Тапсырма: 1. Пияз жуашығының шырынды қабыршақ эпидермасынан уақытша препарат дайындау.
2. Препаратты кіші объективпен қарап, клеткалардың пішініне, орналасуына көңіл аудару.
3. Клетканың құрылысын үлкен объективпен, алдымен бір тамшы суда, одан кейін иодтың калийдегі ерітіндісінде зерттеу.
4. Сужапырақ жапырағынан цитоплазманың айналмалы, традесканция гүлінің немесе асқабақ өркенінің түгінен тасқынды қимылын байқау. Қимылдардың бағытын стрелкамен көрсету.
5. Клеткаларда плазмолиз және деплазмолиз құбылыстарын анықтау.
6.Алынған өсімдіктердің әрқайсысының 1-2 (3-4) клеткасының суретін үлкен етіп салып, клетка қабықшасы, цитоплазма, вакуоль, ядро және ядрошықты белгілеу.
1.Пияздың шырынды қабыршағы эпидермасының клеткалық құрылысын анықтау. Өсімдіктер клеткасының құрылысын зерттеу үшін қолайлы объектінің бірі күнделікті тамаққа пайдаланып жүрген пияз (қатпарлы жуа). Пиязды сыртқы құрғақ қабыршақтарынан тазалаймыз. Шырынды қабыршағының кішірек бөлігін сол қолымыздың саусақтарымен қысып тұрып, оның дөңес жағынан пинцет немесе сапты иненің көмегімен эпидермасын жарақаттамай сыдырып аламыз, сырт жағымен жоғары қаратып, зат әйнегіндегі бір тамшы суға салып, жабық әйнегімен жауып, препарат дайындаймыз. Микроскоптан эпидерманың клеткааралық қуыстарының болмайтынын, бір-бірімен тығыз тіркесіп жатқан байланысты тірі клеткалардан тұратынын көреміз. Клетканың әр жерінде ойық тәрізді бөлімдер бар. Олар - поралар. Қабықшаның ішкі қабырғасын жағалай және ядроның айналасын қаптап жатқан цитоплазманы байқауға болады.
Үлкен обективке ауыстырып қарағанда клетка құрылысы анық көрінеді. Клетканың бірден көзге түсетін бөлігі – оның сыртын жауып тұрған қабықшасы. Қабықшаның әр жерінде ойыс болып келген жұқа бөлімдер көрінеді, олар поралар. Жеке клеткалардың құрамында пішіні дөңгелек, бір немесе екі ядрошығы бар ірі ядроны, майда түйіршікті цитоплазманы байқауға болады.
Клетканың құрамды бөліктерін бұдан да анық қарау үшін препаратқа иодтың иодты калийдегі ерітіндісімен әсер етеміз. Оның нәтижесінде цитоплазма белогі сары түске, ал ядро белогі қою (күңгірт) сары түске боялады. Вакуольдер ашық түсті дақтар болып көрініп, клетка қабықшасы түссіз қалпында қалады.
Клеткалардың суретін салып, жасуша қабықшасын, цитоплазмасын, ядросын және вакуолін көрсетіп белгілеу.
1.Қарбыз немесе томаттың жұмсақ бөлігінен препарат дайындап, оны қатпарлы жуа препаратымен салыстырып, жасуша пішіндерін бақылау.
2. Препараттан көлемі және пішіні жағынан әр түрлі келген көпіршіктерді көруге болады. Бұл мацерацияланған жасушалар.
Қабықшасының ішкі қабырғасын астарлап және қоршап жатқан цитоплазманың бөлімдері мен вакуоль айкын көрінеді.
3. Бөлме өсімдігінің сабағынан немесе жапырақ сабағынан ұзыннан кесіп алып, препарат дайындап, жасуша пішіндерін бақылау.
4. Көрген препараттарынан паренхималық және прозенхималық. Жасушаларды анықтап, суреттерін салу.
5. Бөлме өсімдіктерінің жапырақтарының жұмсақ бөлігінен препарат дайындап, судың орнына тұздың қанық ерітіндісін тамызып, жасушалардан плазмолиз құбылыстарын бақылау.
6. Жапырақтың жұмсақ бөлігін тұздың қанық ерітіндісінен алып, сумен шайып, суға салып, деплазмолиз құбылысын бақылау.
7. Жасушадағы плазмолиз және деплозмолиздің суреттерін салып, талдау жасау.