2.2 Қазақ дүниетанымындағы "әйел" концептісінің көрінісі. Жалпы христиан дінінде әйел туралы "зұлым", "күнәһар", "өтірікші", "кекшіл" т.б.деген сияқты өте төмен көзқарас қалыптасқан. Кезінде католик дінінің ресми теологы болып бекітілген Фома Аквинский: "Әйел тез өсетін арамшөп сияқты. Ол толыққанды адам емес, оның денесінің толық жетілмегенінің өзі оның құндылығының төмендігінен, табиғат онымен азырақ айналысатындықтан... Әйелдер оларды мәңгі билеушінің немесе ұстаздың басқаруымен ұстап отыру үшін туады" деген [9, 27]. Ал ислам дінінде әйелге, әсіресе әйел анаға деген көзқарас бұдан өзгеше. Бұған "Жұмақ ананың табанының астында", "Алдымен анаңды, анаңды, тағы да анаңды, одан соң әкеңді сыйла", "Ең қайырлы болғаныңыз, әйелдерге ең жақсы мәміле жасағандарыңыз болмақ", "Балаларды махаббат пен сүйіспеншілікпен бағу, әйелдерге жақсы мәміле жасау - Исламның бармақпен басып көрсеткен ахлақ ережесі" т.с.с. ислам қағидалары дәлел.
Кез келген қоғамның маңызды институттарының бірі - отбасы. Ал отбасындағы әйел жағдайы - отбасы мен неке тарихындағы келелі мәселелердің бірі. Көптеген тарихи және тілдік деректер қазақ әйелінің отбасылық мәселелерді шешуге белсенді қатысқанын, ерлеріне шаруашылыққа қатысты істерде көп көмектескенін дәлелдейді. Ал күйеуі жоқ кезде оның орнын жоқтатпай, барлық тіршілікке қатысты мәселелерді өзі шешіп, тіпті қазақы салт-дәстүрге сай қонақ күтіп, оны жөн-жоралғысымен шығарып салуға, күйеуін жаманатқа қалдырмауға міндетті болған. Сондықтан Айғаным, Бопай, Ұлпан, Зере сияқты әйелдерді халқымыз жоғары бағалаған. Мысалы: Шоқан ел кезген, жер кезген сапарында батыс түгіл, шығыс әйелдерінің ішінен мұндай мінезді, жомарт та өжет әйелдерді көп көрді. Басқаны былай қойғанда, өзі жақсы білетін Айғанымәжеci ше... Бүкіл аймақты билептөстеген әкесі Шыңғыс емес, әжесі Айғаным болатын. Ел адасқанда ақылды Шыңғыстан емес, Айғанымнан сұрайтын. Көзін жұмғанша Айғаным әжесі осындай боп өтті (С. Бақбергенов. Ақ боз атты ару). Осылайша, ақыл-парасаты сай қазақ әйелдері тек өз отбасында емес, бүкіл ауыл-аймақта зор беделге ие болып, олардың жақсы атағы алысқа тарап отырған.
Қазақ әйелдері туралы сөз болғанда, әсіресе олардың сырты мен іші үйлескен сұлулығы, мінез байлығы, ақыл-парасаты жөнінде әңгімелегенде, ең алдымен батырлар жырындағы әйел кейіпкерлердің көз алдыңызға келері сөзсіз. Құртқа - қазақ әйеліне тән ақыл-парасат пен көрегенділіктің, Жібек - сұлулық пен сымбаттың, Айман мен Ақжүніс әйел үшін таптырмайтын қасиет - қулық пен айлакерлік, тапқырлықтың, ал Баян - сұлулықпен бірге махаббатқа адалдықтың, сезімге тұрақтылықтың символы.
Қазақта қыз баланың, жалпы әйел затының бойынан төменшектік, именшектік, ұялшақтықтан гөрі өжеттік, еркіндік, ақыл, парасат сияқты қасиеттерді жоғары бағалайды. Мына тектес деректер соның тілдік дәйегі болып табылады: Мен көкпарға тастаған лақ емеспін. Мен Роксанамын. Байтақ патшаның еркін өскен қызымын. Александр мені өзінің теңі деп білді. Мен оны да бағаладым. Ұлы Александрмен теңмін деп шалықтамаспын. Бірақ падишаға Ұлы Даланың еркін өскен қызына шақ теңдігімді кемітпеспін. Соңымда бейбіт өмірге жеткен елім қалып барады деп өзімді жұбатармын, жаратқан ием осылай жат жұрттық етіп дүниеге әкелді екен - ендігі тілеуім Александрдың амандығы болады (Э. Төреханов. Ескендір мен Роксана). Қазақ қыздарына қайсарлық, өжеттік, тәкаппарлық, көрегенділік пен даналық сияқты қасиеттер ғасырлар бойы ел аузындағы аңыз әңгімелерге, батырлар жырына, ән-жырға арқау болған Тұмар, Зарина, Роксана, Домалақ ене, Айша бибі, Құртқа, Гүлбаршындардан келгені анық. Қазақ: "Асыл әйел әрі еркек, әрі қатын, - дейді. "Жақсы әйел" және "жаман әйел" концептісінің көрінісін ақынжыраулар шығармашылығынан да, шешендік сөздер үлгісінен де көруге болады: Жақсы қатын алсаңыз, Жақсылығын білдірер, Ерін жөнге көндірер, Анық осы, бозбала, Жұмақтан шыққан хормен тең, Алғаның жаман жолықса, Жамандығын білдірер, Ер қадірін кетірер, Оның өзі, бозбала, Маңдайға біткен сормен тең(Шал ақын); "Әйелдің жақсысы қандай, жаманы қандай болады? - дейді Ыбырай, шешенге: - Әй! - дегенде: - Ә; - десе, - Манағы қайда? - дегенде:- Мә, десе - жақсы әйел сол. - Әй! - дегенде: - Оқ, десе, - Манағы қайда? - дегенде: - Жоқ десе, дау да іздеме, жау да іздеме, бәрі де өз үйіңде, - депті Тұяқ шешен". Аталған тілдік деректер "жақсы ер балашағаның қамын ойлап, табыс табумен айналысуы керек те, оны жарататын, іске асыратын, қонақты дұрыс күтіп, ерінің жақсы атын шығаратын, үй шаруашылығындағы мәселелерді өзі шешіп, күйеуінің ақылына ақыл қосып, дұрыс шешім қабылдауға итермелейтін - жақсы әйел" деген қазақтарда қалыптасқан көзқарасты дәлелдей түседі. 2.2.1 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты салт-дәстүрлердің этномәдени сипаты. Белгілі бір ұлттың дүниеге көзқарасын, өмір сүру ерекшелігін, талғам-танымын, ұлағат-өнегесін оның рухани мәдениет үлгілерінен - салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпынан көруге болады: Біреудің кісісі өлсе, қаралы - ол Қаза көрген жүрегі жаралы - ол. Көзінің жасын тыймай жылап жүріп, Зарланып неге әнге салады ол? Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, Қыз таныстыр - қызыққа жұрт ыржаңшыл, Қынаменде, жар-жар мен беташар бар, Өлеңсіз салар қызық бола ма гүл?( Абай, 1-к., 75-б.). Абайдың жоғарыдағы өлең жолдарында қазақ халқының дүниеге шыр етіп нәресте болып келгенннен қайтыс болғанға дейін, яғни тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүрлерінің барлығы, рухани мәдениет негіздерінің бәрі өлеңмен, сөз құдіретімен байланысты екендігі жөнінде айтылған. Қыз таныстыру, қыз ұзату, қынаменде, жар-жар, беташар - қыз-дәуреннен әйел-ғұмырға аяқ басар тұстағы халықтық дәстүрлер. Жұмыста аталған дәстүрлердің этномәдени мәні көркем шығармадағы мәтіндер мазмұны арқылы ашылған.
Бұлардан басқа "құрсақ шашу", "өңір салу", "абысын асы", "бастаңғы, "шарғы салу", "тулақ шашу", "итаяғына салу", "қазанжарыс, шөміш қағу" сияқты әйелге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрып түрлері тілімізде көп кездеседі. 2.2.2 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты қалыптасқан тұрақты тіркестер мен паремиологиялық қордың этномәдени сипаты. Аталған тараушада біз "қазақ әйелі" концептісінің аясына жататын кейбір тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердің этномәдени мәнін ашуға тырыстық. Мысалы, "Жолымды кеспе" тұрақты тіркесі қазақ халқының әйелге қатысты ырымтыйымдарының бірі негізінде пайда болған "бағымды байлап, жолымды тоспа" деген мағынада қолданылады. Қазірге дейін, әсіресе ауылды жердің әйелдері ер адамның жолын кеспеуге тырысады: Жәнібек елең етіп қарап еді, бір келіншек пен жастау қыз бастаудан су әкеле жатыр екен. Солар өтіп кетсін деп сәл аялдады. Бірақ аналар орнынан қозғалар емес, тосып тұр. Бұл ештемеге түсінбей аңырып беттеріне қараған.