Карантин — ауру ошағын толық оңашалау және ондағы ауруды толық жоюды қарастыратын шаралар жүйесі.
Карантин (итал. quarantena, quaranta gіornі – қырық күн), уақытша тыйым салу – жұқпалы ауруларға шалдыққан немесе сол індеттер бойынша күдікті адамдар мен жануарларды жұқпалы аурулардан сақтауға, сол аурулардың жан-жаққа таралмауы үшін алдын ала жүргізілетін әкімшілік, медициналық-санитариялық, ветеринариялық-санитариялық кешенді шаралар жүйесі.
Көптеген жұқпалы аурулардың қоздырғыштары мен жасырын кезеңі (инкубациялық кезеңі) әлі толық анықталмаған жағдайда кез келген жұқпалы аурулар бойынша 40 күнге шектеу қойылады. Карантиндік шаралар халықаралық медициналық-санитариялық ережелерге сай ДДҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) мүшесі ретінде Қазақстан Республикасында да жүргізіледі. Әсіресе, елдің өз территориясында немесе шекаралас елдерде аса қатерлі індеттер (оба, тырысқақ, т.б.) пайда болғанда карантин жүргізудің маңызы арта түседі. Мұндай жағдайда әкімшілік шара ретінде мемлекет шекараны жабуға тура келеді. Карантин жарияланған елдермен байланыс жасауға тыйым салынады. Медициналық-санитариялық шараларға:
барлық жолаушылардың және экипаждың денсаулығы туралы анықтама алу;
тасымалданатын жабдықтарды, жүктерді тексеріп, қажет болған жағдайда дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау;
ауырған адамдарды және олармен жанасқандарды дәрігерлік тексеруден өткізу;
диагнозын анықтағанша науқастар мен күдікті адамдарды оқшаулау;
Жұқпалы аурумен ауырған адамдарды шағын топтарға бөліп обсервациялау кезінде немесе Карантин жарияланған жерден келгендерге дәрігерлік бақылау жүргізу мерзімі ауру түріне байланысты болады. Мысалы, оба және тырысқақ ауруында – 6 күн, нағыз шешек кезінде – 14 күн. Бұл мерзім сол аурулардың ең ұзақ жасырын кезеңінен аз болмауы тиісті. Оқшаулау әскери бөлімшелерде жаңадан келген сарбаздар үшін де қолданылады. Карантин жарияланған елден (жерден) кетушілер мен келушілерге сол ауруға қарсы егілгені, яғни вакцинацияланғаны туралы тиісті куәлік (сертификат) берілуі керек. Аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша карантин жарияланған жерде адамдардың бір-бірімен араласуына шек қойылады, жатақхана тұрғындары шағын топтарға бөлініп орналастырылады, дәрігердің рұқсатынсыз карантиндік аумақтан шығып кетуіне немесе оған басқа жақтан адамдар келуіне тыйым салынады, азық-түлікпен және сапалы сумен қамтамасыз ету ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда карантиндік шаралар оқта-текте кездесетін, аса қауіпті емес жұқпалы аурулар бойынша мектептерде, перзентхана, балабақша, емхана, ауруханаларда жүргізіліп тұрады. Барлық атқарылатын шаралар қауіпсіздік техникасы сақтала отырып, микробиологиялық бақылауға және эпидемиол. қадағалауға алынуы қажет.