Бернияз Күлеев және феминизм
XX ғасырда қазақ даласында көтерілген әйел теңдігі, бостандығы мәселесі көп шығармаға арқау болды. Осы уақытқа дейін көбіне тек прозадағы әйел бейнесімен, әйелдің күйімен таныс болсам, бүгін Бернияз Күлеевтің электронды кітабын оқып отырып мына бір өлеңді көрдім.
Атауы - «Әйелдер сөзі". Бұл өлең ақынның 17 жасында жазылған. Өлең кезекті ұйқасқа қүрылған. Бір демде оқып шығатын, әйел затына рух беретін өлең. Өлеңде үлкен мәселе көтерілген. Ол мәселе бүгінде де өзекті. Тек әр дәуірде әрқилы көріністе болған. Егер Бернияз Күлеев біздің заманда өмір сүргенде нағыз феминист ақын болар еді-ау деп ойлаймын. Қазақстанда енді ғана танылып, қанат жая бастаған әйелдер қозғалысы, феминистік топ мүшелері қазақ әйелдерінің еркіндігін, тәуелсіз замандағы теңдік мәселесін көтеріп жүр. Феминистік қозғалыс бізге енді жеткенмен, бізден көш ілгері дамыған елдерде XVIII ғасырда-ақ басталған. Және де Б.Күлеевтің бұл өлеңі бүгін оқыса да өміршеңдігін жоғалтпаған өлең. Әуел бастан қазақ отбасындағы әйел мен ер адамның арасында теңдік жоқ. Сондықтан біздегі феминистік қозғалысты қолдамаушылар көп. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, күш көрсету, от басы ошақ қасында отырғызу (сенің орның сол жер деген таптаурын пікір) т.б. көбеймесе, азайып тұрғаны шамалы. Қазақ қызға құрметпен қараған, бірақ солай бола тұра оны бір саты төмен түсіріп ұлды биік қойған. Бұл – құрмет емес, құқықты таптау. Әлі күнге солай қаншама қыздың құқығы тапталып келеді. Үйінде екі қыз болып ұл болмаса «Ұлболсын, Ұлдана, Ұлтуар, Жаңылсын" деген есімдерді қоюы нағыз кемсітушілік. Ия, 16 жасқа толғанда атын өзгерсе болады, бірақ одан не қайыр, оған да рұқсат беретіні бар, бермейтіні бар. Қызы некесіз бала тапса ата-анасы өз тәрбиесінен емес, кінәнің бәрін қызға жауып, өлімші қылып сабап, өлтірмесе тірі өлік қылған талай отбасыны өз көзіммен көргенім бар. Сөйтіп, қазақ қызы о бастан теперішті көріп келеді, әлі көріп жатыр. Ал, Бернияз Күлеев жас бола тұра, оның үстіне ер жігіт бола тұра қазақ әйелінің жан айқайын айта білді. Әйел сөзін әйелдің өзі бұндайлық айта алмас. Мен феминизмдік идеяның қолдаушысы едім, ал Бернияз Күлеевтің бұл өлеңі менің ойымды қуаттады.
Жаралғаннан күң болып
Құлдық қылып келдік біз,
Хайуан көрмес азаптың
Талайларын көрдік біз.
«Алтын басты" еркекке
«Барық бас" боп ердік біз,
Шапса басың, алса жан –
Ықтиярын бердік біз.
Күндіз күлкі, түнде ұйқы
Көре алмастан өлдік біз.
Ертеңді-кеш салпылдап,
Жан тынышын бөлдік біз.
Тамақ үшін таяқ жеп,
Ол не десе, көндік біз.
Тіл қайырсақ, тірі сойды,
Болдық оған жемтік біз.
Қорыққаннан қамшыдан
Жүрмес жерде жүрдік біз.
Шарасыздан сандалып,
Дедік оған: «Сендік біз".
Ханға барсақ – хан жаман,
Биге барсақ – би надан,
Болғаннан соң бәрі бір,
Ала алмадық теңдік біз.
Қашан біздер жөнделіп,
Еркектермен тең болып,
Әйел атты ел болып,
Дер екенбіз: «Жеңдік біз»?
Достарыңызбен бөлісу: |