«Коммуникация» білім беру саласының базалық мазмұны:
- тіл дамыту;
- көркем әдебиет;
- орыс тілі (қазақ тілінде оқытылатын топтарда) ;
- драма ұйымдастырылған оқу қызметінде жүзеге асырылады.
Мақсаты: қоғамдық ортада инновациялық әдістер мен технологияларды қолданып, ауызша қарым-қатынас жасау, диалог құру дағдыларын қалыптастыру.
Міндеттері:
- ересектермен және балалармен еркін қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту;
- балалар әрекетінің түрлі нысандары мен түрлерінде балалардың ауызша сөйлеуін дамыту;
- балалар әдебиетіне, сөзге қызығушылықты дамыту.
I ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ
Сөйлеуді дамыту
Сөйлеудің дыбыстау мәдениеті
Дауысты, дауыссыз дыбыстарды дұрыс айту дағдыларын бекіту. Фонематикалық қабылдау дағдыларын қалыптастыру.
Сөзді дыбыстау мәдениетін тәрбиелеуге арналған дидактикалық ойындарды қолдану.
Сөздік қор
Балалардың сөздік қорларын адамдардың мамандықтарының атауларын, заттардың бөліктерін, заттардың сапалары мен қасиеттерін білдіретін зат есімдермен байыту.
Келесі дағдыларды қалыптастыру:
-тұрмыстық заттар және қоршаған орта заттарының қолданылу маңыздылығын түсіну дағдыларын қалыптастыру;
- сөздік қорын жалпылауыш мағыналы сөздермен байыту;
- заттарды және олардың тұрған орнын анықтау дағдыларын жетілдіру;
- ойындарды қолдану арқылы сөздерге қызығушылығы мен зейінін дамыту.
Тілдің грамматикалық құрылымы
Дағдыларды жетілдіру:
- байланыстырып сөйлеу дағдыларын жетілдіру;
- жануарлар және олардың төлдерінің атауларын білдіретін сөздерді, сөздердің түрлі тәсілдермен жасалуын, зат есімдерді жекеше және көпше түрде қолдану дағдыларын дамыту;
- әртүрлі тәсілдермен жаңа сөздер құру;
- сан есімдерді ретімен атауға, оларды зат есімдермен бірге қолдану дағдыларын қалыптастыру;
- тілдің грамматикалық құрылымын қалыптастыруда ойындарды кеңінен қолдану.
Байланыстырып сөйлеу
Әңгімеге қатысу және тілді түсіну, тыңдау біліктерін, көлемі шағын тақпақтарды жатқа айту дағдыларын қалыптастыру.
Сурет бойынша заттар және ойыншықтар туралы әңгіме, үлгі бойынша әңгіме құрастыру, шағын әңгімелер мен ертегілерді айтып беруге үйрету дағдыларын қалыптастыру.
Ұсынылған мазмұн бойынша сахналауға үйрету.
Шығармашылық сөйлеу әрекеті
Театрландырылған әрекетке, драматизация ойындарына және қуыршақ спектакльдеріне, саусақ ойындарына балаларға түсінікті «қуыршақты жүргізу» техникасын қолдана отырып, қатысу ниеттерін дамыту.
Шығармаларды қабылдау
Ұйқас пен сөз ойындарына деген қызығушылығын тәрбиелеу.
Кейіпкерлердің бейнелерін сомдауға қажетті дауыс ырғағы және тілдің қарқынын қолдану дағдыларын қалыптастыру, ұсынылған тақырып бойынша әңгіменің басы мен соңын құрастыруға үйрету.
Күтілетін нәтижелер:
- құрдастарымен және ересектермен қарым-қатынасқа түсе алады, олардың өтініштерін орындайды;
- сөйлемдердің әртүрлі түрлерін (жай және күрделі), сын есімдерді, етістіктерді, үстеулерді, қосымшаларды қолданады;
- адамдардың мамандықтарын білдіретін сөздерді, олардың ерекшеліктерін біледі,тұрмыстық заттар және қоршаған табиғат заттарының мәнін біледі;
- себеп-салдарлық байланыстарды орната біледі;
- жалпы мағыналас сөздерді (көлік, өсімдіктер, киім) қолданады;
- сан есімдерді ретімен атайды, оларды зат есімдермен септіктерде, жекеше және көпше түрде байланыстырады;
- отбасы, отбасындағы тұрмыс, халықтық дәстүрлері туралы айтып бере алады;
- өзінің қаласы (ауылы) туралы әңгімелеп бере алады, үлгі бойынша әңгіме құрастыра алады;
- шағын әңгімелер мен ертегілерді қайталап айтады;
- театрландырылған әрекетке қатысады.
Достарыңызбен бөлісу: |