Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамынан дәріс тезистері №1 дәріс. Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы



бет30/50
Дата13.10.2023
өлшемі0,54 Mb.
#185246
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   50
Байланысты:
1 дәріс. Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы-emirsaba.org 2

Сан есім сөзжасам тәсілдері.
Сан есім сөзжасам жүйесінде екі тәсіл кызмет етеді. Олар: аналитикалық және синтетикалық тәсілдер. Аналитикалық тәсіл-сан есім сөзжасамының ең негізгі тәсілі. Аналитикалык тәсіл сан есім сөзжасамында негізгі тәсіл болып саналатын себебі сан есімнің нағыз сандық атауларының бәрі дерлік аналитикалық тәсіл арқылы жасалған. Сан есімдегі негізгі түбір сан атауларынан басқа есептік сандардың бәрі аналитикалық тәсілмен жасалған. Негізгі түбір сан есімдерге көбіне бірлік, ондық атаулары және жүз, мың деген сандар жатады. Есептік сандарды білдіретін негізгі түбір сан есімдердің саны жиырма үш сөзден ғана тұрады. Олар бірліктер: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз; ондықтар: он, жиырма, отыз, кырық, елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан және жүздік пен мыңдық атаулары: жүз, мың, миллион, миллиард, триллион. Мұндағы, алты, жеті, сегіз, тоғыз, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан деген сан атаулары тарихи тұрғыда туынды сөздер болғанымен, қазір олар негізгі түбір деп саналады.

Тіліміздегі сандық ұғымдар тек бірлік, ондық, жүз, мың, миллион, миллиард деген дара сандармен ғана шектеліп қоймайды, ең көп сандық ұғымдар - осы сандар араласып келген, күрделі сандық ұғымдар. Олардың саны қандай көп болса, түрлері, құрамдары сондай алуан түрлі. Сондықтан тілде күрделі сандық ұғымды білдіру үшін, аналитикалык тәсілдің тіркестіру түрі кең қолданылған. Бұл тәсіл бойынша бір сан атауымен екінші сан атауы тіркесіп, үшінші бір күрделі сандық ұғымды білдірген. Мысалы, он+бес, жүз+алпыс, жүз+қырық+үш. Мұндағы құрамы он және бес деген сандардан тұратын күрделі сандық ұғымды білдіру үшін, он және бес саны тіркесіп, он бес деген күрделі есептік сан жасалған. Бұл ондық пен бірлік аралас сандардың тобына жатады. Ал жүз алпыс деген есептік сан жүздік пен алпыс санының қосындысынан тұратын сандық ұғымды білдіреді. Жүз қырық үш саны бұдан да гөрі күрделірек, мұнда жүздік, ондық, бірлік қатысқан.


Күрделі сан атаулары екі түрлі жолмен жасалады: 1) бір сан мен екіншісі сан қосылып, оның қосындысынан үшінші сан атауы жасалады: он+бір=он бір, сексен+тоғыз=сексен тоғыз, жүз+он бес=жүз он бес, мың+сегіз=мың сегіз т.б. 2) жүздік, мыңдық, миллион атаулары көбейту арқылы жасалады: Мұнда бір сан мен екінші сан көбейтіледі. Мысалы, екі х жүз=екі жүз, бес х мың=бес мың, тоғыз х жүз=тоғыз жүз, он бес х мың=он бес мың т.б. Осы екі жолмен тілдегі он бір санынан бастап, миллион, миллиардқа дейінгі сан атаулары жасалған.
Аналитикалық тәсіл сан есімнің семантикалық топтарын жасауға да қатысады. Мысалы, жүзге тарта, мың шамалы, жеті-сегіз т.б. Бірақ онда аналитикалық онша өнімді емес, кейбір мағыналық топтарда ғана ол қызмет атқарады, бірақ оның мағынаға әсері де дәл есептік сандағыдай емес, өйткені онда нағыз сан атаулары жасалмайды, негізгі сандық ұғымға түрлі қосымша мағына қосылады. Сан есімнің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуы өнімсіз, өйткені сан есімде сөзжасам қосымшалары өте аз. Сан есім сөзжасамының бұл ерекшелігі өте ерте қалыптасқан. Алайда бірлі жарым сандардың құрамында жекелеген қосымша кездеседі. Бірлік сандардың атауындағы —ты/-ті, -ыз/-із морфемаларының алты, жеті, сегіз, тоғыз сандарында қайталанып тұрғанына қарап, оларды осы сандарды жасаушы қосымша санау бар. Мұнымен бірге осы сандардың жасалуына негіз болып тұрған түбір алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан сандарының жасалуына да негіз болған. Тек бұл түбірлер қазіргі тілдерде жеке сөз ретінде қолданылады.Ал сан есім сөзжасамындағы синтетикалық тәсіл негізінен сан есім мағыналық топтарын жасайтын қосымшалармен байланысты. Сондықтан сан есімнің сөзжасамдық жұрнақтары мағына жағынан да басқа сөз таптарынан ерекшеленеді, өйткені олар лексикалық мағынаны түрлендіруші қосымшаларға жатады. Мысалы, Олар төртеу-ақ. Жетеудің кемтігін жаба ала ма?(Ғ.Мұстафин). Келтірілген мысалдағы синтетикалық тәсіл арқылы жасалган сан есімдер: төртеу, жетеу. Бұлардың жасалуына негіз болып тұрған сан есімдер: төрт және жеті. Төртеу, жетеу сандарының мағынасында негіз сөздердің (төрт, жеті) мағынасында жоқ жинақтық-заттық мағына бар. Бұл үстеме мағына негіз сөздегі төрт, жеті сандық ұғымының үстіне қосылған. Сонда негізді сөздің мағынасы негіз сөздің мағынасынан кеңігені көрініп тұр. Сөзжасам теориясы бойынша қашан да негізді сөздің (производная основа) мағынасы негіз сөздің (производящая основа) мағынасынан кең болуға тиісті. Төртеу, жетеу сөздерінің мағынасы осы теорияны растап, оған сай келіп тұр. Келесі бір мәселе синтетикалық тәсіл арқылы жасалған сан есімдердің бәрінде сандық ұғым өзгеріп, екінші бір сандық ұғым жасалмайды. Төртеу, жетеу, бірінші дегендердің бәрінде негізгі сандық ұғым өзгерген жоқ, оларға үстеме мағына қосылды, лексикалық мағына түрленді. Міне, бұл — сан есімнің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуының өзіндік ерекшелігі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   50




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет