Бағдарламаның сыни тұрғыдан ойлау модулін тізбектелген сабақтар топтамасында қалай және неліктен енгізгендігі туралы рефлексивті есебі
Менің алғашқы қадамым: жалпы жеті модульді тізбектелген төрт сабақта ықпалдастырмас бұрын, әуелі модульдер теориясын толыққанды түсінуге тырыстым. Бұл жеті модульге ұқсас дүниелермен бұрынғы практикамда жұмыс жасадым ба, соны ойша таразыладым. Сол кезде мынаны түсіндім: менің бүгінгі тақырыбыма өзек болып отырған сын тұрғысынан ойлау модулі оның көрініс табуына жетелеуші болатын түрлі әдістерді көптеген мұғалімдер практикасында кездескендей менің де осыған дейінгі сабақтарымда кездесіпті. В. Сухомлинскидің балаға ұшқын беру үшін мұғалім өз біліміне жарық теңізін сіңіру керек дегеніндей, еліміздің мұғалімдерінің көпшілігі бүгінгі бала оқытудағы өзгеру үдерісінде, жаңару жолында жүргені белгілі. Жаңа заманның қазіргі мұғалімге қояр талабы ол-алдыңдағы оқушыны кез келген дүниеге сыни көзқараспен қарай алуына, өз ойын жүйелі, нақты дәлелдермен жеткізе білуіне біз мұғалімдер жетекшілік етуіміз керек. Қазақстандық педагогтардың әлемдік тәжірибеге сәйкес болуы үшін біліктілігін арттыру қадамдарының сүбелілігі - осы жаңа бағдарлама әдіс-тәсілдермен танысуымыз-ау деген ойға келдім. Педагогтардың кәсіптік білімін ұдайы жетілдіруге жасалып жатқан бүгінгі жағдай біздің осы курстағы оқыту үлгілермен танысуымызға мүмкіндік туғызды. Сыни тұрғыдан ойлау-Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді (нұсқаулық, 49- бет) деп нұсқаулықта жазғаны менің ішкі жан дүниеммен үндескендей. Сыни тұрғыдан ойлау –бақылаудың, тәжірибенің, ойдау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім (нұсқаулық 49-бет) деп оқыған теориялық білімімнің қаншалықты дұрыс бағытта екеніне өз жұмысым арқылы көзім жетті. Мұғалім жұмысындағы сыни көзқарастың тууына жетелейтін түрлі жұмыс стратегиялары баланың сыни ойлай алатын көзқарасын қалыптастырады. Сын тұрғысынан ойлау туралы менің бүгінге дейін білгенім-осы. Ал, енді мен осы курс бағдарламасы негізінде оқып-үйреніп жатқан курстағы сын тұрғысынан ойлау модулімен танысқаннан кейін менде өзгеріс пайда болды ма, десем, белгілі бір деңгейде өзгеріс қалыптасыпты. Менің тізбектелген сабақтарым күнтізбелік жоспарға сай 7-сыныптың физика пәні бойынша Архимед заңына негізделген болатын.
Әуелгі сабағым-алғашқы бастамам болғандықтан өзге сабақтарымда үндестікпен өз жалғасын табуы үшін сыни тұрғыдан ойлау модулінің шынайы көрінісін табуға негізделген тапсырмалар дайындауым керек болды. Қош, сонымен, менің тізбектелген төрт сабақтарымда сыни тұрғыдан ойлау модулі қандай деңгейде көрініс тапты. Сабағымда «Жүректен жүрекке» деген тренинг арқылы оқушылардың тіл байлығын, ойының ұшқырлығын дамыта отырып, олардың бір-біріне сәби жүректерінен шыққан жылы лебіздері арқылы сыныпта ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырдым. Бұл психологиялық тренингтің пайдасы зор. Сол арқылы менің де, оқушыларымның да сабаққа деген қызығушылығы мен құлшынысы артты. Мысалы, топқа бөліп оқытуда бұған дейін біз бәсекелестік атмосферасын құратынбыз. Мұғалімнің қояр шарты да, топтағы оқушылардың беталысы мен барлық іс- әрекеті де тек бәсекелестікке негізделетін. Ал, осы курстың бірінші бетпе-бет кезеңінен өткеннен кейін серіктестік атмосферасын қалыптастыруға бейімделдік. Оның маңыздылығын түсіндік. Топпен жұмыс жасағанда адамзат баласының қарым-қатынасы үшін құнды дүние серіктестіктің өзектілігіне мән бермеген екенмін. Серіктестік аурасы орнаған кезде ғана оқушылардың кез келген топқа жатырқамай араласатынын, араларында алалау, менсінбеу деген сияқты құбылыстардың кездеспейтініне осы әдістермен топқа бөліп жұмыс жасағаннан кейін ғана көзім жетті. Өзіміз оқығандай серіктестік атмосферасындағы әуелгі шарт – ынтымақтастық. Осы топқа бөліп оқытудың жүзеге асуы ынтымақтасық атмосферасының сәтті құрылуында екенін түсіндім. Топ ережесінен бастау алатын ынтымақтастық атмосферасы өз мақсатыңызға жетудегі бірден-бір тиімді дүние екенін байқадым. Алғашқы сабағымда оқушыларды мазайкалар арқылы топқа бөлдім. Қиынды қағаздардағы физикалық шамалардан формулалар құрастыра отырып, 4 топқа бөлінді. Оқушылар мазайкалардан формулалар құрастыра отырып, шыққан жылдамдық, күш, қысым, тығыздық сияқты физикалық шамаларды қолдана отырып, «Бүгінгі сабағымызда ойымыз ұшқыр, қимылымыз жылдам болсын», «бар күш жігерімізді бүгінгі сабаққа жұмсайық», «топ-топ болып отырғанымызға қарамастан, бір-бірімізбен тығыз қарым-қатынаста болайық», «бір-бірімізге қысым көрсетпей, өзара ымырағы келе білейік» деген сияқты тілектерді айта отырып, бір-бірін жігерлендірді. Осы тұстарда оқушылардың сыни ойлау қабілеті дамыды. Олар бір-біріне ұқсамайтындай керемет тілектермен сабақты бастады. Жаңағы біздің бұған дейінгі жұмыс жасап келген баланы бәсекелестікке жетелейтін жұмысымыздың осы курстан кейін әріптестікке бет бұруы біздің жұмысымыздығы басты өзгеріс. Бұл тұрғыда біз оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту және мұғалімдердің сыни тұрғыдан ойлауын дамыту деп екі мағынада қарастырылғанын жадымызда ұстауымыз керек (Мұғалімге арналған нұсқаулық, 13-бет). Оқушылардың алдыңғы тақырыптардан алған білімдерін тексеру мақсатында «Суреттер сырын ашайық» деген тапсырмалар арқылы интерактивті тақтадағы суреттерге қарап, оның физикалық мағынасын тауып, суреттеп береді. Бұл жерде де оқушылар сыни тұрғыдан ойланып, әр суреттің мәні мен мағынасына үңіледі. «Полиглот» ойыны арқылы да оқушылардың санасына да тағы бір рет үңілдім. Оқушылар физикалық шамалардың атауларын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде айтып, ойлау туралы ойлана білді. (Нұсқаулық, 49 бет). Енді жаңа сабақты игерту барысында тақырыптың мәнін ашу үшін бейнекөрініс көрсету арқылы ситуациялық сұрақтар қойылды, оқушылардың сыни ойлау қасиеттері тексеріліп, тақырыптың мәні ашылды. Шығармашық жұмыс барысында дарынды оқушым Нұрхан сыни тұрғыдан ойлана отырып, өлең құрастырды. Бұрын бұл оқушымның есепті жақсы шығара алатынын білсем, енді ақындық қасиетінің де бар екендігіне куә болдым. Физика эксперименттік ғылым. Сондықтан тәжірибе жасау барысында Әлихан, Дәулет сияқты оқушыларым өлшеу қателіктерін нақты және дәл табу үшін ұзақ ойланып, талқылай отырып, (ақпараттарды тарату және мәселелерді шешу мақсатында ой бөлісу. Нұсқаулық, 51 бет) қорытындыға келді. Сахналау кезінде оқушылар өз қиялдарына жүгіне отырып, біреуі патша, біреуі Архимед болып, партадан ванна жасап, керемет әртістік қасиеттерін көрсете білді. Осы тұста дарынды оқушыларым айқындала бастады. Енжар оқушым Бекзаттың бұрын көрмеген әртістік қасиетінің бар екендігін байқадым. Оқушыларымның пәнге деген қызығушылығы артып, өзімнің де сабақ беруге қызығушылығымның оянғанын сезіндім. 4-ші топтан «Егерде мен Архимед болсам» деген тақырыпта Еркежан деген оқушым керемет эссе жазып, ой-өрісінің кең, ұшқыр екендігін көрсетті. Бұл сабақты қортындылай келе бағалау әрі кері байланыс негізінде оқушылар сабақ барысында жинаған шарларынан неше түрлі моделдер құрастырды. Бұл да оқушылардың сыни ойлай қабілеттерін дамытты. Мақсатым оқушылардың талдай және жинақтай алу деңгейінде жұмыс жасату еді. Нәтижесінде балалар фантазиясының ұшқырлығын бақыладым. Мақсатымның мен ойлағаннан да биікке жетуі -оқушылардың сыни ойлауға бейім екендігі.
«Денелердің жүзу шарттары» деп аталатын сабағымда топқа бөлу үшін оқушыларға бірнеше суреттерді (қазыналы сандақша,тастар, мұз, үйрек, балық, құтқару шеңбері) ұсындым. Ал парталарда «Бататындар», «Жүзетіндер», «Қалықтайтындар» деген сөздері бар парақшалар қойылды. Оқушылар суреттерге қарап, жүзетіндерге, бататындарға, қалықтайтындарға не жататындығын ойша топтастырып, топтарға бөлінді. Бұл әдіс-оқушылардың сыни ойлау қасиеттерін қалыптастырды. Үй тапсырмасын сұрау барысында да оқушылардың сыни ойлауын дамыту үшін «Аламан» есептер шығару, «Физикалық диктант» сияқты ойын түрлерінде пайдаландым. Есептер шығаруда Дәулет, Еркежан, Әлихан сияқты оқушылардың ойлау қабілеттерінің жоғары екендігі анықталды. Бұған дейінгі сабақтарымда білу деңгейіндегі жаңа сабаққа қатысты сұрақтарымды қоюдың қажеті болмай қалды. Оқушылар сөйлемге байланысты білгендерін өздері-ақ ортаға салды, бірі-бірінің естеріне түсіруге түрткі болды. Сонымен қатар бір-біріне қарсы пікір айта отырып ережелерді пысықтады. Оқушылардың бұл әрекеті сабақта болатын алдыңғы жұмыстарға негіз болды. Осы жерде жаңа сабақтың тақырыбын ашу үшін бір оқушыны шығарып, тәжірибе жасаттым. Шыны ыдысқа су толтырып, оның ішіне мұз кесегін салды. Нәтижесінде мұз судың ішінде батып кетпей, ортасында жүзіп жүрді. Барнс (1976) пен Мерсердің (2000) айтуынша, зерттеушілік әңгіме-мұғалімдердің оқушыларды әңгімеге тарту кезінде дамыту қажет болып табылатын әңгіменің түрі деп айтқандай, сабағымда зерттеушілік әңгіме негізінде көзбен көру айғақтарына сүйене отырып, оқушыларға ситуациялық сұрақтар қойылды.
- Неліктен мұз суға батып кетпей оның ішінде жүзеді? Оқушылар тығырықтан шығу үшін ойланып жауап беруге тырысты. Сабақтың мақсатын өздері ойлана отырып, қойды. Бұл әдісте оқушылардың сыни ойлау дағдыларын қалыптастырдым. Оқушыларға қатысты сыни тұрғыдан ойлау ақпарат пен идеяларды синтездеу қабілеті, ақпарат пен идеяның шынайылығы мен салыстырмалы түрде маңыздылығы туралы ойлана білу қабілеті, өзінің оқуына қатысты таңдау жасау және басқалардың идеяларына күмәнмен қарау қабілеті түрінде түсіндіріледі (Нұсқаулық, 13 бет). Оқушылар осы тұста ақпарат пен идеяларды синтездей алды, басқалардың идеяларына күмәнмен қарау қасиеттері пайда болды. Жаңа тақырыпты меңгертуде кодтық тапсырмалар беруімнің өзі де оқушылардың ойлануына себеп болды. Оқушылар кеспе қағаздардағы кодтық белгілерді шешіп, тапсырмаларды бөліп алды. Мұғалімдердің сыни тұрғыдан ойлауы өзінің жұмыс тәжірибесін, жаңа тәсілдерді қолдану және бағалау әрекеттерін сыни тұрғыдан бағалауды қамтиды деп, нұсқаулықта айтылғандай, барлық сабағымның кезеңдерінде түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып, оқушылардың сыни ойлау қабілетіне шолу жасадым.
«Ареометрлер. Су көлігі. Ауада ұшу» тақырыбындағы сабағымды «біз екеуміз ұқсаспыз» деген психологиялық тренинг арқылы бастадым. Осы тренингтен оқушыларымның бұрын білмеген қырларын танып, қасиеттерін білдім. Мәселен, Ақырыс өзіне Аружанды ұқсатады екен, мінездері ашық және екеуіде қызыл түсті ұнатады, ал Сабыр мен Айнұрдың туған жылдары мен күндері де бірдей екен. Мәди мен Бекзатқа келер болсақ ол екеуі туыс, яғни рулас болып шықты. Олжас пен Дәулеттің аналары бір жерде жұмыс жасаса, Назерке мен Амандықтың сөмкелері бірдей екен. Осындай тренингтерде оқушылар өздерінің ұқсас жақтарын анықтауда бір-бірінен аса түсіп, қайталандайтындай етіп тапқырлық көрсетіп отырды.
Сондай-ақ осы сабақта оқушының оқушыны сыни ойлауға жетелеуіне негіздеп «Көзбен көру айғақтары арқылы топтастыру» әдісін пайдаланып көрдім. Оқушылар физикадан өткен жер көлігі, су көлігі, әуе көліктері бойынша берілген суреттерді топтастырды. Осы тұста мен Алтынай деген оқушымның суретті жақсы салатындығын байқадым, суреттердің түсінің үйлесімділігіне, жұмыстың ұқыптылығына мән бере отырып, сыни тұрғыдан ойланды. Сол топтағы өзгеде оқушылардың идеялары құнды деп есептелініп, бәрі де осы жұмысқа ат салысты. Бұл жұмыста оқушылар бір-бірін қиял әлеміне жетелей білді.
«Жұғу.Беттік керілу.Қылтүтік құбылыстар» тақырыбындағы сабағымда ынтымақтастық атмосферасын құру барысында мен оқушыларға «сәлем сөздің анасы» тақырыбында амандасу тренингін өткіздім. Сыныптастар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде амандасып, бір-біріне тілек айтты. Кейбір оқушылар әр ұлттың амандасуын қимылмен білдірді. Бұл орайда кейбір оқушылар ой-өрістерінің ерекшелігімен танылды. «Семантикалық картамен» жұмыс барысында оқушылар интерактивті тақтадағы тапсырманың жауаптарын ойланып, сәйкестендірді. Жаңа сабақтың тақырыбы сөзжұмбақ арқылы ашылды. Жаңа тақырыпты меңгерту үшін Джигсо әдісі бойынша үш топқа бөліп, тақырыптарды бөліп бердім. Әр топ өз бөлігімен танысып болғанан кейін «үшеуі қонақта, екеуі үйде» әдісі бойынша бір-біріне түсіндіре отырып, бір-бірін оқытты. Осы жерде мен Мерсердің: «Құрдастар арасындағы қарым-қатынас оқытудағы маңызды рөл» деп айтқан пікірінің соншалықты шынайылығына көзім жетті. 13-14 жастағы жасөспірім балалардың бір-бірінің алдындағы жауакершілікті соншалықты сезінетіндіктерін бақыладым. Ата-ананың алдындағы, мұғалімнің алдындағы жауакершіліктен өз құрдасының алдындағы жауапкершілікті жоғары қоятын жасөспірім психологиясының сабаққа оң әсер еткеніне қуандым. Оқушының сыни ойлау дамуының басты құралы –тілі екеніне көзім жетті. Яғни тек мұғалім мен оқушы арасындағы диалогты ғана құра бермей, оқушы мен оқушы арасындағы диалогтың оқушының сыни тілін дамытатынына көзім жетті. Сыни тұрғыдан ойлау модульнің диалогтік оқытумен астарласып жататындығына өз практикамда дәлел тапқаныма қуандым. Үш топқа ассосация қорғау берілді. Сызбадағы трек сөздерді пайдаланып, «жұғу, қылтүтік құбылыстар» сияқты физикалық құбылыстардың қандай жағдайда пайда болатынын, қай кезде байқалатындығын топ болып түсіндірді. «Венн» диаграммасы арқылы жұғу және қылтүтік құбылыстардың ұқсас және айырмашылықтарын ажыратуда оқушылар алдарына жан салмады. Сабақ соңында оқушылар «Білдім. Не білемін? Не білгім келеді?» сызбасын толтырды.
Қолдану, талдау деңгейіне негізделген бұл тапсырмадағы іс-әрекеттің мақсаты- теорияда айтқандай бұл жолдағы ең оңтайлы тәсіл-балалардың жеке басының тәжірибесіндегі дәлелдерге, жауаптарына мән беруге ынталандыру еді. Оқушылардың анағұрлым кең ауқымда болжамдар мен ұсыныстар жасай алатынына, негізгі дерек көздерін бағалай алатындарына және соларға сәйкес жауап бере алатынына көзім жетті. Егер оқушыға ой еркіндігін берсем шәкірттерімен сыни көзқарасы қалыптасқан тұлға шығатынын болжап қуандым. Бұл тәсіл арқылы оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын жариялауы үшін бақылау мен тыңдау арқылы дәлелдер жинастыру және шешім қабылдаулары үшін дағдыларын дамытуға жағдай жасадым. Осы тапсырманы орындау барысында оқушы қиялының ұшқырлығы оның сыни ойлауына ерік берілгенде ғана жанданатынын көзім жетті. Бала бойындағы ойлау туралы ойлаудың, өз білгендері мен білімдерін ой елегінен мен ойлағаннан әлдеқайда жоғары деңгейде таныта алатындарын бақыладым. Соңғы сабағымда бағалау деңгейіндегі тапсырмаға негіздеп, Де Боно қалпақтарын пайдаландым. Мақсатым оқушыларымның шығармашылдыққа негізделген ойларын көру еді. Нәтижесінде сыни тұрғының дәлелдерді сыни тұрғыдан талдау мен бағалауды көздейтін сыни тұрғының негізгі деңгейіндегі ойлау үдерісінің көріністерін бақыладым. Осылайша мен тізбектелген сабақтарымда сыни тұрғыдан ойлау модулінің көрініс тапқанын бағдарладым, бір қызығы мен әуелі қысқа мерзімді сабақтарымды жоспарлап, орта мерзімді жоспарымды жинақтағанымда модульдерді қалай көрсетсем екен деп мазам кетті. Сабағымның мақсатқа жетуін емес сабағыма модульдерді қондыруды ғана ойладым, бірақ қалай екенін білмедім. Сабағымның мақсатына жету үшін құрған тапсырмаларымның тиімді болуының нәтижесінде модульдердің өзінен-өзі көрініс тауып жататынын көрдім. Ал, осы бір модульдік есепке таңдап алған сыни тұрғыдан ойлау модулі қазіргі талапқа сай жоспарланған сабақ болса, іздетпестен-ақ сабағыңызда үстемдік құрары һақ. Ол үшін, әрине, мен ойлаймын сыни тұрғыдан ойлаудың екінші қыры- мұғалімнің сыни тұрғыдан ойлауы. Сыни тұрғыдан ойлау әдісі негізделген дәлелдер мен мәнмәтіндерді, тұжырымдылық пен әдістер және критерийлерді қолдана білетін, нысаналы, өзін реттей алатын ой үдерісі ретінде бейнеленіп отыр. Балалардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытуға байланысты, атап айтқанда: тыңдау мен зерттеу арқылы оқу, мәнмәтәнге көңіл бөліп, шешім қабылдау үшін тиісті өлшемдерді қолдана білу сияқты дағдылармен қоса, мұғалімдер: білім беру бағдарламасы мен оқыту үдерісін түсіну үшін қажетті теориялық базаны; қорытынды мен тұжырымдарды қалыптастырудың тиісті әдістері мен технолгияларын дамыту керек (Нұсқаулық, 52-бет) деген нұсқаулықтағы теориялық ой менің ішкі ойларыммен үндестік тапқандай. Менің ойымша да оқушының сыни тұрғыдан ойлауын дамыту үшін ықпал етуші күш- ол сыни тұрғыдан ойлауды реттей алатын мұғалімнің ықпалы. Бұл дегеніңіз сыни тұрғыдан ойлаудың білім беру бағдарламасында туындаған қажеттілігінің нәтижесі. Мұғалім осы жайтты жадында ұстауы шарт. Яғни осы жерде мен өз ойымды нұсқаулықтағы қағидамен дәлелдегім келеді. Жалпы сыни тұрғыдан ойлайтын оқушылар белсенді болады, олар сұрақ қойып, дәлелдерді талдайды, мағынаны анықтау үшін саналы түрде стратегиялар қолданады; олар ауызша, жазбаша көзбен шолу дәлелдеріне сенімсіздікпен қарай отырып, ештеңеге сенбейді, мұндай адамдар жаңашыл идеялар мен келешекке ашық болады (нұсқаулық 54-бет). Сыни тұрғыдан ойлаудағы күтілетін нәтиже: оқушылар берілген ақпаратты сыни тұрғыдан бағалай алады; қарама-қарсы көзқарастарды талдай алады; құбылыстарды салыстырып, олардың ортақ және жеке ерекшеліктерін анықтай алады; проблемалық сұрақтарды талдай алады; проблемаға қатысты шығармашылық көзқарасын білдіре алады; жоғары деңгейлі сұрақтарға жауап бере алады; тақырыпқа қатысты болжам жасай алады; жоғары деңгейлі сұрақтар құрастырып үйренеді; тақырып бойынша өз болжамын шығармашылық тұрғыдан жеткізе алады; ұсынылған проблема бойынша өз көзқарасына рефлексия жасай алады.
Болашақта сын тұрғысынан ойлау модулін барлық сабағыма қолдана отырып, оқушылардың ойының ұшқыр болуына, ой-өрісінің, логикасының мықты болуына көбірек көңіл бөлетініме сенімім мол.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, үшінші (негізгі) деңгей, (2012)
2. «Физика Қазақстан мектебінде» журналы
3.7 сынып «Физика» оқулығы
Достарыңызбен бөлісу: |