барлап, кең ауқымды ойлай білетін осы заманғы мұғалімдерсіз инновациялық экономика құра алмаймыз” Н.Ә.Назарбаев Қазіргі ғылым мен техниканың кең қанат жайған кезеңінде оқыту әдістерін жетілдіру тікелей білім беру жүйесіне де ақпарат технологиясын дамытуға үлесін қосты. Бүгінгі таңда білім беру шаңырақтарында білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Қазіргі жаңару кезінде білім берудің негізгі өзегі - қарқынды дамып келе жатқан өзгермелі қоғамда өмір суруге икемді, жеке басының, сондай –ақ қоғам пайдасына қарай өзін-өзі толық жүзеге асыруға дайын білімді, шығармашылыққа бейім, құзіретті және бәсекеге қабілетті білімді де білікті, салиқалы да парасатты, жан- жақты жетілген жеке тұлғаны қалыптастыру мен дамыту болып табылады.
Барлық білім беру мен тәрбие жүйесінде әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның өз пікірі, өзіндік ойлау санасы, өзіндік шешім шығара білу қабілеті бар екенін ескере отырып, білім нәрімен сусындауға келген әрбір баланың ілім, білімге ынтасын арттыру, жеке бас қасиеттерін дамытып және оны қоғам талабына сай жүзеге асыруға көмектесу қажет.
Қазіргі кезеңде егеменді елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алуда. Тәуелсіз қазақ елі болашағының бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп адамзат қоғамын жоғары деңгейден көрсетіп, алға жетелейтін күш тек білімде ғана. Қай елдің болмасын өсіп өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, дамыту бағытына байланысты. Ел президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазіргі заманда жастарға ақпаратты техникамен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп атап көрсеткеніндей инновациялық әдіс- тәсілдерді кеңінен қолдану жас ұрпаққа жаңаша білім берудің бір шарты. Бұрын оқу үрдісінде мұғалім басты роль атқарған болса, қазір оқушының белсенділік көрсететін кезі туды. Сабақ мұғалімнің емес, оқушының іс-әрекетімен бағаланады. Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Осыған орай, бүгінгі таңда мұғалімдердің алдына қойылып отырған басты міндеттерінің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және білім беру жүйесінде жаңа педагогикалық технологияларды меңгеру. Ұстаз үшін ең басты мәселе – оқыту әдісін дұрыс таңдау. Заман талабына сай жаңа технологияларды үйрену және оны өз тәжірибесінде меңгеру біріншіден, мұғалімнің зияткерлік, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматттық және де басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, мұғалім осы бағыт арқылы өзін – өзі дамытып, оқу – тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыра алады. Екіншіден, жаңа педагогикалық технологиялар оқушының жеке тұлғалық күшін жетілдіріп, шығармашылық қабілеттерінің дамуына зор әсерін тигізеді. Қазіргі кезде білім мен техниканың қатар дамуы әрбір оқушыға сапалы және терең білім беруіне жағдай жасап отыр.
Қазақтың кемеңгер ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген болатын. Сондықтан да, қазіргі кезде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру деңгейіне жетуге ат салысуда.
Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын технологиялар баршылық. Солардың бірі сын тұрғысынан ойлау технологиясы. Бұл технология Совет өкіметі кезінде 1973 жылдан, Қазақстанда 1997 жылдан бері таныла бастады. Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлау жобасы 29 мемлекетте қолданылады. Технологияның негізін қалаушылар американдық ғалымдар Чарльз Темпл, Джон Дьюи, Мередит. Кезінде жоба ретінде ұсынылып, көпшіліктің қолдауын тапқан бұл технологияда Выготский, Пиаже, Эльконин, Давыдовтардың және басқа да ғалымдардың еңбектерінің ең құнды жерлері көрініс тауып, ойлары бір жерден тоғысып, біріктірілген сынды.
Сыни ойлау дегеніміз не? Сыни ойлау - өзіндік ойлау.Сыни ойлау – сұрақ қоюдан және шешімін талап ететін проблемаларды айқындаудан басталады. Сыни ойлау- бірлесе оқыту идеясы. Сыни ойлау – ашық қоғам негізі. Сыни ойлау деген –әр жеке тұлғаның кез –келген жағдайдағы мәселені ойлап, зерттеп қорытып, өз ойын еркін ортаға жеткізе алуы.Сыни тұрғыдан ойлау, өзіндік, жеке ойлау болып табылады. Ол – өз алдына сұрақтар қойып және үнемі оларға жауап іздеу, шешімін табуды қажет ететін мәселені анықтау, әр мәселеге байланысты өз пікірін айту, оны дәлелдей алу, сонымен қатар басқалардың пікірлерін дәлірек қарастыруды және сол дәлелдемелердің қисынын зерттеу дегенді білдіреді.Нағыз сабақ – ол әрқашан диалог, іздене, дайындала, үйрене, шәкірттер болашағын ойлай жасалған еңбек пен тәжірбиенің бірлігі.Сыни тұрғыдан ойлау технологиясын қолдануымен жүргізілген сабақтың жоғары деңгейде өтуінің алғы шарты оның қағидаларында (стратегияларында). Стратегия дегеніміз - философия, әдістемелік ұстаным. Мұғалім мен оқушы кез келген стратегияның әдіс-тәсілін, қыр-сырын жетік түсіне білуі қажет. Сонда ғана жұмыс нәтижелі болмақ. Стратегиялар оқушыларды шығармашылықпен әрекет етуге, ізденімпаздыққа баулиды, еркін, терең, жан-жақты ойлауына, үздіксіз жұмыс жасауына жол ашады, стратегияның 80-нен аса түрі бар. Жұмыстың ыңғайына қарай стратегияларды өзгертіп те жіберуге болады. СТО технологиясын пайдалана отырып, сабақ құрылымын жоспарлауға шығармашылықпен қарауға қол жеткіздім. Білім берудің маңызды шарты оқу үрдісінде оқушылардың қызығушылығын арттырып, өздігінен білім алуға құштарлықтарын дамыту болып табылады.
Сыни ойлау сабағының құрылымы 3 кезеңнен тұрады:
Қызығушылықты ояту
Мағынаны таныту
Ой толғаныс
Бұл технологияның бірінші және екінші сатысында бұрынғы білім мен жаңа ұғым ұштастырылады. Ал соңғы кезеңде оқушы өз шығармашылығынан қабілетін таныта алады. Мұнда оқушыға ойланып толғануға уақыт берілуі керек, ойын айтуға оқушы шығармашылығын қалыптастыратынын атап өту керек.
«Қызығушылығын ояту» кезеңінің бірінші мақсаты - алдыңғы өткен тақырыпты тексеру мақсатында тест жұмыстарын өткізу арқылы оқушы білім деңгейін қадағалап, жаңа сабақты бастар алдында «Топтастыру» стратегиясы арқылы оқушылармен бірлесе жұмыс жасауға болады. Сабақтың қай құрылымында болмасын осындай стратегияларды қолданғанда «Мен не ұтам?», және «Оқушы не ұтады? деген сұрақтарды есінен шығармауы керек. Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты – үйренушінің белсенділігін арттыру. Өйткені, үйрену – енжарлықтан гөрі белсенділікті талап ететін іс-әрекет екені даусыз. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы ашылады, тазарады. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Оқушы бұл кезеңде жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы біліммен ұштастырады.
Ойлау мен үйренуге бағытталған бұл бағдарламаның екінші кезеңімағынаны ашу (түсіне білу). Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауына көмектесетін оқыту стратегиялары бар. Соның бірі INSERT. Ол бойынша оқушыға оқу, тақырыппен танысу барысында V – “білемін”, ― - “мен үшін түсініксіз”, + - “мен үшін жаңа ақпарат”, ? – “мені таң қалдырады” белгілерін қойып отырып оқу тапсырылады. INSERT – оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық етуге, ойын білдіруге үйрететін ұтымды құрал. Бір әңгіменің соңына тез жету, оқығанды есте сақтау, мәнін жете түсіну – күрделі жұмыс. Сондықтан да, оқушылар арасында оқуға жеңіл-желпі қарау салдарынан түсіне алмау, өмірмен ұштастыра алмау жиі кездеседі. Мағынаны түсінуді жоғарыдағыдай ұйымдастыру – аталған кемшіліктерді болдырмаудың бірден-бір кепілі.
Тақырып туралы ой-толғаныс – бағдарламаның үшінші кезеңі. Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарап, баға беруге үйретеді. Оқушылар өз ойларын, өздері байқаған ақпараттарды өз сөздерімен айта алады. Бұл сатыда оқушылар бір-бірімен әсерлі түрде ой алмастыру, ой түйістіру, өз үйрену жолын, кестесін жасау мақсатында басқалардың әр түрлі кестесін біліп үйренеді. Бұл үйрену сатысы – ойды қайта түйіп, жаңа өзгерістер жасайтын кезең болып табылады. Әр түрлі шығармашылықпен ой түйістіру болашақта қолданылатын мақсатты құрылымға жетелейді.Осы кезеңді тиімді етуге лайықталған “Бес жолды өлең”, “Венн диаграммасы”, “Еркін жазу”, “Семантикалық карта”, “Т кестесі” сияқты стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне, ауыр-жеңілдігіне қарай лайықтала қолданылады.
Сын тұрғысынан ойлауды дамыту сабақтарының негізінде менің сабағымда оқушылар арасында:
- белсенді шығармашылықты ойлауға негіз қаланды:
- мұғаліммен еркін сөйлесіп, пікір алмастыруға;
- бір-біріне құрметпен қарауға;
- бір-бірінің пікірін тыңдау, сыйлауға ынтымақты қарым-қатынастың негізі қаланды;
- өзін жеке дара тұлға ретінде тануға жол ашуға;
- өз ойын ашық, еркін айтуға, пікір алмасуға;
- өзін-өзі, бірін-бірі бағалауға;
- достарының ойын тыңдап, мәселені шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты шешуге көмектесуге.
Сыни тұрғыдан ойлау сабағында оқушы білімге өзі жетеді, мұғалім тек бағыт беруші.
мұғалім оқушы білім
Сын тұрғысынан ойлау технологиясы мен дәстүрлі сабақтан шығатын нәтижені мына кесте арқылы салыстыруға болады: