Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты бәсекеге қабілетті маман дайындау



Дата23.04.2020
өлшемі53 Kb.
#64284
түріСабақ
Байланысты:
пед ужым мен ата- ана байланысы


  Педагогикалық ұжым мен ата ананың байланысы
Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты - бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі - мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс - оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі .Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар : бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі.Осы тұрғыдан қарағанда нәтижеге бағытталған білім моделі мен басқарудың жаңа парадигмасы аясында жекелеген ұғымдар мен нормаларды және тиімді педагогикалық технологияларды меңгеру үшін педагогтардың кәсіби мәдениетін дамытуға бағытталған озық үлгі қажет.Осыған орай Қазакстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында“... Бізге керегі шын дарындар. Нарық қол-аяғымызды қалай қыспасын, мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, нағыз әдебиет пен өнерін жасайтын тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті” делінген. Осыған орай біздің тәуелсіз, жас мемлекетіміздің басты даму бағыттарының бірі – қазіргі білім мен ғылымды барынша дамыту болып табылады. Олай болса , мектеп- өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесіндегі шешуші буын. Оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі ролі өте зор. Еліміздің бүкіл жастары мектеп арқылы өмірге жолдама алады. Мектеп еш уақытта отбасынан, қоғамнан бөлініп, өз бетінше жеке автономиялық мекеме болған емес, сондықтан оның іс-әрекеті отбасымен, жұртшылықпен, еңбек ұжымдарымен тығыз байланысты. Міне, мектептің үлкен тәрбиелік функциясы осында.Мектеп тәрбиеге байланысты барлық қоғамдық күштерді ұйымдастыру және біріктіру рөлін атқарады. Ол ішкі тәрбие процесін басқарып қана қоймайды, сонымен бірге мөлтек аудандарда, кәсіпорындарда жүргізілетін тәрбие жұмысының мақсатқа бағыттылығын қамтамасыз етеді. Осы тұрғыдан мектеп балалармен тәрбие жұмысын ұйымдастырудың, жеке адамның дамуында және қалыптасуында әр түрлі факторлардың ықпалын үйлестірудің, біріктірудің орталығы.
Мектеп іс- әрекеттің ең бастысы- тәрбие түрлерінің (дүниетаным, еңбек мінез- құлық, эстетикалық және дене тәрбиесі) мақсаттары және міндеттері жүзеге асырылады.
Мектеп басшылығымен жүргізілетін тәрбие жұмысының формалары көптеп саналады. Олар: ата- аналармен жұмыс, сынып жетекшілерінің және мұғалімнің отбасымен жұмысы, сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмыстары. Осы жұмыстардың барлығына мектеп басшылық жасайды, көмектеседі, тиісті адамдармен, ұйымдармен бірігіп, іске асыруды қамтамасыз етеді.Тәрбие жүйесінде, әсіресе жеке адамның жоғары моральдық қасиеттерін қалыптастыруда, адамгершілік сезімін, эстетикалық талғамын дамытуда қоғамдық тәрбие институттарының алатын орны ерекше. Олардың ынтымақтасып істейтін жұмыстарының негізгі бағыттары: педагогикалық ұжым, ата- аналар комитеті тәрбие жұмысының жоспарын жасап, оны басшылыққа алады.
Мектеп оқу- тәрбие жұмысының мазмұнын жақсартуға қамқорлық жасайды, ата- аналарды, барлық жұртшылықты қатыстырады.
Мектеп пен отбасы ынтымақтастығының бірнеше формалары бар. Мектеп пен отбасы байланысының басты формасы - ата- аналар жиналысы. Онда көптеген мәселелер, мысалы күнделік өмір, еңбек, демалыс, оқушылардың бос уақыты, кәсіптік бағдар, оқу және тәрбие жұмысы т.б. талқыланды. Оларды одан әрі жетілдірудің жолдары қарастырылады.
Байланыс формаларының бірі- педагогтардың оқушылар үйіне баруы.

Мақсат: оқушылардың үй- жағдайымен, күнделікті өмірмен, тұрмысымен танысу, оқу және тәрбиеге байланысты әр түрлі тақырыптарға ата- аналармен әңгіме өткізу, пікір алмасу. Мектеп пен отбасы ынтымақтастығының тағы бір формасы- педагогикалық насихат, яғни- ата- аналарға білім беру.
Қазір ата- аналар және қалың бұқара арасында психологиялық және педагогикалық білімді насихаттаудың маңызы өте зор. Насихат жұмысы оқыту мен тәрбие міндеттерін шешуде болымды әсер етеді. Н. К. Крупская өзінің еңбектерінде ата- аналарды педагогикалық минимуммен қаруландырудың қажет екенін бірнеше рет айтқан болатын.
Ата- аналардың тәрбие процесінде жеке адамның қалыптасуына ықпалы, олардың жалпы және педагогикалық мәдениетіне байланысты. Осы тұрғыдан педагогикалық- психологиялық білім негіздерімен ата- аналарды қаруландыру- мектеп алдында тұрған басты міндеттердің бірі.
Мектептің ата- аналар комитеті мұғалімдерге, ата- аналарға көмектеседі, балалардың демалысын, балалардың тұрған жеріндегі жұмыстарды ұйымдастыруға қатысады. Ата- аналар жиналыстарын, олардың конференцияларын, пікірталастарды, балалар мерекелерін өткізудің ұйымдық жұмыстарына қатысады.
Мектептің, отбасының бүкіл халықтың және мемлекеттің негізгі мақсаты қазіргі заманның талаптарына сәйкес балаларды және жастарды тәрбиелеу, оларды мамандық таңдауға арнайы орта және жоғары оқу орындарына түсуге, халық шаруашылығының салаларында еңбек етуге даярлау. Міне, осы тұрғыдан тәрбие бүкіл жұртшылықтың ісі болып отыр.
Мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеуде және оқытуда мектеп шешуші роль атқарады. Оның маман тәрбиеші мамандары бар және ол өзінің жұмысын ең алдыңғы қатарлы педагогикалық теория негізінде жүргізеді. Мемлекет балалар тәрбиелеуде отбасына мектеп арқылы көмектесіп, отбасылық тәрбиені мазмұны мен ұйымдастыруларына әсер етіп отырады. Мектеп мемлекеттік мекеме есебінде отбасын соңынан ертіп, балаларды, жасөспірімдер мен жастарды дұрыс тәрбиелеуге, жәрдемдесуге ата- аналар арасында идеологиялық насихатты белсене жүргізуге міндетті. Отбасы өз тарапынан оқу- тәрбие жұмысын ұйымдастыруда мектепке көмектеседі.
Мектептің отбасымен және жұртшылықпен байланысы, негізінен сынып жетекшілері арқылы жүзеге асырылады. Төменгі сыныптарда мұғалімдер ата- аналармен, қоғамдық ұйымдармен үнемі байланыста болады. Жоғары сыныптарда да әр мұғалім белгілі мөлшерде ата- анамен байланысты, бірақ олармен үзбей байланыста болатын тек сынып жетекшілері ғана.
Қазақстан мектебі халықтың имандылық- адамгершілік мәдени дәрежесін көтеру ісіне үлкен үлес қосуы тиіс. Бұл міндеттерді ол оқушыларға ғана емес, олардың ата- аналарына да тәрбиелік әсер ету жолымен жете алады.
Балаларды саналы мақсаттылыққа, еңбек сүйгіштікке, өр мінезді және өзіне жоғары талап қоя білетін азамат етіп тәрбиелеуде мектеп пен отбасының атқаратын міндеті зор.
Сондықтан да жасөспірімдерді жаңа заман талабына сай тәрбиелеуде мұғалімдер ұжымы мен мектептің қиын да жауапты ісіне көмектесуге үкімет ата- аналарға зор талап қоюда.

Мектептің ұйымдастырушы тәртіп орталығы ретіндегі қызметінің ең маңызды бағыттарының бірі- мектептің, отбасының және жұртшылықтың күшін біріктіру. Бұл жұмыстың мазмұны, әдістері мен түрлеріне қарай өзіндік ерекшелігі болады. Ол әрекеттің өзіндік ерекшелігі бірқатар факторларға байланысты. 
Мектеп отбасының тәрбиелік мүмкіндіктерін кеңітеді және дамытады, осы бағыттта педагогикалық ағарту жұмыстарын жүргізеді, қоғамдық және мектептен тыс ұйымдардың мектеп пен отбасына белсенді түрде көмек көрсетуін ұйымдастырады және бағыттайды, олардың әрекеттерін үйлестіреді. Мектеп басшысының, сынып жетекшісінің жұмыс жүйесі ең тиімді түрлер мен әдістер таңдап алу арқылы ұзақ жылдар барысында қалыптасады. Ол жүйе жұмыстың нәтижелігін қамтамасыз ететіндей талаптарға жауап беруі тиіс. 
Ең бірінші талап - бүкіл педагогикалық ұжым әрекетінің мақсаттылығы.

Ата-аналармен жұмыс деген мүлде жалпы ұғым. Оның орнына нақты педагогикалық проблемаларды шешу үшін ата-аналар жиналысын өткізу, лекция оқу, ата-анаға, отбасына жекелеп ықпал жасау қажет. 
Екінші талап - мұғалімнің кәсіптік біліктілігін, педагогикалық мәдениетін көтеру. Оның жолдары әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы: сынып жетекшілері секциясының жұмысы, ''Отбасылық педагогика'' немесе ''Отбасы тәрбиесін жетілдіру'' сияқты тұрақты педагогикалық семинар жұмысы; мектеп тәжі-рибесінде анықталған формалды емес жасөспірімдер тобының ерекшеліктерін есепке алу, қолайсыз отбасылар мен педагогикалық тұрғыдан өз бетімен жіберілген балаларды есепке алу, ата-аналардың жүргізген жұмыстарының тиімділігін анықтау, олардың озық тәжірибелеріне педагогикалық талдау жасау. 
Үшінші талап - педагогикалық ұжымның сынып жетекшісі мен мұғалімдердің ата-аналармен жүргізетін жұмыстарына бірыңғай талап жүйесін жасау. Бұл талап негізді, әдепті, заңды болуы тиіс. Асығыстық, талапты бұрмалаушылық ата-аналармен келіспеушілікке апарып соғады. 
Төртінші талап - ықпалды қоғамдық ата-аналар ұйымын қалыптастыру. 
Социология ғылымы отбасын тұтас қоғамдық организмнің бөлігі, әлеуметтік тәрбие беретін ұжым ретінде қарастырады. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық салада орын алған өзгерістерді міндетті түрде отбасының өмірінен көрініс табады. Отбасының қоғамға қатысты негізгі қызметтері мыналар: 
ұрпақтар алмасуын қамтамасыз ететін бала туу, өсіру қызметі; 
білім, дағды, шеберлік, рухани құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізетін тәрбиелік қызмет; өндірістік - шаруашылық қызметі;отбасының жұмыстан, оқудан бос уақытын ұйымдастыру қызметі; 
Отбасының адамға қатысты қызметі мыналар; 
Жұбайлық қызметі. Жұбайлар ең жақын адамдар. 
Ата-аналық қызметі- отбасының үйлесімді өмірін, олардың зейнет жасындағы игілігін қамтамасыз етеді; 
Тұрмысты ұйымдастыру қызметі. Отбасы тұрмысы психологиялық тұрғыдан алғанда ең жайлы тұрмыс болып есептеледі. 
Отбасының қызметін, оның көп түрлілігі мен байланыстарын ескере отырып, қазіргі отбасы дамуының бағыттары мен бірқатар ерекшеліктеріне тоқталған жөн. Оларды тани білу және ескеріп отыру мұғалімдер мен ата-аналардың отбасының тәрбиелік қызметін іске асыруына көмектеседі. 
Кейде бір отбасында ата мен әженің және жас ата-аналардың тәрбие жүйесі қақтығысып қалады. Отбасы тәрбиесіне ден қойған мұғалім бұл жағдайды естен шығармауы тиіс. 
Отбасында балаларға отбасылық бюджеттің 25-50% жұмсалады. Материалдық кірісі мол отбасыларда педагогикалық көрсоқырлық тойынғандық (шамадан тыс еркелету, көңілін жықпау, мейманасы тасығандық) жағдайда алып барады. Тойынғандық дегеніміз- өмірге, өмірдегі материалдық және рухани құндылықтарға деген жек-көрінішті, немкетті қатынас. Жастайынан осындай ортада өскен балалардың арасынан торығушылар, қаңғыбастар, ''қызықты'' әсерді іздеушілер өсіп шығады. 
Қазіргі кезде отбасының ''уақталу'' процесі жүруде. Ол дегеніміз - жас

ата-аналардан тұратын әжесіз, атасыз отбасылар. Бұл отбасының беріктігін нығайтып, дербес ұжымды қалыптастырады. Бір балалы отбасы көпшілікпен араласу, ұжымдық қызмет тәжірибесін игеру жағынан баланы қиын жағдайға қалдырады. Кейінгі кезде немере, шөбере туыстарды айтпағанның өзінде бірге туған бауырлардың да туыстық қатынастары салқындай бастағандығы аңғарылады. Көп балалы отбасының балалары ауылда,мектепте, ұжымда, қатар құрбылары арасында тез сіңісіп кетеді, өйткені олар отбасында бір-біріне қамқорлық, құрмет жасауды көріп өседі. Ал бір баламен шектелген отбасылардың бұқаралық сипат алуы балалар арасында жатырқау, тасбауырлық сезімдердің нығая түсуіне негіз қалайды. 
Бірінші ереже. Мектеп пен сынып жетекшісінің отбасымен және жұртшылықпен жүргізетін жұмысының негізі ата-аналардың беделін көтеру және нығайтуға бағытталуы тиіс. Ата- аналардың көпшілігі өз міндеттерін жап- жақсы түсінеді, бірақ тәрбие практикасында өз білгенін көңілдегідей қолдана алмауы мүмкін. Сондықтан оларға не істеу керек екендігімен бірге қалай істеу керектілігін білу де маңызды. Мұғалім мен ата-ананың арасындағы бірден-бір дұрыс норма - ол бірін-бірі құрметтеу. Осындай жағдайда бала тәрбиесін қадағалау, тәжірибе алмасу, ақыл-кеңес, бірлесе шешім қабылдау сияқты екі жақты да қанағаттандыратын формаға ауысады. Бұндай қатынастың маңыздылығы сол - мұғалім мен ата-аналарда жеке жауапкершілік, азаматтық парыз, өзіне деген талапшылдық дамып нығаятын болады. 
Екінші ереже. Ата-ананың тәрбиелік мүмкіндіктеріне сенім арту, олардың педагогикалық мәдениетінің деңгейін көтеру тәрбиелік белсенділігін арт-тыру. Ата-аналар психологиялық жағынан мектептің барлық бастамалары мен талаптарын қолдауға дайын. Тіпті педагогикалық дайындығы, жоғары білімі жоқ ата-аналардың өзі бала тәрбиесіне терең түсіністікпен және жауапкершілікпен қарайды. 
Үшінші ереже. Отбасының өміріне орынсыз араласуға жол бермейтін педа-гогикалық әдеп. Сынып жетекшсі ресми тұлға. Ол өз қызметі аясында көп жағдайда қаласа да қаламаса да отбасының өзгелерден ''жасыратын'' құпия сырларына куә болуы мүмкін. Жақсы сынып жетекшісі отбасы үшін бөтен емес, қайта ата-аналар одан көмек күтіп сеніп сыр айтады, ақылдасады. Сондықтан отбасы қандай болса да, ата-аналар қандай тәрбиеші болса да мұғалім барынша әдепті болуы тиіс. Ол отбасы туралы барлық білімін ата-аналардың тәрбие ісіне көмектесуге, ізгі ниетті орнықтыруға жұмсауы керек. 
Төртінші ереже. Тәрбие мәселелерін шешуге өмірге құштар, көтеріңкі көңіл күйді басшылыққа алу, жеке тұлғаның табысты дамуына бағыт ұстау, баланың жағымды қасиеттеріне, отбасы тәрбиесінің күшті жақтарына сүйену. 
Ата-аналармен, оқушы отбасымен байланыс орнату мұғалімнің ең басты міндеті. Отбасында болу, шақыру арқылы іске асқаны жөн. Статистикалық мәліметтер бойынша балалардың 80 пайыздан астамы әкесі де, шешесі де жұмыс істейтін отбасыларда тәрбиеленеді. Демек кез келген уақыт мұғалім үшін қолайлы бола бермейді. Мұғалімнің кенеттен үйге келуі ата-аналарды жұмыстан қалдыруы, күн тәртібін бұзуы, алаңдатуы мүмкін. Шақыру бойынша отбасында болу ата-ананы да, мұғалімді де қолайсыздықтан құтқарады. Отбасында болуға мұғалім дайындалуы тиіс. Отбасымен, ата-аналармен байланыс орнату отбасы тәрбиесін насихаттауға ықпал жасайды. 
Тапсырманың бірінші түрі - Белсенді тәрбиелік позиция, балалармен тікелей жұмыс жасаудан туындайды. Олар: қызығушылықтар бойынша құрылған үйірмелерге жетекшілік жасау, дербес қамқорлыққа алу, тәлімгерлік және т.б. 
Тапсырманың келесі түрі - мұғалімге, тәрбиешіге ұйымдастырушылық көмек көрсетуден туындайды. Олар: саяхат ұйымдастыруға ықпал жасау, қызықты адамдармен кездесулер ұйымдастыру, сынып кітапханасын жабдықтау, кітапқұмар клубын ұйымдастыру. 
Ендігі тапсырмалар мектептің материалдық базасын дамыту және нығайтуға қатысудан туындайды. Олар - кабинетті безендіру, құралдар, приборлар дайындау, мектепті көгалдандыру, жөндеу жұмыстарына қатысу. 
Бұл аталғандар қоғамдық жұмыстар мен тапсырмалардың бір бөлігі ғана. Қоғамдық жұмысқа тартуда ата-аналардың немен айналысқысы келетіндігін анықтау үшін сынып жиналысында олардың өз ұсыныстарын жазбаша беруін өтінуден бастау дұрыс болады. Олай болса,өткеннің өнегелі тұстарын өміріміздің өзегіне айналдыра білуіміз керек, өйткені жастарға тірбие беру жалпы мемлекеттік, жалпы халықтық іс. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы. Бала — әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік.
Айнур Наймтаева

ШҚО Үржар ауданы Мақаншы ауылы

«Сейфуллин атындағы орта мектеп бақша» КММ

қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі




Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.Е.Сағындықұлы. Педагогика. А,. 1999ж.

2.К.Оразбекова. Отбасы психологиясы.А., 2000ж

3.Ш.Құрманалина, т.б. Педагогика. Астана,2004 ж.

4.Қ.Жарықбаев, С.Қалиев. Қазақ тәлім -тәрбиесі. А., 1995 ж

5.Қ.Қожахметова. Сынып жетекшісі.А., 2000ж

6.Ж.Қоянбаев,Р.Қоянбаев. Педагогика. А.,2000ж

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет