Бастауыш сынып оқушыларына экологиялық тәрбие мен білім беру жұмыстарын жүргізу мүмкіндіктері



Дата25.12.2016
өлшемі52,34 Kb.
#4473
Бастауыш сынып оқушыларына экологиялық тәрбие мен білім беру жұмыстарын жүргізу мүмкіндіктері
Ақынова Л.А., Абуова Б.Д

ОҚМПИ, Шымкент қ., Қазақстан

Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу әрбір ұстаздың басты міндеті. Білім негізі мектепте қаланатын болғандықтан, оқушының жеке тұлғалық күшін дамыту басты рөл атқарып отыр. Олай болса, қазіргі ұстаздар қауымының алдындағы үлкен мақсат: өмірдің барлық саласындағы белсенді, қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеу.

Бастауыш сынып кезеңіндегі білім қоршаған орта, табиғат жайында қарапайым ұғым беру арқылы баланың дүниетанымын қалыптастырудан басталады.

Мектеп жасындағы балаларға қоршаған ортаның заттары мен құбылыстарын таныстыру арқылы олардың бір- бірімен байланысын ғылыми түрде түсіндіру барысында балаларда алғашқы табиғат туралы ұғым негіздері қаланады. Балалардың мұндай табиғат жайында алған қарапайым дүниетанымдық ұғымдары, олардың бастауыш сыныпта дүниетануды оқыту барысында және жоғары сыныптарда биологиялық пәндер бойынша берілетін білім жүйесінің алғашқы баспалдағы болмақ. Сондай-ақ табиғат заңдылығын жеңіл түрде ұғындыра отырып, берілетін білімнің өзара байланысы мен сабақтастығын қамтамасыз етуде баланың дүниетанымы кеңейіп, көзқарасы тереңделіп толықтырылады. Қоғамның дамуының қай кезеңінде болмасын табиғат- баланың дүниетанымын дамыту құралы ретінде орын алып, оған ерекше көңіл бөлінген.

Табиғатты тәрбие құралы деп қараған К.Д.Ушинский, Н.К.Крупская, Е.Н.Водовозова, Е.И.Тихеева, Л.К.Шлегердің еңбектерінің орны ерекше. Балаларға өздерін қоршаған орта туралы білім беру оқу үрдісінде қойылатын негізгі талаптардың бірі.

Қазіргі кезеңде адамдар мен табиғат арақатынастары жылдан жылға шиеленісіп барады. Жер жүзіндегі халықтар санының тез өсуі мен мемлекеттердің жаппай өнеркәсіпті дамыту жолына түсуі бұған себеп болып отыр. Соның салдарынан табиғат қорларын пайдалану бірнеше есе өсіп, адамдардың қоршаған ортаға тигізетін зияны үнемі көбейіп келеді.

Табиғатты қорғауды өз үйінен бастауға болады- бұл суды үнемдеп жұмсау, оның ластануын төмендету, озон бұзатын заттары жоқ аэрозольдарды пайдалану және тағы басқа. Сөйтіп, экологиялық мәдениеттің басы отбасында түзіле бастайды. Табиғатпен таныстыру барысында «Табиғат – бүкіл тіршілік атаулының алтын ұясы, тал бесігі, өсіп –өнер мекені» екендігі жөнінде нақты түсініктер беріледі. Бастауыш сынып балаларының тірі және өлі табиғатқа деген сүйіспеншілік қарым-қатынасын тәрбиелеу мақсатында табиғатпен таныстыру, яғни табиғатты қорғау – экологиялық тәрбие мен білім беру жұмыстары жүргізіледі.

Экологиялық тәрбие үдерісінде көрініс табатын іс-әрекеттің мынадай түрлерін атауға болады:


  • табиғаттағы әр түрлі оқиғаларды бейнелейтін немесе табиғатты қорғау, көркейту іс – әрекетін білдіретін әңгімелер;

  • мектеп алаңында (табиғаттағы еңбек) тіршілік обьектілері үшін немесе оларды күтіп баптауды жүзеге асыру, сондай-ақ заттарды қайта өңдеу (кітаптарды және т.б жөндеу) іс-әрекеттері;

  • табиғаттан алған әсерлерін және адамдардың табиғаттағы іс-әрекеттері негізінде бейнелеу өнерінің туындыларын жасау;

  • табиғатпен тілдесу, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің обьектілерімен еркін түрде байланыс жасау- бақылау, оларды зерттеу, күтіп баптау іс-әрекеті, қолға үйрету мен белгілі- бір жағдайға бағындырып үйретуді қамтитын кешенді іс-әрекет;

  • тәжірибе жасау- бақылау нәтижесіндегі өз пікірін айтумен сабақтасып келген іс жүзіндегі танымдық іс-әрекет;

  • сұрақтар, хабарламалар,әңгіме, сурет салу, хат жазу;

  • табиғатқа байланысты кейбір мәліметтер мен қызықты да құпия әсерлер жөнінде пікір алмасу, әңгіме арқылы табиғат жайындағы түсініктерін айқындау;

  • табиғат жайлы мазмұндағы телехабарларды, суреттерді көріп тамашалау, шағын шығармалар оқу балалардың табиғат жөніндегі қалыптасқан түсініктерін айқындайтын және жаңа ықпал ететін іс –әрекет түрлері.

Экологиялық тәрбиенің мақсаттары – тәрбиеленушілерде қоршаған ортаға деген жауапкершілік, табиғатты ұлттық және жалпы адамзаттық құндылық ретінде тану мен оған жауапкершілікті қатынастар жасау жөніндегі білімдер қалыптастыру, нақты тіршілік аймағы табиғатын зерттеп, мүмкін болар экологиялық жағдайлардың ауысуынан туындайтын зардаптардың алдын алуға үйрету, сонымен бірге қоршаған ортадан ләззат алу арқылы табиғат субъектерінің баршасына қатынасты қайырымдылық сезімін тәрбиелеу.

Экологиялық тәрбиеге байланысты іс-әрекеттер мазмұны:

- тәрбиеленушілердің қоршаған табиғатты зерттеп, тануы;

- табиғаттың экологиялық қалпына талдау жүргізу;

- әлем, ел, оқушы жасап жатқан ортаның экологиялық жүйесі проблемаларымен танысу;

- адам әрекет- қылығын зерттеп, нақты аймақ пен бүкіл әлемдік экологиялық жағдай, одан болар ықпалдарды (ұнамды не кері) зерттеп, білу.

Жергілікті материалдар мен экология туралы жалпы мәліметтерге қосымша табиғатқа көмек қажеттігін түсіндіру – педагогтың тікелей парызы.

Баланың табиғаттан алған әсерін әңгімелеп, суреттеп беруі оның қиялына қанат бітіріп, табиғат жөніндегі түсінігін айқындауға ықпалын тигізеді. Табиғаттағы әдемілікті сезініп, қабылдау дағдысы өзінен-өзі келе қоймайды, оны дамыту, жағымды іс-әрекет түріне айналдыру ата-аналардың және ұстаздардың көмегімен іске асырылады. Демек, оларды өз бетінше әрекет жасауын бақылау, оның мазмұнын талдау балалардың жеке басы ерекшеліктерінің экологиялық тәрбиелілігінің деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай іс-әрекет түрлері арқылы баланың жеке тұлға ретіндегі дамуын оның экологиялық тәрбиесімен тікелей сабақтастықта байланыстыруға болады. «Тіршілік иелерінің өміріне қажетті жағдай туғызу және қолдау әдісі» балаларға экологиялық тәрбие берудегі басты әдіс түрі болып саналады. Ол балалардың тәжірибе жасау дағдыларын, икемділіктерін, шығармашылығын айқындауға бағытталған.


Балалардың экологиялық тәрбиелілігінің деңгейі мен тұлға ретіндегі экологиялық білімін дамыту мақсатында жүргізілетін мынадай жұмыс түрлер ұсынылады:

  • мектептің, туған қаласының орнын картаға белгілеп, ұстаздың көмегімен желімдеу;

  • теңіздер мен мұхиттар жөнінде түсініктер беру;

  • өздеріне таныс қалаларды үлкен жалаушалармен белгілеу;

  • экологиялық таза емес аймақтарды белгілеп, желімдеу;

Өнер туындыларынан көрмелер ұйымдастыру, ондағы табиғаттың әсем көрінісін балалардың әңгімелеп жеткізе білуі олардың сезімдік талғамын, әдемілікке ұмтылу қабілеттерін дамытады. Үлкендердің басшылығымен қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып ұйымдастырылған жақын жердегі орманға, жорықтарға шығу, көргендерін шамаларына қарай қағаз бетіне түсіру – экологиялық сауықтыру, мәні бар өте маңызды жұмыстар.

Өмір бір жақты экологиялық тәрбие істерімен шектелмей, оларды үздіксіз табиғат қорғау әрекетімен байланыстыру, еңбек тәрбиесімен ұштастыруды талап етеді. Осыған орай тәрбие істерінің бастауы экология туралы білімдерге, яғни қажетті ақпараттарды қабылдау, талқылау, түсінуге тікелей байланысты.

Қорыта айтқанда, оқушылардың бойында экологиялық тәрбиені дамытуда үздіксіз құлшыныс, оқуға, білім алуға деген ұмтылыс ұдайы өшпей, күннен-күнге дами түсуі қажет және де оған ұстаздар қауымы себепкер болуға тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Б.А. Тұрғынбаева. Ұстаздық шығармашылық.Алматы 2007.

2.Ж.Әбиев. С.Бабаев. А.Құдияров « Педагогика»- «Дарын»- Алматы-2004.106

3.С.Б.Бабаев «Жалпы педагогика» - «nurpress» -Алматы -2011.165 б.



4.М.Жұмабаев «Педагогика» - «Ана тілі» -Алматы -1992.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет