Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі
Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі
Балалардың жас және дара ерекшеліктері, оларды оқу-тәрбие процесінде есепке алу
Орындаған:
Мамандығы: 0111000 «Негізгі орта білім беру»
Біліктілігі: 0111063 «Математика мұғалімі»
3-УМ-1 тобының білім алушысы
Бердібек Нұрай
Өскемен 2020
Балалардың жас және дара ерекшеліктері, оларды оқу-тәрбие процесінде есепке алу
Оқушылардың жеке жас тұлғалық дамуының жас ерекшелік кезеңдері, оларға сипаттама
Оқушылардың жеке ерекшелігі – денсаулығы, ақыл-ойы, адамгершілік қалыптасуы, сыртқы әсерлерге жауабы, қабылдауы т.б. біреулері өзінің байсалдылығымен ескертулерді дұрыс қабылдаса, кейбіреулеріне керісінше әсер етуі мүмкін, сондықтан оқушылардың тәрбиелік дәрежесін дер кезінде анықтап отыру қажет. Тәрбие жұмысының барлығы білім мен сенімнің, сөз бен істің үздіксіздігі негізінде құрылады.
Бала – педагогикалық қамқорлықтың ең жоғары мақсаты. Баланың ішкі мүмкіндіктерінің ашылуы адамдардың сүйіспеншілік сезімі мен қарым-қатынасына байланысты. Баланы тең адам санап, оған еркіндік бергенде ғана ол өз пікірін ашық айта алады, үлкендердің балаға деген құрметі олардың сенімін арттырады.
Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік санасы жаңа қалыптасып келе жатқандықтан, олар негізінен мұғалімнің ықпалында болады. Жасөспірімдер жедел дамып келе жатқандықтан тәрбиесі бірқалыпты жағдайға ауысып, өзін-өзі тәрбиелеуге қажеттілігі артады.
Дене, сол сияқты ақыл-ойдың дамуы жас ерекшеліктерімен тығыз байланысты екенін адамдар ерте кезден-ақ білген. Жас ұлғайған сайын даналық келеді, ақыл-ой толысады, тәжірибе жинақталады, білімдер молаяды. Әр жасқа сәйкес дене, психологиялық және әлеуметтік даму деңгейі сәйкес келеді. Дегенмен жеке адамның дамуында жалпыға қарағанда өзгерістер болуы мүмкін.
Даму процестерін дұрыс басқару мақсатында педагог ғалымдар адам өмірінің кезеңдерін жіктеді (Коменский, Штрац, Бюллер, Горлок, т.б.).
Кезеңдерге бөлу белгілі бір жас ерекшеліктерін бөліп көрсетуге негізделеді. Жас ерекшеліктері деп белгілі бір өмір кезеңіне сәйкес анатомиялық-физиологиялық және психикалық сапаларды айтамыз. Жас ерекшеліктерінің мәні адамның физикалық дамуы мысалында айқын көрінеді. Бойдың, салмақтың өсуі, тістердің пайда болуы, жыныстық жетілу, т.б. биологиялық процестер сәл ауытқушылықпен белгілі жас кезеңдерінде жүзеге асады. Сол сияқты әлеуметтік жетілу (биологиялық тәрізді қатаң тәртіпте болмаса да), тұлғаның рухани дамуының жастық динамикасы жүреді. Бұл адам дамуының кезеңдерін бөлуге негіз болады.
3.1-Кесте- Қазіргі ғылымда оқушылардың жас ерекшеліктерін кезеңдеу түрлері (И.П. Подласый)
Психологиялық
|
Педагогикалық
|
1. Пренатальдық кезең
2. Жаңа туған сәби (6 аптаға дейін)
3. Емшектегі бала (1 жылға дейін)
4. 1 – 3 жас аралығы
5. Мектепке дейінгі кезең (3 – 6 жас)
6. Мектеп жасы (6 – 11 жас)
7. Пубертаттық кезең (11 – 15 жас)
8. Жастық шақ (15 – 20 жас)
|
1. Сәбилік (1 жыл)
2. Мектепалды жасқа дейінгі кезең (1 – 3 жас)
3. Мектепалды жасы (3 – 6 жас)
Кіші мектепалды жасы (3 – 4 жас)
Орта мектепалды жасы (4 – 5 жас)
Үлкен мектепалды жасы (5 – 6 жас)
4. Кіші мектеп жасы (6 – 10 жас)
5. Орта мектеп жасы (10 – 15 жас)
6. Ересек мектеп жасы (15 – 18 жас)
|
Педагогикалық кезеңдеудің негізін бір жағынан дене және психикалық дамудың кезеңдері, екінші жағынан тәрбие жүргізілетін шарттар құрайды.
Оқытуды және тәрбиелеуді оқушылардың жас ерекшеліктерін есепке ала отырып жүргізу оң нәтиже береді. Дамудың табиғи сатыларын есепке алмау немесе теріске шығару кез келген әлеуметтік тәжірибені, кез келген білімдерді, біліктер мен дағдыларды кез келген жаста беру мүмкін деген қате тұжырымға және әдістеме таңдауда қателікке алып келеді. Әлеуметтік даму үрдісінің жылдамдауы, түрлі ақпараттық көздерге кең қол жеткізу мүмкіндігі адамның мүмкіндіктерін біраз ұлғайтады, дегенмен, ол мүмкіндіктер шексіз еместігін ескерсек, жас ерекшеліктері дамуда өз шарттарын қояды.
Я.А. Коменский алғашқылардың бірі болып оқу-тәрбие үрдісінде балалардың жас ерекшеліктерін қатаң есепке алуды ұсынды. Ол табиғатқа сәйкестілік принципін негіздеді, яғни табиғаттағыдай тәрбие процесінде де барлығы өз орнымен және кезегімен жүріп отыруы тиіс.
Жас ерекшеліктерін есепке алу – педагогикалық принциптердің ішіндегі негізгілерінің бірі. Оған сүйене отырып, мұғалімдер оқу жүктемесін белгілейді, еңбектің әр түрімен қамтуды қалыптастырады, дамуға оң мүмкіндік беретін күн тәртібін анықтайды. Жас ерекшеліктері оқу пәндерін, әр пәндегі оқу материалын таңдау және орналастыру мәселелерін дұрыс шешуді міндеттейді. Сол сияқты олар оқу-тәрбие іс-әрекетінің формалары мен әдістерін таңдауда негізгі роль атқарады.
Жас ерекшеліктерін кезеңдеудің шекаралары қатып қалған жағдай емес, өйткені әр адамның жеке дамуының ерекшеліктерімен қатар, әр толқынның да дамуында алдыңғыларымен салыстырғанда өзгешеліктер болуы мүмкін. Акселерация – балалық және жеткіншектік шақта дене және ішінара психикалық дамудың жылдамдауы. Биологтар оны организмнің физиологиялық пісіп-жетілуімен, психологтар – психикалық функциялардың жетілуімен, педагогтар – тұлғаның рухани дамуымен және әлеуметтенуімен байланыстырады.
Акселерацияның негізгі себептері: өмірдің жалпы темпінің жылдамдауы, материалдық жағдайдың жақсартуы, тамақтанудың және медициналық бақылау сапасының көтерілуі, ерте жастан балаларды күтіп-бағудың жақсаруы, т.б.
Түрлі жастағыларды оқыту және тәрбиелеу ерекшеліктері
Кіші мектеп жасы (6 – 10 жас). Алты жастағы баланы өмірдегі үлкен өзгеріс күтеді. Мектеп жасына өту оның іс-әрекетіндегі, қарым-қатынасындағы, басқа адамдармен қатынасындағы өзгерістермен байланысты. Жетекші іс-әрекет – оқу болады, жаңа міндеттер пайда болады, айналадағылармен қатынас- та жаңа деңгейге көтеріледі.
Биологиялық жағынан алғанда кіші мектеп жасындағылардың бой өсуінің жылдамдығы азаяды, салмақ қосу көбейеді; қаңқасы сүйектенеді, бірақ бұл процесс әлі де болса аяқталмайды. Бұлшық ет жүйесі қарқынды дамиды, білектің ұсақ бұлшық еттерінің дамуына байланысты бала жазу, сызу сияқты қимылдарды бекем орындауға мүмкіндік алады.
Осы жаста нерв жүйесі жетіле түседі, мидың үлкен жарты шарларының қызметтері қарқынды дамиды, ми қабының талдау және синтездеу қызметі күшейеді. Ми салмағы үлкен адамдікіне жақындайды, орташа алғанда 1400 г. құрайды. Баланың психикасы жылдам дамиды. Сезім мүшелері жұмысының дәлдігі артады.
Кіші мектеп жасындағы оқушының танымдық іс-әрекеті негізінен оқу процесінде жүреді. Қарым-қатынас сферасының кеңеюі де маңызды роль атқарады. Осы жастағы оқушыларда қалыптастыру және дамыту қажет болатын жылдам жүретін даму, жаңа сапалардың көптігі педагогтарға барлық оқу-тәрбие іс-әрекетін қатаң түрде мақсатты жүргізуді міндеттейді.
Орта мектеп жасы (10-11-ден 15 жасқа дейін) – балалықтан жастыққа өтпелі кезең. Ол мектептегі оқудың екінші сатысына дәл келеді және организмнің терең өзгерістерімен және өмірлік іс-әрекеттердің жалпы көтерілуімен сипатталады. Бұл кезең жеткіншек үшін де, айналасындағылар үшін де күрделі кезең, себебі «жеткіншек балалықтан кеткен, бірақ әлі ересектікке жетпеген» (Н.К. Крупская) кезі.
Бұл жаста бойдың тез өсуі жүреді (ұлдар әсіресе 15 жасында, қыздар 13 жасында), қаңқаның сүйектену процесі жалғасады, сүйектер берік, қатты бола түседі. Бұлшық ет күші жылдам өседі. Ішкі органдардың өсуі бірқалыпты жүрмейді, қан тамырларының өсуі жүрек өсуінен кейіндеп қалады, сол себептен оның жұмысы бұзылып, жүрек соғуы жылдамдайды. Дене дамуының бір қалыпты жүрмеуі жеткіншектің сыртынан білініп тұрады: ол шамадан тыс қолын сермелеп, жүргенде теңселуі мүмкін, қозғалысы қалыпсыз.
Жеткіншектік жастың өзіндік ерекшелігі – организмнің жыныстық жетілуі. Қыздарда ол 11 жастан, ұлдарда 12 – 13 жастан басталады.
Бұл жаста да нерв жүйесінің дамуы жалғасады, жеткіншектің миы салмағы мен көлемі жағынан үлкен адамдікінен айырмашылығы көп болмайды, сананың ролі артады.
Орта мектеп жасындағы жеткіншектің қабылдауы кіші мектеп жасымен салыстырғанда едәуір мақсатты, жоспарлы және ұйымдасқан кезде ол тереңдігімен таң қалдырса, кейде тым қарапайым болады. Айналадағы ортаны қабылдау мен оқу материалын байланыстыра алмау – осы жастағы балалардың ерекшелігі.
Жеткіншек назарының ерекшелігі – оның таңдамалылығы, яғни қызық сабақтар немесе қызық жұмыстар оқушыны бірден тартып әкетеді. Бірақ жылдам қозу, әсіресе қызығушылық оның назарын тез аударуға мәжбүр етеді.
Жеткіншектік кезеңде ойлау әрекетінде де даму жүреді. Ойлау жүйелі, тізбекті, жетілген бола түседі. Абстрактілі ойлауға бейімдік арта түседі, сыни тұрғыдан ойлау пайда болады. Ол мұғалім немесе оқулық беделіне нық сеніммен қарамайды, өз пікірі болады, пікірталасқа, қарсылық жасауға бейім болады. Орта мектеп жасы шығармашылық ойлауды дамытуға өте қолайлы.
Ойлаудың дамуы жеткіншектің сөйлеуінің өзгерісімен байланыста жүреді. Сөйлемдері бейнелі, мазмұнды бола түседі. Жеткіншектік жаста тұлғаның адамгершілік және әлеуметтік қалыптасуы қарқынды жүреді, бірақ оқушы басшылыққа алатын дүниеге көзқарас, адамгершілік идеалдар, бағалау жүйесі, моральдық принциптер әлі болса да берік қалыптаспаған, достарының пікірі мен өмір қайшылығынан тез бұзылады.
Орта мектеп жасындағы балалардың тәрбиесі – қазіргі кездегі ең күрделі мәселелердің бірі. Педагогтарға осы жас ерекшеліктерін терең меңгеру, өзін баланың орнына қоя білу міндеті қойылады. Жеткіншек пікір алмасуда дәлелдерге мойын ұсынады. мектеп өмірін демократияландыру, ұжымды, айналысатын істерді, оқылатын пәндерді, оқу орнын еркін таңдау – мұның бәрі жеткіншектің өзін-өзі көрсетуіне, үлкендермен және құрдастарымен тіл табысуына жетелейді, осының бәрі нәтижесінде адамгершілік және әлеуметтік қасиеттердің қалыптасуына әкеледі.
Ересек мектеп жасы (15 – 18 жас). Бұл жаста жалпы деңгейде адамның дене дамуы аяқталады: бой өсуі мен қаңқаның сүйектенуі аяқталады, бұлшық ет күші өседі, осы жастағылар жоғары дене жүктемелерін орындай алады. Қан қысымы қалыпқа түседі, ішкі секреция бездері қалыпты жұмыс жасайды. Осы жаста жыныстық жетілу аяқталады. Мидың, оның үлкен жарты шарлары қабығының дамуы жалғасады. Организмнің жалпы пісіп-жетілуі жалғасады.
Жастық шақ – бұл дүниеге көзқарастың, мінез-құлықтың, өмірлік бағдардың қалыптасу кезеңі, өзіндік сананың белсенді өсуі, ізденіс, үміт, армандау уақыты.
Жоғары сынып оқушыларында оқу пәндеріне деген қатынас таңдамалы болады. Қабылдау – мақсаттылықпен, назар – тұрақтылықпен, ес- логикалық сипатпен сипатталады. Ойлау қабілеті біртіндеп теориялық және сыни бағытқа ие бола бастайды.
Жоғары сынып оқушыларының ойлау қабілеті гүлдену кезеңінде болады, олар табиғат пен қоғамдық өмір құбылыстарының мәнін білуге, олардың өзара байланысы мен өзара тәуелділігін түсіндіруге ұмтылады.
Егер жеткіншектер дене күшін көбірек бағаласа, жоғарғы сыныптықтар интеллектуалдық сапаларды жоғары қояды. Осы жаста адамды кешенді бағалау білігі қалыптасады, ақылы мен дене күші үйлесімді дамыған адамдарға табынады, оларға еліктеу өзін-өзі тәрбиелеуге ынталандырады.
Жастық кезеңде этикалық мәселелерге қызығушылық күшейеді. Мінез-құлықта саналы мотивтер күшейеді. Тұлғаның ұжымдағы жағдайы, ұжым мүшелері арасындағы қатынас сипаты маңызды орын алады.
Мамандық таңдау алдында тұрған ересек мектеп жасындағылардың өмірлік жоспарлары, құндылық бағытталуы қызығушылықтары жағынан ерекшеленеді, бірақ бәрі де өмірден өз орнын алуды көздейді.
Оқушы тұлғасының дара ерекшеліктеріне сипаттама
Адам дамуында жалпы және ерекше белгілер анықталады. Жалпы белгілер белгілі бір жастағы адамдарға тән, ерекше белгілер жеке адамдарға тән болып келеді. Адамдағы ерекшелікті дара ерекшелік (индивидуальды), дара ерекшеліктері анық көрінетін тұлғаны – даралық (индивидуальность) деп атайды. Даралық тұлға оны басқа адамдардан ерекшелендіретін интеллектуалдық, ерік-жігерлік, моральдық, әлеуметтік қасиеттерімен сипатталады. Әр адам - өз даралығы тұрғысынан алғанда қайталанбас, жалғыз.
Даралық дара ерекшеліктерден көрінеді. Дара ерекшеліктерге сезінудің, қабылдаудың, ойлаудың, естің, сананың өзіндік ерекшеліктері, қызығушылықтардың, қабілеттердің, темпераменттің, мінез-құлықтың ерекшеліктері жатады. Дара ерекшеліктер тұлға дамуына әсер етеді.
Тәрбие мен оқытуда дара ерекшеліктер есепке алынуы керек пе деген сұраққа педагогтар екі жақты жауап береді: біреулері балалардың арасындағы айырмашылық, ерекшеліктер есепке алынбауы керек, барлығына бірдей ықпал жүргізілуі керек десе, екіншілері оған кері позицияда тұр, яғни тәрбие мен оқыту даралық ерекшеліктерге барынша сүйену керек дейді. Даралық ықпал педагогиканың маңызды принципі ретінде адам тұлғасының ерекшеліктері мен өмір шарттарын терең білуге негізделген оның дамуын басқаруға бағытталады. Даралық ықпал педагогикасы тәрбие және оқытудың негізгі мақсаттары мен мазмұнын жеке оқушыға ыңғайлау деген сөз емес, бұл – жобаланған деңгейді қамтамасыз ету үшін педагогикалық әсер ету формалары мен әдістерін даралық ерекшеліктерге ыңғайлау. Даралық ықпал танымдық күштердің, белсенділіктің, қабілеттер мен дарындылықтың дамуына жағымды жағдай туғызады. Даралық ықпал әсіресе «қиын» балалар мен нашар оқитын оқушылар үшін, сол сияқты даму жағынан артта қалған балалар үшін өте қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |