ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет41/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
#109
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   45

А.Байтанаев


Байтанаев Амантай (10.3.1922 жылы туған, Шымкент облысы, Түркістан қаласында) – жазушы. Отан соғысына қатысқан. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін (1949), КСРО Жазушылар одағының жоғарғы әдеби курсын (1960) бітірген. 1945-50 жылдары республикалық газет, журналдарда, 1950-70 жылдарда баспа орындарында қызмет етті. А.Байтанаевтың балалар өмірінен жазылған тұңғыш туындысы “Болат” 1954 ж. жарияланды. Кейін осы тақырыпты одан әрі жалғастыратын “Ерденнің басынан кешкендері” (1957), “Асан” (1961), “Дала сыры” (1982) повестері, тың игерушілердің ерлігін бейнелейтін “Жаңғырды дала” (1965), “Қайнар бұлақ” (1968), замандастар бейнесі сомдауға арналған “Қыран самғауы” (1976), Отан соғысы дәуіріндегі ел өмірін, халық тұрмысын суреттейтін “Таң сәрі” (1979) романдары жарияланды. А.Байтанаев аударма саласында да еңбек етіп, М.Горькийдің “В.И.Ленин” очеркін, Н.В.Гогольдің “Күйме” повесін т.б. шығармаларды аударды. 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, медальдармен марапатталған.

Жазушы Амантай Байтанаевтің “Таң сәрі” романы үш тараудан тұрады. Романның орталық кейіпкері - Айдарқан. Кейіпкерлері – Айдарқанның сүйген қызы, кейіннен жары, медсестра Айымгүл, досы Мергенбай, анасы Зерегүл, Айымгүлдың анасы Панагүл, құрбысы Балшекер, сол сияқты Мергенбайдың ата-анасы Көлбай мен Сырбике, ауыл қарттары Танабек шал мен Қалампыр кемпір, дәрігер Бекәділ, тағы басқалар.

Романның бірінші тарауында соғыстан бұрынғы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігі, жастар арасындағы сүйіспеншілік баяндалады.

Айдарқан – жиырмадан жаңа асқан жас жігіт. Ауылдың есепшісі. Жас жігіттің махаббатын оятып, өзіне ынтықтырған Айымгүл – бала күннен таныс жан. Айдарқан мен Айымгүлдің әкелері шахтада бірге жұмыс істеген. Екеуі де шахта құлағанда, астында қалып, опат болады. Біраз уақыт көріспей кеткен қыз бен жігіт қайта қауышады.

Әр түрлі адамдар тағдыры мен мінезі, іс-әрекеті роман оқиғасының желісі бойында көрініп отырады. Айдарқанның досы Мергенбай жеті жылдық мектепте мұғалім. Сол Мергенбай ата-анасының ұйғарымымен өзі сүймеген Бибішке үйленеді. Жас жігіт Айымгүлдің құрбысы Балшекерді ұнатып, оған көңілі құлайды.

Қарапайым еңбек адамдарының іс-әрекет, мінез-құлықтары жазушы шығармасында нанымды берілген. Мысалы, Танабек қарттың шәлкестеу мінезі, қыңырлығы, бірақ еш арамдық пиғылы жоқ ақ көңілділігі, Қалампыр кемпірдің ұрысқақтығы қызықты оқиғалармен суреттелген. Бегәділ дәрігердің алдына келген Танабек “Сен доқтырсың, менің қай жерім ауыратынын өзің тап”, - деп қырсығады.

Жазушы әрбір кейіпкерінің тағдырын, басынан кешірген өмірін шегініс жасап баяндау тәсілімен беріп отырады. Сол арқылы роман кейіпкерлері оқырманына кеңінен таныс болады. Тіпті ең жас кейіпкер Төрехан бала да шығармада өзіндік орны бар кейіпкер.

Ауыл адамдарының бірқалыпты тыныс-тіршілігін зұлмат соғыс бұзады. Сүйген жарын келін етіп босағасына ендіруге үлгірмей, Айдархан соғысқа аттанады. Онымен бірге сүймей қосылған жарына шындығын айтып, туған босағасына оралуға рұқсатын беріп, көңілі Балшекер қызға ауған Мергенбай аттанады. Ауыр да алыс сапарға бұларды шығарып салып ата-ана, сүйген жар қалады. Сонымен бірге Мергенбай мұғалімінің соғысқа кетуін қаламаған. Төрехан бала қалады шырылдап...

Романның екінші тарауында жүріп жатқан соғыс, оның бейбіт елге салған лаңы сутеттеледі. Айдарқан мен Мергенбай полк көлеміндегі үш айлық кіші командирлер оқуын бітіріп, бөлімше командирі болған. Екеуі бір батальон, бір ротада. Тек взводтары ғана бөлек.

Көп ұзамай екі жігіт бір топ қазақ солдаттарымен бірге Алматыға келіп түседі. Екеуі жаңа құрала бастаған жүзінші атқыштар бригадасындағы бірінші батальонға келеді. Мәскеу үшін жүріп жатқан шайқастағы жауынгерлер санын толықтыру үшін осы бірінші батальон шұғыл түрде майданға аттанады. Бірақ Айдарқан мен Мергенбай жаңа солдаттарды әскер өнеріне баулу үшін қалдырылады. Айдарқан командирлер дайындайтын училищеде оқуға өтініш жасап, бұл өтініші қабылданады. Көп ұзамай пулеметші-атқыштар командирін дайындайтын әскери училищеге жөнелтіледі. Ал, Мергенбай болса жүзінші ұлттық бригада штабында қалады...

Училищеде оқып жатқан кезінде елден – Айымгүлден хат келеді. Хатта Айымгүл босанып, ұлды болғанына сүйінші сұрайды. Ұлын Бегайдар деп атапты... Осындай хатты Мергенбай да алған. Балшекер де ұл босаныпты. Атын Медет қойған.

Романның осы тарауының келесі тараушаларында Айдарқанды майдан даласынан көреміз. Майдан даласына келген жол да жеңіл болмаған. Қарамағындағы солдаттардың әр қилы тағдыры жүрек сыздатарлық. Майданда кездескен ұлты татар Рафхат, қазақ Дәрмен сияқты қарапайым жандар өзіндік болмыстарымен Айдарқанның қымбат та қимас адамдарына айналып үлгірген. Қым-қиғаш соғыс, қанды майдан суреті шынайылықпен беріледі. Сол майданның қақ ортасында жүрген Айдарқан тағдыры да азапты. Жараланған ол Дондағы Ростов қаласының госпиталіне түседі. Дәрмен болса оққа ұшқан. Жарасы жазылып, қайтадан майданға оралған Айдарқан ең әуелі резервтегі офицерлер қатарында болады. Сонан соң барлаушылар ротасының командирі болады. Небір қауіпті сапарларды басынан кешіреді. Полковник Никоновтың бұйрығымен қасына Петр мен Андрей бастаған үш-төрт жігітті алып, жау штабын қоршап, дұшпандарды тірідей қолға түсіреді. Мақсатта сол – “тіл” әкелу болатын. Осы ерлігі үшін Айдарқан бірінші дәрежелі Даңқ орденімен наградталады. Ал, Андрей мен Петр “Қызыл жұлдыз” орденіне ие болады. Тағы бір барлау сапарында минаға түсіп, Айдарқан ауыр жараланады. Жауған оқтың астынан оны Андрей мен Петр алып шығады...

Романның үшінші тарауында осы бір ауыр кезеңдегі ауыл тіршілігі баяндалады. Кешегі мектеп оқушысы Төрехан енді өзін ауылдың азаматы санайды. Іске жарар ер-азамат атаулы майданға кеткенде, олай болмасқа амалы да жоқ. Соғыс оны ерте есейткен.

Көлбай қарттың көңілі алаңдаулы. Ұлы Мергенбайдан “Соғыста ерлікпен қазап тапты” деген хабар келген. Келіні Бибіш болса, кетуге рұхсат сұраған. Бұл жайды жеткізіп отырған – кемпірі Сырбике... Келін тағы бір сырдың шетін шығарған. Балшекер қыз дүниеге әкеліп, бүгінде жетелеп жүрген сәби Мергенбайдан екен... Бұл хабар қарттарды ерекше толқытады. Көлбай қарт ендігі үміті, ендігі сүйеніші – немересі Медетті босаға аттамай қалған келіні Балшекермен үйіне әкелмекші. Қарт дегеніне жетеді. Жетім көңіл жұбаныш тапқандай болады...

Ал, Айымгүл болса, Бегайдарын жетелеп, жұмысын атқарып, күн кешуде. Оның мазасын кетіретін – дәрігер Бегәділ. Өзіне тұрмысқа шығуын ұсынады. Айымгүлдің бар арман-тілегі – Айдарқан. Соның жолын күтеді.

Көп ұзамай соғыстан Айдарқан оралады. Сау емес, жарымжан. Көзі көрмейді. Бір қолдан айрылған. Оны ауылына дейін әкеліп салған – госпитальдан еліне жеткізу үшін қосып берген Оля деген медсестра. Туған жерде деген сағыныш Айдарқанды ерекше баурайды. Көзі көрмесе де көңілімен туған даласын емірене аймалағысы келеді.

Зерегүл ана жарымжан болып оралған ұлын жүрегі жарыла қуанып қарсы алады. Қуаныш үстіне қуаныш-бұның да босаға аттап үлгірмей қалған келіні Айымгүл, немересі Бегайдармен табысады. Көптен күткен жеңіс сағаты да соққан осы мезетте...

Міне, соғыс салған ойранды оқиға еткен роман осылай тәмамдалады. Өмір жалғаса береді. Осы ақиқатты автор кейіпкерлерінің тағдыры арқылы бейнелеп берген.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет