Роллан Сейсенбаевтың творчествосы туралы сөз
«Ешқайда бастамайтын баспалдақ», «Түнгі дауыстар», «Өмір сүргің келсе», «Шайтанның тағы», «Құм кезген өліктер» романдарының, көптеген әңгімелер мен повестер жинағының, әлем театрларының сахнасында қойылып жатқан ондаған пьесалардың авторы — Роллан Сейсенбаев қазақ әдебиетінің төрінен өзінің қалаулы орнын алған асқар ойлы жазушы.
Ол қазақ һәм орыс тілдерінде көсіліп еркін жаза береді, сонымен бірге қазақ халқының ұлттық мүдделерін әлемнің рухани құндылықтарымен тығыз байланыстырып жататын ерекше қасиеті және бар. Әдебиетке алғаш келген күнінен бастап, оның ешкімге ұқсамайтын, қазақтың әдебиет айдынына тосын, жаңа творчестволық леп әкелгенін біз жақсы білеміз.
Сонымен бірге жазушының эстетикалық аясы кеңдігімен, философиялық ойы беріктігімен, салмақты тұжырымымен ерекшеленеді. Оның прозасындағы көркемдік кесте — Батыс пен Шығыстың жаңа модерн үлгісінің ең үздік, өз жүрегінде, санасында пісіріп қорытып ойлап тапқан, тыңнан із салған Ролланның стилі. Сонан да ол, ешбір қазақ немесе Совет жазушыларының үлгісіне жатпайды.
Бұл Роллан Сейсенбаевтың творчестволық әлемде өзі ғана таңдап, тапқан өзгеше соқпағы. Оның сөзі: өзгелердікіндей көп сөзділікті қуып кетіп малтығып жатпайды.
Оның сөзі: ой мен харекетке тура шығып, еркін жол тартады. Бұл оның табиғатына Алла берген айрықша сыйы, жазушының көп толғанып, терең ойланып тапқан көркемдік биігі.
Роллан Сейсенбаев шығармаларының тақырып аясы мейлінше кең, қаһармандарының мінездері сан алуан, типтік тұлғалар көрінісі өте биік. Оның кітабын оқып шыққан адам, ұшы-қиыры жоқ қазақ даласы мен қазақ ұлтын ғана емес, бүкіл адамзат баласының тірлік-тауқыметіне, адамгершілікке толы жүректің терең толғаныстарына куә бола алады. Қазақтың өткен тарихына деген жазушы көзқарасы да мүлдем бөлек.
Ол «ескі жұртты» көксеп зар-заманды уағыздамайды. Қазақ елінің аңызға толы бесігінен ол өзіне керек дүниені ғана таңдап алады. Сол елес бейнемен ол ес әлемін жаңғыртып, бүкіл тарихи алқапты кеңінен көрсетуге күш салады. Роллан Сейсенбаевтың әдеби қаһармандары тарихи оптимистік сезімге бой ұрады. Олар күнделікті өмірмен де, тағдыр талқысымен де қатар тірлік құрады, өйткені, олардың ой бағыты, қимыл-әрекеті, ақылды іс толымы бүгінгі күннің тауқыметімен бірге. Өз халқының жаңа өрістегі жаңа тірлігі туралы шығарма жазу үстінде ол заманалар үрдістері кезіндегі қуатты реалистік, ақиқат толғар шындыққа ашық жол салды.
Кеңес Одағы тұсында өрбіген мифотворчестволық ағымға ол қызықпады, өйткені әлем әдебиетіндегі ағыстар мен тоғыстарды терең ұққан, түбегейлі зерлеген Роллан, мифология аясының тарлығын анық ұққан, сонан да, оның жан салған бет алысы шығарма ақиқаты, бүгінгі күннің реалистік шындығы болатын.
Роллан Сейсенбаевтың шығармаларында адамдар арасындағы қатынас, ішкі сезім аясы, көп дауысты полифонизм мүмкіндігі зор эпикалық құлашы кең кеңістікті аңғартады. Жазушының әңгімелеріндегі кейбір эпизодтық рөл атқаратын адамдар, оның романдарына еркін еніп, шығарманың шындық кескінін айқындай түседі.
Бұл жазушының эстетикалық тұжырымының қуаты мен кеңдігін көрсетеді, сонымен бірге жан дүниесінің тазалығын, ашьқ күреске еркін шыққан батыл азаматтық қасиетін айғақтайды. Өрби өсіп құйқылжып тұрған аумалы-төкпелі заманда, бейқамдыққа, салғырт салқындыққа, конформизмді ықтауға ол бар жанымен қарсы. Халыктың қамы, оның мәдени өсуі туралы айтылып жататын әлжуаз, ынжық ниет пен ой оған жат.
Ол қашанда қазақ халқының бақытын аңсайды, сол бақытқа жету үшін жасалар бар әрекетке еркін, батыл бара береді. Оның бекінген жазушылық ұмтылысы — халық жағында. Ой-тілегі — ақиқат биігінде.
Бабасы Абай Құнанбаев ұстанған этникалық сын аясын, Роллан Сейсенбаев барынша кеңейтуге тырысып бақты. Қазақ халқының көрнекті рухани дәстүрін көзінің қарашығындай сақтауға ұмтылуын бір сәтке ұмытқан емес.
Жазушының ой-әлеміне гуманизм, нағыз интернационализм тән. Роллан шығармаларында көп ұлтты халық өкілдері өз бейнелерінде сом-сом тұлғаларға айналады. Әр халықтың мінез-құлқы, этномәдениет аясы анық һәм ашық көрсетіледі. Бұл да жазушының халықтар арасындағы рухани, мәдени байланыстардың, халықтар достығының бағалы сый екенін, сол сыйды қадірлеп-қасиеттеп өту керек екенін ерекше шыншылдықпен көрсетіп отырады. Дәл осы ойымызға «Намыс» повесі дөп түсер. XVIII ғасырдың басында қатар қонып, еркін отырған қазақтар мен жоңғарлардың арасында бітіспес майдан басталады.
Адам айтқысыз айуандықпен өтер соғыста жер бетінде екі ұлттың біреуі ғана тірі қалуы тиіс еді. Жоңғарлар тарихи аренадан жоғалды, бірақ қазақ халқының санасында жоңғар ең жауыз жаудың символы болып қалды. Жоңғарларға деген жаулық түсінік қазақ бойынан кеткен емес. Тіптен бұл түйсін-түсінік қазақтың жаңа тарихи романдарынан да мол орын алуда.
Ғасырлар бойы санаға сіңіп, жүректе орныққан ойды, Роллан Сейсенбаевтың «Намыс» повесі ғайыптан пайда болып тасталқан қылды. Жоңғардың тұтқынға түскен жап-жас мөлдіреген биші қызы, айтулы сырнайшысы, кек пен қанға жүгінген қазақ жауынгерлерінен қаймықпай, ерлік пен намысына толы қайрат көрсетеді.
Роллан Сейсенбаевтың сөзі ағып түсер қиналған жандай, тамырды солқылдата соққан қызыл қандай жүйткиді; нағыз сөз қуаты осы болса керек. Жазушы өзінің рухани көкжиегінің кеңдігін көрсетеді. Ол өзін де аямайды, айтар проблемаларды көтеру үстінде өзгені де аямайды.
Бүгін біз көріп, сезіп, түңіліп отырған проблемалар қанша ма?..
Біздің тарихымызды таптаған жалғандық қаншама?..
Әлем қаншама рет катастрофаға ұшырады, қаншама рет ажал алдында тұрды, сол кезде Сөз туды, сол Сөз адам рухын көтеріп, есін жидырғанын біз ешуақытта естен шығармауға тиіспіз.
Роллан Сейсенбаев дүниеге әкелген әдеби образдар, біздің өз-өзімізден биік болуымызды қалайды. Гуманизмнің, реализмнің, халықтық белгінің, прогрессивтік пәлсафаның, әлемдік көзқарас бағдарының аса терең, мол тамырлы байланысы болғанын, бола беретінін біз жанымызбен сезініп, рухымызбен ұғынуымыз керек. Роллан Сейсенбаевтың творчествосы дәл осы ойымыздың имандылығын дәлелдейді, сонымен бірге оның шығармалары қазақ әдебиетінің XX ғасырдағы ең жоғарғы биігін көрсетеді.
Мұрат ӘУЕЗОВ
Достарыңызбен бөлісу: |