8-тарау. Баланың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау
42-бап. Баланы заңсыз алып кетуден қорғау Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарына және халықаралық мiндеттемелерге сәйкес, орындалу мақсаттарына, нысандары мен әдiстерiне қарамастан, балаларды заңсыз алып кетудiң, ұрлап әкетудiң, олармен сауда жасаудың алдын алу мен жолын кесу, сондай-ақ оларды тұрақты тұратын елiне қайтару жөнiнде шаралар қолданады.
43-бап. Баланың заңды өкілдерi 1. Баланың заңды өкілдерi барлық мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда, оның iшiнде соттарда кез келген тұлғамен қарым-қатынаста, арнайы өкiлеттiксiз баланың (немесе баланы асырап алуы) туралы куәлiгi, ата-аналарының паспорты, қорғаншының жеке басының куәлiгi негiзiнде балаларға өкілдiк етудi және олардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғауды жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында кәмелетке толмағандардың дербес азаматтық, неке-отбасылық, еңбек және өзге де құқықтық қатынастарға түсу және өз құқықтары мен мүдделерiн қорғау құқығы көзделген жағдайларды қоспағанда, он төрттен он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн олардың заңды өкілдерi қорғайды.
3. Тәрбиелеу, емдеу ұйымдарындағы, халықты әлеуметтiк қорғау ұйымдарындағы балаларға өкілдiк ету мен олардың мүдделерiн қорғауды осы ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға өкілдік ету мен оның құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау yaқытша, баланы отбасына немесе балалардың құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияны жүзеге асырушы ұйымға орналастырғанға дейiн қорғаншылық, және қамқоршылық органына жүктеледi.
44-бап. Мемлекеттiк органдар және баланың құқықтарын қорғау Балалардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғауды өздерiнiң өкiлеттiктерiне сәйкес мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
45-бап. Осы Заңды орындау кезiнде дауларды шешудiң сот тәртiбi Ата-аналар (олардың орнындағы адамдар), сондай-ақ балаға бiлiм беру, оны тәрбиелеу, дамыту, оның денсаулығын сақтау, оны әлеуметтiк қорғау мен оған әлеуметтiк қызмет көрсету, оның әлеуметтiк бейiмделуіне, әлеуметтiк оңалуына жәрдемдесу жөнiндегi iс-шараларды және (немесе) ол қатысатын iс-шараларды жүзеге асырушы адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпте, баланың денсаулығына, мүлкiне келтiрiлген зиянды, сондай-ақ моральдық зиянды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгiнуге құқылы.
46-бап. Қазақстан Республикасындағы балалардың жағдайы туралы мемлекеттiк баяндама Қазақстан Республикасындағы балалардың жағдайы туралы жыл сайынғы мемлекеттiк баяндаманы балаларды қорғау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады және ол ресми басылымда жарияланады.
47-бап. Босқын және амалсыз қоныс аударушы балалардың құқықтарын қорғау 1. Босқын және амалсыз қоныс аударушы балалардың өз мүдделерiнiң қорғалуына құқығы бар.
2. Баланың тұрып жатқан жерiндегі қорғаншы және қамқоршы органдар, аумақтық көшi-қон қызметтерi ата-анасының не өзге де заңды өкілдерiнiң бар екендiгi және олардың тұратын жерi туралы мәлiметтер алуға жәрдемдеседi, қажет болған жағдайда баланы емдеу-профилактикалау немесе бала құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларын жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға орналастырады.