Мыржақып Дулатов (1885-1935 жж) Қазақ ақыны, публицист және аудармашы. Қазіргі Қостанай облысының Сарықопа өңірінде, дүниеге келген
1905 жылғы революциялық дүмпу күндерінде ол Қарқаралыда, демонстранттар қатарында болды. Кейіннен Оралдағы қазақтардың конституциялық – демократиялық партиясы съезінің жұмысына қатысты (1906ж.), осы съезд делегаттарының құрамында Петербургке барды.
1907 жылы “Серке” газетінің алғашқы нөмеріне жарияланған “Жастарға” атты өлеңінде ақынның бірінші орыс революциялық баскөтеруінде басынан кешірген сезімдері суреттелген. М. Дулатұлының ұлттық өлкелердегі патша саясатының сұрқиялығын әшкерелеген “Біздің міндеттеріміз” атты мақаласы “Серкенің” екінші номерінде жарияланды. Сол себептен бұл газетті шығаруға тыйым салынды.
М. Дулатұлының “Оян қазақ” атты тұңғыш жыр жинағы 1909 жылы жарық көрді. Кітап сол кездегі жастардың манифесіне айналды. Жандарма қуғындау бастады. Ақын бір жарым жылын Семей түрмесінде өткізді. Жинақ негізінен отаршылыққа қарсы өлеңдерден тұрды.
1910 жылы М. Дулатұлының “Бақытсыз Жамал” атты романы, ал 1913жылы “Азамат” өлеңдер жинағы жарық көрді. 1915 жылы ақын “Терме” деп аталатын әдеби- публицистикалық кітабын жариялады.
М. Дулатұлының Ш. Уәлиханов, А. Кунанбаев, А. Байтұрсынұлы туралы мақалалары, екі бөліктен тұратын “Қазақ кітаптарының библиографиялық көрсеткіші”, т.б. туындылары нәзік эстетикалық талғамымен және тереңдігімен ерекшеленеді.
1913 жылдан Орынборда шығатын “Қазақ” атты газетінде Мыржақып А. Байтурсынұлымен бірге белсенді еңбек етті. М. Дулатұлы “Алаш” партиясының бағдарламасын түзеушілердің бірі болды. “Қазақ” газетін басқарды, “Алашорда” үкіметінің Әскери Кеңесінің мүшесі болды, Кеңес үкіметіне қарсы соғысқа қатысты.
1919 жылы Мыржақып көптеген алашордалық қозғалыс қайраткерлерімен бірге Кеңес үкіметі жағына шықты.
20-30 жылдары М. Дулатұлы “Ақ жол”, “Еңбекші қазақ” газеттерінің, “Қызыл Қазақстан” журналының редакцияларында еңбек етті, аудармашылық қызметпен айналысты.
Қазақ зиялыларына қуғындау басталған кезде М. Дулатұлы да тұтқындалды, 1930 жылы ату жазасына кесілді. Бірақ бұл жаза 10 жыл түрмеге отырғызумен ауыстырылды. М. Дулатұлы Соловецк лагерінде 1935 жылы 5 қазанда көз жұмды. 1988 жылдың қарашасында ақталды.
М. Дулатұлы соңына асыл мұра қалдырды. Ол әдеби тілдің кемеңгер білгірі болды. Оның шығармалары азаматтық пафоспен қатар, көркемдік шеберлігінің қуатымен де ерекшеленеді. М. Дулатұлы – халықтың саяси санасын оятқан үркердей шоғырдың жарық жұлдыздарының бірі.