Бағдарламасы «Дене шынықтыру және спорт педагогикасы»


Мақсаты: педагогикалық процестің қозғаушы күші ретінде тәрбиенің құралдары, формалары мен әдістері жүйесінің мәнін ашу



бет6/13
Дата24.11.2016
өлшемі4,18 Mb.
#2451
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Мақсаты: педагогикалық процестің қозғаушы күші ретінде тәрбиенің құралдары, формалары мен әдістері жүйесінің мәнін ашу.

Міндеттері:


а) тәрбиенің құралдары, формалары мен әдістері, түсініктері туралы жалпы сипаттама беру;

ә) тәрбиенің құралдары формалары мен әдістерін оқу және оқудан тыс уақытта пайдаланудың ерекшелігін негіздеу;

б) тәрбие әдістерін жіктеудің түрлеу негіздерін сипаттау;

в) тәрбие әдістерінің негізгі топтарының мәнін ашу.

г) тұтас педагогикалық процесте тәрбиенің формалары мен әдістерінің өзара байланысын көрсету.

Жоспар:

1. Тәрбиенің құралдары, формалары мен әдістері туралы түсінік.

2. Тәрбие әдістерінің жіктелуі.

3. Сананы қалыптастыру әдістері.

4.Іс-әрекетті ұйымдастыру мен мінез-құлық тәжірибесін қалыптастырудың әдістері.

5. Ынталандыру әдістері.

Тәрбиенің құралдары, формалары мен әдістері туралы түсінік. Мектеп пен жанұяның педагогикалық процесінде оқушылардың жеке тұлғасын қалыптастыру жүзеге асады. Педагогикалық процесті сауатты ұйымдастыру үшін мұғалім оның теориялық негіздерін түсініп, оның мақсаттарын, міндеттерін, мазмұнын, құралдары, формалары және әдістерін, тәсілдерін ажырата білуі керек. Құралдары формалар мен әдістер педагогикалық процеске қатысушылардың іс-әрекетінің қозғаушы күші болып табылады, соның арқасында жеке тұлғаның қалыптасуы жүзеге асады (Н. Д. Хмель).

Материалистік диалектика адам табиғатын биологиялық пен әлеуметтіктің (тұқымқалаушылық мүмкіндіктер мен әлеуметтік ортаның) бірлігі деп түсіндіреді. Адам, басқа да тіршілік иесі сияқты, табиғат және қоғаммен өзара әрекеттестікте болады, оларды өзінше қабылдайды, яғни осы әрекеттестіктің белсенді қатысушысы.

Қоршаған дүниені өзгерте отырып, адам өзін де өзгертеді (К. Маркс). Бұл ретте әр түрлі іс-әрекеттің орны ерекше. Адамның психикасы мен санасы қоршаған ортамен әрекеттестігі арқасында және нақты бір іс-әрекет барысында дамиды. Бұл ретте индивидумның іс-әрекеті жеке дара емес, басқа адамдардың (ата-ана, мұғалімдер, оқушылар т.б.) іс-әрекетімен тығыз байланыста жүзеге асады. Сондықтан жалпы адамзаттық мәдениетті игеру үшін бала қоршаған ортамен басқа адамдар арқылы әрекеттестікте болуы керек, яғни олармен қарым-қатынас жасауы қажет. Осылайша, іс-әрекет пен қарым-қатынас жеке тұлғаның қалыптасуының ең маңызды шарты болып табылады. Педагогикалық ықпал етудің амалдары да осылар.

Педагогикалық ықпал ету тәсілдері дегеніміз жеке тұлғаның қоршаған ортамен мақсатты әрекеттестігін ұйымдастыруға жағдай жасау. Сондықтан педагогикалық құралға жеке тұлғаның әрекеттестік жасайтын ортасы (табиғи, әлеуметтік, материалдызқ, рухани) және осы әрекеттестікті ұйымдастыратын іс-әрекеттің түрлері (қарым-қатынас, таным, ойын, еңбек, т.б.) жатады.

Педагогикалық құралға қатысушылардың іс-әрекеті мен қарым-қатынасы педагогикалық ықпал ету арқылы жүзеге асады. Оқу-тәрбие процесінің субъектілері-әрекеттестігінің формалары мен әдіс-тәсілдер арқылы шешілетін белгілі бір мақсаттары мен міндеттері, тиісті мазмұны бар, логикалық тұрғыдан аяқталған, белгілі бір уақыт аралығындағы педагогикалық процесс.

Ұйымдастыру формалары тұтас педагогикалық процеске қатысушылардың қарым-қатынасы мен әрекеттестігінің тәсілі ретінде де қарастырылады. Педагогикалық процестің ұйымдастыру формаларын былай жіктеуге болады:

- қатысушылар құрамы (жеке даралық, шағын топтық, топтық, ұжымдық, жаппай);


  • тұтас педагогикалық процестің оқу жұмысында қолданылуы (сабақ, семинар, факультатив, экскурсия);

  • таным іс-әрекетінің сыныпта және сыныптан тыс уақыттағы байланысы (бірлесіп жасайтын жұмыс, аз топпен жұмыс, білімді тексеру, оқу жағдайындағы кездесу т.б.)

  • оқушылардың сыныптан тыс іс-әрекеті кезіндегі өзара әрекеттестігі (ертеңгілік, пәндік кеш, конференция, олимпиада т.б.).

Тұтас педагогикалық процесті ұйымдастыру формалары әдістер мен әдістемелік тәсілдер арқылы жүзеге асады. Тәрбие әдістері дегеніміз тәрбие мақсат-міндеттерін шешуге бағытталған тәрбиеші мен оқушының өзара байланысты іс-әрекеті. Педагогикалық процеске қатысушылардың тәсілдері мен нақты әрекеттері, оқушылардың белсенді іс-әрекетінің ынталануы тәрбие мақсатына бағытталуы керек. Тәсіл деген де ұғым бар. Әдістемелік тәсіл дегеніміз әдістің жеке көрінісі. Әдіске қарағанда ол бағыныңқы сипатта болады.

Формалар, әдістер, тәсілдер сияқты ұғымдар шынайы педагогикалық процесте өзара тығыз байланыста болады. Біріншіден, олар бір-біріне тәуелді (формалар мен әдістер, әдістемелік тәсілдер құралдар арқылы жүзеге асады); екіншіден, күнделікті тәжірибеде олардың арасында белгілі бір айырмашылық жоқ. Тәрбие әдістері мен тәсілдері әрқашан бірін-бірі алмастырып отырады: кей жағдайларда әдіс тәсілге айналады.



Педагогикалық процестің қозғаушы механизімінің негізгі компоненттерінің өзара байланысы кесте түрінде 1 суретте

Сурет1. Педагогикалық процесте тәрбиенің, формаларының құралдарының, әдістерінің, түрлерінің өзара байланысы

(қозғаушы механизмді жүзеге асыру).

Педагогикалық процестің қозғаушы тетігі сияқты құрал, форма әдістердің оқу кезінде және оқудан тыс кезде қолдану аясына қарай өзіндік ерекшеліктері бар. Оқу процесінде негізгі әрекеттің түрі таным болып табылады. Бірақ іс-әрекеттің басқа түрлері (ойын, қарым-қатынас, еңбек т.б. ) оқу кезінде қолданылмасада керісінше әр түрлі іс-әрекет түрлері оқушының тұлғалық интелектісіне ғана әсер етіп қоймайды. Оқу- танымдық іс-әрекетті ұйымдастырудың әдістері мен формалары ойын элементтерімен, өнер құралдарымен, қарым-қатынаспен сабақтасып жатады. Оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасы ғана емес,оқушының бір-бірімен өзара қарым-қатынасыпедагогикалық технология, ұжымдық танымдық іс-әрекет мысал бола алады.

Оқу әдістері оқыту процесінің негізі болып табылады (мұғалімнің баяндамасы, оқулықпен жұмыс, әр түрлі әңгіме-сұқбаттар, жаттығулар), бірақ олармен қоса мадақтау, көңіл-күй жағдайларын тудыру, сендіру, талап қою және ұялту сияқты ынталандыру әдістері де қолданылады.

Сабақ – оқуды ұйымдастырудың басты формасы. Соңғы жылдардағы педагогикалық технологиялардың дамуы оқыту формаларын айтарлықтай байытуда: конференциялар, ғылыми айтыстар, оқуға байланысты кездесулер, пікірталастар кеңінен қолданылуда.

Оқушылардың сыныптан тыс іс-әрекетін ұйымдастыруда оқыту мен тәрбиенің барлық амалдары, формалары мен әдістері қолданылуда. Алайда, бұл ретте іс-әрекеттің барлық түрлері кеңінен қолданылады: танымдық (үйірмелер, факультативтер, оқушылардың ғылыми қоғамдастықтары), еңбек (өз өзіне қызмет ету, еңбек десанттары, әр түрлі мектеп бизнесі), ойын (танымдық, спорттық, іскерлік), эстетикалық (студиялар, мектеп театрлары, фестивальдар). Іс-әрекеттің барлық түрлері қарым-қатынас арқылы жүзеге асады. Бұл іс-әрекеттер барысында мұғалім оқушылардың санасы, сезімі мен ерік-жігерінің қалыптасуына, олардың мінез-құлқы мен тіршілік әрекетін ұйымдастыруға әсер ететін тәрбие әдістерін қолданады.

Тәрбие әдістері, әсіресе ынталандыру әдістері, сыныптан тыс жұмыспен қоса оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыруда да кеңінен қолданылады (әр түрлі мадақтаулар, жарыстар). Олар оқушылардың танымдық тілек-қалаулары мен қажеттіліктерінің дамуына әсер етеді. Оқыту әдістері ақпаратты игеруге, жалпы оқу және арнайы сипаттағы білік пен дағдыларды (оқу пәндері бойынша біліктерді) қалыптастыруға бағытталған.

Оқыту мен тәрбие әдістері, өзінің арнайы қызметтері бола тұра (оқыту міндеттері, тәрбие міндеттері), тұтас педагогикалық процесте бірлікте қолданылады.



Тәрбие әдістерінің жіктелуі. Педагогикалық әдебиеттер мен тәжірибеде тәрбие әдістерінің көптеген түрлерінің сипаттамасын кездестіруге болады. Тәжірибеде мақсат пен нақты жағдайларға сай әдістерді таңдап алу қиын. Сондықтан оларды тәртіпке келтіру, яғни жіктеу қажет.

Жіктеу – арнайы белгілері арқылы құрастырылған жүйе. Әдістерді жіктеу олардың жалпы және өзіне тән, маңызды мен кездейсоқ, теориялық пен тәжірибелік жақтарын анықтауға көмектесіп, оларды дұрыс таңдап, нәтижелі қолдануға әсер етеді.

Жіктеуге сүйене отырып, мұғалім әдістер жүйесін түсініп қана қоймай, әр түрлі әдістер мен олардың түрлерінің қызметі мен өзіне тән ерекшеліктерін де жете түсінеді.

Көптеген зерттеушілер әдістерді жіктеуде мына қағидаларға сүйенеді:



  • жеке тұлға іс-әрекет нәтижесінде дамып, қалыптасады;

  • оқушыларды тәрбиелеу процесі - өте күрделі іс-әрекет, оның негізі– өз санасы, сезімдері, дүниеге, адамдарға, өз өзіне деген қатынасы, күрделі ішкі дүниесі (мотивтері, тілек-талаптары, ынтасы), өзінің ұйымдасқан және ұйымдаспаған тәжірибесі бар өсіп келе жатқан адам;

  • жеке тұлғаның қалыптасып келе жатқан қасиеттері құрылысы жағынан күрделі.

Адамгершілік, эстетикалық және басқа қасиеттер сезімдерден, санадан (түсінік), сенімдерден, әдеттерден тұрады.

Осы қағидалар бойынша кей әдістер, көп жағдайда, мотивтерге, мақсаттарға, қатынастарға, мағұлматтарға, түсініктерге, пікірлерге әсер етеді, ал енді кейбіреулері мінез-құлықтың қандай да бір түрін қалыптастыратын әдеттерге ықпал етеді, ал басқалары балалардың мінез-құлқын реттейді. Қазіргі уақытта тәрбие әдістері мінез-құлыққа негізделген, мотивтік-мақсатты мазмұнды, процессуалдық жақтарын біріктіретін бағыттылық-интегративтік сипаттамасы негізінде жіктеу объективті және ең ыңғайлысы болып есептеледі (Т.И. Щукина). Осы сипаттамаға сәйкес тәрбие әдістері үш топқа бөлінеді:

-жеке тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері;

-іс-әрекетті ұйымдастыру мен қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру әдістері;

-мінез-құлық пен іс-әрекетті ынталандыру әдістері.

Жеке тұлғаның санасын қалыптастыру әдістеріне: түсіндіру, баяндау, сендіру, насихат, әңгіме, лекция, этикалық әңгіме нұсқау беру, пікір сайыс, баяндама, дебат, үлгі жатады.

Іс-әрекетті ұйымдастыру мен қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру әдістеріне: жаттығу, әдеттену, педагогикалық талап, қоғамдық пікір, тапсырма, тәрбиелік ситуация (сюжеттік рольдік, іскерлік) ойындар.

Мінез-құлық пен іс-әрекетті ынталандыру әдістеріне:жарыс, мадақтау, жазалау жатады.



Сананы қалыптастыру әдістері. Бала тәрбиелеу оның дүниеге келген сәтінен басталады. Бірақ әлеуметтік тәжірибені саналы түрде меңгеру кешірек қалыптасады. Дұрыс ұйымдастырылған тәрбие тәрбиеленушінің тәрбие барысында қалыптасуға тиіс мінез-құлық ережелерін игеруіне ықпал етеді. Бала белгілі бір қасиеттің мәнін түсінбейінше, оны баланың бойында тәрбиелеу мүмкін емес. Жеке тұлғаның қасиеттерінің мәнін түсіне келе баланың жас ерекшеліктеріне қарай өзіндік көзқарастары, түсініктері, сенімдері, мұрат-мақсаттары қалыптасады. Бұл міндеттерді шешу үшін «Жеке тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері» деген әдістер қолданылады.

Бұл топтағы әдістердің сезімдерді, көңіл-күй эмоциясын қалыптастыруда маңызы зор. Егер оқушылар педагогикалық әсерге жауап бермесе, жеке тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру жүзеге аспайды. Оқушылардың тәрбие мазмұнына сай іс-әрекетке белсенді түрде араласу қажеттілігі болған жағдайда ғана алға қойылған мақсат орындалады. Осылайша, жеке тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері оқушыларды алған білімдерін күнделікті тәжірибеде белсенді қолдануға, яғни мінез-құлық әдеттерін қалыптастыруға дайындайды.

Белгілі бір әдеттерді қолданудың қажеттілігін түсіну тәрбие процесінде әр түрлі әдістерді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Ескі мектепте, мысалы, бұл үшін ғибратты әңгімелер, нақылдар, мысалдармен қоса оқушыларға қажетті білімді жеткізудің басқа да жанама және көркем тәсілдері кеңінен қолданылған қорытындыны оқушылардың өздері жасауы тиіс. Қазіргі мектепте ықпал етудің дәстүрлі тәсілдері (талап қою, насихат, нұсқау) жиі қолдануда.Бұндай әдістердің нәтижесі өте төмен. Тәжірибесі мол тәрбиешілер өз жұмыстарында ұмыт болған адамгершілік-имандылыққа, Крыловтың мысалдарына, Абайдың қара сөздеріне, халық педагогикасының амал-тәсілдеріне көптеп сүйенуде. Этикалық тақырыптағы әңгімелер, түсіндірмелер, түсініктемелер, лекциялар, этикалық әңгіме-сұхбаттар, ақыл-кеңестер, иландыру, сендіру мысалдар кеңінен қолданыс табуда.

Осы топтағы әдістердің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен қолдану аясы бар. Сырттай оңай болып көрінгенімен, олардың әрқайсысы мұғалімнің жоғары білімін талап етеді. Олар жүйелі түрде, бір-бірімен тығыз байланыста қолданылады. Сөз бен сезім арқылы әсер ету әдістерінің ең күрделілерін қарастырайық.



Этикалық тақырыптағы әңгіме көбінесе, төменгі және орта сыныптарда қолданылады. Бұл дегеніміз адамгершілік мазмұны бар деректер мен оқиғаларды әсерлі де қызықты етіп айту. Жақсы әңгіме оқушыларға мінез-құлықтың адамгершілік нормаларын түсінуге көмектеседі, сезімге әсер етіп, әңгімедегі оқиғаларға деген оқушылардың оң не теріс қатынасын қалыптастырады.

Этикалық тақырыптағы әңгіменің нәтижелі болуы мынаған байланысты:

- әңгіме мазмұнының оқушылардың жас ерекшеліктері мен олардың әлеуметтік тәжірибесіне сәйкес болуы;

- әңгіменің қызықты, әсерлі, түсінікті болуы, онда адамгершілік ой-пікірлермен қоса мысалдардың, жағдайлардың болуы;

- әңгімені оқу барысында әңгіме-сұхбаттың жүргізілуі; оқушылардың әңгімені талдауға атсалысып, өздерінің ой-пікірлерін білдіре алулары өте маңызды;

- әңгімеге қоса суреттерді қолдану (бейнелеу өнерінің туындылары, фотографиялар); әңгімені дұрыс қабылдауда музыканың орны ерекше;

- мазмұндама тілінің әдеби сауатты болуы.

Этикалық әңгімені қабылдауда бөлме ішінің жабдықталуының да маңызы бар. Жоспарланған әңгімелер жайлы бөлмелерде, оқушылар ешқайда асықпаған еркін жағдайда жүргізіледі. Этикалық әңгімеден кейін оқушылар мазмұны мен көңіл-күйі жағынан өзгеше бір іске (мысалы, спорттыќ жарыс) кірісіп кетсе, әңгіменің тәрбиелік мәні төмендейді.

Күнделікті тәжірибеде тәрбиелік процесте түсініктеме жиі қолданылады. Бұл оқушыларға сезім мен сөз арқылы әсер ету әдісі. Түсініктеменің әңгімеден өзгеше маңызды белгісі – оқушыларға немесе жеке тұлғаға қандай да бір жағымсыз жағдайлар бойынша әсер ету. Түсініктеменің әдіс-тәсілдері әр түрлі: төменгі сыныптарда «Былай істеу керек» деген сияқты тура пайымдаулар, жасөспірімдермен жұмыс кезінде терең мотивация, белгілі бір адамгершілік ұғымдарының қоғамдық мәніне түсініктеме беру қажет.

Түсініктемені оқушыларға мінез-құлықтың адамгершілік нормаларын түсіндірудің қажеттілігі туындаған жағдайда ғана қолдану керек. Бірақ мектептегі, көпшілік орындардағы қоқыс тастауға, түкіруге, партаға сурет салуға, дөрекілік жасауға болмайды деген сияқты күнделікті мінез-құлық нормалары туралы сөз болғанда түсініктемені қолданудың қажеті жоқ. Мұнда үзілді-кесілді талап ету қажет. Түсініктеме қандай да бір жаңа адамгершілік қасиетті, оқушылардың белгілі бір әрекетке деген дұрыс қатынасын қалыптастыру үшін қолданылады. Түсініктеме көбінесе сендіруге негізделеді. Сендіру оқушының психикасына астыртын әсер етіп, іс-әрекеттің мақсаттары мен мотивтерін қалыптастырады. Ол ақыл-кеңес, есіне түсіру, тілек-ұсыныс түрінде қолданылады.

Тәрбие тәжірибесінде түсініктеме мен сендірумен қоса кейде насихат сияқты әдіс қолданылады. Оқушының бойындағы жағымды қасиеттерге сүйену: абырой, ар-намысы мен ұяты сияқты насихатты дұрыс қолданудың алғы шарттарын қалыптастырады. Бұл әдістің педагогикалық нәтижелілігі мұғалімнің беделіне, оның жеке тұлғалық қасиеттеріне байланысты.

Сананы қалыптастырудың аталған әдістерін (әңгіме, түсініктеме, сендіру, насихат) ретсіз қолданғанда ол үгіттеуге айналады. Мұндай жағдайларда олар оқушы бойында қарсы әрекет, мұғалімнің тілегіне кері әрекет ету ниетін оятады.



Этикалық әңгіме-сұхбат дегеніміз адамгершілік мәселелерді мұғалімдер мен оқушылардың бірігіп жүйелі де бір ізді талқылау түрі. Әңгіме-сұхбаттың жай әңгіме мен нұсқаудан айырмашылығы онда мұғалім оқушыларды өз ой-пікірлерін, көзқарастарын, бағаларын білдіруге шақырады. Әңгіме-сұхбат теңдік пен ынтымақтастық негізінде құрылады. Этикалық әңгіме-сұхбаттың мақсаты – адамгершілік түсініктерді тереңдету мен бекіту, білімді қортындылау, адамгершілік көзқарастар мен сенімдер жүйесін қалыптастыру. 5-8 сынып оқушылар тәрбиесінде әңгіме-сұхбаттың алар орны ерекше, өйткені баланың өзіндік ой-пікірлері, көзқарастары мен сенімдері осы жаста қалыптасады.

Этикалық әңгіме-сұхбатқа оқушылардың белсенді қатыса алуы үшін оның жоспары мен негізгі мәселелері оқушыларға алдын-ала беріледі. Баяндамалар алдын-ала дайындалады. Әңгіме-сұхбат кезінде оқушылар жағдайлар бойынша қойылымдар ойнайды. Алдын-ала әдебиеттер тізімі беріледі, оқушылар өмірден немесе әдебиеттерден деректер мен мысалдар жинастырады. Жүргізуші (әдетте сынып жетекшісі) баяндама жасап, әңгіме-сұхбатқа қатысушылар алдына мәселелер қояды, олардың белсенділігін оятады, әр түрлі көзқарастарды тыңдап, оқушыларға баяндамаларға баға беруді ұсынады, айтылған ой-пікірлерлі толықтырып, түзеп, қортындылайды, әңгіме-сұхбаттың қортындысын шығарады. Әңгіме-сұхбаттың сол әңгіме кезінде талқыланған мінез-құлық ережелерін жүзеге асыра алатын шынайы пайдалы іспен аяқталуы оң нәтиже береді.

Этикалық әңгіме-сұхбаттың нәтижелі болуының шарттары:

- әңгіме-сұхбаттың мәселелік сипатта болуы, яғни көзқарастар мен пікірлер таласы;

- әңгіме-сұхбат тақырыбының күкейкесті, оқушылар тілек-талаптарына сай болуы;

- әңгіме-сұхбат мазмұнының оқушылардың тәжірибесі мен жас ерекшеліктеріне сай болуы;

- әңгіме-сұхбаттың оқушыларды өз ойын жеткізуге, басқалардың пікірін сыйлауға, шыдамдылықпен әрі дәйекті түрде дұрыс көзқарасты қалыптастыруға үйретуі;

- әңгіме-сұхбат лекцияға айналмауы керек (мұғалім ғана сөйлеп, оқушылар тыңдап отырады),

- әңгіме-сұхбаттың жағымды әрі жайлы ортада жүргізілуі; оған әңгіме-сұхбат жүргізілетін бөлменің іші, дауыстың сенімділік ырғағы, оқушылар жауабын ден қойып тыңдау, дұрыс жауаптарды мақтап, дұрыс еместерін сыпайы түрде түзету, орынды айтылған әзіл-сықақ, мазмұнның дұрыс таңдалып алуы жағдай жасайды.

Осындай алдын-ала дайындалған (жоспарлық, бағдарламалық) әңгіме-сұхбаттардан басқа ұжымдағы пайда болған қиыншылықтарға байланысты жоспардан тыс, ауық-ауық әңгіме-сұхбаттар да жүргізіледі. Әңгіме-сұхбаттың ерекше бір түрі – әңгіме-экспромт, ол аяқ асты пайда болған жағдайларға байланысты жүргізіледі. Жеке дара этикалық әңгіме-сұхбаттар (көбінесе тәрбиесі төмен оқушымен) жоғары білімділікті талап етеді. Жолдастарының алдында мұндай әңгіме-сұхбат өте қықа болуы қажет, оқушының абыройы тапталмау керек. Мұндай әңгіме-сұхбатты сырласу ретінде жүргізу нәтижелі болады. Егер оқушы өз кінәсін түсінсе, әңгіме-сұхбаттың қажеті де жоқ. А.С. Макаренко мұндай амалды кейінге қалдырылған әңгіме-сұхбат деп атаған.



Пікірсайыс–сананы, сенімді, мақсат-мұраттарды, құндылық бағыттарды қалыптастырудың күрделі әдісі. Пікірсайыс дегеніміз оқушыларды толғандырып жүрген тақырыптар бойынша әр түрлі пікірлерді қалыптастыратын пікірталас. Пікірсайыс орта және жоғарғы сыныптарда адамгершілік, саяси, экономикалық, экологиялық, эстетикалық тақырыптарда жүргізіледі.

Пікірсайыстың тақырыбы тыңдалып алынғаннан кейін, өзіндік пайымдауды қажет ететін 5-6 сұрақ белгіленеді. Пікірсайысқа қатысушыларды осы сұрақтармен тыныстырып (сыныпта немесе мектеп қабырғасына іліп қойып), әдебиеттер ұсынылады. Пікірсайыстағы баяндама еркін әрі қызу болуы қажет. Пікірсайыс жүргізушісі қызметін, әдетте мұғалім атқарады, бірақ ерекше дайындығы бар оқушылар да жүргізуші бола алады. Пікірсайыс кезінде мұғалім оқушылардың айтысын бағыттап, олардың ойларын тәртіпке келтіріп, дәлелге сүйенуге үйретеді. Мұғалім оқушылардың пікірін зер салып тыңдауы керек. Пікірсайысты жекелеп өткізгеннен гөрі, оқушылармен бірігіп оқу жылы бойы өткізілетін айтыстар тізімін жасап алған дұрыс.

Соңғы жылдары мектептерде айтыстың, ізденістің, мәселелерге жауап берудің пікірталас сияқты формасы кеңінен қолданылуды. Пікірсайыс ерекшелігі пікірталастарға оқушылар топтары қатысады. Олар алдын-ала баяндамалар дайындайды, онда өмірлік маңызы бар мәселені шешудің ең тиімді деген жобасы оқушының тілегі бойынша жазылады. Пікірталастардың жүргізушісі және командаларды бағалайтын қазылар алқасы сайланады. Пікірталастардың бір түрі «Болашақтың қаласы» телекөрермендерге кеңінен танымал. Мұндай пікірталас ойын ретінде жүргізіледі (үкімет, спикер).

Үлгіге негізделген әдіс. Үлгі балалардың, жасөспірімдердің, жастардың қандай да бір үлгілерге еліктеуіне негізделген. Бұл – санасыз еліктеуден саналы еліктеуге, бейнені көшіруден өзіндік бағытын қалыптастыруға, ойын ретінде еліктеуден өмірде шынайы еліктеуге, сырттай еліктеуден іштей еліктеуге ұмтылу. Тәрбие процесінде қолданылатын үлгілер өте көп (ата-ана, үлкендер, жолдастары, әдеби шығармалардың, кино мен спектакльдердің қаћармандары). Беделді, білімді, оқушылармен қарым-қатынасы демократиялық негізде құралған мұғалім де оқушыларға үлгі бола алады. Үлгі тәрбиенің барлық әдістерінде (түсініктеме, әңгіме-сұхбат, пікірсайыс) қолданылады.

Іс-әрекетті ұйымдастыру мен мінез-құлық тәжірибесін қалыптастырудың әдістері. Әдет, мінез-құлықтың белгілі бір түрі – оқушылар тәрбиесінің нәтижесі. Жеке тұлғаның тәрбиелілігі оның түсініктері мен сенімдерінен басқа нақты істері мен әрекеттері арқылы көрінеді. Сондықтан іс-әрекетті ұйымдастыру мен қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру тәрбиелік процестің өзегі болып есептелінеді.

А.С. Макаренко айтқандай, тәрбиешінің іс-әрекеті дегеніміз, ең алдымен, ұйымдастырушылық іс-әрекет. Әдістердің осы тобы арқылы оқушылар өмірін мінез-құлық, қатынастар, қарым-қатынастар тәжірибесін біртіндеп жинала бастайтындай етіп ұйымдастыруға болады. Бұл іс-әрекет арқылы әдеттер қалыптасып, жағымды мотивтер дамиды. Оқушылардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру пайдалы істер арқылы жүзеге асады, ол істер барысында оқушылар басқа адамдармен (мұғалімдермен, өзінің құрдастарымен) жан-жақты қатынасқа түседі. Басқа адамдармен ұжымдық қатынас барысында пайда болатын жағдайлар белгілі бір әрекетке, мінез-құлықтың белгілі бір бағытын таңдауға әкеліп, тұрақты әдеттерді қалыптастырады.

Бұл топтың басты әдістерінің бірі – жаттығу, жаттығудың мәні белгілі бір әрекетті автоматты түрге айналғанға дейін қайта-қайта орындау, соның нәтижесінде оқушының жеке тұлғалық қасиетінің өзегі болатын дағдылар мен әдеттер қалыптасалды. Адамның әдеттері адам өмірінде ерекше орын алады. К.Д. Ушинский айтқандай, адамның әдеттерді қалыптастыруға қабілеті болмаса, өз дамуында ілгері жылжи алмайды.

Тәрбие процесіндегі жаттығулар оқудағы сияқты жаттанды болмауы керек, олар саналы түрде орындалуы қажет. Сондықтан жаттығу әдісін түсініктеме мен сендіру әдістерімен бірге қолдану қажет. Жаттығудың нәтижелі болуы оның мақсаттылығы мен жүйелілігіне, түсінікті болуына, мотивациясы мен ынталандыруына, бақылау мен түзетуге, оны жүргізудің орны мен уақытына байланысты. Жаттығу кезінде оқушылардың жеке ерекшеліктері ескеріліп, жаттығулардың жеке дара, топтыќ және ұжымдық формаларын үйлесімді қолдану қажет.

Оқушы өмірдегі теріс жағдайларда тұрақты қасиет таныта алса, жаттығлар оң нәтиже берді деген сөз. Тұрақты әдеттерді қалыптастыру үшін жаттығуларды ертерек, баланың дүниеге келген сәтінен бастау қажет.

Жаттығуларды орындау барысында талап ету әдісі қолданылады. Бұл әдіс оқушының белгілі бір іс-әрекетіне дем беріп немесе тежеп, тұлғалық қасиеттерді қалыптастырады. Талап түріне қарай тура және жанама болып бөлінеді. Тура талап етуге бұйрық ету, анықтық, нақтылық тән (балаға түсінікті талаптар). Оқушыларға қойылған талаптар шешімді болуы қажет, онда мұғалімнің оқушының ісі мен тәртібіне деген қатынасы білінеді. Жанама талаптар ақыл-кеңес, өтініш, мақұлдау сияқты түрлері арқылы беріледі.

Жаттығулар мен талаптар ойын формасында жиі қолданылады (рөлдік, сюжеттік ойындар). Жаттығу мен талап етуді қолданудың басты шарты оның шамасын білу, яғни белгілі бір уақыт аралығында баланың жас ерекшелігіне қарай екі не үш талап қойылады.

Жаттығу түрлерінің бірі – үйрету, дағдыландыру әдісі. Бұл интенсивті орындалатын жаттығулар. Белгілі бір әдетті тез және жоғары деңгейде қалыптастыру үшін үйретуді қолданады. Бұл әдісті көбінесе балабақшаларда, бастауыш сыныптарда балаларға мінез-құлық ережелерін үйрету үшін қолданады.

Жаттығу әдісі тапсырма беру әдісінің негізін құрайды. Мектептегі тапсырмалар әр түрлі болады: сырқат жолдасының көңілін сұрау, кішкентай балаларға ойыншықтар жасау т.б. Мектепте оқу сипатындағы тапсырмалар кеңінен қолданылады: кеңесшінің, мұғалім көмекшісінің жұмысын атқару. Тапсырманың орындалуын тапсырма берген адам (мұғалім, сынып белсендісі) бақылайды. Тапсырманың орындалу сапасы жөнінде көпшілік пікірге сүйенген дұрыс.

Жаттығу мен үйретудің бір түрі – тәрбиелік жағдайлар әдісі. Тәрбие жүйесі педагогикалық жағдайлардан тұрады, ал олар нәтижелі болу үшін мұғалім арнайы жағдайлар құрастырады. Бұл ретте жағдай шындыққа сай болуы қажет. Жағдайдың кез келген түрінде оқушы шешім қабылдай алуы керек. Мұндай жағдайлар жорықтар, экскурсиялар мен ойындар кезінде құрастырылады.

Іс-әрекетті, мінез-құлықтың оң тәжірибесін ұйымдастыру әдістерінің бұл тобы тәрбиенің басқа да амал-тәсілдерімен, түрлері мен әдістеріне байланысты.

Ынталандыру әдістері. Мадақтау мен жазалау – басты ынталандыру әдістері.

Мадақтауды оқушылардың жағымды әрекеттерін қолдау үшін қолданады. Оқушының басқалар елеп мадақтаған жетістіктері қанағаттану, қуаныш сезімін оятып, оның іс-әрекетіне дем береді. Мадақтаудың көп түрі бар: мақұлдау, мақтау, алғыс, құрметке бөлеу, грамотамен, сыйлықтармен марапаттау. Мадақтау әдісін белгілі бір мөлшерде қолдану керек. Орынсыз және шамадан тыс мадақтаудың тәрбиеге тигізер пайдасынан гөрі зияны көп. Мадақтауды қолдану талаптары:

- жетістіктермен қоса мінез-құлықтың мотивтерін де ескеру;

- мадақтау оқушыны басқа оқушыларға қарсы қоймау керек; белгілі бір жетістіктерге жеткен оқушылармен қоса, берілген тапсырмаларды орындауда еңбекқорлық пен жауапкершілік танытқан оқушыларды да мадақтау;

- оқушылардың жеке ерекшеліктері мен олардың ұжымдағы мәртебесін ескеру, мадақтау жиі болмауы қажет;

- ұжымның пікірін ескеру;

- мадақтау әділ болуы қажет.

Жарыстар ынталандыру әдістерінің қатарына жатады. Бұл әдіс оқушының бәсекелестікке, алда болуға деген табиғи қсында, өзара жарысып қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін игеріп, адамгершілік қасиеттерді дамытады. Жарыстарды ұйымдастыру – оқушылар психологиясын білуді талап ететін күрделі іс. Жарыстың мақсаттары мен міндеттерін алдын-ала анықтап, бағдарламасын құрастырып, оның нәтижелерін бағалаудың шарттары мен көрсеткіштерін қалыптастыру қажет. Жарыстың мазмұны айтарлықтай қиын болып келеді. Мектеп тәжірибесінде көбінесе жарыстар оқу іс-әрекетінің нәтижелері бойынша жүргізіледі. Сондықтан оқушылардың үй жұмысын жүйелі орындауын, ынта-ықыласын, сабақтағы ескертулердің аздығын, дәптерлердің тазалығын көрсеткіш ретінде алған орынды. Жарыстардың бағдарламаларын, шарттары мен көрсеткіштерін жасауға, оның нәтижелерін бағалауға оқушыларды да қатыстыру қажет. Жарыстағы тартыстың адал әрі ашық болуын қадағалау қажет.

Тәрбие әдістерінің ең көнелерінің ішіндегі жазалау – кеңінен танымал әрі өте қиын әдіс. Қазіргі педагогика мен тәжірибеде оқушыларды жазалаудың мақсаттылығы туралы: жазалаусыз тәрбиеден бастап олардың күрделі түрлерін қолдануға дейін әр түрлі қарама-қайшы пікірлер бар. Қазіргі мектептерде мұғалім мен оқушылар арасындағы қатынастың демократиялануы мен адамгершілікке негізделуі кезінде жазалауды қолдану мәселесі шиеленісуде. Жазалау дегеніміз педагогикалық ықпал ету әдісі, ол жағымсыз әрекеттердің алдын алып, оларды тежеуі қажет, өзінің, жолдастары мен басқа адамдар алдындағы кінәсін түсінуге шақыруы тиіс.

Мектеп тәжірибесінде жазалаудың ескерту, ұялту, жиналысқа салу, белгілі бір жеңілдіктерінен айыру сияқты түрлері қолданылады, ал төтенше жағдайларда сабаққа қатыстырмау немесе тіпті мектептен шығару (педагогикалық және оқушылар кеңесі бойынша) сияқты түрлері де қолданылады. Жазалаудың қатаңдығы оқушының кінәсіна байланысты болу керек. Мұғалімнің қолданған жазасы дәйекті болып, ешбір ыза-кексіз немесе қудалаусыз қолданылуы қажет. Ұжым атынан ұсынылған жазалаудың ықпалы артық болады. Жазалауда оқушының жеке психологиялық ерекшеліктерін ескеру қажет.

Оқушылар арасындағы келіспеушілік жағдайлар жазалауды қолданудың негізі бола алады. Мұндай жағдайларда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтап алу қажет. В.А. Сухомлинский айтқандай, оқу-тәрбие жүйесін педагогикалық жағынан сауатты құрастырса, жазалауды қолданудың қажеттілігі болмайды.

Тәрбиенің түрлері мен әдістері өте көп, бірақ оларды тиімді қолдана білу қажет. Педагогикалық тәсілдерді таңдау шарттары:

- қазіргі тәрбиенің мақсаты мен міндеттеріне сай болу;

- оқушылардың жас және жеке дара ерекшеліктерін ескеру, жекелік бағыттылық;



  • оқушылардың тәрбиелілік деңгейі;

  • тәрбиенің жағдайлары мен шарттары;

  • оқушылар ұжымының қалыптасу деңгейі;

  • тәрбиелік ықпал етудің түрлері мен әдістерінің өзара байланысы мен жүйесі.

Тәрбиенің түрлері мен әдістерін қолданудың арнайы педагогикалық ұсыныстары жоқ. Педагогикалық процестегі әр түрлі жағдайларды шешудің тура ережелері жоқ, өйткені әрбір оқушының, әрбір ұжымның өзіне ғана тән ерекшелігі бар. «Ешқандай педагогикалық амал-тәсілді, тіптен жалпы қабылданған деп есептелінетін сендіру, түсіндіру, әңгіме-сұхбат, көпшілік ықпалын толығымен пайдалы деп айтуға болмайды. Ең жақсы деген амал-тәсіл кей жағдайларда міндетті түрде ең нашар болып шығады» (А.С. Макаренко).
Өзiн өзi бақылауға арналған сұрақтар

  1. Тәрбиенің тәсілдері, түрлері мен әдістерінің тұтас педагогикалық процесте алар орны қандай? Оларды неге педагогикалық процестің қозғаушы күші деп атайды?

  2. Іс-әрекеттің түрлері (таным, қарым-қатынас, ойын, еңбек) тәрбиелік ықпал етудің амалдары екенін дәлелдеңіз.

  3. «Педагогикалық ықпал ету тәсілдері», «түрлері», «тәрбие әдістері» ұғымдарының анықтамасын берңііз.

  4. Педагогикада тәрбие әдістерінің қандай топтары бар? Осы топтар құрамындағы тәрбиенің нақты тәсілдерін атаңыз.

  5. Оқушылардың санасы мен мінез-құлқын қалыптастыру әдістерін сипаттаңыз.

  6. Оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыру мен оң тәжірибесін қалыптастыру әдістерін түсіндіріңіз.

  7. Оқушылардың мінез-құлқын ынталандыру әдістерін жіктеңіз.

  8. Этикалық әңгіме-сұхбат әдісінің мәнін ашыңыз.

  9. Мадақтау мен жазалау әдістерін қолданудың негізгі шарттарын атаңыз.

Тақырып: Оқыту процесінің мәні мен ерекшеліктері.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет