Бұқаралық сана — қоғамдағы қалың бұқараның деңгейіндегі идеялардың, көзқарастардың, сезімнің, көңіл-күйлерінің жиынтығы, ұжымдық топтардың қажеттері мен мүдделерін тұтас бейнелейтін, олардың өмірлік мұраттары мен тәжірибелерін талдап, тұжырымдайтын түсінік.
Бұқаралық сана — қоғамда кең тараған идеяларды, көзқарастарды, ұғымдарды, әлеуметтік сезімдерді қамтиды. Онда қоғамдық сананың күнделікті психологиялық, теориялық-идеологиялық дәрежелері ұштасып келеді. Бұқаралық санада теориялық-идеологиялық элементтерінің болуы мен олардың үлес салмағы Бұқараның әлеуметтік субъект ретінде даму деңгейі, тарихи жағдайлармен байланысты. Сонымен бірге ол бұқараның тұрмыс жағдайларының әсерімен стихиялы түрде қалыптасады.
Дамыған Бұқаралық сана қоғамдық және мемлекеттік істерді реттеуге, демократияны жетілдіруге, елдің алдында тұрған жаңа міндеттерді талқылауға және шешуге көмектеседі. Бұқаралық сананың көріну сипаты, қоғамда атқарар қызметі түрліше.
Бұқаралық сана субъектісі — әлеуметтік топтардың қоғамдағы орнына, көздеген мұрат-мақсаттарына қарай белсенді, прогресшіл немесе бейтарап, бейжай сипатта өріс алады. Топтық мінез-құлық арқылы адамдардың бірлестігін жетілдіру барысында Бұқаралық сана қоғамдық келісімді күнделікті тәртіпке, өмірлік салтқа айналдырады.
Достарыңызбен бөлісу: |