ҰМАЙ АНА
Есте жоқ ерте заманда, алып Алтай тауын қоныстанған бір қауым жұрт болыпты. Олар жыныс орманды жамылып, аң аулап күнелтеді екен. Бір жылы қыста кенеттен құрық бойы қар жауып, ауыр апатқа ұшырапты. Тек аю терісін жамылып, аң аулап кеткен Аю батыр ғана терең тас үңгірге тығылып аман қалыпты.
Қар тоқтаған соң тас үңгірден шыққан Аю батыр «тірі қалған жан бар ма екен» деп жұтаған қауымның жұртын кезіп келе жатып, көк бөрінің бір үлкені қар астынан өлікті қазып шығарып жатқанын көреді де, «айырып алайын» деп айғайлап ұмтылады.
Ол таяп келгенде, көк бөрі өлікті тастай салып, көк сағым болып көкке ұшып кетеді.
Ақ қардың бетінде айдай сұлу бір қыз жатады. Бұл бөстекке оранған бойы қар үстінде қалған Айсұлу атты ару екен. Ол өкпесі бүлкілдеп, тірі жатыр, оның уыздай денесіне бөрінің тісі тимепті.
Қуанышы қойнына сыймаған Аю батыр айдаладан табылған Айсұлуды көтеріп, тас үңгірге әкеледі. Бойына жан кіріп, көзін ашуын күтіп ұзақ отырады. Бірақ, ол бейне қатты ұйқыда жатқан адамдай сұлық жата береді. Күте-күте көсегесі көгеріп, шыдамы таусылған Аю батыр үңгірдің аузына шығып, айналаға көз салады. Құрық бойы қар басқан төрт төңірек тып-типыл, тым-тырыс, жер бетінде қыбыр еткен жан жоқ.
Әбден дағдарған Аю батыр осыншама қалың қарды жауғызған көкке қарап налиды. Сол сәтте көк төсінде ұшып келе жатқан екі құсты – Ұмай мен Құмайды көреді. Олар бірте-бірте төмендеп ұшып, үңгірдің аузында тұрған Аю батырдың басын сипап өтеді де, екі кесек тас тастап кетеді. Бұл тастың бірі ақ, енді бірі қызыл тас екен. Бұған таңданған Аю батыр бұл екі тасты қолына алып, бірін-біріне ұрады. Бұл шақпақ тас еді, ұрылғанда жарқ етіп ұшқан ұшқын үңгірге тығылған қу шөптер мен шірік қоқырға тиіп, тұтанып жана бастайды.
Осы кезде үңгірге құс бейнесінде ұшып кірген Ұмай ақ шашты анаға айналады да, қу шөптерді құшақтап әкеліп салып, жеңімен желпіп, отты маздатып жібереді. Жанған отқа бойы жылынған Айсұлуға ақырындап жан кіреді. Ол басын көтеріп, орнынан тұрып, өзін өлімнен құтқарған отқа, от анасы Ұмай иіліп сәлем етеді, сыйынып, алғыс айтады. Бұған сүйсінген Ұмай ана екі алақанын отқа қақтап, Айсұлудың бетіне басады. Онан соң Айсұлудың қолын әкеліп, Аю батырға ұстатып: «Енді екеуің бас құрап, түтін түтетіп, үй болыңдар, өрен-жарандарың көп болсын! Оттарың өшпесін!» - деп бата беріп, көзден ғайып болады.
(361 сөз)
Достарыңызбен бөлісу: |