Бұл зерттеудің бағыты мынадай болуға тиіс:
Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жайын және оқушының білім сапасын анықтау.
Оқушының алған білімін қолдану дағдыларындағы жетістіктер мен кемшіліктердің негізгі себептерін анықтау.
Озат мұғалімдердің оқу-тәрбие жұмысындағы өнегелі іс-тәжірибелерін қорыту және тарату.
Пәндердің оқытылу жайын, оқушылардың білім дәрежесін зерттеп білудің нәтижесінде оқыту сапасын жақсартуға бағытталған ұсыныстар жасау.
Қазақ тілі мен әдебиетінің оқытылу жайын зерттеу ісі мынадай мәселелерді қамтиды: оқушылардың білім дәрежесі, оқытушылардың сабақ беруде қолданып жүрген методикалық тәсілдері, мұғалімдердің өз пәні және оның методикасын білу дәрежесі, класта және кластан тыс жүргізілетін оқу-тәрбие жұмысы, сабақтың сапасы, оқытушының оқыту ісіндегі жетістіктері мен кемшіліктері, олардың себептері, оқушының біліміндегі формализмді болдырмау.
Зерттеу жұмысы жүргізілетін бастауыш, жеті жылдық, орта мектептер күні бұрын белгіленіп алынады.
Зерттеу жұмысы мынадай жолдармен жүргізілуі мүмкін:
Сабақтарға және кластан тыс жұмыстарға қатынасып, оларда жүргізіліп жатқан істі байқау.
Мектеп документтерімен танысып алу (оқушылардың жазбаша жұмыстары, күнделіктері, класс журналы т.б.).
Мектеп мұғалімдерімен келісе отырып, лайығына қарай бақылау жұмысын өткізу.
Ауызша іріктеп сұрау, оқушылармен сабақтан тыс кезінде әңгімелесу.
Мұғалімдермен және мектеп басшыларымен әңгімелесу.
Мұғалімдердің білімін жетілдіру институттары аудандық педагогикалық кабинеттердің материалына қорытынды жасайды. VII, X кластарда жүргізілетін емтихан нәтижелеріне де талдау жасалады.
Зерттеуші - методист инспекторлық тексерудің материалдарын да қажетіне қарай пайдаланады. Зерттеуші қазақ тілі мен әдебиетін оқыту жайын сипаттайтын материалдарды өңдеп, жүйелі түрде қорыта келе, бұл жұмыстардың нәтижелерін Педагогикалық ғылымдар институты арқылы маңызды ұсыныстар ретінде Қазақ ССР Оқу министірлігінің Мектептер басқармасына тапсыруы мүмкін немесе жеке мақала, кітапша, жинақ етіп баспа бетінде жариялайды.
Зерттеу жұмысы мүмкіндігінше дәл, толық әрі объективті түрде жүргізілуі тиіс. Зерттеу жұмысын жүргізуде мектептің аты, сабақтың тақырыбы, қай класта өтілгені, мұғалімнің аты-жөні, сабақтың өтілген мерзімі, мақсаты, өткен сабақтарда оқытылған материал көрсетіледі.
Зерттеушінің сабақ үстінде байқағандары соның ізінше, дер кезінде жазылуға тиіс.
Сабақтың барысы мүмкіндігінше толық жазылғаны мақұл. Ал мүмкін болған жағдайда, сабақ барысы стенограмма арқылы жазылып, алынады. Сонымен қатар, зерттеуші өзінің әрбір ескертпелерін, ойларын жазып отырады. Мұғалімдердің сабақ үстіндегі ісін бір бөлек, оқушының ісін бір бөлек жазып алған жөн. Бұлай ету зерттеушінің жұмысын жеңілдету үшін қажет. Сабақтың материалдық жағдайлары да көрсетілуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |