Бейімбет Майлин



Дата06.02.2022
өлшемі16,58 Kb.
#79446
Байланысты:
өлеңдері туралы


Бейімбет Майлин – поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол «Садақ» қолжазба журналында, «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде жарияланған алғашқы өлеңдерінен бастап-ақ ел өмірінің сан-сала көкейкесті мәселелеріне ден қояды. Сахара жұртының мұң-мұқтажын, арман-аңсарын, әсіресе азаттық-теңдік тақырыбын тілге тиек етеді. Бейімбеттің поэзиялық шығармаларындағы Мырқымбай – типтік кейіпкер деңгейіне көтерілген жиынтық бейне. Мырқымбай бейнесі арқылы Бейімбет сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс-бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік-тынысын суреткерлік шыншылдықпен бедерлей алған.
Бейімбет қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосқан. Оның «Байдың қызы», «Рәзия қыз», «Қашқын келіншек», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Кемпірдің ертегісі», «Хан күйеуі», «Мырқымбай» поэмалары тақырыбының әр алуандығымен, оқиғалық тартымдылығымен, өзіндік тіл-стилімен қазақ поэзиясының көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады. Бейімбет Майлин аз өмірінде аса өнімді еңбек етіп, елуге тарта кітабын шығарды. Оның шығармаларында қазақ кедейінің мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігі, арман-мүддесі бұрын болмаған деңгейде жан!жақты да терең суреттеліп, өміршең типтік бейнелер жасалды. Майлиннің ақындық қызметі 1912ж. жазылған «Мұсылмандық белгісінен басталады». Төңкеріске дейін жазған көп өлеңдерінде («Мұқтаждық», «Мал», «Байлыққа») ауылдың ауыр тұрмысы, әлеуметтік теңсіздік жырланады. 1916ж. ұлт-азаттық қозғалысы Майлин шығармашылығындағы халықтық сыйпатты күшейте түсті. Осы кезден жазылған «Қанды тұман» өлеңінде қараңғыға қамалған қалың елдің, аянышты халі суреттеледі. Ақынның шығармашылығында ұлт-азаттық, ағартушылық, демократтық сарындар түпкілікті қалыптасып, жаңа биіктергк бет алды. «Кедей», «Жауыз кім?», «Кедейге», «Құтты болсын», «Мейрамың», «Бүгін», «Гүлденсе ауыл — гүлденеміз бәріміз», «Коллективтің жырын айт» сияқты өлеңдерінде жаңа заман әкелген ауылдағы өзгерістерді, ондағы елдін тұрмыс-тіршілігін зор шабытпен жырға қосты.
Майлиннің біраз өлеңдері әйел теңдігі тақырыбына арналған. «Қыздың сәлемі», «Қашқын келіншек», «Ақсуаттың жанында» сияқты өлеңдерінде ескі салтқа негізделген қазақ қыздарының аянышты тағдырлары суреттеледі. «Азат әйел», «Ғазиза», Шал мен қыз», «Ажар» сияқты өлеңдерінде жаңа заманда теңдікке жетіп, бақытты өмір сүре бастаған жастарды жырға қосты.
Ақын өлеңдерінің мазмұны мен өзіндік көркемдік сипаттары оның осы ауыл өмірінің реалистік бейнесін сомдауымен ерекшеленеді. Соған шабыттандырған күш не екенін мына шумақан анық көруге болады:
Сенің зарың — зарлайтыным өмірде,
Сенің арың — арлайтыным өмірде.
Сен жыласаң — көзден жасым тамшылар,
Сен қуансаң — қайғы, шерім аршылар.
«Кедейге» деген бұл өлең оның кедей қауымына берген серт-уәдесі іспетті.
Ал «Ұлы күн» өлеңінде жоғарыдағы ойын жалғастыра келіп, оның себебін де айтады.
Жырлағаным — кедейдің жыры,
Сырлағаным — кедейдің сыры.
Сырым да бір, жырым да бір,
Мен-дағы сол кедейдің бірі.
Көріп отырғанымыздай, ақын дала тіршілігіне, қыр елінің кейпіне өзінің шыққан тегі — кедейдің көзімен қарайды.
Бейімбет қазақ поэзиясына ой мен сезімді баяндау, суреттеусіз-ақ айтып жеткізудің өлең-диалог түрін енгізді. Сұрақ пен жауапқа ғана құрылған, екі адамның сөйлесуі түріндегі «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» деген өлең соның мысалы. Әрқайсысы бір, екі-үш сөзден ғана тұратын тақ-тұқ үш сұрақ пен үш жауап арқылы, төңкерістен кейін қазақ аулында ғасырлар бойы қалыптасқан өмір қалпын асты-үстіне шығарған әлеуметтік топтар психологиясына әсерін тасқа басқандай етіп көрсеткен. Өлеңде бірде-бір артық элемент жоқ, әр сөз, әр сөз емес-ау, әр қосымша сөйлесушілердің мәнді әлеуметтік-психологиялық мінездемесі қызметін атқарьш тұр. Оны айтасыз, өлеңдегі маңызды әлеуметтік мазмұн оның ойнақы, қызықты болып шығуы да, сайып келгенде, сол -мыз, -мын қосымшаларының мысқыл, ажуа тудыратын мағыналарына байланысты. Өлеңнің екі бөлігін салыстырып оқыған кісі бұған оңай көз жеткізеді.
«Ыбыраймыз, Ыбыраймында»:
Кеше: — Уа, кімсіз? ,
— Ыбыраймыз.
— Жаймысыз?
— Жаймыз.
— Уа, қайдан келесіз?
— Сайлаудан келеміз.
— Елге ойран сап,
— Ойнаудан келеміз.
Кеше: сұрақ қоюшы ізет-құрметпен: «Уа, кімсіз?» — дейді, жауап беруші: «Ыбыраймыз», — деп сызданады.
Ал бүгінгі сөйлесудің әуені мүлде керісінше.
Бүгін: — Уа, кімсің?
— Ыбыраймын.
— Жаймысың?
— Жаймын.
— Қайдан келесің?
— Соттан келемін.
— Соттан емес-ау,
— Оттан келемін…
Бүгін кешегіндей мүләйім үнмен: «Кімсіз?», «Жаймысыз?», «Қайдан келесіз?» демейді, «Кімсің?», «Жаймысың», «Қайдан келесің?» дейді. Неге бұлай, мұның себебі не? Себебі бүгін кешегі етектегі — өрге, есіктегі төрге шыққан. Ақынның тапқырлығы қайран қалдырады.Қазақ әдебиетіне Бейімбет енгізген бұл өлең-диалог үлгісі кейінгі ірі ақындар шығармашылығында өзінің сәтті жалғасын тапты (мысалы, Ә. Тәжібаевтың «Сыр жырлары», М. Мақатаевтың «Нетер едің?» өлеңі, т.б.).
Қорыта келгенде, Б. Майлин поэзиясын Қазақ төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі жылдардағы ауыл өмірінің өзінше бір көркем кестелі шежіресі деуге болады, оның өзіне тән елеулі ерекшелігі мен тарихи мәні де осында.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет