алып қалды, ХІХ ғасырдың ортасында төлеңгіт институты өмір сүруін тоқтатып, көптеген қазақтар өз руларына қайтып оралды. Шалақазақтар дер татарлар мен қазақ әйелдерінің арасынан пайда болғандарды айтады.
23-лекция: Қазақ емес жұртшылық.
Қазақстанға аты-жөні белгісіз орыстардың келуі ХVΙ ғасырдың бас кезінде-ақ басталған еді. ІV Иванның патшалық еткен жылдары Доннан Еділ Жайық арқылы Каспий теңізіне өткен «ұры адамдар» туралы мәліметтер бар. ХVΙІІ ғасырдан бастап Жайық казактары орыс мемлекетінің Қазақстанды отарлау саясатының басты тірегіне айналды. ХVΙІІ ғасрдың аяғында көшпелілердің басым көпшілігі орыс билігін мойындағандықтан үкімет басып алған мекенін нығайтуға күш салды.: Омск, Семей, Петропавловск қалаларында олтырықшы жергілікті ұлтты қалыптастыруға тырысты. Осындай мақсатта 1808 жылы жалақысы тағайындалған, жермен, азық-түлікпен қамтамасыз етілген казак әскерін құрды. ХІХ ғасырдың 20-жылдары казак әскерлері Орталық Қазақстанның жақсы таулы өлкелерін Баянаулды, Көкшетауды, Қарқаралыны басып алды. Казактармен бірге далаға алтын, күміс, мыс кеніштерін ашқан орыс кәсіпкерлері ене бастады. 1837 жылы Көкшетау және Ақмола бекіністерінің салынуына байланысты Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете түсті. ХІХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап қазақтың құнарлы аймақтарына орыс шаруалары мен мұжықтарының қоныс аударуы басталды.
1883 жылдан бастап 1900 жылға дейін жер орналастыру партиялары Ақмола облысында 193 учаскені 77,837 ер адамға арнап бөлді. Торғай облысында 1897 жылғы халық санағы бойынша 28,400 адам тұрып жатты. Әсіресе, Жетісу облысына қоныс аударушылар көптеп ағылды. 1868 жылы бұнда 15 мың адам көшіп келді. 1890 жылға қарай бұл сан 2 есеге артты.
1870 жылдан бастап шаруалар отарлауы Сырдария облысын, көбінесе Шымкент, Ташкент, Әулие-ата уездерін молынан қамтыды. Әр түрлі құжаттарды саралай отырып, орыс ұлтының Қазақстанды отарлауы жөнінде төмендегі қорытындыны жасауға болады. Саны жағынан алдыңғы орынға шаруалар шықты, содан кейін казактар, дворяндар, әртектілер орналасты.. Далалық облыстарда шаруалар 37,5%, казактар -34,5%, басқалары - 20%-ды құрайды. Этнографиялық тұрғыда орыс келімсектері ерекше типке айналды. Өлкеде алғаш пайда болғаннан бастап олар көшпелілермен тығыз байланыста болды, араласты. Бұл сайып келгенде, олардың тұрмыс-тіршілігінің, мінез-құлқының, бет-бейнесінің өзгеруіне ықпал етті.
Тарихтан білетініміз көшпелілер мен қоныс аударған орыстардың, казактардың арасында достық туралы көптеген мысалдар бар. Мысалы, Құрманғазының Бородин деген «тамыры» болған. Балуан Шолақ- Анастасия.
Маргинальдық субэтникалық топ ретінде Орал, Сібір және Жетісу казактарын қарастыруға болады. Бұлардында негізгі шаруашылығы қазақтар сияқты мал шаруашылығы болды. Казактар құрамына орыстардан басқа 7 пайызға дейін Украиндар, шордва,беларустар кірді.Сібір казактарының арасында 3 пайыз мұсылмандар болды. Көшіп келген орыстар, казактар және т.б ұлт патша үкіметінің пәрменімен көптеген жеңілдіктермен, артықшылықтармен пайдаланды. Оларға қазақтың құнарлы жайлым жерлері тартып алынып берілді,үй салуға, шаруашылық жүргізуге процентсіз қарыз берілді. Олар қазақ әскерінің меншігінде 31 станция мен 135 поселок, 6 млн десятина жер болды.
1919 жылы қазақтардың саны 3 млн 639748 адамға жетті.
24-лекция: Мал шаруашылығы.
Қазақстанның табиғатының және ауа райының ерекшеліктері оның жұртшылығының шаруашылығына әсер етті. Бұнда тағы аңдарды үй жануарларына айналдыру тәжірибесі неолит дәуірінде басталған.Энолит дәуірінде (б.э.д. IV-III мыңжылдықтар) біз ірі жылқы шаруашылықтарын кездестіреміз(Ботай).Қола дәуірінде кешенді отырықшы мал-егіншілік шаруашылық қалыптасты. Балыққа бай сулы жерлерде(Арал бойы, Балқаш көлі, Алакөл, Зайсан, Сырдария, Іле, Шу, Нұра,Жайық, Ертіс) балық аулау дамыды.Осы кезеңде далалық және жартылай далалық аудандарды және жартылай көшпелі және көшпелі мал шаруашылығы басты рольге ие болды. Жетісуда және Оңтүстік Қазақстанда орта азиялық облыстардың ықпалымен егіншілік жылдам дамып, қалалармен елді мекендерден тұратын оазистер пайда болды.Оазистердің шеттерінде өтпелі шаруашылықтар - жартылай отырықшы, жартылай көшпелі шаруашылықтар қалыптасты.
I мың жылдықта евразияның кең байтақ далаларында, жартылай шөлейттері мен шөлдерінде жартылай көшпелі және көшпелі мал шаруашылығы экономиканың жетекші саласына айналды.Соған байланысты «көшпелі» мал түрлері қойлар,жылқылар, түйелер өсіру көбірек қолданысқа түсті.
Қазақстан территориясында түркі тайпаларының б.э. I мың жылдығының орта кезеңінде үстемдік етуіне байланысты көшпелі мал шаруашылығының рөлі бұрынғыдан да арта түсіп Қазақстан халқының XIX-XX ғасырларға дейін негізгі кәсібіне айналды. Өзінің гулденуін көшпелі мал шаруашылығы XV-XVII ғасырларда қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасуы кезінде басынан кешірді. Бұл манғол шапқыншылығынан кейін, отырықшы егін шаруашылығының әбден құлдырап, бұрынғы қалпына келе алмағандығына байланысты қалыптасқан жағдай еді. Осы кезеңде Шыңғыс ұрпақтары Темір мен Тоқтамыстың арасындағы бітпес күрес. Дешті қыпшақ тайпаларының Орта Азияны жаулап алуы нәтижесінде жайылымға қолайлы орасан зор аудандар қаңырап бос қалды. Сол жерлерді қазақ хандығының құрамына кірген тайпалар емін-еркін падалана бастады. Бұл көшпелі мал шаруашылығын дамытуға үлкен әсерін тигізді.
Евразияның далалық өркениетінің дағдарысының негізгі себебі сауда жолдарының теңіз сауда жолдарына ауыстырылуы еді.
Қазақтардың мал шаруашылығының құлдырауы XVIII ғасырдың бас кезінде жоңғар шапқыншылығына байланысты Жоңғардың тепкісіне ұшыраған қазақтар Жетісудан, Оңтүстік Қазақстаннан Орталық және Батыс Қазақстанға қарай көшуге мәжбүр болды. 1867-1868жылдарғы әкімшілік реформалардың нәтижесінде Қазақстанды губерниялық, облыстық,уездік, болыстық,ауылдық басқару жүйесі қалыптасты.
Үй малдарының негізгі түрлері.
Қазақтар қой,жылқы, сиыр,ешкі,түйе малдарын өсірді.Маңызы жөнінен қой малы бірінші орында тұрды.Еті мен сүті тамаққа, жүні киізге,текеметке, ,терісін киімге тігуге пайдаланды. Ірі қара малды негізінен орта және кедей шаруашылықтар пайдаланды.Оларды Батыс,Орталық,Солтүстік,Шығыс Қазақстанның аудандарының адамдары,Жетісу қазақтары өсірді.
Бағып-қағу кездері:қыс- «қыстық», көктем «көктеу», жаз- «жайлау», күз- «күзеу» болып бөлінді.
Егін шаруашылығы. Егін шаруашылығы дәстүрлі түрде Жетісуда,Сырдария бойында, Шығыс Қазақстанда дамыған.Монғол шапқыншылығынан кейін дағдарысқа ұшырады.Қазақ хандығы құрылғаннан кейін (XV-XVI) егін шаруашылығы айтылған аудандарда қолданылды.Суармалы егіншіліктің негізгі аудандары Шығыс Қазақстанда,Жетісуда,Оңтүстік Қазақстанда болды.Бұнда арық жүйесі қызмет етті.Жерді суару үшін егіншілер атпа, ,қалақ атты құралдарды пайдаланған.Қазақтар далалық егіншілікті пайдаланды.Олар бидайды,тарыны, арпаны,сұлыны,күрішті, жүгеріні өсірген.Жер жырту үшін жерағашты, соқаны,кетпенді пайдаланған.Балық аулау өзендермен көлдер жүзеге асырылды.
Дәстүрлі құралдарына қармақ, шанышқы,сүзеке, ілме, астау т.б. жатты. Қазақстанда аңшылықпен өте ерте замандардан бастап айналысты.Әсіресе аңшы құстармен аң аулауға үлкен мән берілді.Орта Азия менҚазақстанда бүркіттер мен қаршығалар мен сұңқарлардың 10-нан астам түрлері болды.Осылармен қасқырларды,түлкілерді,қарсақтарды,қаз уйректерді аулаған. Тазы иттермен аң аулауға да үлкен мән берілді.
25-лекция: Қазақтың қолөнері мен зергерлік өнері
Көркем қолөнерге қазақ шеберлері темір, мыс, қола, алтын, күміс, қалайыны, киізді, ағашты, мүйізді, сүйекті, теріні, былғарыны пайдаланды. Ең алдымен соғыс қару-жарақтарын: садақ, жебе, найза, қылыш, семсер, қанжар, сауыт, дулыға, жыға, қалқан, шоқпар, айбалта, дабыл, дулыға, сырнай, т.б. жасалды. Бұлармен қатар, білтелі мылтық та қолдана білген. «Мақта білтемен от алатын,... серіппесіз мылтық – білте мылтық атанған, оның оқтығы ұзын, от салатын құндағы бар, оқ-дәріні білтемен тұтатқан. ...Жерге тіреп ататын үш аяғы болған. Ең ұзынын, әрі ауырын «шамқал», ең алысқа тиетінін «күлдір мамай» деп атаған. Білтелі мылтықтың өзін де, оғын да, дәрісін де қазақтар өзі жасап алған. Оқты қорғасыннан құйып, дәрісін фосфор (селитра) мен күкірттен жасаған. «Күкіртін терек кемірімен араластырып, селитра орнына ескі бейіттен алған топырақты қосып, оны қазанға салып қайнатқан» - мылтық дәрісі осындай жолмен дайындалған. Оқ жасайтын қорғасын рудасы Қаратаудан шыққан. Оны арнайы пешке салып қорытып, мылтық оғын әзірлеген. Қазақ шеберлері қолданбалы өнерде төмендегі материалдарды пайдалана отырып, мына құрал-жабдықтарды дайындаған.
Теріден: саба, мес, торсық, шарық, шоқай, тұлып, етік (тастабан етік, ұлтарма етік, саптама етік, т.б.), көрік, оймақ, аба (тері киім), көнек (түйенің мойын терісінен жасалған шелек), сүйретпе, т.б.
Киізден: текемет, сырмақ, туырлық, үзік, түндік, тұскиіз, киізқалпақ, киіз байпақ, көбенек, ат тоқым, т.б.
Ағаштан: шелек, тесек, күбі, керсен, шөміш (ожау), асадал (ыдыс-аяқ қоятын шкаф, саптыаяқ, тостаған, тегене, кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық (есік), ер (құранды, қозықұйрық, үйрек бас ер), келі, келсап, адалбақан, құрық, кебеже, арба, күйме, шана піспек, т.б.; (ағаш шеберлері бұл бұйымдарды жоқты, сықаурын (тез), үскі, ырғақ деген ұсталық аспаптардың көмегімен жасап отырған).
Темірден: балға, балта, ауыздық, шот, сапы, айыр, төс, таға, кісен, кетпен, күрек, қақпан, қайла, тесе, пышақ, бәкі, мылтық, орақ, атауыз, тістеуік, шымшық тұмсық, іскенже, кепсар, шығыршық құрсау, т.б.
Алтын, күмістен: шолпы, шашбау, жүзік, білезік (топсалы білезік, бес білезік), алқа, сырға (қозалы сырға), қапсырма, өңір жиек, шекелік, үкі аяқ, салпыншақ (салпыншақ-үзбелі, салпыншақ-шашақты, салпыншақ-моншақты), тұмарша, бойтұмар, түйреуіш, үзбе-түйреуіш, түйме, кемер белдік, т.б.
Мүйізден: қамшы сабы, шамдал (мүйіз шамдал), шақша, пышақ, қанжар сабы, сырнай, қарықтық, сабаутіс, т.б. жасады.
Асыл тастардан: қазақ шебері ақық, лағыл, сапфир, зүбәржат, гауһар, дүр, асыл, опал, сыңғыртас, алмас, перуза, айтас, тыныке, құнтас, сутас, женттас, мәрмәр, жауһар, жақұт, меруерт, інжу, т.б. білді. Асыл тастарға табиғатта сирек кездесетін қымбат бағалы тау жыныстары жатты. Олар түссіз, мөлдір, кейде түрлі-түсті болып келеді. Бұларды металл әшекей бұйымдарға орнатқанда, тек сән үшін ғана емес, асыл тастардың киелілік, шипалық қасиеттері болады деген ұғым да ескеріліп отырған. Айталық інж көзді шел басудан, көз сүйелінен, ноғаладан; маржан азғындыққа түсуден; дүр тасы жемсау ісігінен, бұғақтан; құлпырма таскөз тиюден сақтайды деп білген. «Тамақ адал болуы үшін әйел қолында жүзік болу керек» деген қағида сақталған. Асыл тастар, сонымен бірге, ер-тұрман, қару-жарақ, үй-жиһаздарын әшекейлеп, безендіруге де қолданылған. Бұлармен бірге, шеберлер бір-біріне тізбектелген асыл тастар арқылы жасалған тамақ, алқа, зерленіп күміс қапсырмамен әсемдеген тік жаға, асыл тасты, күміс қапсырмалы тамақша деп аталатын сән, рең беретін киім бөлшектерін де ұнастыра жасап отырған.
Қайыс, таспадан жүген, шылбыр, айыл, құйысқан, өмілдірік, ноқта, тартпа (пыстан), тұсамыс, шідер өрді. Арқамшы деген 9-12 құлаш, таспадан өрідген қайыс бұғалық та тұрмыста көп қолданылды.
26-лекция: Дәстүрлі тұрғын үй, киіз үй, күрке, қос.
Қазақ халқының тұрғын үйі – киіз үй материалдық мәдениеттің тамаша ескерткіші. Ол қысқы және жазғы болып бөлінеді, үлкендігі және құрылысы жөнінен бір-бірінен айырмашылығы болды.
Киіз үй – ағаш және киізден дайындалатын, ағаш керегелерден, шаңырақтан, уықтардан тұратын жиналмалы тұрғын үй. Киіз үйдің үлкен-кішілігі қанаттарының (керегелерінің) санына байланысты болады. 12 қанаттан тұратын киіз үйдің ауданы 100-120 шаршы метрге тең болған. 12-15-18 қанатты киіз үйлерді ХІІ ғасырдан бастап пайдаланған. Әрбір кереге 36 сағанақтан тұрған. Керегелер тор көз, жел көз, болып екіге бөлінген. Оңтүстікке қарап ашылатын есік «сықырлауық» деп аталған. Керегелер сырты тоқылған шимен жабылған. Сырты киіз «туырлықпен», одан жоғары орналасқан уықтардың үсті «үзікпен», шаңырақ үсті киіз әтүндікпенә жабылған. Аталған киіз бөліктер әр түрлі түсті «белдеулермен» бекітілген. Киіз үйдің іші кілемнен, киізден, тоқыма әдісімен дайындалған басқұрлармен, баулармен бекітілген. Өздерінің қолданылуына қарай киіз үйлер үшке бөлінген. Қонақ қабылдауға арналған салтанаттық киіз үйлер ауданының үлкендігімен, әдемілігімен, ерекшеленген. Салтанаттық киіз үйлер кемінде 12 қанаттан тұратын болған, үстін жібекпен, ақ киізбен көмкерген. Өте әдемілігімен тойға арналған киіз үйлер – отаулар ерекшеленген. Күнделікті тұрмысқа арналған киіз үйлердің аудандары да шағын болған. Оларды көшіп-қонған кезде бір түйеге артып жүре беретін болған. Сонымен қатар тұрғын үй үшін күркені және күймені пайдаланған.
Киіз үйдің ортасына тамақ дайындау үшін және салқын кезде үй жылыту мақсатымен ошақты орналастырған. Есікке қарама-қарсы қонақтар мен құраметті адамдар үшін төр болған. Есіктің екі жағы босаға деп аталған, оң жақ босағада ыдыс-аяқ, құрал-сайман, сол жақ босағада ат әбзелдері сақталған. Босағадан оң жақта үй иелерінің керуеті орналасып, ол шымылдықпен бөлінген. Киіз үйдің ішкі жасауы әр түрлі ғаш, тері дүниелерден, кілемдерден, шиден, киізден тоқылған заттар мен нәрселерден тұрған. Киізден дайындалған текеметтер, сырмақтар, түкті кілемдер түрлі-түстілігімен, ою-өрнегімен, әдемілігімен көздің жауын алатын болған. Қабырғаға ілінетін ою-өрнекпен, тігіспен әдіптелген киіз кілем тұскиіз деп аталады.
Ыдыс-аяқ және ас-су құралдары ілінетін аяқ-қаптарда, екі қалталы қоржындарда, киіз жәшіктерде (шабданда) сақталған. Ағаш заттар – жүк аяқтар, са салынатын кебежелер, көркем оюлармен әдеміленген.
Жықпалы, тікпелі байырғы киіз үй қазақтардың ең қолайлы баспанасына айналды. Киіз үй жабыннан және оның сүйегінен (ағашынан) құралады. Жабынына – туырлық, үздік, түндік, есік аталатын киізі жатты. Сүйегіне шаңырақ, уық, кереге, сықырлауық (есік) делінетін ағаш қанқасы жатты. Кереге түйенің шикі таспасынан жасалған «кереге көгі» деп аталатын таспамен ұстатылады. Керегесінің санына қарай киіз үй алты, сегіз, он, он екі қанатты деп, сырт көрінісіне қарай: ақорда, қоңыр үй, қараша үй, отау, абылайша, т.б. деп аталды. Мұнымен бірге, арба үстіне орнатылатын жылжымалы үй түрі де болды. Ол туралы Рузбихан Исфаһани: «қазақ үйлері арба түрінде жасалып доңғалаққа орнатылады, . . . түйе, ат жегеді. Осы арбалар жүздеген монғол фарсангісіне созылып жатады деп» жазады. Жылжымалы үйдің жеңіл түрі «Қозы Көрпеш», Қыз Жібек», «Қобыланы» жырларында сән салтанат үйі – күйме түрінде суреттеледі.
Шошала қыста тұратын үйдің ең ескі түрі болды. Формасы жағынан киіз үйге ұқсас, жартылай жертөленің төбесі сүйірлене шығарылып, құрылыс іргесі жерге 50-60 см қазып салынды. Екі-үш бөлмелі болды. Таулы жерлерде тастан қалап тұрғызылды. Аумағы төрт қанатты киіз үйден аспайтын еді. Бұлармен бірге халық шым, кірпіш, балшық, қамыс, ағаштан жасалған аласалау үйлерде тұрды. Бұл үйлердің ауыз үй деп аталатын кіре беріс бөлмесінде ас дайындалды, жас төлдер ұсталды. Ертіс, Альтайда мұндай 2-3 бөлмелі үйлер көбіне ағаштан, Сыр бойында қамыс, балшықтан т.с.с жерлерде құрылыс материалының жағдайына қарай салынып отырды. Мұндай қыстаулар әдетте ықтасынды отын-суы мол жерлерге орналасты.
27-лекция: Ұлттық киімдер
Қазақтардың ұлттық киімдерінен, олардың экономикалық, ауа райы және халықтық жағдайларына байланысты ежелгі дәстүрлер көрініс тапты. Киім шұғадан, жүн мен жібек маталардан, киіз бен теріден дайындалды. Құландардың, киіктердің, жолбарыстардың, жанаттардың, бұлғындардың, суырлардың терілеі мен елтірілері қымбат бағаланды. Теріден тон тігілді. Қымбат бағалы аң терісінен тігілген тондар ішік аталған және олар бір-бірінен тысына байланысты ажыратылған: жібекпен тысталған тон – бас тон, көк шұғамен – көк тон, парчамен – барша тон деп аталды. Ұзартылған, құлын терісінен жағасы бар тон жарғақ тон деп аталды. Шалбарлар теріден, шұғадан және басқа маталардан тігіліп, кестелермен көркемделген. XV-XVІІІ ғасырларда жұқа киізден дайындалған жеңсіз ер адам киімі «кебенек» кең тарады. Оны жоқ-жітік адамдар, қоңсылар, кірмелер кисе керек. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген халық мәтелі соны меңзейді.
Киімдерді дайындау үшін қазақтар негізінен үй жануарларының жүнін, терісін пайдаланған. Көбіне қой терісін, құлын және ешкі терісі іске асырылған. Жүннен жұқа киіз басып, одан әр түрлі киімдер, бас киім және аяқ киім дайындаған. Сырттан әкелінген қағаз, жібек және жүн маталар көшпенділер арасында ерте замандарда қолданыла бастаған. Қазақстанның түрлі аудандарында (Атырау облысы, Сарайшық), (Ертіс бойы, Боброва, Королевка) жүргізілген археологиялық қазбалар қазақтардың XV-XVІІІ ғасырларда жібек маталарды киімге кең пайдаланғанын дәлелдеді. XVІІІ ғасырға дейін маталарды қазақ даласыныа негізінен Шығыс Түркістаннан және ортаазиялық хандықтардан, басқа елдерден әкеліп отырған.
Ер адамдар үстеріне матадан, жүннен тігілген жейде, көйлек, шекпен, шапан, қамзол, тон, т.б. киімдер, бастарына бөрік, қалпақ, тымақ киді. Қыста түйе не қой жүнінен тоқылған, қалың матамен тысталған күпі, тон, құлын терісінен тігілген ішік киеді. Иленген қой терісінен жүніні ішіне қаратып шалбар, жазда мата шалбар, не ешкі мен киіктің әбден жұмсарта иленген терісінен шалбар тікті. Қыста құлағын, арқасын жауып тұратын шошақ тымақ, боранда тымақты бастыра жалбағай киді. Жазда биік киіз қалпақ жасатып киді.
Ерлер көксауыр, саптама, шоңқайма, мықшима етік (жылқы, өгіз терісінен тігілді), аңшы етігі, жеңіл етік, ешкі терісінен тігілген мәсі, қатты теріден жасалған кебіс, кедейлері шабата, шоқай киді.
Әйел киімі көбінесе матадан, жібектен, кейде мақпалдан тігілді. Бойжеткен қыздар төбесіне үкі тағып, аң терісінен шошақ бөрік киді. Жаңа түскен келін алғашқы жылы сәукелемен жүрді, кейін желек салды. 30-40 жастағы әйелдердің бас киімі кестеленген кимешек болды. Жасы келген әйелдер сәукелеге ұқсас дөңгелек бас киім – күндікпен жүрді. Әйелдердің дағдылы аяқ киімі кебіс, мәсі болды. Байлардың қыз-келіндері мен әйелдері сән-салтанатқа киетін кестелі етігі, көксауыр былғарыдан, күміс шалынып, әшекейлеп тігілген кебісі болды.
Жалпы айтқанда, қазақ киімдері іштік (көйлек, жейде, желетке, камзол, кәзекей), сырттық (шапан, күпі, тон, шидем), сулық (шекпен, қаптал, шапан), бір киер (қымбат бағалы, сән-салтанат киімдері) болып бөлінген.
Әйелдер киімдерін әсемдік бұйымдарсыз көзге елестету мүмкін емес. Қазақ зергерлерінің қолдарынан шыққан әйелдердің әсемдік бұйымдарын былай бөлуге болады: киімге тігілетін және адам қолына, саусағына, мойынына, кеудесіне салынатын, өрілетін бұйымдар. Киімдік әсемдік бұйымдарға, оның бөліктерін біріктіруге арналған қаптырма, қамсырма, ілгек, түйме, тұмар, таналар жатады. Салынатын әсемдік бұйымдар, әсіресе білезіктер алуан түрлілігімен ерекшеленген. Кейбір білезіктердің салмағы 100 грамға дейін жететін болған. Сақиналар мен жүзіктердің түрі өте көп болған. Алынбалы-салынбалы әсемдік бұйымдар арасында әйелдердің шашына тағатын шашбау және шолпы түрлері бүкіл қазақ жеріне кең тараған бұйымдардың қатарына жатқан. Ер адам үшін кісе, жүзік, сақина, күміс белбеу соғылды. Зергерлер әсемдік бұйымдарды негізінен алтын жалатқан күмістен дайындаған.
28-лекция: Қазақтың ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары.
Қазақ халқының рухани мәдениетінің аса маңызды бөлігін ғасырлар бойы жинақталған салт-дәстүрлері құрайды.
Дәстүрлер – жеке тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған күрделі қоғамдық қатынастар жүйесі. Ол қасиеттерге Отанға және өз халқына, оың тарихына, мәдениетіне деген махаббат, оны қорғауға дайын болу, достыққа адалдық, бірлікке, ынтымаққа тырысу, туысқандықты жаңарту, антқа адал болу, аманат сақтау, түп-тамырыңды білу, ата-баба аруағын сыйлау, үлкендерді құрметтеу, әке үйін, «қара шаңырақты» дәріптеу, қонақжайлылық, құдалық дәстүрлері, т.б. жатады. Сондай-ақ дәстүрлер құрамына ұлттық және діни мейрамдар да кіреді.
Біздің замандасымыз, көрнекті жазушы, этнограф, ұлт мәдениетінің шынайы жанашыры Сейіт Кенжеахметұлының саралауы бойынша, қазақтың ұлттық дәстүрлері мен салттарын былай жіктеуге болады: 1. Келін түсіріп, қыз ұзатуға байланысты дәстүрлер. 2. Тәлім-тәрбие дәстүрлері. 3. Тұрмыстық, өмірсүрулік дәстүрлер. 4. Еңбек, кәсіптік дәстүрлер. 5. діни салттар. 6. Жерлеу салттары.
Келін түсіріп, қыз ұзатуға қатысты дәстүрлер.
Қыз айттыру. Ата-аналар болашақ қалыңдықты баласы кәмелетке толмай тұрып, өздеріне тең, құрметті, текті отбасынан іздеген. «Қыз айттырудың» бірнеше түрлері болған. Ертеде көңілдес, дос адамдар балалары дүниеге келмей тұрып-ақ бір-бірімен «құда» болысқан. Мұны «атастыру» деп атаған. Балалары бесікте жатқанда құда болу «бесік құда» деп аталған. Бұлардан басқа құда болудың «қарсы құда», «сүйек жаңарту», т.б. түрлері болды. Балаларды үйлендіру «құда түсуден» кейін жүзеге асырылды.
Құда түсу. Құда түсу – қазақ халқының ежелден ұмтылмай келе жетқан міндетті дәстүрі. Жігіттің әкесі жақын жұрағаттарымен қызға құда түсуге келеді. Қыз әкесі құдалардың келуінен алдын-ала хабардар болып, өзінің ағайындарын жинап, құдаларды салтанатпен қарсы алады. Қыз әкесі «қош» айтқаннан кейін екі жақ бір-біріне дәстүрлі сый-сияпат – құда аттанар, ат байлар, құйрық бауыр, т.б. көрсетеді.
Бата аяқ. Құдалар арасындағы соңғы келісім. Екі жақтың алғашқы құда түсудегі келісімінен кейін, күйеу жігіттің әкесі қалыңдық ауылына келіп, той уақыты, қалың мал мөлшері, кәде-жоралғы туралы келіседі. Бұл бата аяқ деп аталады. «Бата аяқ» кезінде ауқатты адамдар ірі сыйлықтар тарту еткен. Олар бес жақсы, орта жақсы, аяқ жақсы болып бөлінген. «Бес жақсыға» - түйе ботасымен, бие құлынымен, бағалы зат немесе алтынның, күмістің құймасы кірген.
Қалың мал. Құдалықтың ресми бөлігі аяқталғанна кейін, күйеу жігіт жағы қалыңдықтың әкесіне мал түрінде қалың мал төлеген. Оның мөлшері құда болушылардың тұрмысына байланысты болған. Кедей құдалар 5-6 бас мал төлесе, ауқатты адамдар 200-500, кейде 1000 басқа дейін жылқы берген. Бұдан басқа той малы, анасына сүт ақы, өлген адамдар, тірі адамдар ақысы (өлітірі), т.б. кәделер болған. Қыз жағынан келетін жасаудыңқұны мен мөлшері де қалың малдан кем болмаған. Қалың мал төлеу кезінде мүлтіксіз орындайтын «құрықбау», «қосақбау», «келін тілі», т.б. жоралғылар болған. Бұлар мал бағатын адамдарға берілетін төлемдер.
Киіт. Құдалар кетердің алдында қалыңдықтың әкесі оларға сыйлықтар тарататын болған. «Киітке» - мал және бағалы, жағалы киімдер тарту етілген. «Киітті» қалыңдық жағынан еріп келген құдаларға тарту етіп, екі жағы сыйлық беру жөнінен кем түспеуге тырысқан. Біздің заманымызда қалың мал төлеу дәстүрі жойылғанмен, киіт беру дәстүрі сақталып қалды.
Сүт ақы. Ананың ақ сүті үшін төленетін төлем. Қыз жағында өтетін тойда қалыңдықтың анасына күйеу жағы тарту етеді.
Құйрық-бауыр. Бауыр мен құйрықтан тұратын салттық қонақасы. Бұл құдалық бекітілді деген мағынаны білдіреді. Бұл салттан кейін шегінуге, яғни құдалықтан бас тартуға болмайды, ондай жағдайда келісімді бұзған жақ қалың малды кейін қайтарады.
Достарыңызбен бөлісу: |