Қазыбек би жӘне ОНЫҢ дӘуірІ
Қаз дауысты Қазыбектің кіндік қаны тамған топырағы, туған мекен-жайы, ешбір хат-шотта сақталмаған. Ж.Омаридің пікірінше даңқты бабамыз Сыр бойында туыпты. Өйткені он жетінші ғасырдың екінші жартысында Жоңғар хандығының басым түсіп отырған шабуылының әсерінен ата қонысынан ығысқан Қазақ жұртының Алтай мен Арқаны еріксіз тастап, Сыр бойы мен Қаратау өңіріне жөңкіле құйылғаны тарихтан мәлім. Қаз дауысты Қазыбек тарихи деректер бойынша 1667 жылы сол өңірде туып, 1764 жылы тоқсан жеті жасында дүниеден өткен (5,38).
Қазыбектің сүйегі – Орта жүз Арғын ішіндегі Қаракесек (Болатқожа). Қазыбектің өз әкесі – Келдібек, ұлы әкесі, яғни атасы Абыз атанған Шаншар. Бабасы – Бұлбұл. Шетінен тілге шешен, сөзге ұйыған, уәжге тоқтаған біліктілер болыпты бұлар. Қазыбектің атасы Шаншардың ескіше көп оқып, көп тоқып, төңірегіне ақыл -кеңесімен, үлгі-өнегесімен ерекшеленіп Абыз атануы да тегін емес.
Қазыбектің анасы – Тоқмейіл. Қазыбек – осы Тоқмейілден туған алты баланың ең үлкені екен. Тоқмейілдің әкесі Сүлеймен деген кісі осынау ғұлама жанмен көрші болу үшін қасына әдейілеп көшіп келмесе, Келдібек пен Тоқмейілдің бір-бірімен кездесуі, отау құруы жайындағы ел аузында аңыз болған хикая таралмас па еді, халықтың кемеңгер көсемі болған Қаз дауысты Қазыбек өмірге келмес пе еді. Әрине, себепке себеп десек те, талғампаз тағдырдың кей-кейде қиыннан қиыстырып, алысты жақындатып, болмасты болдыртып, осындай бір құдіреттерді жасай алатынына таң қалмасқа және болмайды. Қалай десек те, 1667 жылы шыр еткен іңгәсімен дүние есігін ашқан нәресте – өсе келе Үйсін Төле бимен, Алшын Әйтеке бимен терезесін теңестіріп, қазақ халқының кемеңгер үш биінің бірі – Қаз дауысты Қазыбекке айналып еді.
«Қазыбектің ат жалын тартып мінген тұсы халқының қиын-қыстау тағдырымен дөп келгендіктен жүйрік мініп, сұлу киініп, бала тірлік кеше алмаған. Әрине, бедеу мінгізіп, бүлде кигізіп, нөкер ертем десе, қызды ауылдың сыртында түн күзетіп, торғын шапан жамылған бұлықсыған бойжеткенді оңаша құшам десе, әке дәулеті жетер де еді. Бірақ, есі кіргеннен ел бетіндегі мұңды ел бетінен қууды, сол мұң торлаған ел жүзіне күлкі шырайын енгізуді өмірлік мақсат қып алған ғой. Содан да ол ел ісіне ерте араласып, ел дауын шешуді өз басына ғұмырлық міндет етіп еншілеп алып, ел бірлігін сақтаудың төте жолына тайсалмай түсіп кеткен-ді» (6).
Бала би деген аттан дана би деген атаққа дейін көтерілген Қазыбектің ғұмыр жолы он жетінші, он сегізінші ғасырлардағы қазақ халқының аса бір қилы кезең, дүрбелең дәуірінің шытырман оқиғаларымен тікелей байланысты.
1680 жылы, Қазыбек он үш жасқа толғанда кейінде әз Тәуке атанған Тәуке қазақ хандығының тағына отырып еді. Есім ханның кезінде "алты алаш" атанып: Қазақтың үш жүзі мен ноғай, башқұрт, өзбекті құраған қазақ даласындағы хандықтың бірлігі әлсіреп, ноғай, башқұрт, өзбек одақтары ыдырап, енді "төрт алаш" атауымен үш жүзге қырғыз ұлысы қосылып, Тәукенің қол астына жиналады. Осы терт алаштың басына төрт биді – ұлы жүзге Төлені, Орта жүзге Қазыбекті, Кіші жүзге Әйтекені және Қырғыз биін қырғыз ұлысына қойып, солар арқылы ел басқару тізгінін өз қолында ұстап отырған.
Тәуке тұсында қазақтың шығыстағы көршісі – Жоңғария хандығының негізгі халқы – ойраттар ат арқасын құрғатпай жиі шабуылдап тұрған. Бірде ойрат, бірде қазақ жеңіп, ит-жығыс түсіп жатқан жерде елшіліктің, мәмлегерліктің ықпалы мол болады. Сондайда атақты үш бидің еңбегі ерекше сіңген. Ол жөнінде белгілі әдебиетші-ғалым С.Негимов былай дейді:
«Қаз дауысты Қазыбек Жоңғария хандығына елшілік, мәмілегерлік жолмен үш рет барған. Бұған ел аузындағы аңыз-әңгімелер куә. Жол бастаған көсемнің, сөз бастаған шешеннің атақ-даңқы бірінші рет атқосшы ретінде барғанда-ақ шыққан. Жобамен айтқанда, ХVІІ ғасырдың 80-жылдарына сәйкес. Жас шамасы 14 пен 15-тегі кезі. 1680-1684 жылдарда жоңғарлықтар Қазақ даласына ойран салып, мал-мүлкін алып, кісілерін тұтқындап, қанды қырғынға ұшыратқан. Бұл кезде ел тізгінін ұстаған Тәуке хан еді. Қалмақ хонтайшысы Ғалдан Бошакту (кейде Қоңтәжі деп те атайды) еліне Тайкелтір би бастаған елшілер тобын ұйымдастырған Әз Тәуке тәрізді. Сонда Әз Тәуке дана биге Қазыбек баланы тапсырып, жауды алмас қылышпен әлсіретіп жеңуге болады, мылтықпен дәлдеп атып жер жастандыруға болады, сегіз қырлы семсер сөзбен тереңнен толғап елжіретіп жеңуге болады деген екен. Мал-жанды тегіс құтқарып, дүние-мүлікті Қаз қалпында елімізге алып қайтыңдар деп батасын берген екен» (7,84), - деп жазады. Ал, жазушы С.Сыматаев бұл дерекке орай өз ойын былайша білдіреді:
«1710-11 жылдары Қазақ-ойрат шабуылдары кезінде Қазақтар ойратты біраз тықсырып, сәл де болса үстемдеу шығыпты. Осыдан кейін Жоңғар хандығы бұрынғыдай өршуін тежеп, бітімшілікке шақырғаны тарихтан аян. Осы бітімшілікке барған елшіліктің ішінде Қазыбек би де болған деп кесіп айтпасақ та, болжауға әбден ретіміз бар. Ұзақ ғұмырында Жоңғария хандығына елшілік, бітімшілік, мәмлегерлік міндетпен үш рет барған Қаз дауысты Қазыбек нақ сол жылдарда ойраттарда болуға тиіс» (6) – деген тұжырым жасайды.
Мәселе, бұл жерде Қазыбек бидің нешінші реткі елшілігі екендігінің айқындалмауында болып отыр. Әйтпесе, екі деректің айырмашылығы айқын көрініп тұр. С.Негимов алғашқы елшілікті 1680-1684 жылдар аралығы деп көрсетсе, С.Сматаев 1710-1711 жылдарды атап отыр. Демек, дерек көздерінде қайшылық бар. Алайда, тарихшы, ғалым Ж.Омари «Қаз дауысты Қазыбек» кітабында бұл сауалға толық жауап берген. Ғалымның айтуынша: «...Қазақ елшілері 1683 жылы бірнеше ай жүріп, күз түспей Қазақ жеріне оралған» (5,93).
Бірақ, біз үшін тарихи даталардан гөрі Қазыбекті «Қаз дауысты» деп Жоңғар хонтайшысының атағандығы, Қазыбектің екі иығынан от шашқан екі аюдың осы сапарда көрінгендігі, ең маңыздысы – шешендік өнерге бет бұрған Қазыбектің шығармашылық айбынын асырған, тегеурінді даналық сөздерінің шешендік өнер тарихынан терең із қалдыруы. Ұлы бидің тұтас елге танылу сапары осылай басталса керек.
Әрине, дәл осы елшілік жөнінде жазылған құжаттың әзірше жоқтығын ескерсек, ел аузындағы аңыз әңгімелер Ж.Омари негіз етіп отырған шындық сүрлеуіне бастар бірден бір адастырмас шиыр. Ендеше осы аңыз, хикаяларды салыстырып, салмақтап, екшеп, байқап, содан соң ақиқатқа сәйкес, ұғымға лайықты пікірімізді ұсынуды жөн санадық.
Бір аңыз бойынша былай дейді:
«Қанды қырғын ұрыстан кейін бейбітшілік жолымен бітімге келу үшін Қазақ пен ойрат бір-біріне мәмлегер елшілік жібермек болады.
Жоңғария хонтайшысы (сірә, Цеван – Рабтан болса керек) "Қазақтың атақты үш биінің бірі келсін. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған иіс алмас біреу келсе, бітім болмайды" - деп қолқа салады. Осы хабарды естіген үш би қырандай дүр сілкініп, әрқайсысы өзі бармаққа ниет қылған екен.
Төрде отырған Төкең екі биге кезек қарап, екі етегін қымтанып, екі иығын қомданып қойып, тамағын қырнапты:
– Уай, қос інім, қос шырағым! Аға боп алдарыңа түсейін деп тұрмын. Ағаң – алдындағы әуелеп өскен дарағың. Інің – қанатың мен құйрығың, қайрап салар жарағың. Артымда сендер барда қанат жайып самғармын, алдаспанды сермермін. Дауласқанды жайғармын, жауласқанды жерлермін. Мен барайын бұл жолға! - депті.
Сонда Әйтеке жай оғындай жарқ етіп, жайраң қағып, шапшаңдық танытыпты.
– Уай, Төкем! «Аға – бордан, іні – зордан» демей ме. "Іні – найза, аға – қорған" демей ме. Арқамды қорғанға тіремеймін бе, найзамды ерсілі-қарсылы іремеймін бе?. Жағаласқанды жапырып, дауымды аршып, күремеймін бе. Менің баруым жөн емес пе? - дейді ғой.
Сол кезде қоңыр қаздың дауысындай дауысын бір жотадан екінші жотаға асыра саңқылдап Қазыбек есіліп кетіпті.
– Уай, асыл ағам! Уай, асқақ інім! Ағасы бардың жағасы бар емес пе. Жағасы бардың тоқсан пәледен сақтар панасы бар емес пе. Інісі бардың тынысы бар емес пе. Тынысы бардың елде – ырысы, жауда – ұрысы, дауда – жұмысы бар емес пе.
Екі би үнсіз бас шұлғып, бірақ тіл қатып, ләм дей қоймапты. Қаз дауысты Қазыбек енді Төле биге еңсеріле бұрылыпты.
– Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен. Қазақта хандыққа жолсыз таласқандар болғанмен, билікке жөнсіз таласқандар болған емес. Ендеше, әділ би, әділетін өзің айт. Аттың басы күшті ме, белі күшті ме, құйрығы күшті ме?
– Шырағым Қазыбек, жол бастайды әманда омырауы жүйріктің. Бөгелекті қуарда пайдасы мол құйрықтың. Аттың белі қызметті көп қылар, саған кепті кезегі осы жолғы бұйрықтың. Жай онда қолыңды!
Атасызға ата бол!
Батасызға бата бол!
Арып-ашқан қаріптің
Жел жағына жота бол!•
Панасызға пана бол,
Кек сақтамас бала бол!
Дос сүйініп, қас сыйлар,
Асу бермес дана бол (8,118) -
деп батасын беріп аттандырып салыпты.
Хош. Қазақтан келген елшілерді сынау үшін хонтайшы қарапайым киініп, белін жіппен буынып, түсіне кәрілік сипат өң беріп, жотасына бөстек-өркеш өңгеріп, Қазыбектер түскен үйге келеді. Әңгімеден әңгіме туындап, бара-бара сұрақ-жауап додасы басталып кетеді.
– Әуелінде не бар? Ортасында не бар? Ақырында не бар? - деп бүкір кейпіндегі хонтайшы Қазыбекке шаншыла қарайды.
– Арға мінәжат етілсе, барға қанағат етілсе, әуелінде ынтымақ, ортасында береке, артында шүкірлік тұрмас па, - деп Қазыбек бір түйіп қойыпты.
– Аспан мен жердің арасы қаншалық жол? - деп "бүкір" хонтайшы қыңырая қадалыпты.
– Бір-ақ шақырым жол ғана. Олай дейтінім, ешкім аспан мен жердің арасын құлаштап өлшеген жоқ, қадамдап басқан жоқ. Күн күркіреп жауғанда, ел дүрлігіп сасатын, құлақтарын басатын. Сонда күн күркірі шақырым жерден жететін. Кемпір-қосақ құрылып, аспан мен жерді табыстырып кететін. Доғаланған иіні шақырымдай-ақ жерден өтетін,- деп Қазекең тағы бір қайырып тастапты.
– Батыс пен шығыстың арасы қаншалық жер? - деп кірпіше жиырылған хонтайшы кіржие қалыпты.
– Небәрі күншілік жер ғана. Олай дейтінім, азанда шығыстан атқан күн ымыртта батысқа шаршап батады. Күншілік жер жүріп өтіп ұясында қалжырап жатады. Ал кереметті көзбен көрген, шығыс пен батыстың арасында зымыраған күнге ерген адамзатты естіген емеспін, - деп соңғы рет кесіп түскенде, хонтайшы үн-түнсіз шығып жүре беріпті.
Содан көп кешікпей келіссөз басталып кеткен ғой.
«Біз Қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз...» - деп басталатын атақты дауын Қаз дауысты Қазыбек бабамыз дәл осы сапарында айтуы да мүмкін деген пікірді қостағымыз бар. Не десек те, осы елшілік екі елдің арасындағы дау-жанжалды бейбіт жолмен тындырып, бітім тапқызып, екі елдің жер шебін белгілетсе керек (6).
Ойрат пен Қазақ бітімінен кейін тұтқын алмастыру болған ғой. Сол кезеңнің тағы бір үлгілі аңызына құлақ түрейік.
«Сол жолғы сапарынан туған жерге оралып келе жатқан Қазыбек шағын тобымен жол-жөнекей Қоңырат руының бір жігітінің үйіне қонып қалыпты.
Қонақжай қазақ дәстүрімен қолын қусырып, қойын сойып, құрақ құшып қымызын ұсынған үй иесінің жүзі сынық, көңілі күпті көрінген ғой. Қонақтар әліптің артын бағып, суырыла сөйлеп, сұғына қоймапты. Ет пісіп, табаққа түсіп қонақтар алдына келіп те қалады. Сыйлы меймандардың мүшелі сыбағасын турап берген жігіт енді бір табақ етті майдалап кесіп, құрулы тұрған шымылдықты түріп қалып, ағаш төсекте жатқан иттің алдына апарып қойыпты.
Қонақтар аң-таң боп, үнсіз отыра берген ғой. Жігіт сыртқа шығып кетіп, үй қасындағы үйшіктен үсті-басы алба-жұлба, мойнына дорба салған, шашы ұйысқан, бет-аузы тырысқан, көзі кіртиген, өңі оңған бір әйелді ертіп кіріп, итаяқтағы сүйек-саяқты алдына итере салыпты.
Қазекең тіксініп қалып, қолын майлыққа сүртіп, кейін шегініп арқасын жүкаяққа сүйеп, қасын қиғыштай кере үй иесіне шаншылып қарапты. Жігіт те түйсіксіз болмаса керек, қолын кеудесіне төсеп, бас иіп, хикаясын бастап кетіпті.
Сөйтсе, келіншек жігіттің қыздай айттырып алған әйелі екен. Содан бірер жыл бұрынғы ойрат шабуылында қолды боп кетіпті. Қазақ-ойрат бітімінен кейін келіншегін іздеп барған жігітті некелі жары кеудеден итерген ғой. Тұтқында жүріп тұрмыс құрған ойрат күйеуіне әбден бауыр басып алған бәтшағар шіркін бұрынғы қазақ отағасына пысқырып та қарамай қойыпты. «Қолға түскендерді тегіс қайтару керек» дейтін хонтайшы әміріне бас иген ойраттың жігіті: «Көнсе, алып кете бер» деп мәрттік танытыпты. Әйелді иліктіре алмай әбден мысы құрыған жігіт: «Алыстан әдейі іздеп келіп ем, ең болмаса әудем жер шығарып сал» деп келіншекке жалынады. Амалсыз ілескен әйелді ұзап шыға беріп, мойнына қыл шылбырды тастап жіберіп, артына қағып салып, іліп ала жөнеледі. Ер жігіттің аты – қанаты. Түнімен құйғытып, таң ата Қазақтың жер шебіне жеттім деген мезетте артынан шаң көрінеді. Жарамды атпен қуып жеткен кең жауырынды ойрат күйеу екен. Анадайдан айқайлап, дабылды қағып қалады ғой, «Енді бұл әйелді жеңген алар. Кел, бауырым. Сенімен аянбай бір ойнайын!», - деп қылышын ала ұмтылады. Жігіт те аттан қарғып түсіп, қарсысына шыға беріпті. Дәл сол кезде әйел жігіттің аяғынан шап беріп, екеулеп жерге алып ұрады. Ойраттың астына түсіп, өлгелі қалғанда күшігінен асыраған иті жауын жарып тастапты. Содан бері өмірін сақтап қалған итті қадірлеп, иттік жасаған әйелге итаяқтан ас беріп жүрген екен» (6).
Қаз дауысты Қазыбек ұзақ ойланып отырып, бір кезде қоңыр Қаздай қаңқыл дауысты көмейден төгіпті деседі:
«– Жүрекке әмір жүрмейтінін білмей, құштарлықтың қызыл тілді күрмейтінін білмей, сен жүректі білекпен жеңбек болыпсың. құшағына өктемдікпен енбек болыпсың. Сенің өктемдігіңе көнбеген бұл айыпты емес, жүрекке ерік бермеген сен айыптысың. Одан соң бұл әйел басқаны ұнатқаны үшін емес, жауына болысып, сені құлатқаны үшін айыпты. Сонымен айыпты айып жусын да ашуды ақыл қусын. Бұл әйел тµркінін тапсын. Сен өзің өшпенділіктен босап, еркіндігінді тап!» - деп кесігін шорт кесіпті би бабамыз.
Тағы бір аңыз мынандай бір сыр шертеді.
«Дәл осы бітім тұсында әлде келушілердің көзіне түсе қоймаған ба, әлде іздеушісі болмаған ба, қаршадай ғана қозышы қазақ баласы жылқының бас сүйегін құшақтап: «Толыбай сыншының баласы деп мені кім айтады, алдына қара салмаған тұлпардың басы деп сені кім айтады?» - деп еңіреп отырған жерінен хонтайшы әлгіні шақыртып алады.
– Балам, сен тұлпарды танимысың? Онда мыналардың ішінен маған тұлпарды көрсетші, - деп мың-мындаған жылқысын айдап өткізеді.
– Тұлпар жоқ, тақсыр. Ылғи жабы жинапсыз, хан ием! - дейді бала.
– Онда сен маған елімнен тұлпар тауып бересің. Таппасаң, басыңды мен шауып берем! - деп хонтайшы баланың қасына кісілерін қосып, хандығын аралатып жібереді.
Апта жүреді, ай жүреді – тұлпар кездеспейді. «Ханға не деп жауап беремін?» - деп аландап келе жатқан баланың көзі өзенде ағып бара жатқан жылқының тезегіне түсіп кетеді ғой. Қуанған бала: «Тап анау тұлпардың тезегі!» деп айғайлап жіберіпті. Өзенді өрлеп, құйғыта жөнелген бұлар су жағасында дамылдап жатқан саудагерлерге кездеседі. Баланың көзі сал сүйек, көтерем, арқасы жауыр атқа түскен бойда айрылмай қалғанын көріп, қасындағылар әлгіні бір бедеуге айырбастап алады.
Көтеремді жетектеп хонтайшыға әкеліп көрсетеді ғой. - Тулақтан тұлпар іздеген бұл ақымақ па, малшыдан сыншы іздеген мен ақымақ па? - деп хонтайшы арық атқа осқырына қарапты.
– Тақсыр, біздің елде «ерді кебенек ішінде таны, түйені жүк астында көр, тұлпарды бәйгеде сына» деген мақал бар. «Жылқы жануарды күніне мінсе – есек, айында мінсе – ат, жылында мінсе – тұлпар» деген емес пе. Сіз бұған он қысыр биеден үйір салып беріңіз. Жылында кезегімен біреуін сойып көріп, тұлпардың толған уағын өзіңізге айтып берем, - дейді бала.
Содан әлгі көтерімді үйірге салып, жайлауға айдап кетіпті.
Жылда бір биені сойып байқап жүрсе, жетінші жылғы сойылғанының жілік майы ақ кемік болған көрінеді дейді.
Тұлпардың мүддеге толғанын білген сыншы енді оны баптап, суытуға кіріседі. Сымға тартқан күмістей болған тұлпарды бәйгеге қоспақ болады. Хан бүйрығымен бүкіл елден арғымақтар жиналып, күншілік жерге жіберіледі ғой, ә дегенде тұлпар қиқақтап шаба алмай, жарысқа қосқан сәйгүліктердің ең соңында қалып қойыпты дейді. Анау да, мынау да мазақтап ағызып өтеді екен. Бір кезде өз-өзінен еліріп, өршіген ат сәске түсте алдында самғап бара жатқан арғымақтардың бәрін көктей өтіп, күн қыза хонтайшының алдына қара үзіп жетіп барған ғой.
– Аз да болса дәмдес, түздас болып ем, сау бол, хан ие. Ит тойған жеріне, ер туған жеріне деген. Арманым бір тұлпар еді, міне сұңқар боп еліме ұшып барам, - деп бала жігіт батысты бетке алып, тартып беріпті деседі.
Бұл шақта Толыбай сыншы құсадан жатып қалған екен. Күншілік жерден тұлпардың дүбірін естіп, орнынан атып тұрған көрінеді.
– Тұлпар дүбірі жетіп тұр, қашып шыққан ұлым болар-ал осы!.. Қас тұлпар басын тасқа соқпай тоқтамаушы еді, амалдап баланы түсіріп алайық, - деп Толыбай сыншы арқан кергізіп, кілем төсетіп қойыпты ғой. Әлгі керілген арқан баланы тұлпардың арқасынан сыпырып қалып, кілемнің үстіне топ еткізіп түсіріпті дейді. Құйғытқаннан құйғытқан тұлпар басын тасқа соғып, мең-зең боп, Жиделі-Байсынға жетіп бір-ақ тоқтаған ғой. Ол жақтағы жұрт оған дейін жылқы тұқымын көрмеген екен деседі аңызда. Бір қария әлгі тұлпарға қарап тұрып: "Бұл өзі төрт тұяғы болат жылқы деген мал екен, жүрген жері жаугершілік пәле екен. Құтырғаннан құтылған абзал" деп жануарды атқызып тастапты» - деп аяқталады аңыз.
Халық тағдырының қиын-қыстау шағында, ел өмірінің аса қиын кезеңінде шұғыл жасалатын құбылыстар – төңкерістер, өзгерістер, реформалар әл заманда сол халықты билеген әкімнің, басшының пәрменді әрекетімен тікелей байланысты болған. Осы тұста біз қазақ жұртының болашағын, туған халқының тарихтан өшіп кетпеуін тілеген Тәукенің, ел ауызында құрметпен Әз Тәуке аталған ұлы ханның еңбегін ерекше атап кеткеніміз жөн. Ол хандық құрған (1680-1718) тұстың бас кезінде бір орталыққа бағынған бұрынғы дербес Қазақ мемлекетінің тұтастығына сызат түсе бастаған еді. Шыңғыс хан тұқымынан тараған төрелер елді іштен ірітсе, сырттан теріскей көршісі Ресей патшалығы мен шығысындағы Жоңғария хандығы қорқаулана қоршай түскен болатын.
Бірінші Петр тұсында қатты дәуірлеген Ресей оңтүстік пен шығысқа құлашын кең созып, империясын барынша молайтуға жанталаса әрекет жасап жатқан кез еді ол. Дәл осы кезеңде қазақ жұртының іргесінен дамылсыз шаң боратып, шабуылы мен шаңдуылын үдетіп Жоңғар хандығы қатты бел алып тұрған. Ол аздай-ақ Бұқар мен Хиуа хандықтары, төменгі қалмақтар мен башқұрттар "түрт шайтанды!" қоздырып қойып, саяқ шыққан Қазақтың мал мен жанын қылғып жұтып, құнығып алған еді.
Сондықтан да Әз Тәуке шығысындағы ойраттардан төнген қауіптің алдын алу үшін батысындағы орыс патшалығымен барлық қарым-қатынасты түзеуге мейлінше күш салған. Сауда-саттық, елші алмастыру, дипломатиялық байланыстарды жандандыруда Тәукенің қызметі өте мол. Және де оның Қазақ хандығын бас сауғалаған кіріптар күйде ұсынбай, іргелі ел, темірқазықты мемлекет дәрежесінде қабылдатып, батыс-шығыс көршілерімен иығын теңестіріп, терезесін тең ұстап сөйлеуді дәстүрге айналдырғаны көптеген архивтік құжаттардан белгілі. Болжағыштығы мен көрегендігі қауіп-қатердің алдын алғызып, қазақ жұртына төне бастаған зобалаңның бұлты мен түтінін бұрып жібертіп отырғаны да тарихтан мәлім.
Әз Төукені сыртқы басқыншылардан да гөрі әсіресе, ішкі алауыздық қатты қобалжытқан ғой. Содан да ол осы бас араздық, ру таласы, іштей арбасу, аяқтан шалу, шоқ тастап өрт тұтату, үй арасының шаңын қоюлататын дау-жанжал, ұйқыны алып, шырық бұзатын барымта, сырымталарды азайту, тежеу өшіру үшін хандықтың ішкі жағдайына ерекше назар аударып, мемлекетінің күш-қуатын арттыруды алдына үлкен мақсат қып қойған-ды. Сол мақсаттың түп қазығы — ұлы жүзде билік құрған Үйсін Төле бидің, Орта жүзде әділ қазылық жасаған Қаз дауысты Қазыбектің, Кіші жүзде әділеттік жүргізген Алшын Әйтеке бидің қатысуымен дүниеге келген "Жеті жарғы" еді. Қазақ даласының ереже-қағидаларының үлгілі нұсқасы, халықтың тәртіп-низамының, салт-дәстүрінің әсем жиынтығы — "Жеті жарғы" Қазақ қоғамына біртұтастық беріп, ынтымақтық әкелді. Ал ол үйдің берекесін қашыратын талас-тартысты азайтып, бірлікке үндеді. Күншілдік, бақталастық, қызғаншақтық сияқты күйдіргі дерттен айықтырып, шаруаға құлшындырып, еңбекке баулып, қарекет-тірлікке икемдеді. Ел басы қосылып, ер қосы көркейіп, ел жасы азамат аталып, ұлдан ұлан өсіп, ұлт қадірленіп, халық өз қасиетін таба бастап еді. Әрине іргелі елдің ірілігі бірден келе қойған жоқ-ты. Ол екі тізгін бір шылбырдың қарулы қолға тигендігінің арқасында болған-ды. Ол тізгін — Тәуке хан меңгерген хандық билік еді. Ол тізгін — Тәуке хан маңайына топтасқан үстем тап өктемдігі де еді. Ол тізгін – бүкіл халықтық әдет-ғұрыпты, тәртіп-низамды қамтамасыз ететін һәм қорғайтын бірден-бір дала заң-жосығының жинағы еді. Ол тізгін – елдің елдігін, халықтың бірлігін сақтап, азаматтығы мен тәуелсіздігі үшін кеудесін оққа төсеп, жанын құрбандыққа шалатын ерлік пен жанкештілікке апаратын, арды шыңдап, намысты қайрайтын Адамдық пен Әділет нұсқаулары еді. Әлбетте "Жеті жарғыдай" заң нормалары тақыр жерден өздігінен туа салмайды. Осы жарғының негізіне Тәуке хан "Қасым ханның қасқа жолы", "Есім ханның ескі жолы" деп аталатын байырғы Қазақ хандарының мемлекеті басқару мен халықты билеудің қалыптасқан жосықтары мен низамдарын алған. Ал сол кезеңнің үш данасы атанған, үш кемеңгері деп танылған, халқының үш көсеміне айналған Төле би, Қазыбек және Әйтекелер сайын сахараның сол замандағы тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық һәм әлеуметтік ортасына икемдей түсіп, сәйкестендіре екшеп, жаңғыртып қайта жасаған ғой. Сондықтан да бұл жарғы "Тәуке хан зандары" деп те аталады /Сондықтан да бұл жарғы "Төленің жеті жарғысы", "Қазыбектің жеті жарғысы", "Әйтекенің жеті жарғысы" деп те аталады/. Ендеше біз енді "Қазыбектің жеті жарғысында" қандай жосындар болған еді дейтін сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Қарағанды облысында шығатын "Қарқаралы" журналының бірінші санында: "Көне түрік тілінде "жарғы" деген сөздің "жарлық" деген тұлғада айтылып, Қазақ тіліндегі "әмір, билік, заң" деген мағына беретінін, ал бүгінде баршаға жақсы мәлім "Кодекс Куманикусте" "жарғы " сөзі "дау, айтыс, тартыс", "әмір", "әдет-ғұрып заңы" ұғымын білдіретінін, оларға жер дауы, құн дауы, барымта, айып-жаза, алым-салық және басқалар енетінін еске алып, болжайтын болсақ, "жеті жарғы" деген сөздің жеті салада, жеті бағыт-бағдарда, жеті бап-пункт бойынша сараланған жарлық-әмір, байлам-тоқтам деген ұғым болса керек", делінген. Әдемі айтылған, дәл айқындалған түжырым. Әдет-ғұрып нормалары елдің жер-суын, қоныс-құдығын бөлуде, малының ен-таңбасын анықтауда, әртүрлі дау-жанжалды шешуде жоба-нұсқаға айналып, құн мен айып төлеудің жайы мен мөлшерін белгілеуді де ретке келтірген еді.
"Қазыбектің жеті жарғысының" өзінен бұрынғы жарлықтардан бір әзгешелігі – қатал кесім, қанды өлімге тыйым салғандығы. Әріден беріге қанды өткел салып, қарғыс зауалындай суық сұсты ажалын сүйреп жеткен "қанға – қан, жанға – жан" дейтін тоқтам-байламды барынша жеңілдетіп, енді құн төлеу сияқты жаза, кесік түрлерін далалық құқыққа енгізген болатын... (9,18).
Ел ауызындағы аңыздарға сүйеніп, халықтық дастандарға жүгінсек, онда Қазыбек, Төле, Әйтеке түзген "Жеті жарғының" ұзынырғасы төмендегі жосындарды қамтитын болған тәрізді.
Бірінші һәм негізгі сала – жер дауы. Қыс қыстау, жаз жайлау, қоныс, құдық-мал баққан елдің атадан балаға мирас қып қалдыратын еншісі. Өйткені жер – атамекен, кіндікжұрт, отан. Жер – тіршілік етер ортасы, баба моласы, кіндікбайлар қасиетті тұрағы. Сондықтан көшпелілер үшін жерден киелі ештеңе жоқ. Жер дауынан қиын дау да жоқ.
Екінші сала – үй-ішілік тірліктері сыйластық, байланыстылық, әке мен бала, ене мен келін арасындағы, қарым-қатынас, үлкен мен кіші арасындағы сыпайыгершілік, ата-анаға деген құрмет, жастарды тәрбиелеу, баулу сияқты инабаттылық, имандылық шаралары. Өйткені, "баланы жастан"... дейтін қағиданы қатты ұстанған халқымыз ұл-қызын ибалылыққа үйретіп, имандылық қасиетке икемдеп отырған ғой.
Үшінші тармақ ұрлық пен қарлыққа, барымта мен сырымтаға кедергі қойып, Бұқараны адалдыққа шақырып, еңбекпен күнелтуге бейімдеген зандар тізбегін қамтиды. "Арам жемейік, адал өлейік" дейтін пікір сол кезде қалыптасса керек.
Жарғының төртінші бабы ел мен ел, халық пен халық, ру мен ру арасындағы дау-дамайды әділдікпен шешуге арналған. Ынтымақтық тілеген ол дауды білекпен емес, білікпен тындыруды көздегені ақиқат. Өйткені Қазыбек би өмірі – ақиқат куәсі. Сондықтан бұл тармақтың қазақ даласы үшін де, қазақ баласы үшін де мәні зор екені даусыз.
Бесінші бунақ-бап ел бірлігін сақтау, отанын қорғау, сыртқы жауға тойтарыс беру, жасақ құру, сардар сайлау, сауын айту тәрізді жаугершілік кезіндегі мемлекеттік ірі оқиғаларды қамтыған ереже-қағидалар шоғырын түзсе керек.
Алтыншы тармақ түгелдей құн дауына бағышталған. "Қанды кек", "қанды мойын құныкер", "ежелгі дүшпан", "ескі жау" ұғымдары қалыптастырған адалдық пен қатыгездікті жұмсартып, Қазақтың онсыз да оңай желпілдегіш түндігіне одан сайын жел үрлемей, жаттан емес жақыннан жау тапқызатын қатқылдықты иітуге барын салған үш бидің, соның ішінде Қаз дауысты Қазыбектің де мәмлегер даналығы бар бұл тармақта. Өлімді өліммен көбейтпей, ізгілік тілекпен өмірді арашалаған, өмірді қорғаған бұл жосынның маңызы да, ерекше.
Тағы да дәлелге жүгінейік. Қасым мен Есім хандардың әдет-ғғұрып зандары бойынша кісі өлтірген айыпкердің шаңырағы ортасына түсіріліп, қара орманы бүлдіргісіне дейін түк қалынбай түгел таланып, өзі өлім жазасына бұйырылатын болған. Ал, "Жеті жарғыда" бұл даудың жазасы әжептәуір жеңілдене түскен. "Қанға – қан" жойылып, енді құн төленіп, айып кесілетін болған. Және ол айып – жеті айып аталған. Олар мыналар:
Бірінші айып – "қара Қазан" төлеу. Қара Қазан төлеуі – айыпкердің шаңырағының ортасына түскенінің белгісі.
Екінші айып – "қара нар беру". Сол қара нармен өлген кісі атақты адам болса Түркістанға апарылып қойылатын болған.
Үшінші айып – "қара мылтық алу". Қара мылтықты алу –қылмыскердің күшін алуы, қаруын жоюы. Бұдан кейін ол өлгенмен тең болмақ-мыс.
Төртінші айып – "қара шолақ бие жетектету". Қара шолақ бие жетектету айыпкердің ырысының шайқалуының анық нышанына баланған.
Бесінші айып – "қара кілем ұстату". Қара кілем ұстату – тұралағандықтың көрінісі саналған.
Алтыншы айып – "жетім беру". Ол көңілде кірбіндік қалмасын, аралас-құраластық басталсынды мегзеген.
Жетінші айып – "жесір бастаған тоғыз жөнелту". Ол – қан-жыны араласып, ағайынның қылшықсыз табысуының басы деп есептелген.
Енді "Жеті жарғының" ең соңғы жетінші тармағына көшелік. Бұл тармақ тұтастай жесір дауынан құралады екен. Әрине ол тұста ру мен руды, ауыл мен ауылды әрі біріктіретін де, әрі бөлектейтін де жесір дауы болғаны рас. Құда боп төс түйістіріп, көңіл қосып, құшақ табыстырған қазақ осы қыз дауы, жесір дауы арқылы аттан айғайға басып, сойыл-шоқпарға жармасып, барымта-сырымтаға аттанып, оқ боратып, шаң суырып, бас жарып,білек сындырып, қан ағызып, көз шығарып алыс-жұлысқа, төбелес-ұрысқа да, сойқан соғысқа да барып қалатын. Сол себепті де ең бір осал тұс, өкпе сызы көп, айқай жанжалы мол, ұрыс-керісі орасан осы жесір дауына үш бидің – Тµленің, Қазыбектің, Әйтекенің "Жеті жарғысы" қатты көңіл бөлген көрінеді. Бір ғана мысал:
Айттырған жеріне бармай, өзге жігітпен көңіл қосып кеткен бойжеткеннің төркіні алған қалың малын қайтарып қана қоймай, қосымша үш тоғыз айып (біріншісі жамбы бастаған тоғыз, екіншісі ат бастаған тоғыз, үшіншісі түйе бастаған тоғыз) төлейтін болған. Әрине, бұл өте ауыр айып, қиын айып. Бірақ бүтін елдің бүлінбеуін, тату ағайын арасының ірімеуін, шырық бұзар шабуыл, шандуылдың шықпауын түгендеген қатал ұйғарым. Сонысымен де құнды.
Әз Тәукенің тұсында әдет-ғұрып заңдарын жасап және соны үш жүздегі үш бидің – Төленің, Қазыбектің, Әйтекенің жүзеге асыруымен Қазақ хандығы біршама бейбіт өмір сүрген еді.
Бұл кезде он сегізінші ғасырдың алғашқы ширегінде, Қазыбек Ұлытауды жайлап, осы төңірекке топтасқан Арғындарға ықпал етіп отырған. Шын мәніндегі осынау кемеңгердің Тәуке өлгеннен кейін таққа отырған (1719-1828) Тәукенің ұлы Болат ханның нашарлығынан үшке бөлініп кеткен елді ақтабан шұбырындыға ұшыратып, атадан ұлды, анадан қызды айырылтып, қайғылы күйді күңірентіп жеткізген Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ жұртын қайта көтерудегі еңбегін баса көрсету ләзім. Әсіресе, жиырмасыншы жылдардың орта шенінде Орта жүз бен Кіші жүздің ауылдарын қысы-жазы аралап, елді бірлікке, ұлдарын ерлікке, бай-билерін бірауыздылыққа шақырып, азаттық аңсаған халықтың қонысын жоқтаған босқын жұрттың тәуелсіздігін әперіп, атамекенін құтқаруды айтқан Қаз дауысты Қазыбек бидің ат үстінен түспей, алты малтаны қорек қып, Сарыарқаның сарқыраған суына шомылуға да мұршасы болмай, түнгі шығына омырауын төсеп, күндізгі мұнарына бетін шайып, кең даланың кер бетегесін сырлас етіп алғанын аңыздан да білеміз, құжаттардан да кездестіреміз (10,133).
Қаз дауысты Қазыбектің елінің еркіндігі, ұлтының тәуелсіздігі, азаматының азаттығы деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жылдар бойы түн жортқан жолаушы болып жүріп, 1731 жылғы Ресей патшалығының қол астына бодан боп кірген Әбілқайыр хан тіршілігін қолдағанынан да хабардармыз. Ол ол ма, 1741 жылы Орск қамалына барып сенатор Иван Неплюевтің алдында императрица Елизавета Петровнаға ант бермекші болған Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанға қатты ықпал етіп, Арғын руының атынан ант беруге қосылатындарын білдіріп хат жазып беріп, өз өкілін жөнелткенін де көне жазбалардан оқығанымызды растаймыз. Сонда қалай? Азаттық аңсаған Қазыбек, халқының еркіндігін көксеп, ұлтының тәуелсіздігін армандаған Қазыбек, кіріптарлықты адам бойындағы ең бір ауыр азап деп сезінген батагөй қария құлдық құрығын, отаршылдық бұғауын, теңсіздік қамытын өз Қазағының мойнына өзі салып беруге құлшынған ба? - дейтін заңды сұрақ туындайды.
Бірақ сол кезеңнің шындығына сүңгіп шыққанда ғана, кереғар заманның ақиқатына бойлаған шақта ғана Қазыбек сияқты кемеңгер, сұңғыла әрі алдағысына ой көзін жіті жеткізе алатын данышпан адамның жан дүниесіне енуге болады.
Қаз дауысты Қазыбек хандыққа таласқан Әбілқайыр, Барақ, Әбілмәмбет, Батыр сияқты хан, сұлтандардың әрекеті елді іштен іріткенін көрген еді. Ойрат, қалмақ, башқұрт шабуылы аз болғандай ендігі қауіп қара құрттай қаптаған шүршіттен төне бастағанын сезген еді. Қазақ халқы тарихтан біржола өшіп, жоғалып, құрып кету қаупі туғанын болжаған дана қарт қайткен күнде де елді сақтап қалудың амалын іздеген еді. Сондағысы – Ресей империясына еріксіз қол қусыру еді. Сондағысы – еркін халықтың тәуелсіздігін, құрбандыққа шалу еді. Сондағысы – мойнына отаршылдық қамытын кию еді. Бірақ азаттық аңсаған халық та, би де сол кезде де демократиялық мұжық Ресейдің де бар екенін ұғынса керек. Ізгілікті де, қайрымды да келешектен күткен Қазыбек сынды халық ұлдары тәуелсіздігін жойса да, Ресейге қосылып, дербес елін, кеңбайтақ жерін, үлгілі ұлтын, шұрайлы тілін, озық мәдениетін сақтап қалуға тырысқан еді.
Қаракесек Қазыбек би Арқадағы Орта жүздің ұлы биі боп тұрып Сәмеке хан тұсында да, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан тұсында да әділет туын бір жықпай келген ғой. Әрине сүйегі қара болғанмен ниеті түзу, айбыны асқақ, беделі зор, аузы уәлі, мерейі үстем, алды кең, абыройы артық адамды төре тұқымы онша жаратпайтыны белгілі.
1741 жылғы жаздағы қазақ пен ойрат арасындағы соғысқа байланысты Қаз дауысты Қазыбек Орскідегі ант беру рәсіміне өзі қатынаса алмаса да, Орта жүздің төбе биі ретінде ант берудің қажеттігін түсіндіріп Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанға хат жазып беріп, өз өкілін жөнелткенін жоғарыда айтқанбыз. Алайда сол хат Орынбор экспедициясының (Комиссиясының) бастығы Иван Неплюевке жетпепті. Қазыбектің жіберген адамдарының бір де біреуі Орскіге қарай өтпепті. Себеп не сонда? Себеп ат-атағы үш жүзге мәшһүр майталман шешеннің ат-есімі орыстың зор мәртебелі сарайларында көп естіле бермесін дейтін қарамыз бен төреміздің қанына сіңген күншілдік. Онсыз да алды-артын әділ төрелігімен, ақиқат шындығымен, бұлтартпас туралығымен орап кетіп отыратын беделді биге қарсы төрелер мен шоралар: "шеттете берейік, ығыстыра түсейік, қақпайлап жуытпайық" тәріздес қызғаншақ ой, күндес қыжыл өзімшіл мүддені омыраулата ұстанған ғой. Ал өздеріне қажет кезде Қазыбектің атақ-абыройын пайдаланып, дау-дамайды тезірек бітіруге асыққан кезде биді Әбілмәмбет хан да, Абылай сұлтан да ат сабылтып іздеп келіп жәрдем сұрап, қол жайып, қолқа салып жатады екен.
1734 жылы Сәмеке хан өлген соң, соның орнына Орта жүзге хан сайланған Әбілмәмбет Түркістан шаһарында тұрып жатқан. 1761 жылы аяқ астынан хан ордасының түндігін жел үрлеп, түтінін түзу ұшырмаған бір келеңсіз оқиға туындап қалып еді. Сәмекенің Есім атты баласы осы Түркістан қаласының түстігінде тұрақтап қалып, ата тағынан дәмелі ме кей-кейде немере ағасына көз алартып қойып сыныққа сылтау іздеп, сызданып жүреді екен. Іздегенге сұраған дәл сол жылы Әбілмәмбет хан Түркістан жұртшылығына салықты әдеттегіден еселеп көбейтіп салып жібермей ме. Кент тұрғындары ауыр салықты қалай төлерін білмей, азуларын егеп жүргенде қолтықтарына дым бүріккен Есім сұлтан әлгілерді ханға қарсы айдап салып, Әбілмәмбетті Түркістаннан қуғызып тастайды. Содан Әбілмәмбет хан Арғын ішіндегі Алтай-Қарпықтары ұлы Әбілфәйіз сұлтан мен Қаракесектегі Қазыбекті сағалап келіп, Арқада қыстап қалады. 1762 жылы көктем туа Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан бастаған Орта жүздің игі жақсылары Қаракесек ұлысына, Қазыбек ауылына түсіп, ұлы бидің қазылығына жүгінеді. Ел қамын өз басынан артық ойлаған, ел бірлігін өмірлік мақсат тұтқан Қаз дауысты Қазыбек Түркістан шаһары мен оның төңірегін Әбілмәмбет хан мен Есім сұлтанға әділдікпен бөліп беріп, қазақ даласында ушыққан үлкен дауды әдемі шешіп, қарсыластарды бітістірген көрінеді.
Әрине, адам болған соң әркімде де пенделік, күйкілік, шаруақор ұсақтық, пайдакүнемдік, іштарлық болуы әбден ықтимал. Бірақ Қаз дауысты Қазыбек би туралы жазылған деректер мен құжаттар, естіген аңыз-әңгімелеріміз ұлы бабамыздың пендешілік күйге құлдырамай, әрқашан азаматтық, адамдық биік тұғырда түрғанына кезімізді жеткізіп келеді. Дәл осындай шынайы адамгершілік, мөлдір тазалық, имандылық қасиет Қазыбек замандастарының көпшілігінің бойынан сирек табылатын. Халық саясаткерлігіне, көрегендігіне, қайсарлығына, табандылығына мықтап табынатын Абылай ханның да пенделік көрсетіп алған, ұсақтық күйкілікке құлдилаған келеңсіз сәттерін жазба деректерден кездестіреміз. Адамгершілік пен пәктіктің биігінде тұру көрінгеннің қолынан келе бермеген. Осы орайда тағы да дәлелді көлденең тартайық. 1741 жылы маусым-шілде айында Жоңғария қолбасшысы Сары-манжы бастаған отыз мың ойрат шерігі Орта жүз иелігіне шабуыл жасап, Қазақтың біраз ауылын шауып кеткен еді.
Дәл осы жолғы шайқастай жасынан қан майданға түсіп батырлық дәрежеге дейін көтерілген Абылай сұлтан жекпе-жекте ойрат ханы Қалдан-Цереннің Шарыш атты баласын өлтіреді. Бірақ өзі қолға түсіп қалады. Кей деректер бойынша Жоңғария хонтайшысының: "Баламды өлтірген сұлтанды байлап бермесендер, тұқымдарыңды түздай құртып, үрім-бұтағыңнан түк қалдырмаймын, Қазақ!" дейтін әмір-бұйрығымен билер кеңесі Абылайды аңда жүргенде ойраттарға ұстатып жіберіпті-мыс. Бір шындығы: 1741 жылы Абылай сұлтанның Қалдан-Цереннің қолына тұтқын боп, түсіп екі жыл бойы аяқ-қолы кісенделіп, зынданда отыруы.
Қашаннан өз мұңынан ел қамын жоғары қойған, халық мұңын ойлаудан бір жалықпаған Қаз дауысты Қазыбек Абылай сұлтанның ерекше алғырлығын, терең айлакерлігін, болжағыш көрегендігін, ұстамды мінезін, етінің тірілігін, икемді саясаткерлігін сұлтандар ішінде халық мүддесі, ел бірлігі дейтін қасиетке көбірек илігетінін сезіп, қайткен күнде де оны тұтқыннан босатып алуға тырысады.
Содан да болар 1742 жылдың ерте көктемінде Қаракесек Қазыбек би өз жүрек әмірімен хонтайшыға екінші рет барған екен.
Әрине, Қалдан-Церен атақты Қазақ биін қанша сыйлағанымен, кемеңгерлігіне қаншама бас игенімен, Қазақ даласының тұтқасы мен Қазығына айналып келе жатқан, Қазақ мемлекетінің сұлтан атауы қалмаса да, болашақ ұлы ханы болар Абылайды оп-оңай өңгертіп жібере қоймас та еді. Бір сөзге тоқтап, бір сөзден жеңіліп, бас шұлғып, қол қусырып, ат-шапан айып төлеп қала беретін ауыл-үйдің дауы да емес еді ол. Екі елдің арасындағы тіпті Ресей, Қытай, Бұқар, Хиуаларды қоссақ, әлденеше елдердің арасындағы шиеленіскен әртүрлі сақтағы мәселелерді қамтыған қиын түйін еді ол. Содан да болар Сары-манжы бастаған қалың қолын тағы да тас түйін етіп дайындап отырған Қалдан-Церен айылын жия қояр ма, ауыздықты шайнап, сыңарезуге басады ғой. Сондағы тілегі: Әбілхайыр, Әбілмәмбет хандар, Батыр, Барақ сұлтандар, Жәнібек бастаған батырлар барлығы Қазақтың он атақты адамы кепілдікке бір-бір баладан шығарып,"ақ үйлі аманат" берсін. Оның үстіне Қазақ хандығы Ресей боданынан кетіп, Жоңғария үстемдігіне бас иетін болсын. Осы шарттар орындалар болса, екі елдің арасындағы жаугершілік тоқтатылып, ағайынгершілік жобамен алыс-беріс басталады. Абылай сүлтан да, басқа тұтқындар да өздеріне лайықты сый-сияпатымен еліне қайтады. Ойраттардың иелігіне өткен Қазақтардың ежелгі астанасы – Түркістан шаһары және оның төңірегіндегі отыз екі қала қоса қайтарылып, қазақтардың емін-еркін көшіп-қонуына жер бөлінеді деген тәрізді "жақсылықтардың" төбесін де қылтитып қояды.
Қазыбек әкелген бұл хабар қазақтарға да, орыс патшалығына да онша жайлы тимеген еді. Қазақтар, оның ішінде Орта жүз бен Кіші жүз бұл кезде ресми түрде Ресей қоластында болатын. Хонтайшыға "ақ үйлі аманат" беретін болса, онда Ресей мемлекетінен ат құйрығын үзуі қажет. Өз ішінің алауыздығынан жылына әлденеше рет құбылып отыратын Жоңғария хандығының өзгермелі саясаты Қазақ халқы үшін қолайлы болмайтыны аян. Ал тізеге салып отырған ойрат өктемдігіне көнбейін десе дәл сол 1742 жылдың жазында Түркістанның нақ іргесіне төніп келіп тоқтаған қолбасшы Сары-манжының екі түмен қолының ызғарлы сұсын немен қайтарар? Қайтара алар ма? Ал, Ресей империясы қос басты самұрығының шеңгеліне өзі келіп түскен Қазақ хандығынан қарап отырып қалай оңайлықпен айрылып қалсын. Өйткені Петр патшаның сөзімен айтсақ "Қазақ даласы – күн нұрына мейлінше шомылған орталық Азия елдеріне барар жолдың кілті мен қақпасы" емес пе? Ендеше, орыстар кілтті өз қолынан беріп, қақпаны өз еркімен сарт жапқызбақ па? Жапқызбайды! Ендеше тездетіп шұғыл әрекетке көшу керек!
Сол-ақ екен Сыртқы істер Коллегиясының жарлығымен Орынбор комиссиясының бастығы Иван Неплюев пен гарнизонының жаяу әскер полкінің майоры Карл Миллерді Жоңғарияның Қалдан-Церенге, поручик Гладышевті Әбілқайыр ханға тілмаш, Уразалинді (әлде Оразалинді) Әбілмәмбет ханға жедел жөнелтеді.
Карл Миллер арқылы Орынбор комиссиясы Қалдан-Цереннен "Қазақтың Орта жүзі мен Кіші жүзі Ресей боданындағындағы ел екендігі, сондықтан бұл елге көз аларта беруін тоқтатуды, өйтпеген жағдайда Ресей патшалығымен түс шайысып қаларын, сол себепті тұтқындарды қайтаруды ең алдымен Абылай сұлтанды босатуды, сонда Қазақтар да ойрат тұтқындарды алмастыратынын" нықтап айтып, мықтап талап еткен еді. Ал, Гладышев пен Уразалин Қазақ хандарына: "Тырп - етуші болмаңдар? Сендер бізге сүйеніңдер, Жоңғар хонтайшысына аманат берем деп ауыздарың қышымасын!" деген зілді жеткізген болатын.
Бірақ саясат араласқан жерде әртүрлі айла-әрекет қоса жүретіні белгілі. Әбілмәмбет хан мен Барақ сұлтан балаларын Қалдан-Церенге "ақ үйлі аманат" қып беріп, екінші жағынан орыс елшілігінің қатаң талабының әсері де болып, Абылай сұлтан 1743 жылы елге оралған. Түркістан бастаған отыз үш Қазақ қаласы қайтарылып берілген. Әбілмәмбет Түркістан шаһарындағы ежелгі-хан ордасына көшіп алған. Сарыарқада хан болмаса да, хан билігін жүргізіп Абылай сұлтан дәуірлеген.
Шау тартып қалған Қаз дауысты Қазыбек ас беріп, ат шаптырған тойға да қатыспай, қор мен зорды тең жұтар билігін айтқызу үшін іздеп келер қарапайым жан мен қаһарлы хан шыққанша қазақ жерінің жоңғарлардан біртіндеп босануына қарай алдымен Ұлытауды жайлап, одан соң Есілдің бас жағындағы Ерейментау маңындағы Долбны мекендеп, кейіннен Семіз бұғы тауындағы Теректінің бойында тұрақтап, жүріп жатқан. Әрине би тыныш ұйқы, уайымсыз күй кеше қойды дей алмаймыз... Ақылы кең, азбайтын аға іздеп сандалған жұртты көріп бір қиналса, тозбайтын ақ кіреуке жаға таппай сенделген шерменділерді кездестіріп және күйзелетін. Наданға сөзін ұққыза алмай, жаманға түскен күйіне опынып, әркімді бір сағалаған есепшіл жылпостардан жаны түңіліп кей-кейде үйінен ұзақ шықпай, ақ ордасында ұзақ жатып қалатын. Бидің сондай бір оңаша күйзелуін оңаша күңіренуін "Елім-ай" романында былай деп көрсеткен... "Дүние – толқын. Лықсып туып, ығысып шегінеді. Адам – лек, ұрпақ – лек ауысып жатады. Сонда дейім-ау, осынау қонақ дәуреннің қас қағым мәурітінде алысып, жұлысып, жағаласып-жауаласып өткенде нені аңсайды, нені көксейді? Ырылдассын, иттессін, арылдасын, қасқырлансын, адамдығы неде? Қасиеті қандай? Қаскөйлігі ме? Ауызданғаны ақ уыз емес пе? Алғашқы естігені ана әлдиі мен бесік жыры ғой. Табалдырық аттасымен-ақ төбеге де жетпей тебелесе жөнелетіні қалай? Белдеуге қыстырған құрық пен құдыққа салған қауғаның кейде қан, кейде зәр ішкізетіні неліктен? Әлде әніміз бен айтағымыз көбейіп, еміренуімізден ежіреюіміз асып түсіп жатқанын сезбей ме екенбіз?
... О тоба! Осыны талайдан естідім. Өзегін өртеген өкінші –өзгені өлтіре алмағанын. Өзі әміре қапса да, өңгенің оза шауып, өрлеп кеткенін көре алмайды. Зар тілегі – зұлымдық. Ақсаққа тоқсақты қосып, мертікке шортықты жамай алмаған әлсіздігін аруақтың азғаны, тәңірдің тозғанына ғана балайды. Ит-ай! Қақ сойылдың сартылын, қара шоқпардың қақтығысын әні мен күйіндей сезініп, аттан мен ойбайға, құдайы мен піріндей табынып, исініп, еміреніп сала бергенде, кіндікке маталған құдірет – туған жердің ақ төсін ат түяғымен езгілегенін білмейді-ау. Түсінбеді-ау! Әйтпесе мұңға бөккен көп кеуденің үнсіз ыңқылын бір арнаға жинаса, жер сілкініп, тау шайқалар ма еді?! Неге сезсін! Сезбеген соң әркім өз сырын өзгеден қымтап, өз қотырын жасырып қасып, басқаның қотырына тұз себуге құштар... " (11,173).
Бәрібір әділдік деп соққан үлкен жүрек, адалдық, туралық деп құлшынған көпшіл көңіл алыстан арамдықтың ызыңы жетсе, зорлық-зомбылықтың сыбысы естілсе, қылмыс-қастандықтың дүбірі білінсе, биді еріксіз атқа қондырып, әділет туын жалындатып, жалаулатып әлгілерге қарсы шығаратын.
1748 жылы 24 тамызда Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіріп, ел арасына іріткі салып, қобалжу еңгізіп,тұтастыққа сына қаққан кезде дүниенің сөзін емес туралықтың сөзін сөйлеген
- Уай, Барақ! Ойланбай жасаған қылмысыңмен орта жүзді ойсыратып кетер салмақ түсірдің сен. Елдің саулығын қашырып, қаскөйдің жаулығын бастадың сен. Бәрінен де бұрын сен адамзаттың өмірін ұрлап, өлімге орын босаттың. Ханыңды қарадай өлтірсең, халқыңды қынадай қырарсың. Жауыздық қақласын ашсаң, қанын судай шашарсың. Ал егер еліңді ығыр қылғың келмесе, жүрегіңнің ізгілігі өлмесе, тесікті өзің бітеп, жараңды өзің жазып ал. Өлген тірілмейді, өшкен жанбайды. Бірақ өлгеннің ісін жалғастырып өшкеннің отын тұтатсаң, өмір азбайды, шырақ қайта маздайды. Жайлауымды өрт, жұртымды дерт шалмасын десең, Әбілқайырдың Орынбордағы ұлы Айшуақ сұлтанды ауыстырып, орнына аманатқа өз ұлыңды бер де, қаның мен құныңды кешірсін десең, бола алсаң – Әбілқайырдың орнына хан бол. Әйтпесе дәл Қазір тобырыңмен түгел бұрылып, Әбілқайыр ұлдарының алдына барып, кісілігіңді тастап, кісенді мойныңа сал! Кіріптарланып қол қусыр! Қанынды шаша ма, құныңды кесе ме, қылмысыңды кеше ме – солар, құныкерлер шешеді. Сен үшін табар, ағайыннан алашы іздер Орта жүз жоқ! Кісәпірге кешірім етер де Орта жүз жоқ! Кесіміме көнбесең бүкіл Орта жүз тұрмақ бүтін Найманға да симассың. Сиғызбаспын! Ауып кетем деп дәмеленбе, жоңғарға да өткізбеспін, - деп қатал талап қойыпты. Әрине Барақ сұлтан да үнсіз қалмаған ғой.
- Уай, би! Қараны ақтап, ақты қаралағанды қайдан көрдің. Жаманды жақтап, нақақты жаралағанды қайдан көрдің? Сұңғылаң Әбілқайыр болса сұмырайың мен бе? Адалың Әбілқайыр болса арамың мен бе?! Сұғанақ жанды әулие тұтар болсаң, тура би, тура жолыңды өзің бітеп көнгенің бе? Айлашыл пысықайды аза тұтсаң, арымызды ұқтырар арыңды таба алармын ба? Жолымды кесіп, қолымды байлап келген Әбілқайырды бір көрмей, оның арамдығына көнбей, сұғанақтығына ермей бұлқынған мені тергей жөнелгенің қалай? Жолымнан қағылып, тонымнан тоналып қала бергенім үшін, баламның маған сыйға жіберген керуенін жолшыбай талап алған Әбілқайырды жазалап, қылмысына лайық шара бергенім үшін айыптымын ба? Сұғанақты сілейтіп, қылмыскерді құлатсам, тәңір бұйрығын орындағаным шығар. Бөлекей-Қоянның шәлтірегі Тоғым-Шығайдың тектісінің алдынан шыға бермесін. Қазыбек дауысын қоңыр Қаздай қаңқылдатыпты.
– Әруақты Қазбалап, көп сызбалай берме. Сылтауратып сытыла алмайсың, бұлталақтап құтыла алмайсың менен. Қанды қол, қара жүрегіңмен қанжар ұшында тұрсың. Қолды жуып, жүректі тазартуды ойламасаң тағдырыңды сол қанжар шешер. Орта жүздің атынан қылша мойныңа қыл арқанды тастадым. Не өліп құтыласың, не жөніңмен жеңіп құтыласың, Барақ! Барақ сұлтан еріксіз ылдилапты.
– Уай, би! Айттың сен. Көндім кебіңе. Олай болса мені Кіші жүз бен Орта жүздің екі-екіден төрт биі тергеп тексерсін. Ендеше мен де өз шартымды айтып қалайын. Қаныңа тартпас кесектігімен Алшынның Төртқарасынан Қаратоқа бидің, Қаракесектің Қозанайынан Мәмбет аталықтың, Орта жүздің Бағаналы Найманындағы Өтебайдың есімдері белгілі. Сен мені осыларға тапсыр, басымды ала ма, шарымды ала ма – шешсін де кессін! - дейді.
Билердің шешіміне иліктіріп, ел ыңғайына Барақ сұлтанды Қазекең осылай көндірген екен.
Бұл оқиға ағайын арасында да көрші елдермен де тату ынтымақта болуды көздеген Қаз дауысты Қазыбектің туралығына дәлел. Әсіресе оның орыс елімен бейбіт қарым-қатынасты орнатуда сіңірген еңбегін ескергеніміз жөн. Сібір генерал-губернаторының міндетін атқарушы генерал-майор фон Фрауендорфтың Сыртқы істер Коллегиясына 1763 жылғы 11 наурызда жолдаған рапортында "Орта жүздің төбе биі Қазыбектің Россияға жақсы ниетпен қарайтыны" мәлім етілген. Және де осы құжаттан біз 1762 жылдың күзінде Орта жүзге мол сыйлықпен келген Қытай боғдыханының елшілерін Қаз дауысты Қазыбектің Абылай сұлтанға өткізбегенін де, өзінің қытай елшілерінің бағалы сыйлықтарын алмастан, талап-тілектерін қабылдамастан кері қайтарып жібергенін де білеміз.
Қазыбектің Бекболат, Қазымбет, Базаркелді, Барқы, Сырымбет атты бес ұлы және Маңқан есімді қызы болғаны белгілі. Осы ұлдарының біріне қызын айттырып алып беріп, Қазекең ұлы замандасы Теле бимен құда болған дейтін де болжам бар.
1764 жылы қысқы соғым кезінде (шамамен желтоқсан ішінде) Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі бұлағын қыстап отырған Қаз дауысты Қазыбек тоқсан жеті жасында мәңгі көз жұмған екен. Қазекеңнің сүйегін былғарымен қаптатқан баласы Бекболат әкесіне арнап тіккізген киіз үйдің ішіндегі төрт таған тас-сөреде төрт ай сақтап, көктем шыға жолға шығып, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи сағанасына апарып қойғызыпты. Қазекеңе орнатылған құлпытас әлі күнге дейін тәу етіп келушілердің көз жанарын суырады.
Қазақ елінің әдет-ғұрып заңдарын қалыптастыруға ат салысқан, халқының еркіндігі мен азаматтығын ойлап, ұзақ ғұмырын ат үстінде, ел шетінде, жау бетінде өткізген кемеңгер ойшыл, қажымас қайраткер Қаракесек Қазыбек есімі ұлтының есінде мәңгі сақталары аян.
II т а р а у
Достарыңызбен бөлісу: |