34
жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», «Ханша-Дария хикаясы», т.б.
туындыларында түрлі қалыпты көрініс тапқан.
Даму заңдылығының қозғаушы күші болатын қарама-қарсылықтың бірлігі мен күрес
заңы Ә.Кекілбайдың қай шығармасында болсын алдыңғы шепте көрінеді. «Аңыздың ақыры»
романы мен «Ханша дария хикаясы» повесінде ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, кеше
мен бүгін, адалдық пен арамдық, махаббат пен ғадауат, бейбітшілік пен соғыс, қанағат пен
тойымсыздық, ізгілік пен зұлымдық қатар өрбіп отырады. Бұл мәңгілік тақырыптар
қаламгердің ой-көркінен тіпті түрленіп, аса шебер өрілген.
Әбіш Кекілбайдың көркем прозасында бағзы мифтік танымның жаңғыруы, мифтік
құрылымның игерілуі арқылы бүгінгі күннің маңызды мәселелері қозғалады. Жазушы
шығармаларының мәтіндік компонентінде архетиптік негіздер көркемдік жүйенің қайнар
көзіне айналып, аңыз мотивтері мен сюжеттері маңызды орын алады. Өткен шақ пен бүгінгі
күннің тұтасып, өзекті өмірлік мәселені танытуы, адам атты күрделі, қат-қабат қайшылыққа
толы саналы тіршілік иесінің болмысын бейнелеу арқылы ізгілік ұғымының түп-тамырына
үңілту автор талантының кемелдігін танытады. Әбіш Кекілбай прозасының көкемдік-
бейнелілік құрылымы туралы сөз әуелі жазушының тілінен басталуы заңды.
Көркем мәтіннің құрылымын зерттеген Ю.М. Лотман шығарманың негізгі тірегі
ретіндегі тілдің қызметін айқындай келе, оларды «табиғи тіл, жасанды тіл, қосалқы, яғни
екінші сатыдағы тіл» деп топтастырады да, өнер туындылары тілін «екінші сатыдағы жүйе»
деп көрсетеді [2, 17]. Көркем әдебиеттің бұқаралық коммуникацияның бір түрі ретінде
«өзіндік тілі» болу керектігін айта отырып, әуелі оның табиғи тілге тікелей қатысы бар
екенін ескертеді [2, 31]. Көркем әдебиет тілі ұлттық тілдің функциональды-стилистикалық
қабаты
екенін ескерсек, кез келген көркем туындыда бұл қабаттың қызметі ерекше.
Сөз өнерінде ойды, негізгі идеяны берудің басты құралы ретінде тіл өз бойына жаңа
бояу, тың мағынаны үстейді. Басқаша айтсақ, көркем туынды тілден осыны талап етеді.
Тілдік түзілімнен бастау алған сөз табиғи сипатынан бейнелеу қызметіне ауысады. Таланты
кемел суреткердің қолына түскенде тіптен түрленіп, өзінің шексіз мүмкіндігін танытады.
Әбіш Кекілбай прозасында тартыс оппозициялық ұғымдардың кейіпкер
болмысындағы жаңғыруымен айқындалады. Бұл жаңғырудың өзі құрылымдық сипатымен
танылады. «Ханша-Дария хикаясы» хикаятының эпиграфына алынған Е.Ібітанов өлеңінің
үзіндісінде «Бұл өзі әлде шындық, әлде өтірік...» деген жолдар бар. Шығармаға арқау болар
тартыс табиғатына осы жолдар мегзеп тұрғандай. «Шындықты» айқындайтын «өтірік»
ұғымы ары қарай жауыздық пен ізгілік арпалысына ұласып, тереңдей түседі.
«Аңыздың ақыры» романы мен «Ханша дария хикаясындағы» бас қаһармандарды
протагонист тұлға деген бір ұғымға сыйдыра алмаймыз. Егер бұл ұғыммен тұрғысынан қарар
болсақ, сол протагонист тұлғаға тән мінез-құлық, әрекет аталмыш туындылардың бас
кейіпкерлеріне тән емес екендігін аңғарамыз. Өйткені протагонист тұлға тек күштілік,
асқақтық емес, оған қоса ізгілік, жақсылық ұғымдарымен шендесуі керек. Осы тұрғыдан
келгенде, екі туындыдағы протагонист тұлға ұғымына Әмірші мен Ұлы билеуші емес, Кіші
ханым мен Гүрбелжін ханым сай келеді.
Әбіш Кекілбайдың шығармашылық жолы қазақ қаламгерлерінің халықтың өткені
мен тарихи оқиғаларды өз туындыларына арқау ете бастаған кезеңге тән, яғни ХХ ғасырдың
60-жылдарынан бастау алады. Қақтығысы, тартысы көп уақыт тереңіне үңіле отырып,
туындаған роман-повестерді тақырыптық, жанрлық тұрғыдан іріктегенде тарихи-
хроникалық, тарихи-этнографиялық деп қарастыру басым. Ал, Әбіш Кекілбай тарихи
тақырыпты көркем меңгеруге басқадай тәсілмен барды. «Күй», «Ханша- Дария хикаясы»,
«Шыңырау» хикаяттарында және «Аңыздың ақыры» романында бағзы дәуірлерден мұра
болып жеткен аңыз оқиғаларын жаңғырта отырып, өткен күннің психологиялық-моральдық
қырына назар
аудара отырып, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін еске салады.
Әбіш Кекілбайдың Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан шыққан «Дала
балладалары» (1975) атты прозалық кітабына жазған алғы сөзінде Әбдіжәміл Нұрпейісов
былай дейді: «Жазушы өзінің шығармаларында белгілі тарихи тұлғалар есімін саудаға