2-жұмыс. Егістік асбұршақтың тұқымындағы крахмал және алейрон дәндері. Егістік асбұршақтың алдын-ала 12-24 сағат бойы суда ұсталған тұқымынан ұстарамен бірнеше кесінді дайындайды. Кесінділері иненің ұшымен зат шынысындағы алдын ала дайындалған йодты калийдегі йодтың ерітіндісі қосылған глицеринге салады. Микроскоппен қарағанда клеткалардың іші сопақша келген крахмал дәндерімен және олардың арасындағы майда, пішіні дән тәрізді алейрон дәндерімен толып тұрады. Йод ерітіндісінің көмегімен крахмал дәндері көк, алейрон дәндері ашық сары түске боялады. Клетканың құрамды бөліктерін анық қарау үшін препаратқа иодтың иодты калийдегі ерітіндісімен әсер еткенде, цитоплазма белогы сары түске, ал ядро белогы қою (күңгірт) сары түске боялады. Вакуольдер ашық түсті дақтар болып көрініп, клетка қабықшасы түссіз қалпында қалады.
3-жұмыс. Қорлық крахмал.Картоп түйнегінің кішкене бөлігін кесіп алып, оны зат шынысының бетіне сүйкейді. Оған бір тамшы су тамызып жабын шынысымен жабады. Бұл жағдай бүлінген клеткалардың крахмал дәндері жүзіп жүреді. Микроскоппен қарағанда сопақша және жұмыртқа тәрізді крахмал дәндерін көруге болады.
Бидайдың крахмал дәндерін ісінген дәннің эндоспермінен алған жөн. Дәнді жарып, иненің ұшымен эндосперімінен алып уақытша препарат жасап көреді.
Жүгерінің крахмал дәндерінен де дәл ослай препарат жасалады. Жүгерінің крахмал дәндері қарапайым көп қырлы болып келеді.
Бидайдың және жүгерінің бірнеше крахмал дәндерін суретке салу керек.
Қысқаша теориялық мазмұны: Өсімдіктердің қоректік заттар қоры – майлар, белоктар, көмірсулар өсімдіктерге қажет және әртүрлі уақытта пайдаланылады.
Майлар май тамшылары ретінде клетка органелласы – сферосомода жиналады. Әсіресе, майға өсімдіктердің тұқымдары мен жемістері бай.
Белоктар - протеиндер клетка шырынында жиналады. Вакуоль солғанда алейрон дәндері түзіледі. Вакуоль солғанда алейрон дәндері түзіледі. Белоктарға астық және бұршақтұқымдас өсімдіктері бай.
Көмірсулар - өсімдіктерде кең тараған қоректік қор заты. Суда еритін көмірсулар – глюкоза, фруктоза, сахароза, инулин клетка шырынында жиналады.
Крахмал - өсімдіктерде кең тараған қоректік қор заты болып саналады. Ассимиляциялық (алғашқы) крахмал хлоропластарда фотосинтез нәтижесінде түзіледі. Қорға жиналған (соңғы) крахмал түссіз пластидтер лейкопластар қатысуымен түзіледі және крахмал дәндері түрінде тамырда, түйнекте, тұқымда, сабақтың ішкі құрылысында жиналады. Крахмал дәндері лейкопластар ішінде түзуші орталық пайда болады да, айналасында крахмал қабаттары түзіледі. Крахмал дәндері түзуші орталық санына байланысты үшке бөлінеді. Жай крахмал дәнінде түзуші орталық саны біреу болады және айналасында крахмал қабаттары орналасады. Күрделі крахмал дәндері түзуші орталық саны бірнешеу болады және айналасында крахмал қабаттары болады. Жартылай күрделі крахмал дәндерінде түзуші орталық саны бірнешеу және әрбір орталықтың өз қабаты бар және барлық дәндерге ортақ крахмал қабаттары да болады.
Крахмал дәндерінің формасы, құрылысы және мөлшері ұнның сапасын, дәрілер дайындауда крахмал тазалығын анықтауда жақсы диагностикалық белгі болып саналады.
Минералды тұздардың кристалдары вакуольдің клетка шырынында кездеседі. Оның ішінде қымыздық қышқыл кальций кристалдары кең тараған. Кристалдар формасы әртүрлі, жекелеген, нәруздар- кристалдардың жұлдызша тәріздес бірігуі, рафидтер- ине тәріздес клеткалардың шоғыры.