3-Лекция: Этногенез, этникалық тарих және этникалық процестер.
Этногенез процесін этностардың пайда болуы мен даму процесін зерттеу этнология ғылымының ең қиын бөлімдерінің бірі. Этногенезді зерттеудің бастапқы пункті этностар мен этникалық топтарға байланысты, «генезис» терминінің қолданылуы туралы түсіну болып табылады. Этнология ғылымында этногенез процесін қазіргі адамдардың бұдан 40 мың жыл қалыптасу кезеңімен байланыстырады. Бірақ этногенез туралы анық мәліметтерді неолит дәуірінен, яғни тайпалық қатынастардың түпкілікті орнығу кезеңінен бастап алуға болады. Адам баласы ең басында нәсілдік, этникалық, әлеуметтік және басқа да мәселелер бойынша бір тектес болып қалыптаса бастаған деп жорамалдайды. Адамдар саны көбейген сайын олардың жаңа жерлерге қоныстануы (басында тропиктер мен субтропиктерге, кейін тұруға онша қолайлы емес жерлерге) да арта түсті. Бұл бірте-бірте адамдардың антропологиялық және басқа жағынан өзгерістерге ұшырауына әкеліп соқты. Тілге байланысты да осындай жағдай қалыптасты. Өздері адам болып қалыптасқан орталықтан алыстаған сайын, олардың тілі алғашқы тілдік нұсқадан айырмашылығы арта түсті. Бұған дәлел ретінде кейбір елдерде өте ежелгі заманда өмір сүрген тайпалар қолданған тілдердің сақталуын келтіруге болады. Н. Михлуко-Маклай Жаңа Гвинея папуастарының әрбір деревнясында тұратын тайпалардың өздерінің тілдерінің болғанын мысалға келтірді. Шамамен 40-30 мың жыл бұрын, соңғы вюрм мұздану кезеңінде Homo sapiens-тің (саналы адам) қалыптасу кезеңі басталды. Антропогенездің соңғы кезеңіндегі бұл гоминидтарды көбінесе неантроптар – жаңа адамдар деп атайды. Бұлар адамдарға тән барлық икем-дағдылар мен қасиеттерге ие болғанды. Бұлардың жақсы жетілген дене тұрқымен қатар, үлкен мөлшердегі милары болды. Неандерталдықтар мен неантроптардың негізгі кәсібі аңшылық және терімшілік болды. Негізгі әдістері аса ірі жануарларды мамонттарды, пілдерді, мүйізтұмсықтарды, зубрларды, солтүстік бұғылар мен тұрларды, жылқыларды, аюларды ұжымдық шарбаққа қуып, кіргізіп аулау еді. Ерте тас ғасыры адамдары балықты, молюсканы аулауды үйренген. Неантроптардың тұрғын үйлерінің рөлін үңгірлер немесе мамонттар мен аюлардың терісін жапқан әр түрлі формадағы күркелер атқарды. Бұл кезеңде рулық, тайпалық бірлестіктерде әйелдің рөлі басым болғандықтан, матриархат кезеңі деген атауға ие болды. Қорымдардан қазып алынған аңдардың үй жануарларының сүйектері, еңбек құралдары ежелгі адамдардың арасында о дүниедегі өмірге сенімнің болғандығын растайды. Аңшылар арасында магияның орын алғандығы жөнінде Испания, Франция және басқа Европа елдерінде, Қазақстандағы атағы Таңбалы таста табылған суреттер дәлелдейді. Қазіргі адамдардың арғы ата-бабалары палеонтроптар болатын. Барлық этнографтар ды алғашқы адам баласы қай жерде пайда болған деген сұрақ мазалайды. Совет ғылымында Я.Я. Рогинбекскийдің моноцентризм тұжырымдамасы кең жағдайда пайдаланылды. Бұл тұжырымдамаға сәйкес алғашқы саналы адамдардың қалыптасқан аудандарының қатарына Оңтүстік-батыс Азия, Солтүстік-Шығыс Африка, Оңтүстік Европа, Кавказ және т.б. аудандар жатты. Дегенмен ұлы этнографтардың арасында бұл тұжырымдамаға келіспейтіндер де болды. Мысалы, Ертіс жағалауында туып өскен Г. Потанин былай дейді: «Біз тұратын осы жер адамның нағыз отаны. Бұл жерде алғаш күнге табыну пайда болды. Бұл жердің өзендері адамдар үшін туған анасындай көрінді. Адам Ата мен Хауана ананың жұмағы Ертістің жоғарғы ағысында болғандығы мен үшін ешқандай күмән келтірмейді». Европа – Азия өңірінде қалыптасқан қазіргі адамдардың ата-бабалары бірте-бірте шығысқа қарай жылжи отырып, соңғы палеолитте Индонезияны, Филиппиндерді, жаңа Гвинеяны, Жапония мен Сахалинді қоныстанды. Бұдан 30 мың жылдай уақыт бұрын Беринг бұғазы палеонтологиялық аңшылар мамонттардың ізімен Америкаға өтті. 10 мың жылдай уақыт бұрын бүкіл Американы көктей өтіп, адамдар Отты Жерге жетті. Шамамен осы уақытта қазіргі типтес адамдар Австралияны қоныстанды. 11 мың жылдай уақыт бұрын сол кездегі табиғи көпір арқылы неонтроптар Тасманиға өтті. Сөйтіп, соңғы палеолитте адамдар барлық дүние бөліктерінде өмір сүрді. Этностардың ең ежелгі типін алғашқы қауымдық құрылыстың рулары анықтады. Алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырау кезінде жекеленген рулар өздерінің шаруашылық ыңғайына қарай одақтарға біріге бастады. Мысал ретінде ондай одақтарға Солтүстік Америкалағы геропездер лигасын, Мексикадағы ацтектер одағын, Оңтүстік Африкадағы зұлұстар руларының одағын келтіруге болады. Алғаш рет құл иеленушілік қоғам кезеңінде ежелгі египеттік, ежелгі эллиндік ұлттар қалыптаса бастады. Европада халықтардың қалыптасу процесі феодализм кезеңінде ежелгі орыс, поляк, неміс халықтарының құрылуымен аяқталды. Олар әдетте, тайпалардың тегін, тілдерінің ұқсастығына қарай қалыптасты. Мәселен, поляк ұлты славяндардың поморян, вислян, мазовжан тайпаларынан, неміс ұлты – гермнадардың сакстер, алемандар және т.б. тайпаларынан қалыптасты. Халықтардың қалыптасу процесінде, олардың арасында ірі бір тайпасының тілі қалғандары үшін де ортақ тілге айналып, диалектілер бірте-бірте азая келіп, кейін олар мүлде жойылып кетті. Бірте-бірте территориялық, мәдени және шаруашылық бірлестіктер қалыптасты. Негізінде нәсілдер – халықтардың этникалық дамуының нәтижесі болып табылады. Алайда шекаралармен бөлінген кейбір халықөтар бірнеше ұлттық бірлестіктерге айналуы да мүмкін (мысалы, португалдар, галлиліктер, немістер және австриялықтар). Ежелгі орыс ұлтынан кейін ағайынды орыс, украин, беларусь халықтары өз алдына бөлініп шықты. Тілдің бірлігі – этностардың қалыптасуының басты шарттарының бірі. Әдетте, халық пен тілдің атауы бірдей болып келеді. Алайда «этникалық бірлестік» және «тілдік бірлестік» ұғымдары әсте бірдей емес. Әдетте, әрбір халық бір тілде сойлейді. Бірақ бір халықтың тұрғындарының арасында кездесетін диалектілердің көптігінен олар бір-бірін түсінбейтін де жағдай болады. Мысалы, қытайлықтар және тәжіктер.
4-лекция: Әлем халықтарының негізгі классификациясы.
Дүние жүзі халықтарын этнографиялық зерттеп білу және сипаттау оларды ғылыми тұрғыдан жүйелеп алу негізінде жасалды. Классификациялау арқылы бір географиялық регионда мекендейтін, шаруашылық және әлеуметтік дамуы жағынан бір деңгейдегі, мәдени белгілері ортақ халықтар мен халықтар тобы айқындалады. Классификация негізіне алынған бұл белгілердің әрқайсысы белгілі бір этникалық құбылыстарды зерттеу кезінде маңызды. Мәселен, туыстықты шығу тегі мен мәдениеті жағынан айқындау туыстас халықтарды классификациялауға мүмкіндік береді, мұның өзі этникалық-генетикалық зерттеулерге негіз жасайды. Алайда халықтың толық сипаттамасын, оның дүние жүзінің басқа халықтарының арасындағы орнын тек анағұрлым мәнді және іргелі классификациялық белгілердің жиынтығы ғана бере алады. Бұлардың санатына географиялық, антропологиялық, тілдік және шаруашылық-мәдени құрамдарды қосуға болады. Классификациялаудың басқа да, мәселен, діни белгілерге қарай бөлетін жанама принциптері де бар. Сөйтіп, дүние жүзі халықтарын жүйелеу этностарды және оларға тән белгілерді сипаттайтын табиғи-ғылыми және әлеуметтік құбылыстарды классификациялау жиынтығын негізге алады. Халықтарды классификациялаудың аталған түрлерінің әрбірінің маңызын қарастырайық.
Географиялық классификация адамзатты олардың мекендеу жерлеріне сәйкес жекелеген таптар мен халықтарға бөлінуін қарайды. Алайда мұның өзінде бұл классификация олардың шығу тегін, шаруашылық және әлеуметтік қарым-қатынастарының даму деңгейін, мәдени реңктерін ескермейді. Осы себепті де географиялық классификация халықтарды зерттеуден гөрі, оларды сипаттауда көбірек пайдаланылады. Сонымен бірге көршілес қоныстанған халықтардың көп жағдайда шығу тегі ортақ және мәдениеті ұқсас болып келеді. Дүние жүзі халықтары таралған географиялық региондар ғылыми әдебиетте түрліше анықталып жүр. Мәселен, совет ғылымында Орта Азияны дербес аймаққа бөлу қабылданған, ал буржуазиялық әдебиетте оны көбіне Орталық Азияға енгізеді. Байырғы жылдардың көптеген басылымдарында Орталық Азия, дұрысында, оны дербес регионға бөлуге бола тұрса да, Шығыс Азияның құрамына қосылып келді. Африканың географиялық региондары да түрліше классификациялануда. Буржуазиялық ғылымда халықтарды европалықтар және европалықтар емес деп бөлу бар. Совет ғалымдары классификациялаудың бұл тәсілін қостамайды. Сайып келгенде, тек совет этнографиясында түсінікті себептерге байланысты «Шетелдік Европа» және «Шетелдік Азия деген дербес географиялық региондар бөлініп беріледі.Дүние жүзі халықтарын классификациялаудың совет этнографиясында қабылданған жалпы түрі мынадай:
ТМД халықтары КСРО-ның европалық бөлігі Сібір мен Қиыр Шығыс, Кавказ, Орта Азия халықтары болып бөлінеді. Шетел Азиясының халықтары. Бұл – мейілінше жалпылама ұғым және шығу тегі, тарихи тағдырлары мен мәдениеті жағынан тіпті әр түрлі саны жағынан екі миллиард адамнан асатын халықтарды қамтиды. Сондықтан оны дербес региондар түрінде Батыс, Оңтүстік, Оңтүстік Шығыс, Шығыс және Орталық Азия аймақтарына бөлуге болады. Африка халықтары. Африканы шартты түрде Шығыс, Батыс, Солтүстік және Оңтүстік Африкаға бөлуге болады: Әдебиетте көбінесе Солтүстік және тропиктік Африкаларға бөлумен шектелінеді. Австралия мен Мұхиттық аралдардың халықтары. Бұл территория мынадай аймақтарға бөлінеді: Австралия және Тасмания, Полинезия, Микронезия, Меланезия. Америка халықтары. Америка үш ірі аймаққа: Солтүстік, Орталық және Оңтүстік аймақтарға бөлінеді.
Антропологиялық классификация. Антропология адамдар арасындағы әр түрлі табиғи географиялық ортадағы олардың даму барысында қалыптасқан адамдар арасындағы айырмашылықтарын зерттейді. Бірінен-бірі недәуір алшақ жерлерде, әр түрлі табиғи жағдайларда тұратын адамдар топтары арасындағы дене айырмашылықтары ғылымда нәсілдік айырмашылықтар деп аталады. Нәсілдер – тұқым қуалаушылық морфологиялық және физиологиялық мұра белгілері ортақ, белгілі шекте түрленіп отыратын тегі бір адамдардың тарихи қалыптасқан топтары болып табылады. Нәсілдер үздіксіз араласып отырады, осы себепті де олар тұқым қуалаушылықтан гөрі, тарихи қалыптасқан сипатқа ие болады. Антропология нәсілдерді жеке адамдардың емес, адамдардың территориялық топтарының жиынтығына санайды. Осы заманғы дамдарды сипаттайтын барлық негізгі морфологиялық, физиологиялық және психологиялық ерекшеліктері жағынан барлық нәсілдер арасындағы ұқсастықтар әлдеқайда күшті де, айырмашылықтары онша мәнді емес. Қазіргі заманғы нәсілдер кейінгі палеолит тұсында қалыптаса бастаған деп пайымдауға болады, содан бері олар араласу мен басқа себептерге байланысты үздіксіз өзгеруде. Нәсілдік белгілердің адамдардың тарихи дамуы үшін, адамзаттың әр түрлі топтарының, олардың мәдениетінің даму дәрежесі үшін ешқандай маңызы болған емес және болмайды да. Дегенмен, антропология деректері халықтардың шығу тегі, олардың этногенезі туралы маңызды мәліметтер беретіндіктен этнографиялық зерттеулер жүргізген кезде елеулі рөл атқарады. Сонымен қатар нәсілдер мен нәсілдік белгілерді зерттеу реакцияшыл буржуазия ғалымдарының ғылымға жат, нәсілдік концепцияларына қарсы күрес жүргізуге мүмкіндік береді. Нәсілдерді айыруға болатын белгілер әр түрлі болып келеді. Олардың кейбірі суреттемелі, басқалары өте-мөте арнаулы болады. Елеулі нәсілдік белгілердің қатарына шаштың формасы және үшінші шаш жамылғысының (сақал, мұрт) даму дәрежесі жатады. Европаны мекендейтін халықтардың басым бөлігінің шаштары әдетте жұмсақ, тік немесе толқынды болып келеді. Монголоидтардың, Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азияны және дүние жүзінің басқа да бірқатар аймақтарын мекендеуші халықтардың шаштары тығыз және тік болып отырады. Африкандықтардың шаштары қатты және бұйра болады. Европаны, Алдыңғы Азияны, Закавказьені мекендейтін халықтарда, Австралияның байырғы халықтарында үшінші шаш жамылғысы күшті дамыған. Африкандықтардың көптеген топтарының, Азияның кейбір бөлігі халықтарында ол әлсіз байқалады. Нәсілдік диагностика жасауда тері мен шаштың түсі (пигментациясы) бірталай мән атқарады. Мәселен, Солтүстік Европа тұрғындарының кей топтарының пигментациясы әлсіз болады. Терісі мен шаштарының қара болып келуі африкандықтардың басым бөлігіне тән. Оңтүстік Европаны мекендеуші халықтардың Азияның байырғы халықтарының недәуір бөлігінің шаштары қара, бірақ пигментациясы анағұрлым ашық түсті болып келеді.Нәсілдік белгі ретінде адамның бойына, салмағы мен дене пропорциясына бір сыпыра аз мән беріледі. Бойлары мен дене пропорциясы жағынан негізінен алғанда Оңтүстік Америкадағы Кейбір аласа бойлы (пигмейлік) топтар мен Оңтүстік Шығыс және Оңтүстік Азияның негритостары ажыратылады.
Нәсілдік типтерді ажырату үшін бас пен бет-әлпеті зерттеудің де маңызы аз емес. Алайда «бас көрсеткіші» деп аталатын белгілер, яғни бас сүйегінің ұзындығы мен енінің арақатынасы (ұзын-орта-қысқа басты болу) әрбір нәсілдің өз ішінде-ақ күшті түрленіп отырады да, өз тарапынан нәсілдік көрсеткіш бола алмайды. Кейбір белгілердің мысалы, мұрын формасының да классификациялық маңызы бар. Антропологиялық зерттеулер үшін көптеген арнаулы белгілер: гендер, қан группалары, саусақ терісінің өрнектері (папиллярлық өрнектер), тіс формалары туралы деректер және т.б. пайдаланып отырады. Антропология әдетте шығу тегі жағынан өзара ортақ үлкен төрт нәсілді ажыратады. Олар: европеод, монголоид, негроид және австралоид нәсілдері. Алайда нәсілдік типтердің таралу территориясы бірімен бірі тоғысып жатады, осының салдарынан ауыспалы, контакылы нәсілдер пайда болады. Оның үстіне, ежелгі, сондай-ақ аралас нәсілдер де кездеседі. Европеоидтар бүгінгі кезде барлық континенттерді мекендейді және көптеген «екінші қатардағы» нәсілдерге (немесе кіші нәсілдерге) бөлінеді. Европеоидтар арасында ашық пигментті (ақсарылар), қоңыр пигментті (қара торылар) және аралас топтар (қара қоңырлар, қоңыр-ақсарылар) көзге түседі. Европеоидтар кейбір аймақтарда, негізінен алғанда КСРО-да шетелдік Азия мен Америкада монголоидтармен аралас топтар құрайды. Монголоидтардың негізіг қоныстанған аймақтары – Сібір мен Шетелдік Азия. Кей-кейде монголоидтарға антропологиялық жағынан өзіндік ерекшелігі бар американдық үндістерді де қосады. Монголидтық нәсіл континеттік тынық мұхиттық, арктикалық, немесе эскимостық тармақтарға бөлінеді. Монголоидтар да аралас және ауыспалы типтерді құрайды. Контактылы топтарға оңтүстік азиялық, полинезиялық және басқа нәсілдік типтер жатады.Негроид нәсілінің таралу аймақтары Африкада. Негроидтар Африкадан шыққан адамдар ұрпағы Жаңа дүниеде (Америкада) кең таралған. Негроид нәсіліне негрлер, негрилдер, бушмендер мен готтентоттар жатқызылады.Австралоид нәсіліне Австарлияның байырғы халқы папуастар мен меланезиялықтар, негртостар мен Оңтүстік Шығыс Азия және Шри Ланка аралдарының ішкі бөліктерін мекендейтін бойлары аласа веддоидтер жатады. Негроид, австралоид және европеоид нәсілдері арасында көптеген ауыспалы топтар бар. Олардың қатарына Оңтүстік Азияның дравидтерін, эфиоптарды, Америкадағы, Африкадағы және жер шарының басқа да аймақтарындағы аралас топтарды қосуға болады. Контактылы курильдық (айндық) нәсілді өз бойларында монголоидтар мен австралоидтар белгілері ұштасып жататын айндар құрайды.
5-лекция: Әлем халықтарының тілдік классификациясы.
Тіл тарихы туралы деректер көп жағдайда этникалық генетикалық зерттеулер кезінде шешуші маңызға ие болады, тілдік туыстықты айқындау әдетте халықтар арсындағы генетикалық туыстықты анықтау болып табылады. Сонымен бірге өздерінің тегі ортақ және түп-тамыры бір тілдерді пайдаланатын этникалық қауымдасулардың шаруашылығы мен мәдениеті жағынан күшті айырмашылықтарының болуы тарихи себептермен түсіндіріледі. Бұл жағдай тіл туралы деректер мен тілдік классификацияның этнографиялық зерттеулер кезінде маңызын бірсыпыра шектейді, сондықтан олар этнографияда басқа деректермен қатар пайданылып отырады.Тіл тарихын салыстырмалы-тарихи тілтану ғылымы шығу тегі туыстас тілдерді, ортақ тілдік-негіздің диалектілерінен өрістейтін бір тілдік семьяға енетін тілдерді салыстыру жолымен айқындайды. Тілдік-негіз дегеніміз ежелгі тайпалардың немесе халықтардың диалектілерінің нақтылы бірлігі, туыстас тілдер тобының (тілдік семьяның) қайсысы болсын сайып келгенде генетикалық жағынан соған барып тоғысады. Екі немесе одан да көп тілдер бір тілдің эволюциялық салдары болып табылса, онда олар туыс тілдер аталады. Туыстас тілдердің жиынтығы тілдік семья ұғымымен белгіленеді. Мәселен, орыс, тәжік және ағылшын тілдері өзара туыстас тілдер болып саналады, өйткені олар ортақ индоевропалық тілдік-негізге барып тоғысады. Егер тіл тұтас этникалық территорияда дамитын болса, уақыт озған сайын оның әр түрлі аймақтарында диалектілер деп аталатын кейбір тілдік ерекшеліктер пайда болады.
Тіл қоғамдық құбылыс болып табылады және қоғамда ғана өмір сүреді: қоғамнң тілсіз өмір сүруі мүмкін емес. Тіл адамзатпен бірге пайда болып, антропогенез және кейінгі тарихи дәуірлер барысында қалыптасады. Тіл тарихи құбылыс ретінде үздіксіз дамып, оның негізгі элементтері: грамматикасы, лексикасы, фонетикасы өзгеріске ұшырап отырады. Көп жағдайда спонтандық өзгерістер байқалады, бұл ұрпақтың мұрагерлігі және кірме сөз енбей-ақ ішкі қорлануы тілдегі жаңа сөздердің нәтижесі болып табылады. Сондай-ақ өзге тілдерден кірме сөздердің енуіне байланысты өзгерістер де байқалады. Ақыр соңында, халықтың тілді алмастыруы болып өтеді. Лингвистердің есептеуінше, ерте қалыптасқан цивилизациялы аймақтарда тіл бері қойғанда бір рет, ал көп жағдайда одан да жиі алмасып отырған. Мұның өзінде бұрынғы тіл субстрат ретінде жаңа тілдің дамуына ықпал жасайды. Осы құбылыстардың бәрі бастапқы тіл-негіздің тармақталуына, тідік семьялардың, олардың тармақтарының және одан да ұсақ тілдік топтардың қалыптасуына әкеледі. Қаралған процестер басқалардан гөрі көбірек зерттелген үндіевропалық тілдік семьядан анағұрлым айқынырақ көрінеді. Бұл тіл семьясына қазіргі күндері славян, герман, роман, балтық, үнді, иран, кельт, армян, грек, албан тілдері қосылады. Көптеген үндіевропалық тілдер (ежелгі грек, латын, санскрит, авеста, Хетт патшалығының үндіевропалық тілдері хорезм, согда, скиф және т.б.) көп бұрын қолданылудан қалып, «өлі тілдер» деп аталып жүр.Үндіевропалық тілдерге үндіевропалық тіл-негізге барып тоғысатын және оны үздіксіз мұрагерлікпен жалғастырып келе жатқан тілдер жатады. Үндіевропалық тілдік семья, басқа да семьялар тәрізді, таза тарихи құбылыс және оған кіретін барлық тілдерге ортақ грамматикалық, лексикалық немесе фонетикалық сипаттама беруді көздемейді. Сондықтан да қазіргі кезде белгілі бір тілді үндіевропалық тіл ретінде айқындауға мүмкіндік беретіндей бірде-бір белгі жоқ. Үндіевропалық семьялардың констанциясы бір кездерде бұл тілдер үндіевропалық тіл-негізгі енген сәттің болғандығын, сөйтіп, олар өзара генетикалық туыстас екендігі жайлы фактіні анықтайды. Олар тек шығу тегі жағынан ғана қауымдас.Үндіевропалық тілдер семьясының қалыптасу мезгілі дәл айқын емес, алайда бұл қола дәуіріне дейін болған, ал одан кейін тілдік тармақтар қалыптаса бастайды. Қазіргі заманғы тілдер одан да кейінірек бөлінген. Мәселен, славян тілдеріндегі жағдай осылай, оладың тіл-негізінен бір кездерде шығыс славян, оңтүстік славян және батыс славян тілдері бөлініп шыққан. Өз кезегімен бұдан біршама кейінірек шығыс славян тармағынан орыс, украин және белорусь тілдері; оңтүстік славян тармағынан болгар, серб-хорват, словен, македон тілдері; батыс славян тармағынан поляк, чех, словак, жоғарғы және төменгі луж тілдері бөлінген. Аталған тілдердің әрқайсысынан жергілікті диалектілер мен говорлар айырылады.Осы заманғы тілдік семьялар қайдағы бір өте ежелгі тіл-негізге барып тоғысады да, осы себепті олардың арасында генетикалық туыстық көрінеді деген ғылыми болжам бар. Мәселен, үндіевропалық тілдердің өзге семьялармен, көбіне семит-хамит семьясымен өте ежелгі байланыстары жөнінде осыедай жорамал айтылды. Алайда қазіргі кезде лингвистикаға белгілі деректер әлі де болса мұндай генетикалық байланыстардың бар екендігін жеткіліклі айқындауға мүмкіндік бермейді.Үндіевропалық семьядан өзге мынадай ірі тілдік семьялар бар: Семит-хамит семьясы, оның семит, кушит, бербер және чад тармақтары бар. Орал семьясы, оның фин-угор және самодий тармақтары бар. Алтай семьясы, оның түрік, монғол, тунгус-маньчжур тармақтары бар. Кавказ семьясы, оның картвель, авхз-адыгей, нахс-дағыстан тармақтары бар. Конго-кордофан (нигер-кордофан), ніл-сахара және қойсан семялары. Австронезия семьясы, оған вьет, мяо-яо, монкхмер, мунда т.б. тілдік топтар енеді. Австронезия немесе малайя-полинезия семьясы. Қытай-тибет семьясы. Тай семьясы. Үнді семьясы. Давид семьясы. Папуас семьясы.
6- лекция: Шаруашылық-мәдени классификация.
Шаруашылық-мәдени классификация. Дүние жүзі халықтарын классификациялаудың аталып өткен түрлерінің ішінде тек шаруашылық-мәдени классификация ғана меншікті этнографиялық классификацияға жатады және шаруашылық пен мәдениетті этнографиялық әдістерін зерттеп білуді негізге алады. Этнология пәнін классификациялаудың қарастырылап отырған түрініңелеулі маңызы бар және этникалық тарихты, шаруашылық пен материалдық мәдениеттің пайда болу және даму тарихын, халықтар арасындағы тарихи және мәдени байланыстарды зерттеу үшін, ең ақырында адамзат мәдениетінің глобальдық үздіксіздігі мен ортақтастығын айқындап ашу үшін қажет. Этнологиялық деректер әлеуметтік-экономикалық дамудың біыңғай деңгейінде және біркелкі табиғи-географиялық орта жағдайында, тіпті тарихи өзара байланысы жоқ және әр түрлі этникалық және тілдік әр түрлі топтарға жататын халықтардың шаруашылық пен материалдық мәдениетінде ұқсас құбылыстар пайда болатынын көрсетеді. Бұл белгілер жағынан ұқсас халықтар шаруашылық-мәдени типтер (ХКТ) бойынша классификацияланады. Этнологияда шаруашылық-мәдени типке әлеуметтік-экономикалық даму жағынан біріне-бірі жақын және ортаның ұқсас жағдайларында мекендейтін әр түрлі халықтарда тарихи қалыптасатын шаруашылық пен мәдениет ерекшеліктерінің комплексі ұғынылады. Шаруашылық-мәдени типтер бүкіл адамзат тарихы бойында адамдардың қоршаған ортаға бейімделуі барысында қалыптасады. Мұның өзінде олардың біреулері өте байырғы типтер болса, екіншілері кейінірек пайда болған. Осы заманғы түрдегі адамдар пайда болғанға дейін өмір сүрген шаруашылық-мәдени типтер жөнінде ештеңе де белгісіз дерлік және бұған қатысты жорамалдар жұмыстық ғылыми болжамдардан әрі бармайды. Жаңа заманға дейін болған шаруашылық-мәдени типтер кейінгі палеолитте қалыптаса бастаған. Капитализмнің, ал онан соң социализмнің дүние жүзілік системасының қалыптасу дәрежесіне орай дәстүрлі шаруашылық-мәдени типтерде өзгерістер болып өтті. Сондықтан шаруашылық-мәдени классификация тарихы шектеулі маңызға ие және дамыған индустриалды қоғамдардың шеткі аймақтарынан басқасы осы заманғы жағдайларға аз үйлеседі. Уақыт тезіне қарай жекелеген шаруашылық-мәдени типтердің, мәселен, цивилизацияның пайда болу дәуіріндегі, орта ғасырлардағы және біздің кезіміздегі плугты егіншілік типтердің мазмұны мен саңызы елеулі түрде өзгеріске ұшырайды. Шаруашылық сипаты мен даму дәрежесі шаруашылық-мәдени типтердің негізгі, анықтауыш элементтері болып табылады. Мәдениеттің даму дәрежесі классификациялаудың бұл түрінде жанама маңызға ие, өйткені адамзат мәдениеттері мейілінше алуан түрлі және таза жүйе құруға мүмкіндік бермейді. Шаруашылықтың даму дәрежесіне қарай шаруашылық-мәдени типтер үш топқа бөлінуі мүмкін. Бірінші топ меншіктенетін салалық әрекеттің басым болуымен сипатталады (аңшылық, балық аулау, терімшілік). Екінші топқа кетпенді қол егіншілігімен мал шаруашылығының басымдылығы тән. Үшінші топ соқалы егіншілерді біріктіреді. Шаруашылық-мәдени типтердің бірінші тобы анағұрлым архаизмді және әлеуметтік-экономикалық дамудың алғашқы қауымдық дәрежесіне сай келеді. Бұл топтағы ең артта қалушы – кезбе аңшылар мен терімшілер типі, бұл тип кей жерлерде тропикалық зонаның географиялықө жағынан тұйықталған аймақтарында күні бүгінге дейін кездеседі. Бұл шаруашылық-мәдени типке жататын тайпалар металл қорыту және оны ыстық күйінде өңдеу жұмыстарыымен таныс емес. Еңбек құралдары мен қару-жарақты олар тастан, ағаштан, сүйектен, бақалшақтан және сол тәрізді заттардан жасайды.Теңіздер мен мұхиттар жағалауында негізінен алғанда балық аулаумен және терімшілікпен айналысатын кейбір халықтардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму дәрежесі кезбе аңшылар мен терімшілердегідей. Біздің кезімізде бұл шаруашылық-мәдени тип жоғалып барады.
7-лекция: Әлем халықтарының діни классификациясы.
Діннің басқа да қоғамдық құбылыс сияқты өзінің тарихы бар. Ғалымдардың көпшілігі діннің алғашқы белгілері неандертальдық типтегі адамдардың арасында болған деп санайды. Табиғаттың дүлей күштерін түсінуге санасы жетпеген алғашқы адамдар бұл құбылыстардың ар жағында тылсым, діни себеп бар деп санады. Уақыт өткен сайын діннің қарапайым үрлері күрделене түсті. Соңғ,ы палеолитте тотемизмге (жануарларға, өсімдіктерге, табиғат құбылыстарынасену) және магиялық құбылыстарға сену пайда болды. Мезолит дәуірінде магия мен тотемизммен қатар, табиғи діндердің анимизм(рухтарға, аруақтарға сену) және шаманизм (аруақтарды шақыру, адамдарды емдеу) сынды түрлері қалыптасты. Б.э.д. 1 мыңжылджықтан бастап, діннің кейбір түрлері өзінің территориясынан шығып, кең аймақтарға жайылды. Оларды әлемдік діндер деп атайды. Олардың ең ежелгісі - будда діні, ең көп таралғаны – христиан діні, ең жасы ислам діні болып табылады. Христиан діні б.э. 1 мыңжылдығының бас кезінде Оңтүстік-батыс Азияда Рим империясында өткір әлеуметтік және ұлтаралық күрес болып жатқан кезде қалыптасты. Жаңа дін шыдамдылықты, кешірімділікті уағыздады. Сондықтан басқару шеңберіндегілер жаңа дінді бірден қабылдап, оған қолдау көрсетті. Христиан дінінің сенімінің негізі – Исус Христостың құдайлық әрі адами қасиеттердің иесі екендігі және оның жерге түсіп,адамдардың күнәсін көтеру мақсатында өзін аса қинап өлімге қиюы болып табылады. Христиан дініне тән монотеизм (бір құдайға сену) құдайдың үш өкілі болатыны (құдай-әке, құдай-бала және құдай-қасиетті рух) сеніммен байланыстырылады. Христиандар рухтың мәңгі өмір сүретініне, о дүниеде өмірдің барлығына, жұмақ пен тамұққа сенеді. 1054 жылы Византия императоры мен Рим епископының арасындағы қиян кескі күрестің нәтижесінде христиан діні екі бағытқа православие мен католицизмге бөлініп кетті. Католицизм кейінірек аса қуатты діни ұймға айналып, рим папасына бағынатын болды. Екінші әлемдік дін – ислам - VII ғасырда Арабия түбегінде пайда болды. Оның негізгі догматы бір құдайға – Аллаға сену. Жаңа діннің негізін салушы құдайдың елшісі, соңғы пайғамбар Мұхаммед. Исламға сенуші мұсылмандар христиандар сияқты жанның мәңгілігіне, о дүниедегі өмірге, жұмаққа т.б. сенеді. Сонау VII ғасырда Араб халифатындағы өзара қырқысу соғыстарының нәтижесінде исдлам үш негізгі бағытқа бөлініп кетті: хариджиттер, сунниттержәне шииттер. Әлемдегі мұсылмандардың 90 пайызы сунниттерге жатады. Олар, мұсылмандардың қасиетті кітабы Құраннан басқа «Суннуға», яғни «Қасиетті аңызға» сенеді. Шииттер пайғамбардың алғашқы ізбасарларының өсиеттеріне ғана сенеді. Қазіргі кезде шииттер негізінен Иранда, Иракта, Ливанда, Иеменде және Бахрейнде, Ауғанстандда, Пакистанда, Индияда, Сирияда тұрады. Суннизмнің VIII-IX ғасырларда қалыптасқан 4 мектебі бар. Олар: ханифит, маликит, шафкит, ханбалит мектептері. Исламның кең танымал бағыттарының бірі суфизм болып табылады. Суфизм өз құрамында мистицизмді, ислам философиясын, дүниені танудың ғылыми және діни тұжырымдамаларын енгізген. Үшінші әлемдік дін – буддизм – Оңтүстік Азияда б.э.д. VI-V ғасырларда пайда болды. Ол сол кездегі касталық құрылысқа қарсы болыфп жұрттың бәріне бірдей «бостандыққа» шығудың жорлын көрсетті. Буддизмнің негізгі идеясы – зорлық, зомбылықты зорлықпен жеңуге болмайтындығын уағыздау. Кейінірек буддизм екі бағытқа хинаянаға және махаянаға бөлініп кетті. Буддизмнің негізін салушы аты аңызға айналған Будда (Сидхартха Гаутама) тек ұлы ұстаз ретінде бағаланады. Бірақ одан басқа жүздеген буддалар бар. VII ғасырдан бастап буддизм Тибеттің мемлекеттік дініне айналды. Махаянада ламаизм бағыты бөлініп шықты. Орталық Азияның далаық бөлігінде б.э. дейінгі ІІ мың жылдығының ортасында зоорастризм діні пайда болды. Оңтүстік Азияда брахманизм мен индуизмнен басқа діндер джайнизм мен сикхизм қалыптасты. Қытайда б.э.д. VI-V ғасырларда даосизм және конфуцизм пайда болды. Шамалап бағалағанда, қазіргі кезде әлемде 2 млрд. үстінде христиандар, 1 млрд-тың үстінде мұсылмандар, 1 млрд-тың үстінде индуистер, 324 млдн буддистер, конфуциондар – 200 млн ,90 млн синтоистер, 30 млн даосистер, 15 млн иудаистер, 19 млн сикхоқтар, 5 млн джайндар өмір сүреді.
Достарыңызбен бөлісу: |