2. Аңыз әңгімелер. Қазақ халық прозасының бір саласы «Ертегілерден тыс прозалық жанрлар» болып табылады. Бұны фольклоршылар «Аңыздық проза» деп атайды. Бұлар өзінің мазмұн-мағынасына қарай төмендегідей түрлерге бөлінеді: миф, әпсана, хикая, аңыз әңгімелер. Аңыз әңгімелер -өмірде болған оқиғаларға қатысты туған шығармалар. Аңыз дегеніміз –бір мекеннің, жергілікті жердің, я болмаса бір елдің, тайпаның, рудың ауызекі шежіресі (устная хроника), бір аймақта болған оқиғаның әңгімесі. «Онда, көбінесе, өмірде болған нақты оқиғалар алынады да, оған қызық-ғажайып сюжеттер қосылып, тыңдаушыны баурап алатындай әңгіме жүйесі ерекше әсерлі құрылады. Аңыз әңгімелер: 1. Аспан әлемі, жан-жануар, ер, су, мекен аттары туралы. Жетіқарақшы, Үркер жұлдыздары, Самұрық, Бозінген туралы аңыз әңгімелерде жұлдыздар мен құстар адамша сөйлеп, ғажап тірлік пен ғажайып оқиғаларды басынан кешеді. 2.Ру, тайпалардың шығу тегіне байланысты. Үш жүз, Алты арыс Алаш, Домалақ ене т.б. аңыз әңгімелерінде ру, тайпалардың шығу тегі туралы өсиетті-өнегелі ойлар айтылады. 3. Діни мистикаға(дәріптеу – қиял-ғажайып). Лұқман Хакім, Қағбаның қара тасы т.б. аңыз әңгімелерде діни сенімдер уағыздалып, мистикалық(діни сенім ғажайыптары) нанымдар дәріптеледі. 4. Әлеуметтік утопияға(үміт, қиял). Жерұйық атты аңыз әңгімеде әлеуметтік арман-талап, мұң-мұқтаждың қиялдағы ғажап жақсылықтары орындалып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбітшілік заман суреттеліп, молшылық тұрмыс-ахуалдың дәуірлеген кезеңі баяндалады. 5. Тарихи қаһармандық туралы құрылады. Тарихи қаһармандықты насихаттап, данышпандар мен шешендерді, батырларды үлгі-өнеге етіп көрсететін аңыз әңгімелер өте көп. Асан қайғы қазақ еліне жақсы жай іздейді. Қорқыт ата халыққа өлмейтін өмір, өшпейтін өнер іздейді. Төле би қазақ халқының бірлігін көксеп, басын біріктіреді. Кейкі мен Аманкелді жаңаша жақсы заман орнатпақ болады. Қажымұқан дүние жүзіндегі ең күшті палуан – қазақ деген мақтаныш туғызады. Төлеген Тоқтаров ерліктің ерлігін көрсетеді, Мәншүк пен Әлия – ержүрек қазақ қызының бейнесін көрсетеді. Сонымен аңыз әңгімелер жанрлық жағынан үшке бөлінеді:топонимикалық аңыз әңгімелер, күй аңыздары, тарихи аңыздар. Топонимикалық аңыздар жер-су, елді мекен, тау-тас, өзен-көл туралы айтылатын әңгімелер. Күй аңыздары –халық күйлерінің шығуы жөніндегі әңгімелер( «Ақсақ құлан», «Бозайғыр», «Нар идірген», «Дүние қалды» т.б.). Тарихи аңыздар тарихта болған ірі тұлғалар жөніндегі әңгімелер екені мәлім. Тарихи аңыз сюжеті шағын, басты қаһармандары тарихи адамдар болып келеді. Асан қайғы, Алдаркөсе, Жиренше, Абылай, Жошы, Қасымхан, Есім хан т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |