Бастауыш сыныптарда «Қоршаған орта» пәнін оқыту әдістемесі пәнінің дәрістері 1-Дәріс. Тақырып


Бастауыш сыныптағы ²Қоршаған орта² пәнінің бағдарламалық мазмұны мен мақсаты



бет20/55
Дата20.06.2020
өлшемі284,22 Kb.
#74077
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   55
Байланысты:
ДӘРІС

Бастауыш сыныптағы ²Қоршаған орта² пәнінің бағдарламалық мазмұны мен мақсаты

Жоспары: 1.Бастауыш сыныптардағы ²Қоршаған орта² пәнінің бағдарлама- лық мазмұнын саралау;

2.Пәнді бастауыш сыныпта оқытудың мақсатын ашу.

Әр пәннің бағдарламасына сол пәнннің ғылыми мазмұнымен қатар ғылыми негізді меңгеру барысындағы оқушылардың оқу әрекеттері және жекебас дамуының, тәрбие беру нормалары да (қарым-қатынас, этикалық, эстетикалық, адамгершілік) енеді. М.А.Данилов мектептегі пән бағдарламалары қамтитын жалпы мәселелеріне тоқтала келіп, “Программа фиксирующая содержание учебного предмета, определяет методы преподавания, характер дидактических пособий, сроки обучения и другие моменты учебного процесса”11 - деп көрсетеді.

Тұжырымдама әр пәннің жекебас дамуындағы алатын орнын айта келіп (ғылыми, интеллекті, мәдени, адами, т.б.), “Қоршаған орта” пәнін оқытудың басты мақсаты - айналадағы дүние туралы оқушыда біртұтас көзқарас қалыптастыру және ондағы адамның орны мен ролін түсінуге көмектесу“– деп көрсетеді. Пән бағдарламасы бір-біріне сабақтас үш блоктан тұрады.

Ол: адам, табиғат, қоғам. Қоршаған дүниенің негізгі бөлігі ретінде “Адам” оның іс-әрекеті жайында білім берудегі мақсат – оқушыларға дүниенің біртұтастығын меңгерту барысында адамға дүниенің құрамдас бөлігі, табиғат перзенті ретінде қарау.Сонымен қатар адамның табиғатты өзгертудегі тиімді және тиімсіз әрекеттерін ұғындыру. Табиғаттың бір бөлігі бола тұра оның табиғаттағы, қоғамдағы орнының ерекшелігін айқын көрсету. Адамның қоршаған ортаны жақсарту да не, оған ойланбай жасаған әрекет нәтижесінде зиян келтіруі де мүмкін екендігіне оқушылардың көзін жеткізу. Сол арқылы олар өз “менін” түсініп, өзінің жеке тұлғасының қалыптасуына, өз мүмкіндігіне сенімінің артуына, жағдай жасау. Білім тұжырымдамасы ұсынып отырған мазмұнның бүкіл мәні құжатта келтірілген мына пікірден көрінеді: “Қоршаған орта» пәнінің тағы бір ерекшелігі– бұл пән мазмұны қазіргі заманғы ғылыми білімнің, мәдениеттің әртүрлі салаларынан (қоғамдық және жаратылыстану ғылымдары, экономика, этика, эстетика, құқық, өнер т.б.) хабардар ету негізінде дүниені танып білу әдістерімен (бақылау, тәжірибе, эксперимент, модельдеу, талдау, синтез, салыстыру т.б.) оқушыны қаруландыру арқылы оның ортамен сауатты қарым-қатынасын жан-жақты дамытып, тәрбиелеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді”1.

Бағдарлама бастауыш сынып оқушыларының дүниетаным көзқарастарын қалыптастыра отырып, орта білім мазмұнын меңгеруге дайындау міндетін жүзеге асыруды көздейді. Оқушылардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру күрделі психологиялық процесс. Таным бір жеке затты білу, не соны басқадан ажырату ғана емес, ол оқушылардың адамгершілік, мәдениеттілік, шығармашылық дағдыларының көрінісінен байқалатын біліктілік. Таным көзі - оқу, бақылау, іс­–әрекет жасау, түрлі жұмыстар атқарып, жаттығу. Таным көлемі кеңейген сайын оқушының білімі, дүниеге көзқарасы дамиды. Психологтар көрсетіп отырған даму зоналарын ескеріп, таным шеңберін кеңейте отырып, дамуға жетелеу сабақ барысында мұғалім мен оқушы әрекетінің қабысуынан барып жүзеге асады.

Соңғы жылдары білім жүйесінде болып отырған реформа талаптары негізінде бұрынғы “Дүниетану” пәніні қазіргі таңда “Қоршаған орта“ деп аталып оның бағдарламасы жасалды. Қазақстан Республикасының Орта білімді дамыту тұжырымдамасының бастауыш мектептің негізгі міндеттеріне арналған бөлімінде “Мектептің бірінші сатысындағы оқу мен тәрбие баланың дүниеге және өзіне деген қызығушылығына тікелей бағдарланады. Соған сәйкес оқу пәндері табиғат, қоғам, адам оның еңбегі жайлы тұңғыш мағлұмат беретін кіріктірілген курстар сипатында болады” деп көрсетілген. Осы тұжырымдамалық міндет дүниетану пәнінің мазмұнын тікелей ашып тұр. Бұрын айналамен таныстыру, табиғаттану, адам арасындағы қарым-қатынас, қоғамдық мазмұндағы материалдар жеке-жеке пәндер арқылы оқытылып келсе, енді осылардың бәрі жинақталып, сабақтас жүйеге бірігіп, бір тұтас дүниенің құрамды бөлігі ретінде бірге беріліп отыр.

Бағдарлама “Адам”, “Табиғат”, “Қоғам” деген үш блоктан тұрғанмен, мазмұн және идея тұтастығы осы үшеуін біріктіріп қарауға негіз салады. Табиғат перзенті және оның құрамдас бөлігі ретінде табиғаттағы, қоғамдағы орны жайындағы мағлұматтар сыныптан-сыныпқа өткен сайын күрделене түседі де, олардың мазмұны тереңдеп, көлемі кеңейіп отырады. Осымен қатар жекебас тәрбиесін қамтамасыз етіп, адамның өзін-өзі тануына жол ашады, рухани күшін нығайтуға және өзін-өзі жетілдіруге бағытталған іс-әрекеттерді жүзеге асыруды жүктейді. Бағдарлама 1-сыныпта адам мен адамның, отбасы мен туған-туыстың арасындағы оқушының алатын орнын айқындау мақсатын да қарастырады. Адам айналасына тікелей қатынас жасайтын субъект ретінде алынып, оның сезім мүшелерінің дүниетанудағы ролі, сол арқылы қоршаған дүниені қабылдауы, қоғамдағы, табиғаттағы өзгерістерге, құбылыстарға қатысы жеңіл түрде беріледі.

12 жылдық орта білімге көшу мәселесіне байланысты қоршаған дүниеден оқушыларға берілетін білім алты жастағы балаға өзінің маңайындағы бүкіл дүниемен таныстырудан басталғалы отыр.

Осы алты жастан бастап қоршаған дүниеден ұғым беруге арналған бағдарлама оқу-тәрбие мәселесінің мына жақтарын қамтуды көздейді.

Ең алдымен оқушылардың өзін қоршаған, күнделікті көріп-біліп жүрген заттары мен құбылыстарына сүйене отырып, оларды оқушының ғылыми тұрғыда түсінуіне, зерттей қарауына, бақылау жүргізуіне жағдай жасау. Сол арқылы келешекте орта мектепте оқитын жаратылстану пәндерінің негізін қалап қана қоймай, олардың ойлау қабілетін, ой қорыту әрекетін дамыту. Дүниенің біртұтастығын түсінуге, әрбір табиғи құбылыс пен табиғи заттардың бір-бірімен байланысын білуге талпыныс жасату. Оқушыларды қоршаған дүниеге бақылау жүргізуге, тәжірибе жасауға дағдыландыру. Оқушының тұлға ретінде дамуына жағдай жасау. Осы кезден бастап-ақ оқушы әр затпен жеке танысып қана қоймай, олардың басты ерекшелігін, басқа заттармен байланысын, оның себебін білуге тырысады. Бағдарлама мазмұны мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс істеуін талап етеді.

Ал, 2-сыныпта адам туралы берілетін ұғым күрделене түседі. Енді адам өміріне қажетті жағдайлар (жылу, су, ауа, қорек), оларды адамның өзі жасау мүмкіндігі, табиғаттан табу қабілеті, маңайын зерттеп, бақылау дағдылары жайында мағлұмат беріледі. Осылардың ішіндегі оқушының алатын орны туралы ұғым да күрделене түседі. Оның отбасымен. жолдастарымен қатысы, оқудағы, еңбектегі міндеттері мен мақсаттары да айқындалады. Адамның ойлау қабілеті, сөйлеу шеберліктері, іскерлік дағдылары оның дене бітімінің ерекшелігімен тікелей байланысты. Адам әр ісін ойлап шешеді, күш жігерін керекті жерінде пйдалана алады, ол күшті де, сезімтал. Осындай күрделі қызметті атқаратын адамның өз денесін таза сақтауы, шынығып, жетіліп отыруы ауыру сырқауды болдырмауға жәрдемдеседі. Сондықтан да, оқушылар адам денесін күту жолдармен танысып, оның маңызын түсіну арқылы өз денесін күтуге, шынығуға дағдыланып, таза ауамен демалу, киіну, тазалық сақтау, жұмыс жасау, тынығу ережелерін меңгереді. Шынығу, денені жетілдіру тәсілдерімен таныстыру арқылы кездескен қиындықтарды жеңетін, төзімділігі, ұстамдылығы қалыптасқан жастарды тәрбиелеуді бастауыш сыныптан-ақ жүзеге асыру мақсаты көзделіп отыр. М.Жұмабаев дене тәрбиесін сөз ете келе, “Дене жанның қабы. Қап берік болса, ішіндегі зата берік болмақ. Дене - жанның құралы. Құрал мықты болса, иесі де мықты болады”1– дейді. Қазірде де бұл қағида білім беру бағдарламасының басты талаптарының бірі болып отыр. Сондықтан да, адамды қалыптасқан салт-сана шеңберінен шарықтата көтеріп, рухани, мәдени, адами деңгейлерін биіктету мақсатын жүзеге асыру көзделіп отыр.

Адам өзінің қажетін табиғаттан алатындықтан, оның орнын толтырып, жетістіріп отыру, табиғатты қорғау міндеттері тұратындығы, осы мәселелердің оқушыға да тікелей қатысты екендігі ашып көрсетілді. Аам-адам, адам-өсімдік, адам-жануар қатыстары, табиғатты қорғау іс-әрекеттері арқылы адамның бүкіл қоршаған ортамен тығыз байланыста болатыны, адамның бірі ретінде оқушының да осы мәселеге қатысын бағдарлама талаптары көрсетеді.

3-сыныпта адам туралы берілетін мағлұматтар мұнан әрі күрделене тіседі. Табиғат перзенті адамға күрделі зерттеуді керек ететін дене ретінде қарау мақсаты жүктеледі. Бұрын адамның сезім мүшелерімен танысып, дүниені танып-білудегі оның маңызы жайында оқыса, енді адамның дене құрылысының ерекшелігін білетін болады. Дененің әр мүшесінің атқаратын қызметін талдауға бағдарлама мазмұны меңзейді. Бұл келешекте орта буында оқылытын адамтану пәнінің негізн қалап қана қоймай,адамның тірі ағза ретінде басқа тірі ағзалардан өзінің ойлау, сөйлеу, тік жүру қабілеттері арқылы ерекше айырма жасайтындығы, сонымен қатар оның қоршаған ортамен бірлікте өмір сүретіндігі айқындала түседі.

4-сыныпта адам-қоғам перзенті тұрғысынан қаралады. Адам ақыл-ой иесі, қоғамды, табиғатты өзгертуге, керегіне қарай пайдалануға, дамытуға тікелей әсер ете алатын басты күш. Ол өз іс-әрекетін ақылмен басқарып, қоғамға, табиғатқа үнемділікпен, қамқорлықпен қарауға жұмсайды. Осы мәселелерді оқушыларға ұғындыру арқылы олардың болашақтағы өмір бағытын айқындау міндеті туады. Адамның даму жолының күрделілігін, осы жолдағы білімнің атқаратын ролін ұғындыру арқылы өмір кілті білімде екенін оқушыларға түсіндіру. Олардың шығармашылық, құзырлылық, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып оқушыларды іскерлікке дайындау мақсаты жүзеге асады.

Бастауыш сыныптың ²Қоршаған орта² бағдарламасында адамдардың қарым-қатынас әтикасы жайында сыныптан сыныпқа көшкен сайын күрделене түсетін тақырыптар беріледі. Мұндай материалдар сынып аралық байланысты, кіріктіре оқыту мақсатын жүзеге асыруды жүктейді. Адам туралы жан-жақты мағлұмат бере отырып, оқушы бойында іздемпаздықты, білім құмарлақты, жаңаға талпынушылықты, ізглікті, этикалық, экономикалық ,экологиялық ұғымдарды қалыптастыру мақсаты көзделеді. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін мұғалімнің күнделекті сабағы оқушының өмір тәжірибесімен, жергілікті ортамен,күнбе-күн болып жатқан жаңалықтармен тығыз байланыста өткізілу керектігі де бағдарлама талабында айқын көрсетіледі.

Бағдарламаның адам туралы бөлігінің мазмұн жағынан бұлай берілуі бірнеше мқсатты көздейді:

Біріншіден, адам жайында оқушыларда ғылыми ұғым қалыптастыру. Екіншіден,адам табиғаттағы, қоғамдағы, қоршаған ортадағы бүкіл қарам-қатнасты жүзеге асырушы және осылардың бәріне де өз тұсынан әсер ете алатын, өзі де солардың әсеріне ұшырайтын күрделі тіршілік иесі екенін ұғындыру.

Үшіншіден, адам үнемі дамуда болады,оқиды, үйренеді, зерттейді, жаңалық ашады. Біліп меңгергенін іс жүзінде қолданады. Сондықтан ол маңайын көркейтіп, өзгертіп, жаңалықтарды ендіріп сол арқылы , қоғам дамуына үлкен үлес қосуға қатысыды. Осындай іс-әрекеттерге қатысатын, болашақта қоғамдық істермен айналыса алатын адамның бірі- оқушы.

Сондықтан ол өзінің зерттеушілік, шығармашылық, шеберлік қасиеттерін шыңдауы керек. Өзін-өзі жетілдіру, шыңдау оқушының өзіне тікелей байланысты екенін ұғындыруды бағдарлама талаптары меңзейді..

Бағдарламаның келесі блогі - табиғат. Табиғат туралы ұғымдар түрлі денелер мен құбылыстардың бірлігі ретінде қарастырылып, жекеден күрделіге, нақтыдан абстракті ойға қарай жетелейтіндей жүйемен берілген. Бұл тұста ғана бастауыш сынып оқушыларының көрнекі-бейнелі және көрнекі-әрекеттік қабылдауы мен ойлауының басымдылығы ескерілген.

Табиғаттың көптеген объектілері мен құбылыстарын байқауға, бақылауға болады. Сонымен қатар, тікелей көзбен көру мүмкіндігі жоқ болғандықтан, салыстырып топтау және талдау арқылы жіктеуді, зерттеуді қажет ететін табиғат құбылыстары жайында бастауыш сынып оқушыларына ұғым беру оңай емес. Бағдарлама мазмұнында осы мәселелер ескеріліп, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкестендіріліп, жеңілдетіп беріледі. Мәселен, 1-сынып бағдарламасының мазмұны негізінен оқушылар бақылай алатын, көзге бірден және оңай түсетін табиғат объектілерін беруді қарастырады. Сондықтан да, табиғат жайындағы бөлімде табиғаттың құрамдас бөліктері - өлі және тірі табиғат, өсімдік топтары, жануарлардың түрлері туралы оқушылардың күнделікті өмірде кездестіруге мүмкіндігі бар материалдар енген. Сол сияқты, жыл мезгілдеріне байланысты өсімдіктер мен жануарлардың тіршілігінде болатын өзгерістер мен ерекшеліктер қамтылған. Ол өзгерістерді қарапайым әдіспен бақылау арқылы оқушыладың табиғат туралы тиянақты білім алуына жағдай жасау көзделген.

Мұндай қарапайым ұғымдар 2-сыныптағы табиғат жайында білім беретін бөлімде жалғасып кеңейе отырып, өсімдік пен жануарларды тірі ағза ретінде жеке-жеке қарап, олардың тіршілігіне қажетті жағдайлар (топырақ, су, ауа, жылу, жарық) жайында түсінік беру; өсімдік мүшелерінің қызметі,олардың жер бетіне таралу жолдары, өсімдіктің тұқымнан пайда болуы; жануарлардың көбеюі, ұрпақ таратуы, осылардың көбеюіндегі адамның рөлі, олардың пайдасы мен зияны туралы мағлұматтар қамтылған. Осымен қатар ауа мен судың қасиеттерін, топырақтың құрамын, өлі және тірі табиғаттың өзара байланысын талдайтын мәселелер қамтылып, табиғат туралы ұғым мазмұны күрделене түскен. Бұл мағлұматтар арқылы оқушылар тірі табиғаттың өлі табиғатсыз өмір сүріп, тіршілік ете алмайтындығын, олай болса, өлі табиғатты қорғау арқылы тірі табиғаттың сақталуына және оның тіршілігіне жағдай жасауға болатындығын түсінетіндей дәрежеге көтеріледі..

3-сыныптағы табиғат блогінде- оқушылардың 1-2-сыныпта алған ұғымдары кеңейтіліп, берілетін білім көлемі күрделене түседі. Табиғаттағы зерттеу әдістерінен бастап, (бақылау, тәжірибе, зерттеу, болжам, жинақтау, топтау т.б.) денелер заттар, құбылыстар жайында білім жүйесі беріледі. Бұрын оқушылар табиғат заттары мен құбылыстарын оқып, оны бақылауға төселе бастаса, енді зат пен дененің айырмасы, табиғат құбылыстарының себептерін ашуға төселеді.

Табиғаттағы су, топырақ, ауа осыған дейін тіршілікке керекті табиғат денесі ретінде қаралса, енді олардың әрқайсысы өзіндік қасиеттері бар, күрделі дене ретінде зерделеніп, оқушылардың табиғатқа зерттей қарауына жағдай жасалып, олардың ізденушілігін күшейте түседі. Табиғат обьектілерінің шаруашылық пайдасына тоқталу барысында адамның оларға тигізетін жағымды және жағымсыз әсері де ашылады. Ауаның, судың тазалығы, топырақ құнарлылығының адам тіршілігі үшін маңызы айқындалады. Табиғат заттары мен құбылыстарының мұндай қарама-қарсы байланыстарын түсіндіру кезінде табиғаттың біртұтастығы жайындағы ұғым айқындалып ашыла түседі. Жануарлар мен өсімдіктер тіршілігі жеке қаралмай, өмір сүру ортасына қарай икемділігі тұрғысынан қаралып, ылғалдылықты, құрғақшылықты қалайтын, жарық сүйгіш көлеңкеде де тіршілік ете алатын организмдердің ерекшеліктеріне тоқтала отырып, олардың суда, ауада, топырақта тіршілік ететін орталарына тәуелділігі тұрғысынан берілуі оқушыларды дамыта отырып оқыту талабын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мұндай жүйелілік оқушылардың Ізденушілік, зерттеушілік, бақылағыштық дағдыларының жетіле түсуіне негіз салады. Егер зер сала қарасақ, бағдарлама мазмұны қамтитын материалдар осылайша басынан аяғына дейін бір-бірімен сабақтастықта дамытыла отырып беріледі.

4-сыныпта табиғат жайында берілетін білім күрделене келе оқушылар өз өлкесінің жер бедерін, ішкі суларын, пайдалы қазбаларын біліп, оның халық шаруашылығына тигізетін пайдасымен танысады соның нәтижесінде табиғи заңдылықтардың ішкі байланыстарын меңгеретін деңгейге көтеріледі. Мәселен, оқушылар 1-2 сыныптарда судың, топырақтың. өсімдік өсуі үшін пайдасы туралы мағлұмат алса, енді осыған ауа райының тигізетін әсерін, осыған орай өлі және тірі табиғатта болатын өзгерістердің себебін меңгереді. Мұндай ұғым жүйелі жүргізілген бақылаулар нәтижесінде қалыптасады. Бақылау арқылы оқушылардың байқағыштығы дамып, бақылау нәтижелерін қорытындылауға, жинақтауға дағдыланады. Табиғат жайындағы мағлұматтар енді табиғи зонаға байланысты беріліп, әр зонаның табиғат құрушы факторлары жер бедері, ішкі суы, ауа райы, осыған орай өсімдік, жануарлар дүниесінің қалыптасу ерекшелігі талданады.

Жүйелі берілген мазмұн негізінде бағдарлама оқушылардың өздігінен орындайтын сарамандық жұмыстарын талдап көрсетіп, оның мазмұны мен көлемін ашып отырады.ࠠОсылайша табиғат жайында берілетін білім мазмұны біртіндеп күрделене отырып, келешекте жоғарғы сыныптарда оқылатын биологиялық пәндерді оқушылардың саналы меңгеруіне негіз салады.

Қазіргі таңдағы өскелең өмір болашақ қоғам мүшесі болатын әр адамның биологиялық білімі болуын қажет етіп отыр. Күн санап техниканың дамуы табиғи байлықтарды үнемді пайдалануды, адам өз денесін және оның ерекшелігін білуін, түрлі аурулардан сақтану жолдарынан хабардар болып, экологиялық тәрбие алуын талап етеді.

Өсімдіктер мен жануарлардың бір-бірімен және олардың өлі табиғатпен тығыз байланысы, дамуы, өзгеріске, ұшырауы тірі организмдердің өлі табиғатқа тигізетін әсері (биоценоз, топырақ, су режимі т.б.) оқушылардың жас ерекшелігіне лайықты мазмұнда беріледі. Осындай негізде құрылған табиғат блогі бастауыш буын оқушыларының психологиялық деңгейіне сәйкес дайындығын қамтамасыз етеді. Мұндай дайындық мазмұнына кіретін мәселелер:

- табиғат заттары мен құбылыстарын ажырата білу;

- табиғи заттар мен адам қолдан жасайтын дүниелерді ажыратып, олардың ара қатысын меңгеру (қолдан жасалған дүниенің бәрі табиғаттан алынады);

-табиғат тіршілік көзі және өзгергіш орта екенін білу;

- адам табиғаттың бір бөлігі болумен бірге табиғатқа тікелей әсер ете алатын және табиғат та адам тіршілігіне әсер ететінін меңгеру;

-қоғам дамуындағы адам мен табиғаттың әсерін айқындай түсу;

-географиялық картамен жұмыс жасап, әр өлкенің географиялық орынын айқындау;

Қоршаған орта бағдарламасы бойынша оқушылардың осыған дейін алған ұғымдарының нәтижесі “Қоғам” бөлімінде қорытылып, тұжырымдалады. Бұл бөлім бірнеше күрделі проблемаларды қамтиды. Олар отбасы, мектеп, ауыл мен қала, Отан. Әр бөлімнің мазмұны бір-бірімен және оқып өткен материалдармен тығыз байланыста дамиды.

Мәселен, 1-сыныпта отбасының анықтамасы, жанұя мүшелерінің тұрмыстық қарым-қатынасы, ондағы оқушының алатын орны, еңбектегі қарым-қатынас, сыпайылық, сыйластық, адамгершілік, үлкенге құрмет, кішіге ілтипат қағидалары және эстетикалық тәрбие мәселелері қамтылады.

Мектеп тақырыбына енетін материалдар мектептің білім беру орны, ондағы ұжым мүшелерінің атқаратын жұмысы, оқушының осы ұжым мүшесі ретіндегі ролі, (жолдастармен қарым-қатынас, ұстазға деген құрмет т.б.) мектеп ұжымы мен басшыларын танып білуге негіз салады. Бағдарламаның ауыл мен қалаға арналған бөлімі де оқушыларға ауыл тұрмысының ерекшелігін, ондағы көлік түрлерін, мекенжай ерекшелігін, қала мен ауылдың айырмасын және өзара қатысын, олардың арасындағы экономикалық байланысты түсіндіру мақсатын қойған. Ауыл мен қала арасындағы қатынас жолының экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан алғандагы орнын ұғындырып, жол, жолаушы туралы білім беру көздескен. Жолаушылардың түрлері, адамдар арасындағы қарым-қатынас, олардың қазіргі таңдағы экономикалық маңызы туралы түсіндіру мақсаты қарастырылған..

Отан тақырыбының басты мақсаты - оқушыға қазақстандық патриотизмді сіңіру. Осы тұста адам құқығы, бала құқығы, қоршаған ортаны қорғау міндеттері де қамтылады.

2-сыныпқа келгенде қоғам бөлімінің мазмұны күрделене түседі. Отбасы өнеге ұясы ретінде қаралып, ата-ана балаға еңбек етудің маңызын нұсқап, кәсіптік құзырлық үлгісін көрсету қарастырылған. Осы бөлімде жанұя мүшелерімен, туыстармен қарым-қатыс, туыстық қа байланысты атаулардың (ата, әже, нағашы, жиен, немере т.б.), ашылумен қатар оқушыны ата-анаға көмекші, кішіпейіл, тілалғыш, елгезек, өз сөзіне жауапты қарайтын адам ретінде талдайды. Сонымен қатар, жанұядағы баланың алатын өз орны, оның маңайындағы туыстармен сыйластық қарым-қатнасы айрықша көрсетіледі.

Мектеп тақырыбы әлеуметтік тұрғыдан қаралып, қоғамдық пайдалы еңбекке қатысудағы оқушылардың алатын орыны туралы ұғындырумен қатар мектеп білім мен мәдениет орталығы ретінде (кітапхана, шеберхана, түрлі үйірмелер т.б.) беріледі.

Ауыл мен қаланың бір-біріне қатысы, байланысы, ондағы басты ерекшеліктер,бұл байланыстың олардың халық шаруашылығына тигізетін әсері, ауылдағы кәсіп түрлері, еңбек адамдары, оларды құрметтеу мәселелері көтеріледі. Ауыл мен қала тұрмысының ерекшелігі, оның себебі туралы білім беріледі.

Туған ел, Отан тақырыбының бағдарламалық мақсаты - еліміздің ғылыми-техникалық жетістіктерін, мәдениетін, өнерін сөз ете отырып, оқушылардың туған жерге, отанына деген сүйіспеншілігін арттыру; елінің байлығын, сол байлықты өндіретін азаматтар жайында, ардагер қайраткерлер туралы білім беру; оқушылардың өзі де Отанның мүшесі екенін айқындай түсу.

3-сыныптағы қоғам бөлімінде жоғарыда аталған тақырыптардың мазмұны тереңдетіліп, отбасы тек жанұя ретінде емес, әлеуметтік орта ретінде алынады. Оқушы енді жанұяның мүшесі, көмекші ғана емес, кішіге қамқоршы, ата-анаға басшы, ақылды азамат тұрғысында қаралады; бауырларына қамқоршы, бауырмал аға ретінде беріледі. Отбасы озық дәстүрлерді, құзырлы қызметкерлерді, салауатты тұрмыс иелерін тәрбиелеудегі ең басты орта ретінде қаралып, оқушының оған деген ықласын арттыру көзделеді.. Отбасының табыс көзі, отбасы қорын молайту және үнемді пайдалану мәселелері, жанұяның татулығы, бір-біріне қамқорлығы, бірігіп демалуы, халыққа берер үлгісі, ұлттық дәстүрлері де қамтылады.

Мектеп тақырыбы мазмұн жағынан кеңейтіліп, ондағы оқушыларға арналған түрлі үйірмелер жұмысы, пәндік оқу бөлмелері, олардың жабдықталуы, ұқыптылық, оқушылардың шығармашылық мүмкіндіктерінің дамуы, жауапкершілігі, ұстазға, өзінен кішіге көмегі т.б. адамгершілік нормаларының қалыптасуы жайында білім беру арқылы оқушылардың осы істерге өздерінің қатысуын қамтамасыз ету жағы қарастырылады.

Қала мен ауыл тақырыбында оқушылардың 1-2-сыныпта алған білімдеріне сүйене отырып, енді қазіргі кезеңдегі тұрмысқа сай кәсіптік өзгерістер,шағын шаруашылық ұжымдар, олардың жұмысты ұйымдастыру ерекшелігі, табыс көзі, ұжымға мемлекет тарапынан берілетін құқықтар жайында білім беріледі.

Отан бөлімінде Республика жерінің кеңдігін көрсете отырып, оның сан алуан шаруашылығы, байлығы, әр аймақтың шаруашылық ерекшелігі, олардың бір-бірімен байланысы, экономикамыздың дамуына табиғаттың тигізетін әсері арқылы саяси, басқару органдары туралы да материалдар қамтылады. Егеменді елдің тілі, армиясы, өркендеген мәдениеті, ғылымы, елдің тарихи қалыптасуы жайында оқушылардың дүниетанымын кеңейту мақсаты жүзеге асады. Қоғам бөлімі 1-4 сыныптар бойына үздіксіз оқытыла отырып, адам және табиғат жайындағы материалдарымен тығыз байланыста қарастырылады.

Адам жанұядан бастап дамып, мектепте оқып білім алса, біртіндеп қоғам өміріне араласады. Адам мен адам арасындағы қарым-қатынас, шаруашылық байланыстары, мемлекет басқару ісі - бәрі адам ойымен, оның білімімен, іскерлік әрекетімен жүзеге асатындығын ұғындыру басты міндет ретінде қойылады. Адам табиғатты да, қоғамды да өзгерте алады және оны керегіне қарай икемдеп пайдаланады. Білімді, іздемпаз, іскер, білікті адам қоғамның белсенді мүшесі бола алатындығы бағдарламаның өне бойынан үзілмей келе жатқан желісі. Бұл адамның ғылыми, мәдени, рухани жетілуін көздеу, бүкіл ұлттық рухани байлықты оқушы бойына сіңіру мақсатынан туындап отыр. Осыны ескере отырып, ауыл не қала туралы айтылсын, соның бәрінде де алдыңғы қатарлы өнегелі ұлттық дәстүрлер мен әдет ғұрыптарды қазіргі салт-дәстүрге сайыстыра беру жағы қарастырылған.

Қазақстан Республикасының “Орта білімді дамыту“ тұжырымдамасында “Нағыз ұлттық мектеп - мемлекет құратын ұлттың тарихи аумағында қызмет атқаратын және осы аумақта өзінің егемендік білім беру саясатын жүзеге асыратын, оқушыларда ұлттық мінезді және ана тілінің негізінде өз халқының рухани әлемін еркін қалыптастыратын мектеп”- деген анықтама беріледі. Дүниеттану пәнінің бағдарламасы осы ұлттық мектеп талабына сай жасалып отыр.

Бағдарламаның басты мақсаты - берілетін білім арқылы оқушылардың іскерлігін, шығармашылығын дамыта отырып, олардың жекебас құндылығын көтеру, адамгершілік тәрбиені бойына сіңіру, тұлға қалыптастырудың негізін қалау. М.Жұмабаев “...бала іскерлігі табансыз” - дей келе, олардың іскерлігін тәрбиелеу керек екенін айтады, “Іскерлік - жан тұрмысының негізі. Бала іскер болмаса, ешнәрсе ұқпайды”1.

Әр сынып сайын берілетін білім көлемінің кеңейіп, мазмұнының тереңдеуі оған жаңа ұғымдарды қосып қатар қою есебінен емес, ең бастысы қоғамның, адамның даму заңдылықтарының жеңіл түрде қисынды жүйеленіп қарастырылуы арқылы қамтамасыз етіледі.

Бағдарлама мазмұны оқушылардың ұтымды дағдыларын қалыптастыруды көздеп отыр. Ал дағды дегеніміз -оқушыда қалыптасқан білікті іс жүзінде логикалық жолмен қолдана білу. Дағдының түрлері көп: ақыл-ой дағдысы ( тез ойланып, шешім қабылдай білу, тапсырманы дер кезінде орындай алу мүмкіндігі); сенсорлық дағды (байқағыштық, көргіштік, түсті айыру қабілеті, тез қабылдау); қозғалыс дағдысы ( тез орындау, шапшаң жауап беру, қимыл-әрекеті); ерік дағдысы (тыңдай білу, тәртіптілік, ырықты еріктің дамуы) т.б. Сынып сайын тереңдетілген біліммен бірге дағды да тұрақтанып, іскерлікке қарай көшеді, оқушылардың шығармашылығы күшейеді. Мектептің жоғарғы сатысында оқушыларды “биологиялық және экологиялық сауатты тұлға” ретінде дайындау мақсаты көзделсе, оның бастапқы негізі бастауыш сыныпта қаланады.

Осы айтылған деректер мынадай ой түюге жәрдемдеседі:

-Қоршаған орта бағдарламасы мемлекеттік құжаттар: “Қазақ Республикасының білім беру стандарты”, “Орта білімді дамыту тұжырымдамасы”, “Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұнының тұжырымдамасы” талаптарына сай жасалып, мемлекеттік интеллектуальді тұлға дайындау мақсатына бағытталған. Бастауыш сыныптарда қоршаған дүниеден берілетін білім бұрын жеке-жеке оқытылған “Айналамен таныстыру”, “Табиғаттану” пәндерінің негізінде біріктіріліп, тереңдетіліп, кеңейтіліп, мазмұны жағынан күрделеніп, жаңа талаптарға сай қарастырылған.

«Қоршаған орта» жеке пәндік мазмұннан гөрі кіріктірілген курс құрылымында қарастырылады. Сондықтан, оған өсімдіктану, жануартану, адамтану, география, қоғамтану және химия мен физика пәндерінің элементарлық бастама ұғымдары енген. Сыныптан сыныпқа қарай берілетін білім сабақтастығы жалғаса отырып, жергілікті материалдарды пайдалануға мол мүмкіндік туғызатын өлкетану принципі жүзеге асырылған. Бағдарлама мазмұны нақты заттар мен құбылыстарға негізделе отырып, ғылыми ұғым жүйесіне құрылған.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   55




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет