Негізгі орта білім беру деңгейінің 7-9-сыныптарына арналған
«География» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы
1-тарау. Жалпы ережелер
Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген.
Оқу бағдарламасы оқушылардың жас ерекшеліктерінің танымдық мүмкіндіктеріне сәйкес әр оқу пәнінің мазмұнын және олардың білім, білік, дағдыларының көлемін анықтайтын оқу-нормативтік құжат болып табылады.
Пәннің оқу бағдарламасы «шиыршық» қағидаты негізінде әзірленген, яғни оқу мақсаттары мен тақырыптардың басым көпшілігі белгілі бір оқу кезеңінен кейін (оқу жылы барысында немесе келесі сыныптарда) білім мен дағдының көлемі көбірек, тереңірек, күрделірек деңгейде қайта қарастырылады.
Оқу бағдарламасы оқу жылы көлемінде бөлімдердің оқытылу ретін көрсететін ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Тақырыптарға сағат санының үлестірілуі және тоқсан көлемінде тақырыптардың оқытылу реттілігін мұғалім анықтай алады. Ұзақ мерзімді жоспар күнтізбелік-тақырыптық жоспарды әзірлеудің негізі бола алады.
Оқу бағдарламасы оқыту процесін оқушылардың пән салалары бойынша білім мен біліктіліктерді саналы түрде меңгеруі үшін әр пәннің әдістемелік әлеуетін қолдануға, оқу, жоба, зерттеу іс-әрекеттері тәсілдерін меңгеру арқылы дербестігін дамытуға, әлеуметтік-мәдени кеңістікте орнын таба білуі үшін бағыттайды.
Оқу бағдарламасында оқу-нормативтік құжаттың дәстүрлі міндеттері заманауи мектепте білім беру процесін ұйымдастырудың инновациялық тәсілдерді кіріктіреді. Оқытудағы тәсілдер пән бойынша оқу бағдарламасының түбегейлі жаңа құрылымын құруда негізгі бағдарлары болып табылады.
Қазіргі кезеңде өздігінен білімді игеруі үшін оқушының белсенді іс-әрекетін ұйымдастыру оқу процесіне қойылатын негізгі талаптардың бірі болып табылады. Мұндай тәсіл пәндік білімді, әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларды ғана емес, сонымен бірге өзінің жеке мүдделері мен болашағын сезінуге, сындарлы шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін тұлғалық қасиеттерді де меңгеруге ықпал етеді. Мұғаліммен бірлесіп шығармашылықпен айналысу және серіктес, кеңесші ретінде мұғалімнің қолдауы кезінде оқушының белсенді танымдық қабілеті тұрақты сипатқа ие болады.
Тұлғалық-бағдарлық білім беруді осындай сипатта жақсарту білім беру процесіне барлық қатысушылардың өзара қарым-қатынасында өктемшілікке жол бермей, ынтымақтастығы үшін алғышарттарды құрайтын оқытудың алуан түрлі интерактивті әдістерін қолдану кезінде мүмкін. Диалогтік және рефлексивті технологияларды қолдану оқушылардың жоба және зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруымен сабақтасады.
Білім беру процесін ұйымдастырудың барлық инновациялық тәсілдер оқытуды білім, идеялар және іс-әрекет тәсілдерімен белсенді түрде алмасуды көздейтін оқушының шынайы шығармашылық процесіндегі қарым-қатынас моделіне айналдырады.
Нақты пәннің оқу бағдарламасы жергілікті сипаттағы материалдарды (нысандар, кәсіпорындар, ақпарат көздері) пайдалануға бағытталған оқу-жобалау іс-әрекеттерін ұйымдастыру арқылы танымдық және әлеуметтік тұрғыдан оқушының белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы пәннің оқу мақсаттары аясында жүзеге асырылатын тәрбиелік сипаттағы жоба жұмысын ата-аналармен, жергілікті қауымдастық өкілдерімен бірлесе отырып, ұйымдастыруға болады.
Әр пәннің оқу бағдарламаларында үш тілде білім беруді жүзеге асыру қарастырылған, онда үш тілді меңгертіп қана қоймай, сол сияқты оқушылардың сыныптан тыс жұмыстарын да үш (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде) тілде ұйымдастыру қарастырылған. Көптілді оқу ортасын құруда әр пәннің қосқан үлесі үш тілде білім беру саясатын іске асыруды қамтамасыз ету. Тіл үйретудің негізі болып табылатын коммуникативтік т әсіл әрбір оқу пәнінің түрлі оқу жағдаяттарында білім және білікпен алмасу, тілдік және сөйлеу нормалары жүйесін дұрыс қолдану сияқты әдіс-тәсілдері арқылы оқушылардың сөйлеу әрекеттерін дамытудың жетекші қағидаты ретінде қарастырылады.
Пән мазмұнын меңгеру және оқу мақсаттарына қол жеткізу процесінде оқушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, атап айтсақ: қажетті ақпаратты іздеу, өңдеу, алу, құру және көрсету, ақпараттар және идеялармен алмасу үшін бірлесіп әрекет ету, жабдықтар мен қосымшаларды кең ауқымда қолдану арқылы өз жұмысын бағалау және жетілдіру сияқты қолдану дағдыларын дамыту үшін алғышарттар/жағдайлар жасау керек.
Оқу бағдарламасында оқу пәнінің мазмұнын анықтаудың негізі болып табылатын оқыту мақсаттарының жүйесі түрінде ұсынылған күтілетін нәтижелері қалыптастырылған. Мазмұны тұрғысынан оқу бағдарламалары оқушыны өзін-өзі оқыту субьектісі және тұлғааралық қарым-қатынас субьектісі ретінде тәрбиелеуде нақты оқу пәнінің қосатын үлесін айқындайды.
Оқу бағдарламалары білім беру құндылықтарының өзара байланысы мен өзара шарттылығына негізделген тәрбиелеу мен оқытудың біртұтастығы қағидатын және нақты пәнді оқыту мақсаттарының жүйесі бар мектепті бітіргеннен кейінгі нәтижелерін іске асыруға мүмкіндік береді.
Оқу бағдарламаларының тек пәндік білім мен білікке ғана емес, сонымен қатар кең ауқымды дағдылардың қалыптасуына бағыттылғаны оның ерекше өзгешелігі болып табылады. Оқыту мақсаттарының құрастырылған жүйесі: білімін функционалды қ және шығармашылықта қолдану, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, қарым-қатынас жасаудың түрлі тәсілдерін қолдану, топпен және жеке дара жұмыс істей алу, мәселелерді шешу және шешімдер қабылдау сияқты кең ауқымды дағдыларды дамытуға негіз болады. Кең ауқымды дағдылар оқушының мектептегі білім алу тәжірибесінде де, келешекте мектепті бітіргеннен кейін де жетістігінің кепілі болып табылады.
Экономикадағы заманауи инновациялар, еңбек нарығындағы өзгерістер оқушылардың күрделі міндеттерді шешу үшін немесе оларды шешудің жаңа тәсілдерін табу үшін жағдаятқа, идеялар мен ақпараттарға талдау жасау және бағалауға, алған білімі мен тәжірибесін жаңа идея мен ақпаратты жинақтау үшін шығармашылық түрде қолдануға мүмкіндік беретін дағдылар жиынтығын меңгеру қажеттілігіне себепші болады. Жігерлілік, алғырлық, өзгерістерге дайындығы, байланысқа бейімділігі сияқты тұлғалық қасиеттер өзекті болып отыр.
Нақты пән бойынша күнделікті білім беру процесінің мазмұны оқу мақсаттарына бағынады және оқушылардың меңгерген білім, білік және дағдыларын кез келген оқу процесінде және өмір жағдаяттарында шығармашылықпен пайдалану даярлылығын қалыптастыруға, жетістікке қол жеткізуде қажырлылықты дамытуға бағытталған, өмір бойы білім алуға ынталандырады.
Кең ауқымдағы дағдылармен бірлікте жеке қасиеттердің дамуы «қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік», «құрмет», «ынтымақтастық», «еңбек пен шығармашылық», «ашықтық», «өмір бойы білім алу» сияқты білім берудің басты құндылықтарды оқушыларға дарыту негізі болып табылады. Бұл құндылықтарды оқушының тәртібі мен күнделікті іс-әрекеттерін ынталандыратын тұрақты тұлғалық бағдары болуы тиіс.
«География» – табиғи, қоғамдық, әлеуметтік нысандарды, құбылыстарды, үдерістерді бірлікте қарастыратын маңызды пән. Ол табиғи және антропогендік нысандардың арасындағы кеңістіктік-уақыттық өзара байланыстар мен өзара тәуелділіктерді зерттейді.
«География» пәнінің мақсаты – дүниенің географиялық бейнесін тұтас қабылдайтын, географиялық ойлау қабілеті дамыған, географияның әдістері мен тілін білетін және қолданатын, географиялық мәдениеті бар тұлға тәрбиелеу.
Тұлғаның географиялық мәдениеті – тұлғаның бойындағы Жер, қоршаған орта, табиғат туралы, оның алуантүрлілігінің себептері, халқы мен шаруашылық әрекеті туралы білім мен «адам – табиғат – қоғам – мәдениет» жүйесіндегі өмірлік құндылықтарды меңгеруінің көрінісі.
Дүниенің географиялық бейнесі – аумақтық табиғи-қоғамдық жүйелердің қасиеттері мен заңдылықтары туралы көзқарастар жиынтығы.
Географиялық ойлау – географиялық нысандар, үдерістер мен құбылыстарды, олардың арасындағы байланыстарды тану және олардың маңызды қасиеттерін бейнелеу.
«География» пәнінің міндеттері:
1) географияның ғылыми пән ретіндегі рөлі мен оның қазіргі заманғы адамзат мәселелерін, сондай-ақ ғаламдық мәселелерді шешудегі әлеуетін түсінуге мүмкіндік беру;
2) оқушылардың бойында табиғат пен қоғам арасындағы өзара байланыстарға, осы байланыстардың кеңістіктік ерекшеліктеріне ғылыми көзқарастарды қалыптастыру;
3) қоғамдық өндірістің, табиғатты қорғау мен табиғатты тиімді пайдаланудың ғылымижаратылыстану, әлеуметтік-экономикалық негіздерін ашу;
4) оқушылардың географиялық зерттеу әдістері мен зерттеу дағдыларын игеруіне ықпал жасау;
5) оқушылардың география ғылымының түсініктері мен терминдерін меңгеруіне ықпал жасау;
6) кеңістіктік ойлау мен картографиялық дағдыларды қалыптастыру;
7) географиялық білімді күнделікті өмірде, өз іс-тәжірибесінде пайдалану дағдыларын қалыптастыру.
2-тарау. «География» пәнінің мазмұнын ұйымдастыру
«География» оқу пәні бойынша оқу жүктемесі:
7-сыныпта – аптасына 2 сағатты, оқу жылында 68 сағатты;
8-сыныпта – аптасына 2 сағатты, оқу жылында 68 сағатты;
9-сыныпта – аптасына 2 сағатты, оқу жылында 68 сағатты құрайды.
«География» пәні оқу бағдарламасының мазмұны оқытудың бөлімдері арқылы ұйымдастырылған. Бөлімдер сыныптар бойынша күтілетін нәтиже түрінде берілген оқу мақсаттарын қамтитын бөлімшелерден тұрады.
Әр бөлімшеде көрсетілген оқу мақсаттары, мұғалімге оқушыларды дамыту бойынша жұмысты жүйелі жоспарлауға, сонымен қатар олардың жетістіктерін бағалауға, оқытудың келесі кезеңдері туралы ақпарат беруге мүмкіндік береді.
Оқу пәнінің мазмұны 6 бөлімді қамтиды:
1) Географиялық зерттеу әдістері;
2) Картография және географиялық деректер базасы;
3) Физикалық география;
4) Әлеуметтік география;
5) Экономикалық география;
6) Елтану және саяси география негіздері.
«Географиялық зерттеу әдістері» бөлімі «Зерттеу және зерттеушілер» бөлімшесінен тұрады.
«Картография және географиялық деректер базасы» бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:
1) Географиялық карталар;
2) Географиялық деректер базасы.
«Физикалық география» бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:
1) Литосфера;
2) Атмосфера;
3) Гидросфера;
4) Биосфера;
5) Табиғи-аумақтық кешендер.
«Әлеуметтік география» бөлімі келесі бөлімшеден тұрады:
1) Халықтар географиясы.
«Экономикалық география» бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:
1) Табиғи ресурстар;
2) Әлеуметтік-экономикалық ресурстар;
3) Дүниежүзілік шаруашылықтың салалық және аумақтық құрылымы;
4) Дүниежізілік шаруашылықтың даму үрдістері мен көрсеткіштері;
«Елтану және саяси география негіздері» бөлімі «Дүние жүзі елдері»
бөлімшесін қамтиды.
7-сыныпқа арналған география пәнінің базалық білім мазмұны келесі тараулардан тұрады:
Географиялық зерттеу әдістері. Зерттеу және зерттеушілер. Географияны зерттеу нысандары. География ғылымының дамуы. Географиялық дерек көздері. Географиялық тәжірибелер. Далалық зерттеу әдістері. Географияда графикалық әдістердің қолданылуы.
Картография және географиялық деректер базасы. Географиялық карталар. Географиялық картосхемаларды қолдану. Географиялық номенклатура. Географиялық деректер базасы. Географиялық деректерді ұйымдастыру.
Физикалық география. Литосфера. Литосфераның құрылысы мен заттық құрамы. Жердің тектоникалық құрылысы. Литосфераның тектоникалық қозғалыстары. Литосфералық катаклизмдер. Атмосфера. Атмосфера және оның құрамдас бөліктері. Ауа райы және метеорологиялық элементтер. Атмосфералық қолайсыз құбылыстар. Гидросфера. Гидросфера және оның құрамдас бөліктері. Су ресурстарының маңыздылығы. Дүниежүзілік мұхиттың географиялық жағдайы. Дүниежүзілік мұхит суларының қасиеттері. Мұхит суларының қозғалыстары. Мұхиттармен байланысты апаттар. Дүниежүзілік мұхиттың проблемалары. Биосфера. Биосфера және оның құрамдас бөліктері. Топырақ, оның құрамы мен құрылымы. Қазақстанның топырақ түрлері. Топырақтың экологиялық проблемалары. Табиғи-аумақтық кешендер. Табиғи-аумақтық кешендердің қалыптасуы. Табиғи-аумақтық кешендердің түрлері.
Әлеуметтік география. Халық географиясы. Дүниежүзі халқының тілдік әулеттері мен топтары. Дүниежүзі халқының діни құрамы. Дүниежүзінің тарихи-мәдени аймақтары. Ұлтаралық және дінаралық келісім.
Экономикалық география. Табиғи ресурстар. Табиғи ресурстардың жіктелуі. Табиғи ресурстарды игерумен байланысты проблемалар. Әлеуметтік-экономикалық ресурстар. Көлік инфрақұрылымы. Әлеуметтік инфрақұрылым. Дүниежүзілік шаруашылықтың салалық және аумақтық құрылымы. Дүниежүзілік шаруашылықтың салалары: ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп.
Елтану және саяси география негіздері. Дүние жүзі елдері. Дүниежүзі елдерінің географиялық жағдайы. Дүниежүзі елдерінің географиялық және экономикалық-географиялық жағдайы.
8-сыныпқа арналған география пәнінің базалық білім мазмұны келесі тараулардан тұрады:
Географиялық зерттеу әдістері. Зерттеу және зерттеушілер. География ғылымының салалары. Географиялық зерттеу әдістерінің түрлері. Географиялық деректерді өңдеу және талдау. Географиялық модельдер. Зерттеу нәтижелерінің ұсыну формалары.
Картография және географиялық деректер базасы. Географиялық карталар. Тақырыптық карталар және оларды қосымша сипаттау элементтері. Тақырыптық карталарды оқу. Тақырыптық географиялық номенклатура. Географиялық деректер базасы. Географиялық деректер базасын құрастыруда ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың рөлі.
Физикалық география. Литосфера. Жер бедерінің қалыптасу және таралу заңдылықтары. Жер бедерінің жіктелуі. Материктер мен мұхиттардың ірі орографиялық объектілері. Тау жыныстары мен минералдардың жіктелуі. Пайдалы қазбалардың Тту жыныстары мен минералдардың қалыптасу заңдылықтарына байланысты таралуы. Тау жыныстары мен минералдардың қасиеттері. Тау жыныстарының жасын анықтау. Геологиялық жыл санау мен геохронологиялық кесте. Жер бедерінің адамзат тіршілігі мен шаруашылығына тигізетін әсері. Атмосфера. Климат қалыптастырушы факторлар. Атмосфераның ғаламдық циркуляциясы. Климаттық белдеулер. Материктердің климаттық ерекшеліктері. Климаттың адамзат тіршілігі мен шаруашылығына тигізетін әсері. Адам әрекетінің атмосфераға тигізетін кері әсері. Гидросфера. Құрлық суларының түрлері мен қалыптасуы. Құрлық суларының шаруашылық маңызы. Өзен аңғарының құрылысы. Өзендердің гидрологиялық режимі. Көлдер мен мұздықтар. Құрлық суларының экологиялық проблемалары. Су апаттары. Биосфера. Табиғат зоналары мен биіктік белдеулер. Материктердің табиғи зоналары. Мұхиттардың тіршілік дүниесі. Өсімдік әлемі мен жануарлар дүниесін қорғау. Табиғи-аумақтық кешендер. Географиялық қабықтың құрамы мен құрылысы. Географиялық қабықтың заңдылықтары.
Әлеуметтік география. Халық географиясы. Халық санағы. Ұдайы өсудің түрлері. Демографиялық көрсеткіштер мен демографиялық жағдай. Демографиялық проблемалар. Демографиялық саясат.
Экономикалық география. Табиғи ресурстар. Табиғи ресурстарды экономикалық және экологиялық тұрғыдан бағалау. Дүниежүзі аймақтарының табиғи-ресурстық әлеуеті. Табиғи ресурстарды өңдеу технологиясы, орталықтары және дайын өнім түрлері. Әлеуметтік-экономикалық ресурстар. Экономикалық инфрақұрылымның элементтері мен функциялары. Дүниежүзілік шаруашылықтың салалық және аумақтық құрылымы. Дүниежүзілік шаруашылықтың салалық құрамы: өндіруші, өңдеуші және қызмет салалары. Ауылшаруашылық, өнеркәсіп және қызмет салаларын ұйымдастыру түрлері. Ауылшаруашылық, өнеркәсіп және қызмет салаларын орналастыру факторлары. Дүниежүзілік шаруашылық салаларын сипаттау.
Елтану және саяси география негіздері. Дүние жүзі елдері. Дүниежүзінің саяси картасы. Елдердің саяси типологиясы. Саяси картадағы сандық және сапалық өзгерістер. Дүние жүзі елдерінің саяси-географиялық жағдайы. Саяси интеграция. Қазақстанның саяси-интеграциялық үдерістердегі мүдделері, бағыттары және бастамалары.
9-сыныпқа арналған география пәнінің базалық білім мазмұны келесі тараулардан тұрады:
Қазақстан географиясы
Географиялық зерттеу әдістері. Зерттеу және зерттеушілер. Қазақстандық географтардың зерттеулері. География ғылымы зерттеулерінің қазіргі заманғы өзекті проблемалары. Географиялық нысандар мен құбылыстарды номинациялау ерекшеліктері. Қазақтың халықтық географиялық терминдері. Зерттеу нәтижелерін ұсынудың академиялық формалары.
Картография және географиялық деректер базасы. Географиялық карталар. Географиялық нысандарды, үдерістер мен құбылыстарды картадан көрсету тәсілдері. Географиялық номенклатура нысандарын көрсету тәсілдері. Географиялық деректер базасы. Жерді қашықтықтан зерделеу әдістері. Геоақпараттық жүйе технологияларын қолдану аясы.
Физикалық география. Литосфера. Қазақстан аумағының геологиялық тарихы және тектоникалық құрылымы. Қазақстанның басты орографиялық нысандары. Қазақ оронимдері. Қазақстанда минералды ресурстардың таралу заңдылықтары. Минералды ресурстарды өндіру және өңдеу орталықтары. Қазақстанның минералды ресурстарына баға беру. Минералды ресурстарды игерумен байланысты проблемалар. Атмосфера. Қазақстанның климатын түзуші факторлар. Қазақстанның климаттық жағдайы. Қазақстанның климаттық ресурстары. Қазақстанда қолайсыз және қауіпті атмосфералық құбылыстар. Қазақ халқының атмосфералық және климаттық құбылыстарды номинациялау ерекшеліктері. Гидросфера. Қазақстанның ішкі суларының түрлері. Қазақ гидронимдері. Қазақстанның су ресурстарына экономикалық баға беру. Су ресурстарының экологиялық проблемалары. Қазақстанның ішкі суларының геосаяси проблемалары. Биосфера. Қазақстанның табиғат зоналары мен биіктік белдеулері. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың түрлері. Қазақстанның табиғи мұрасы. Табиғи хоронимдердің (ерекше қорғауға алынған аумақтар) мағынасы. Ноосфераның қалыптасуы. Қазақстанның ноосфераның дамуына қосқан үлесі. Табиғи-аумақтық кешендер. Қазақстанның ірі физикалық-географиялық аудандары. Қазақтың табиғи хоронимдері (физикалық-географиялық аудандардың атауы). Табиғат кешендеріне әсер ететін антропогендік факторлар. Антропогендік ландшафтарды жақсарту жолдары.
Әлеуметтік география. Халық географиясы. Қазақстан халқының ұлттық және діни құрамы. Дүниежүзі халқының көші-қоны. Қазақстандағы халықтың көші-қоны. Көші-қон саясаты. Еңбек ресурстарының сандық және сапалық құрамы. Қазақстанның демографиялық жағдайы мен демографиялық саясаты. Елді мекендердің жіктелуі. Елді мекендердің функционалды зоналары. Қазақстандағы ойконимдер. Қазақстандағы елді мекендердің проблемалары. Урбандалу үдерісі. Қазақстандағы урбандалу үдерісіне баға беру.
Экономикалық география. Табиғи ресурстар. Қазақстанның табиғи-ресурстық әлеуеті. Қазақстанда жекелеген ресурс түрлерін өңдеу технологиялары, орталықтары және дайын өнім түрлері. Табиғатты пайдалану үлгілері мен түрлері. Тұрақты даму. Қазақстанда табиғатты пайдаланумен байланысты проблемалар. Әлеуметтік-экономикалық ресурстар. Ғылыми-техникалық революция үдерісі, бағыттары. Адам әлеуеті даму индексінің көрсеткіштері. Қазақстанда адамдық капиталды дамыту. Қазақстанның индустриялы-инновациялық даму бағыттары. Қазақстанның инновациялық инфрақұрылымы. Қазақстан аймақтары инфрақұрылымының даму деңгейі. Дүниежүзілік шаруашылықтың салалық және аумақтық құрылымы. Қазақстан шаруашылығының салалары. Қазақстанның экономикалық аудандарының шаруашылық салалары мен мамандануы. Дүниежүзілік шаруашылықтың даму үрдістері мен көрсеткіштері. Дүниежүзілік шаруашылықтың субъектілері. Халықаралық географиялық еңбек бөлінісі. Халықаралық экономикалық қатынас түрлері. Дүниежүзілік шаруашылықтың даму көрсеткіштері. Дүниежүзілік шаруашылықтың даму модельдері мен аумақтық құрылымы. Дүниежүзілік шаруашылықтың даму үрдістері. Қазақстанның дүниежүзілік шаруашылықта алатын орны. Қазақстанның халықаралық экономикалық интеграциядағы мүдделері мен мақсаттары, орны.
Елтану және саяси география негіздері. Дүние жүзі елдері. Елдердің экономикалық даму деңгейі бойынша топтастырылуы. Халықаралық ұйымдардың деңгейлері мен мақсаттары. Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық, саяси-географиялық жағдайы. Қазақстандағы саяси-әкімшілік хоронимдер. Қазақстан Республикасы туралы кешенді географиялық ақпаратты ұсыну формалары.
Достарыңызбен бөлісу: |