12-17 жас аралығында бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға кеңес: Егер жасөспірім балаңыз туралы мазасыздана бастасаңыз, онда сізге өміріңізді өзгертіп, басқаша көзбен қарайтын уақыттың жеткені.
Алдымен балаңыз жасөспірім кезеңге аяқ басқанда оның бойында қандай өзгерістер болатынына назар аударайық. Сырт келбеті өзгереді. Жасөспірім үшін жаңа өзгерген дене бітімімен өмір сүру аса маңызды болып табылады. Оның үстіне сырт келбетке көп нәрсе байланысты екенін ұмытпайық. Әдетте әйел адам үшін уақыт өткен сайын ер адамның ақыл-парасаты маңызды болса, ер адам үшін әйелдің сұлулығы басты мәселе болып қала береді. Сондықтан бойжетіп келе жатқан қызыңыздың өзін, бет-әлпетін күтуіне баса назар аударыңыз. Жасөспірімдердің өзін салыстыра бастайтын өз сұлулық эталоны болатынын естен шығармаңыз. Кейде тіпті сырт келбеті оның келешек өміріне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан олар көпшіліктен ерекшеленіп, көзге түсуді ойлайды.