Таным теориясы мәселесінде Дидро өзінің замандастары секілді «сезімділік пен ойлаудың арасында ешқандай айырмашылық жоқ» деген пікірде болды.
Жан Жак Руссо (1712-1778 жж.) – француз философы, ағартушысы, моралист, жазушы.
Оның шығармашылығында адамдардың теңсіздігіне ерекше мән берілді және ол әлеуметтік теңсіздіктің қарапайым адамға тигізетін залалынан қалай арылуға болады деген сұрақтың жауабын іздеді. «Ғылымның әдет-ғұрыпқа әсері» деп аталатын еңбегінде өркениеттің, ғылымның және өнердің дамуы адамды табиғаттан алшақтатып жіберді деп жазды. Ғылым мен мәдениет жасанды қажеттіліктерді туғызады да, адамды шын болмысында «болу»-ға емес, соған «ұқсату»-ға итермелейді. Адамдар әуел бастан теңсіз болып жаратылмайды, ол «материалдық бөліністің нәтижесінде» пайда болады. Ол – жеке меншіктің пайда болу салдарының көрінісі (ең алдымен жерге меншіктің пайда болуынан) деді.
Руссо теңсіздіктің үш түрін көрсетеді
- физикалық,
- материалдық (мүліктік),
- саяси.
Ол барлық адамдар тең, адамгершіліктері бұзылмаған «табиғи қоғам болса» деп армандайды. Себебі «меншік жоқ жерде, теңсіздік те болмайды» деп есептеді. Бұл жағдайдан шығудың бір жолын көрді – өркениеттің ұсынған игіліктерінен бас тартып, өмірдің алғашқы табиғи бастауына оралу керек деді. Өйткені өркениеттің игіліктері адамдардың физикалық әрі адами болмысын бұзады және мүгедек қылады. Руссо «Табиғатқа бет бұр!» деген ұран тастады.
Достарыңызбен бөлісу: |