мектептері оқыту үрдісінде ана тіліміздің өзіндік ерекшелігін ескеруі тиіс.
Ғұлама ғалым Х.Досмұхамедұлы тіл, сөйлеу –адам психологиясының басты белгілерінің бірі екендігін айтады. «Тіл-жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айырылған жұрт-жойылған жұрт. Мектеп пен баланың тілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл-шатасқан тіл».
Тіл – ойдың жемісі. Бала тілінің таза, ойының жетік болуына баса назар аудару қажет. Л.С.Выготскийдің пікірінше, мектепте оқытудың басталуымен ойлау баланың саналы әрекетінің орталығына ығысады. Ғылыми білімді меңгеру барысында жүзеге асатын сөздік-логикалық, пайымдап ойлаудың дамуы басқа да танымдық процестерді құрады.
Кіші мектеп жасында зейіннің дамуы айтарлықтай өзгеріске ұшырайды, оның барлық қасиеті қарқынды даму үстінде болады: әсіресе зейіннің көлемі (2,1 есе) тез ұлғаяды, оның тұрақтылығы артады, зейіннің бөліну дағдысы дамиды. 9-10 жасында балалар зейінін ұзақ сақтауға қабілетті болады және берілген бағдарламаны ерікті орындайды.
Мектеп табалдырығын жаңа аттаған баланың зейіні тұрақсыз болатыны белгілі. Қабылдауға қиын көрседе, ұзақ сонар әңгімеден немесе жұмыстан бала зейіні тез шаршайды. Оны шаршатпай, баланың сабақтағы тапсырмаға зейінін ұзағырақ аударуға бірте-бірте тәрбиелеу бастауыш мектептің алғашқы кезеңіндегі қиын міндеттердің бірі. Бұған кезінде қазақ тілінде «Педагогика» оқулығын жазған алғашқы авторлардың бірі М.Жұмабаевта егжей-тегжейлі тоқталып, «Абай дегеніміз сыртқы дүниедегі бір затқа, яки ішіміздегі бір жан көрінісімізге – ойға, ішкі сезімге, қайратқа жанның көнуі, нүктеленуі»,-деп жазды.
Автор оқушыларда зейін дамуы үшін әсердің күшті, жеке, жаңа болуын, жаңа алынған білім мен ескі білімнің байланысын және оның болашақ терең білімге даярлану түрінде болуын талап ете отырып, оқу жүйесінің сабақтастығына мұқият зер салады. «Жаңа алынатын білім мен ескі білімнің қатынасы болсын. Біз өзіміздің таныстарымыз, яки туыстарымыз туралы сөз естісек, құлақты түріп тыңдай қаламыз. Егер жат кісілер туралы сөз болса, тыңдамаймыз. Міне, балаға білім бергенде жақыннан алысқа таныс сөздерді алып, дыбыстарға ажырату керек... Ол кейбір оқушылардың зейіні болмау себептерін дененің һәм сезімнің шаршауынан, сезімнің толқып тұруынан, бейғамдықтан көреді.
Сондықтан оқудың алғашқы күнінен бастап-ақ балаларды тыңдай білуге, одан тапсырмаларды дәл орындап жүруге үйрету керек. Сабақтарда пайдаланатын ойын элементтерін, іс-әрекеттің нәтижелі түрлерін, іс-әрекет формаларын жиі өзгерту балалар зейінін шаршатпай, бірті-бірте тұрақтылыққа тәрбиелеуге көмектеседі. М.Жұмабаев еңбегінде айтылған бұл ғылыми тұжырымдар әлі күнге өз мәнін жоғалтқан жоқ.
Кіші мектеп жасында барлық басқа психикалық процесстері секілді есте сақтау қабілеті де айтарлықтай өзгеріске төзеді. Өйткені бала есі біртіндеп ерікті сипатқа ие болады.
Естің және есте сақтау механизмінің физиологиялық және психикалық ерекшеліктері бастауыш мектеп кезеңіндегі оқу үрдісін ұйымдастырғанда мықтап ескерілуі қажет. Онсыз баланың сөйлеу (жазу) дағдысының орнықты, сөздік қорының мол болуы мүмкін емес.
Мектепке жаңа келген баланың есте сақтау қабілетін дамыту ісінде Ж.Аймауытов осы мақсатқа қажетті төмендегідей шарттарды үнемі ескеріп отыруды талап етеді:
1. Түсіндірілген білімді немесе дағдыны балалар толық, дәл және айқын ұғынғанша қайталап пысықтау.
2. Меңгертілетін ұғымның балалар есінде қалатындай әсерлі болуы. Мысалы, оқушыларға жаңа сөздің мағынасын түсіндіру барсында оқыс оқиғаны, әдемі ойыншықты, әсерлі суретті т.б. пайдалану қажет.
3. Жаттау жұмыстары балалардың есте сақтау қабілетін дамытуға ықпал ететіні сөзсіз. Алайда, мағынасын түсінбей атүсті түсініп жаттау, жаттаған өлең, жұмбақ т.б. бөліктерінің арасындағы логикалық байланысқа мән бермеу күткендегідей нәтижеге қол жеткізбейтінін көрсетті.
4. Естің көру есі және есту есі болатыны белгілі. Сауат ашу кезінде балалар есінің осы екі түрін дамытуға да назар аударып отыруы қажет. Әйтпесе, естің, бір жақты дамуы кейін балалардың ауызекі тілі мен жазу тілі арасында елеулі алшақтықтар пайда болатынын көрсетті.
5. Үйретілген ұғымдар мен дағдылардың жүйелі, бір-бірімен байланысты болуы да оқушылардың есте сақтау қабілетін дамытуға оң ықпал жасайды. Әсіресе, сөз мағыналарын салыстыру, ұқсастыру, балалардың бұрыннан білетін сөздерімен байланыстыру әдістері сол сөздерді оқушылардың есінде қалдыруға мүмкіндік беретіні анықталды.
Мектеп оқушысының оқу әрекетінің негізгі түрлерінің бірі – мәтінді әңгімелеу барысында бастысын не маңыздысын ажыратып алу қиындығы айқын көрініс табады. Кіші мектеп оқушысының ауызша әңгімелеу ерекшелігін зерттеу барысында балаларға нақты әңгімелеуден гөрі қысқаша әңгімелеу әлдеқайда қиынға түсетінін байқатты. Қысқаша әңгімелеу – бұл демек негізгісін айқындап, оны бөліктерінен бөліп қарау деген сөз, ал дәл осыны балалар айқындай алмайды.
Балалардың ойлау әрекетінің ерекшеліктері нақты кейбір оқушылардың үлгермеушілігіне себеп болып табылады. Оқудағы туындаған осындай қиындықтарды жеңе білмеуі кейде белсенді ойлау жұмысынан бас тартуға әкеледі. Оқушылар оқу тапсырмаларын орындаудың түрлі керағар әдіс-амалдарын қолдана бастайды, оны психологтар «айналмалы жол» деп те атайды. Оған материалды еске сақтамай-ақ механикалық жаттау жатады. балалар мәтінді жатқа сөзбе-сөз айтып бере алады, бірақ мәтін бойынша қойылған сұраққа жауап бере алмайды. Тағы айналмалы жол – жаңа тапсырманы бұрынғы тапсырмаларды орындалған тәсілімен орындау. Сонымен бірге оқушылар ойлау процесінің жеткіліксіздігінен ауызша жауап беру барысында жетекші көмекті қолданады, жолдастарынан көшіріп алуға тырысады.
Осы жаста басқа да маңызды жаңа мінез-құлық көрініс табады. Бала дербестілік танытады, нақты жағдайларда қалай әрекет етуді өзі таңдайды. Осы мінез құлықтың астарында осы жаста қалыптасатын адамгершілік түрткі жатыр. Бала моралдық құндылықтарды өзіне сіңіреді, нақты ережелермен заңдылықтармен жүруге тырысады. Бұл көбінесе өзімшілдік түрткілермен байланысты және ересектердің қолдауын қалауымен немесе құрбыластары тобында өзінің тұлғалық ұстанымын бекітумен байланысты. Яғни, олардың мінез құлығы қалай болғанда да жетістікке жетуге деген – осы жастағы басты негізгі түрткілермен байланысты.
Кіші мектеп оқушыларының ерікті мінез құлығының қалыптасуымен әрекет нәтижесін жоспарлау және рефлексия тығыз байланысты.
Бала өзінің қылығын оның нәтижесі тұрғысынан бағалауға, сондай-ақ өз мінез құлығын өзгертуге оны сәйкес үлгіде жоспарлауға қабілетті.
Бала өзінің әрекеттері тұрғысынан белсенді ойлана бастайды, өзінің жан күйзелісін жұбатады. Баланың жан сарайы сыртқы тұрпатына қарағанда мүлде өзгеше. Бала тұлғасындағы дәл осы өзгерістер ересектер алдында эмоциясын шығаруға, қалағанын жасатуға, қыңырлыққа әкеледі.
Бастауыш мектеп оқушысының тұлғалық дамуы сабақ үлгерімімен, ересектердің баланы бағалауымен байланысты. Өйткені бала ішкі әсерге берілгіш келеді. Осының арқасында ол өзіне зияттық, сондай-ақ адамгершілік білімді сіңіреді. Адамгершілікті қалыптастыру және балалардың қызығушылығын арттыруда мұғалім зор рол атқарады, әйтседе олардың жетістік деңгейі оның оқушылармен қарым-қатынасының түріне де байланысты болады. Басқа да ересек адамдар бала өмірінде маңызды орын алады.
Кіші мектеп жасында балалардың жетістікке деген ұмтылысы артады. Сондықтан да осы жастағы бала әрекетінің негізгі түрткісі жетістікке жету болып табылады. Кей жағдайда осы түрткінің басқа да түрі кездеседі, ол – сәтсіздіктен қашу түрткісі.
Бала санасында нақты адамгершілік мұраттар, өнегелі мінез-құлық қалыптасады. Бала олардың құндылығын және қажеттілігін түсіне бастайды. Бірақ бала тұлғасының қалыптасуы өнімді болуы үшін ересектердің көңіл қоюы және бағалауы маңызды. Баланың қылығына деген ересектердің эмоционалдық-бағалау қарым-қатынасы оның адамгершілік сезімдерінің, өмірлік ережелерге деген жеке жауапкершілік қарым-қатынасының дамуын анықтайды. Баланың әлеуметтік кеңістігі кеңейді – бала үнемі нақты тұжырымдалған ереже заңдылықтары бойынша мұғалімдерімен және сыныптастарымен қарым-қатынас жасайды.
Осы жастағы негізгі жетістік оқу әрекетінің басты сипатымен белгіленеді және келесі жылғы оқытудың анықтауышы болып табылады: бала оқуға құмартуы, оқи білуі және өз күшіне сенуі қажет. Сонда ғана бастауыш мектеп оқушысы ең жауапты кезеңнен өтті деп есептеледі.
Бұл кезеңдегі басты педагогикалық талап – бала психикасына салмақ түсірмей, әлгі шұғыл өзгерістерге толы таным процесін шеберлікпен, мақсаткерлікпен ұйымдастырып, қажетті арнаға жетелеп отыру.
ӘДЕБИЕТТЕР
М.Мұқанов. Жас және педагогикалық психология. Алматы, 1982
Х. Досмұхамедұлы «Қазақ-қырғыз білім комиссиясынан» - Аламан жинағы, Алматы, «Ана тілі»,1991.
М.Жұмабаев «Педагогика» Алматы, 1992
Аймауытов Ж. Психология – Алматы: Санат, 1995
Достарыңызбен бөлісу: |