Бастауыш сыныптарда мысалдарды оқыту



бет2/4
Дата31.10.2022
өлшемі32,32 Kb.
#155783
1   2   3   4
Байланысты:
Мысалдарды оқыту әдістемесі

Әдеби шығармалардың басқа түрлерінен мысалдың мынандай өзгешеліктері бар:
а) аллегориямен айтылатыны.
ә) мысалда белгілі бір үгіт, тәлім-тәрбиелік мән болатыны.
б) оның оқыту ерекшелігі.
Осыдан келіп, мынандай әдістемелік сұрақ туады: мысалдағы аллегорияны ашу керек пе, жоқ па? Мұндай сұраққа жауап беру үшін мысалдың сипатын, мазмұнын, оны балалардың қалай қабылдайтынын байқап қараған дұрыс.
Бастауыш сынып оқушылары мысалды оқытуда суреттелген оқиғаның тартымдылығына қызығады. Сондықтан мысалды оқып шығысымен, автордың ондағы суреттеп отырған жан-жануарлары кімдердің бейнесі, оны кім деп түсінесіңдер? дегендей сұрақ қою қателік болар еді. Өйткені жұмысты мұндай әдіспен жүргізу – оқушылардың мысалды оқығанда алған әсерін жояды. Сондықтан балалардың одан алған әсерлері әлсіремей, қайта күшейе түсетіндей, мысалдағы кейіпкердің іс-әрекетін тереңірек ұғына түсуіне жағдай жасайтын әдіс-тәсілдер қарастырылады. Ол үшін алдымен мысалдағы суреттелген оқиғаны, қатысушы кейіпкерлерді шындық, өмірде болатындай етіп түсіндіру керек. Ал мысалда суреттелгендер балаларға шындық, болмыс жөнінде қате түсінік береді, өйткені «қарға, түлкі сөйлемейді ғой» деген сияқтылардан қауіптенудің қажеті жоқ. Олардың сөйлемейтінін балалардың өздері де жақсы біледі, сонда да оны шындық сияқты қабылдайды. Мысалы, балалар тіпті 4-сыныптың өзінде де қылыштасу, атысу ойындарын шындық сияқты ойнайды. Олар таяқтың қылыш, найза еместігін, әрине, жақсы біледі, бірақ өздерінше шын найза, қылыш деп елестетеді. Немесе қыз балалардың кейбіреулері әлі де қуыршақтармен ойнайды, оның сөйлемейтінін біле тұра, шын кісі деп елестетіп, онымен сөйлесіп отырады. Сол сияқты мысалдағы оқиғаны да бастауыш сынып оқушылары шын көріп қабылдайды.
Бұл айтылғаннан шығатын қорытынды: мысалдарды оқығанда көңіл қоятын жай – оқыушыларға оның мазмұнын қабылдату және ондағы кейіпкерлердің іс-әрекетін талдау.
Мысалдағы аллегорияны ашу жұмысын бастауыш сыныпта мынандай тәсілмен іске асыруға болады. Мұнда мысалда суреттелген оқиғаға ұқсас оқиға іздестіріледі. Айталық, И.А. Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалы оқылғаннан кейін, біреудің қолындағы нәрсесін алып алу өмірде кездесе ме деген сұрау қою арқылы, ондағы негізгі ойды түсінуге жеңілдік жасалады. Кейбір жағдайда мысалда суреттелген оқиғаға өмірде болатын ұқсас оқиға табу жұмысы мысал оқымас бұрын, алдын ала дайындық әңгіменің барысында жүргізіледі.
Мысалдың екінші ерекшелігі – онда белгілі бір үгіт, тәлім-тәрбиелік мәні бар қортынды пікір болатындығы. Ол қысқа түрде мәтіннің басында немесе аяғында белгіленеді. Мысалы, «Қарға мен түлкі» мысалынан шығатын қорытынды мәтіннің басында берілген:
Жұрт біледі, күледі,
Сұрқия тілдің жаманын.
Қошеметтердің амалын,
Сонда да солар қайда жоқ,
Ептеп айтса, ересің,
Артынан өкінсең де пайда жоқ...

Мысал оқытуда осындай қорытынды пікірді пайдаланып, құрғақ сөзбен «Мұндай жаман мінез-құлықтан, іс-әрекеттен аулақ болу керек» деудің бастауыш сынып оқушыларына әсері шамалы болады. Ондай үгітті тіпті сол оқылып отырған мысалдан үзінді келтіре отырып айтқанда да, кішкене балалардың санасына бірден қона қояды деу қиын. Сондықтан мысал оқытуда онда айтылатын үгітті табуға тырыспай, оның кейіпкерлері мен сол кейіпкерлерлердің іс-әрекеті, өзара қарым-қатынасы, бір-біріне айтқан сөздеріндегі ой анық ашылуға тиіс. Осыған орай, мысалдан шығатын қорытынды пікірді оның мазмұны талданып болғаннан кейін оқуға болады.


Мысал оқытудың үшінші ерекшелігі – оны дауыстап оқу тәсілінде. Мысалдағы айтылатын сөз автордың атынан айтылмай, кейіпкердің атынан баяндалатын болса, сол кейіпкердің басындағы ерекшелігіне қарай, дауыс сазы да құбылып отырады. Мысалы, «Шал мен малайды» өткенде, ол екеуінің сөзі немесе «Қарға мен түлкіде» түлкі мен қарғаның сөзі бір ырғақпен оқылмайды. Тіпті бір кейіпкердің сөзін оқу мәнері де оның қылығына қарай түрлене береді. Шалдың «Бауырым, түгеншежан, айыршы!» дегені жалынышты үнмен оқылса, «Әумесер, ақылың жоқ, ит доңыз» - деген сөздерді жекіру, ұрсу мәнерінде, ал малайдың:
Ұрсасың неге, шалым маған, - деді, -
Сөккендей не істедім саған? – деді, -
Жазғаным менің сені аю жаудан
Айырып алғаным ба аман? – деді, -

Сөздері таңырқаған, шарасыздық сезіммен, сұраулық мән беріліп отырады. «Қарға мен түлкі» мысалдарында автор сөзі бір әуенмен оқыла келе, түлкінің сөзі басталған кезде дауыс құбылып отырады. Кейіпкерлердің мінез-құлқы мен автордың сөз қолдауына қарай, дауыс ырғағының құбылуы балалардың ынтасын арттырып, мысалдың кейбір жолдарын бір-екі оқығанда-ақ жаттап алуларына жағдай жасайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет