Сырт киімдер бойынша
Ішік. Қазақ салты бойынша, қасқыр ішікті жиырма беске толмаған жастар кимеуге тиіс. Өйткені қасқыр ішік жас адамның жалыны мен тері қызуын тұмшалап, оны ауруға ұшыратуы мүмкін. Екі адам боранда адасып
кетіп, қасқыр ішікті аман қалып, қасындағы адам үсіп өлсе, оның туған – туыстары аман қалған адамнан құн даулауға құқылы. Себебі, бір қасқыр ішік екі адмды суықтан қорғап қала алады. Мұның бәрі дала заңында бекітілген тәртіп. Ішік қазақта сый – сияпат, киіт орнына жүрген.
Шапан. Қазақтар оны «жағалы киім» ретінде бағалайды. Адамға «шапан кигізу», «иығына шапан жабу» – үлкен құрмет. Бұрындары хандар батыр, би, жақсы – жайсаңдарына дәреже бергенде соның белгісі ретінде арнайы тіктірткен шапанды олардың иығына жапқан, түрлі мемлекеттік қатынастарды бекіту белгісі ретінде де шапан жіберетін болған. Қазақта ат мінгізіп, шапан жабу дәстүрі қазір де бар. Ханның өзі киген шапанын сыйға алу – қазақ халқында үлкен мәртебе.
Жейде. Ұзақ жасаған, халқына өте қадірлі болған, бақытты тұрмыс құрған қариялардың жолын берсін деп, олардың жейде – көйлегін сұрап алып, ырымдап киген. Мұндай киім өте тозыңқы болса, оны алғысы келгендер көбейіп кетсе, әлгі киімді бұзып, кішкентай беторамал көлемінде тәбәрік деп бөліп алған. Қариялар бұрындары көп бала тапқан әйелдердің бұткиімін бала көтермеген әйелдердің сұрап, қалап алғанын да айтады. Әйел босанарда толғағы жеңіл болсын деп көйлегінің шетін де жыртып, «жол ашу» ырымы жасалатын көрінеді.
Шалбар. Қазақтар шалбар мен етікті отырып киюге тиіс. Оларды соғыс кезінде ғана тұрып киген. Ұл тапқысы келген әйелдің еркектердің қару – жарақтарын, шалбарын басына жастап жататын, қыз тапқысы келген әйелдің қызыл ала шыт, әйелдің жүзігін, сырға, алқа тәрізді әшекейлерді басына жастап жататын ырымы ерте кезден келе жатқан наным – сенім.
Сырт киімдерге қатысты ырымдар мен тыйымдар
Баланы бесікке салғанда бесіктің үстіне жеті түрлі сырт киімдерді (шапан, тон т.б.) жабатын ырым бар. Киімнің жағасын баспайды. Ол жамандық шақыру. Киімді бисмилла деп оң қолдан, оң аяқтан бастап киеді, сол аяқтан, сол қолдан бастап шешеді. Киімді желбегей жамылуға болмайды. Өйткені аруақтар ғана (мүрделер) жеңсіз кебін киеді, кебінін желбегей жамылып үйге кіреді, екі қолы жоқ адам да киімді желбегей жамылады. Тозбаған киімді тастау да – жаман ырым.
Неке киімдеріне қатысты салт – дәстүр
Сәукеле. Оны қыз ұзатыларда әкесінің үйінде, оң жақтағы үкілі тақиясының орнына кигізеді. Келін болып түскеннен кейін сәукелені шешіп алып қояды да жас келін бір жыл бойы желек жамылып жүреді.
Орамал. Ұзатылған қыз өзіне таяу сіңілісіне басына тартатын орамалын береді. Бұл «ендігі кезек сенікі, бақытыңды тап» деген тілек. Мұны «шарғы салу» деп атайды .
Той киіміне қатысты ырымдар мен тыйымдар.
Жаңа түскен келіннің бетін тобылғы сапты қамшының басына қызыл торғын орамал байлап ашатын дәстүр бар. Бұл – «келіннің беті айдай жарық болсын, жемісті ағаштай ұрпағы көп болсын» деген ырым. Күйеу жігіт қалыңдығын алып ба-ра жатқанда оның етегінен басып, шапанын алып қалады. Бұл күйеу бала киімін жаңаласын, өмірі ажарлансын деген ғұрып. Жаңа түскен келін киімін тектен-текке қыс-қарта беруге тиісті емес. Олай жасаса, нәрестесінің кем болып тууы мүмкін. Шақырылған қонақтар жолына, жасына, дәрежесіне қарамай арнайы әзірленген қонақ үйлерге түсіріліп, қыз-жігіттер оларға қызмет көрсететін. Той малы сойылып, саба-саба қымыз ішіліп, сыбағалы табақтар тартылғаннан кейін, жаяу жарыс, қыз қуу, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу секілді өнер сайыстары өткізілетін.
Дәстүр бойынша тойдың екінші күні балуандар күресі басталады. Балуандар күресі әрі қарай көкпарға жалғасып, көкпар аяқталғаннан кейін кешке айтыс және ән салу, күй тарту, жұмбақ айту, «Балтам тап», «Хан», «Мыршым» секілді ойындар ойнатылатын.
Қыз ұзату тойының келесі бір белгісі - кешқұрым ақ отаудың алдында «Жар-жар» айтатын қыз-жігіттердің бас қосуы.
Өзбекәлі Жәнібеков өз еңбектерінде: «Жар-жарды», «Сыңсу», «Аужармен» қоса қалыңдықтың ұзатылатын сәтінде оның өз үйіндегі тойда, ата-анасымен, жора-жолдастарымен қоштасу ретінде өткізетін болған» - деп көрсеткен.
Жар-жар айтудың тәртібі бойынша алдымен бір жігіт бастап, қажет жерінде жігіттер тобы қостайды. Ал жауап сөзді құрбылары қостаған қалыңдықтың өзі қатады. Жар-жар мазмұны жағынан алып қарағанда қалыңдық пен ауыл жігіттерінің айтысы тәрізді, сондай-ақ бір ауылда бірге өскен қыз-бозбалалардың бір-бірімен қоштасуы. Жігіттер жағы үлгілі, әдепті бол, қайын ата, қайын енеңді сыйла, туған ауылыңа сөз келтірме деп наздарын айтады. Егер қалыңдық баратын жеріне, болашақ күйеуіне көңілі толмаса, әкесіне, ел-жұртына жар-жар айту сылтауымен өзінің наразылығын да айтып салады. Бірақ, қазақтың қалыптасқан дәстүрі бойынша бұл есепке алынбайтын болған.
Кешке қарай қыз туыстары қыз бен жігіттің некесін қидырады. Неке қию мұсылман дінінің қағидаларына сай өткізіледі. Қыз анасы күміс жүзік, сақина және садақ жебесі салынған сырлы тостағанға су құйып, молданың алдына жайылған ақ шүберекке қояды. Неках дұғасын оқыған молда күйеуден, қалыңдықтан, куәлардан, қыз әкесі мен бас құдадан ризалық алып, су ұрттатады.
Неке қиылғаннан кейін ұзату тойы да аяқталады. Қыз үйінен күйеу еліне аттанарда қимас өз ауылын аралап жүріп, жақын туыстарымен қоштасады. Қоштасудың негізгі мәні – үйлердің адамдарымен ғана жүздесіп шығу емес, әр туыстың от орнымен, шаңырағымен қоштасып, сол шаңырақ иелерінен, дәстүр бойынша, ескерткіш есебінде ұсынған сыйлықтарын қабылдап, ықыластарына ризашылық білдіріп, олардың сыйлықтарын көзіндей көріп жүруі. Бұл салт ел ішінде «танысу» деп аталған.
Соңынан ата-анасымен, жұртымен, құрбы-құрдастарымен қоштасып, «сыңсу» айтып, өзінің жаңа үйіне кете барады.
Қазақ халқының киiмi басқа ұлттардан өзгеше өзiндiк қасиетке толы. Мұның басты себебi қазақ халқының табиғат төсiнде өсiп, еркiн ғұмыр кешуімен байланысты. Өткен ғасырлардың өзінде-ақ киіміне қарап адамның ұлтын ғана емес, сонымен қатар оның қандай дінді ұстанатындығын, қала адамын ауыл тұрғынынан, бойжеткенді жас келіншектен айыруға болатын еді. Сонда біздің ата-бабаларымыз, соның ішінде әйел заты қалай киінген? Мұндайда тарихи деректер, саяхатшылар жазбалары, көне сызба-суреттер сыр шертеді.
Қазақтың ұлттық киімдерінде оның этникалық тарихы мен экономикалық, әлеуметтік және табиғи ортаның ерекшеліктерінен туындайтын көне дәстүрлері сақталған. Олар пайдалану, қолдану ерекшеліктеріне байланысты күнделікті және сәндік киімдерге, жыл мезгілдеріне қатысты қыстық, маусымдық және жаздық киімдер болып бөлінеді. Қазақтың ұлттық киімдерін жас пен жыныс ерекшелігіне қарай: сәби, бала кездегі киімдер, жігіт, қыз боз бала дәуірінің киімдері, орта жас, сар кідір кезеңдегі киімдері деген сияқты түрлерге жіктеуге болатындай. Сондай-ақ қандай кәсіби салаға қатыстылығына қарай – жұмыс киімдері, бір киер сәндік киімдер, үй киімдері, іш киімдер, сырт киімдер, аңшы, малшы, басшы, жауынгер киімдері деп те бөлінеді. Жыл мезгіліндегі тұтынысына қарай жаздық, қыстық, күз-жазғытұрымғы (демисезондық) киім деп ажыратылады. Адамның дене мүшелеріне сәйкес бас киім, ұлы дене киім, аяқ киім деп жіктеледі.
Сондай-ақ қазақ халқында қалыптасқан дәстүр бойынша әр рудың, әр қоғамдық жiктiң, кәсiп иелерiнiң киiм киюiнiң өзiндiк ерекшелiктерi сан алуан. Мысалы: сал-серiлердiң, қожа-молдалардың, байлар мен билердiң, бақсы-балгерлердiң, кедей шаруалардың, аңшы-саятшылардың т.б. киiмдерi бiр-бiрiне мүлде ұқсамайды. Осындай ерекшелiктердi бас киiм кию дәстүрiнен де байқауға болады.
Киім тақырыбына қалам тартқан этнограф С.Қасиманов қазақтың киімін сипатына қарай iштiк, сырттық, сулық, бiр киер, сәндiк және кейбiрiнде салтанат ғұрып киiмi деп бөледі. Бiр киер киiм деп қымбат маталардан әшекейлеп тiгiлген, той-думандарға, жиын-топтарға барғанда, өзге елге сапарға шыққанда киетiн сәндi киiмдердi атаған. Қазақ салтында ер жiгiт егеске түсерде, соғысқа барарда киiмдердiң ең жақсы көрнектiсiн киген. Iштiк киiмдерi – көйлек, дамбал, желетке, қамзол, кәзекей, сырттық киiмдерге – шапан, күпi, кеудеше, тон, шидем, сулық киiмдерге— шекпен, қаптал шапан, кебенек, кенеп, сырттық жатады .
Қазақтың ұлттық киiм үлгiлерiне көшпелi тұрмыс пен құбылмалы ауа райына бейiмделе дамуына көршi халықтармен арадағы мәдени-экономикалық байланыс, шаруашылық-мәдени тип, тiршiлiк қамы мәдениетi әсер еткендiгi сөзсiз.
Жас қыздар бүрмелі етекті көйлек, бешпет, камзол, қынама бел киімдер киеді. Бастарына үкі кепеш, аяқтарына мәсі, оюлы кебістер киген. Бойжеткен қыздар кәмшат бөрік киеді, сәндеп өрнектеген ақ шыт тартады.
Тұрмысқа шыққан қыздар алғашқы жылы сәукеле, күнделікті өмірде желек киеді де, балалы болған соң сәукелесін тастап, шылауыш орамал жамылады. Жас келін деп үлкен кісілерді көрген кезде бетін желегімен көлегейлеп жүреді, бұл иба көрсеткені. Әлеуметтік мәртебесі бекіп, бірнеше балалы болған соң кимешек шылауыш киеді. Кимешекті қызыл жіппен шым кестелеп кисе күйеуі барлығын, ал ақ жіппен жай ғана су тартып кисе жесір әйел екендігін көрсетеді. Шылауышты кимешектің үстінен тартады. Әйелдер тері бұлғары мәсі-кебіс, қыста қозы елтірісінен ішік киеді. Елтірі ішік ақ, қара, күрең болады .
Әйел киiмдерiнiң қазақ елiнiң бәрiне мәлiм ортақ түрлерi: көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, қамзол, кәзекей, кебiс-мәсi, көкiрекше сияқты заттар. Әшекей, ажар жағынан қыз бен келiншек киiмдерi, орта жастағы әйелдер мен қарт бәйбiшелердiң киiмдерi деп төрт топқа арналып тiгiледi.
Достарыңызбен бөлісу: |