Бүгін бала, ертең-ата-ана: тәрбиеге немқұрайлылық өкіндірер



Дата24.12.2019
өлшемі23,37 Kb.
#54670
Байланысты:
мақала қыз тәрбиесі

Бүгін бала, ертең-ата-ана: тәрбиеге немқұрайлылық өкіндірер

Қазіргі уақытта отбасы үлкен қиындықтарды басынан өткеріп жатыр: моральдық құндылықтардың материалдық құндылықтарынан кемшін бола бастауы, жастардың отбасылық-некелік өмір туралы педагогикалық даярлығының төмен болуы, ата-ананың бала тәрбиесіне психологиялық-педагогикалық білімінің жетіспеуі. Сәбидің дүниеге келуінің төмендеуімен, ажырасу санының көбеюімен және осыған байланысты баланың панасыздығының, қараусыздығының өсуімен қатар, жалпы айтқанда, отбасына әлеуметтік

құлдырау қаупі барынша төнуде. Некеге тұру мерзімі 28—30 жасқа дейін созылды. 18 жасқа дейінгі балалардың тек төрттен бір бөлігін ғана сау деп есептеуге болады. Ата-аналардың көбісінің, басқасын айтпағанда, балалардың жатсынуынан, дарашылдық пиғылдың етек алуынан, бетімен кетудің өсуінен байқалған дағдарыстан шығудың жолы туралы түсінігі аз. Одан басқа, ақыл-ой және мүше дамуының кемшілігі бар балалар саны көбейді. Сондай-ақ, соңғы кезде бірнеше психологиялық және әлеуметтік феномен пайда болды. Біріншіден, мектепте қыздардың сыныптас ер балалардан 2-2,5 жылға ерте дамып, жетілуі, ер балаларды қорғаушы азамат ретінде қабылдамауы, үстемдік көрсетіп, қыздарға тән емес күшті болып дағдылануы, жыныстық рольдерінің ауысып, болашақта жұбайларына да өктем келуіне әкелуде. Нәтижесінде отбасылық кикілжіңдер, ажырасу,отбасылық құндылықтардың азаюы, т.б. Екіншіден, жалғызбастылық көбеюде, өйткені, қазіргі кезде отбасын құра алмай жүрген жастар көп...Жас үйленгендер «шыдамсыз», алғашқы отбасылық кризиске шыдамай, соттаса кетеді, ажырасу етек алуда, ал ортада сәбилер зардап шегеді: бала үшін тартыста олар сәбиді «қару»етеді! Осы жерде бізге үлгі болар бір тау халқының аңызын келтіріп кетсем: ертеректе бір келіншек күйеуі­нің өзге әйелдерге көп назар салып­, солардың жетегінде жүргенін айтып, мұңын шағып анасына­ келіпті. Етегі жасқа толғ­ан қызының­ көзіне қарап тұрып анасы: «Күйеуіңді қайтар­ғың келсе, маған жолбарыстың  3-4 тал мұртын жұлып әкеліп бер», - депті. Анасының мына сөзінен шошынған қыздың түсінбеген кейпін көрген анасы тағы да қайталап айтады. Бірақ, отбасының бірлігін сақтау үшін келіншек те көзсіз ерлікке бел байлайды. Сөйтіп қолына қой етінің бір кесегін алып, ну орманның арасына кіріп кетеді. Ал­дынан арпылдап атып шыққан аш жолбарыстың қаһарынан қорқып, етті алдына лақтырып, өзі қаша жөнеледі. Екінші мәрте бар­ғанда да дала аңы әлгі әйелге қарай ұмтылғанда тағы да етті тастап, орман арасынан шығып кетеді. Үшінші рет жолбарыс тамақ бергелі тұрған әйелдің қолындағы етке ұмты­лады, ол етті лақтырып жіберіп, қалың ойға шомған күйі үйіне қайтып келіп, ертеңіне соңғы рет бағын сынап көруді ойлайды. Осы барғанында жолы болмаса, басқа қандай амал етерін білмейді. Сөйтіп, соңғы үмітін арқалап, төртінші рет орманға қолындағы қой етін алып кіргеннен бастап әлгі жолбарыс әйелдің келер жолында құйрығын бұлғаңдатып, еркелеп, аузын ашып қарсы алады. Оның да күткені осы еді. Дереу қолындағы ет кесегін беріп, жеп бол­ғанын күтеді. Жолбарыс та тамағын тойдырған соң әйелдің алды­на басын қойып, қалғып кетеді. Осы кезді сәтті пайдаланған келінш­ек 3-4 тал мұртын жұлып алып, анасына апарып береді. Сонда анасы: «Міне, сен жырт­қыш жолбарыстың өзін айламен үйреттің. Оның қасында күйеуің адам баласы емес пе?! Бар да күйеуіңнің көңілін тап!», - депті. Аңыздың  астарында  әр еркектің  бойында  бір  жолбарыс жатқанын, ал әйелдің оны мейірімі мен жан жылуын астастыра отырып, көңілін тапса, көн­бейтін еркек болмайтынын айтқаны –ау, сірә...

Менің қоспағым: Қыздарым, сендерге айтам: отбасының бақыты саған (дана әйелге ) байланысты!

Баланың психикасы, мінез-құлық үлгісі, адамгершілік және әлеуметтік қағидалары отбасында қалыптасатыны белгілі. Ал ізгі, үйлесімді, мәдениетті болашақ отбасы иелерін тек отбасы мен оқу орындары біріккенде ғана тәрбиелей аламыз. Л. Ибраимованың “Қазақ халқының отбасылық тәрбиесі”атты оқу-әдістемелік құралында: “Бүгінгі таңда қазақ мектептері алдындағы ең басты міндет — қазақ этнопедагогикасы материалдарын үздіксіз білім беру жүйесіне ендіру, әсіресе сынып жетекшілері мен ата-аналарды отбасылық тәрбие беругедаярлауда оны пайдалану ерекше көкейкесті мәселе болыр отыр.Осы мақсатта оларды сол проблеманы шешуге және оны жүзегеасыруға дайындау қажет. Ол үшін қазақ отбасылық тәрбиесі бойынша бағдарлама құру мәселесін қарастыру керек”,— атап көрсетеді.

Этникалық тәрбиенің деңгейде болмауы әсер ететіндігі, сондай – ақ, жаһандану үрдісінің «салқыны»- мәдениеті әлсіз халыққа қауіпті, басқаға еліктеушілік, жалтақтық, өзін - өзі менсінбеушілік, бұқаралық ақпараттар арқылы жасалып жатқан «рухани шабуыл», рухани азғындықты, ішімдікті насихаттау, тәнін сату тағы сол сияқты іріткілер; мектепте балалар ұйымының ыдырауы, бос уақыттың тиімді ұйымдастырылмауы, бұзақылықтың көбеюіне, зиянды заттарға әуестенуге, аздыратын ортаға апарып соқтырады, тастанды бала, жалғызбасты ана, т.б. проблемалар туындатады...

Осынау олқылықтардың орнын толтыру, ұрпақ тәрбиесін толымды жүзеге асыру үшін отбасында әсіресе қыз тәрбиесіне аса мән беру керек, сонымен бірге барлық  оқу орындарында қыз тәрбиесіне арналған арнаулы курс жүргізілсе, бұл ұлттық маңызы бар оқиға болар еді. (Бұрын кеңес мектептерінде «Қыздар советі (кеңесі)» ұйымдар болған, онда тәртібі нашар қызды салып, құрбылары оның «мәселесін» қарастыратын, тәрбиелейтін.)

Сондай-ақ, адамгершілік тәрбиенің аса маңызды салаларының бірі – жыныстық тәрбиеге де назар аудару қажет сияқты. Медицина ғылымы дәлелдеп отырғандай жас өспірімнің бойында 13 – 15 жас аралығында табиғи өсу, даму барысындағы аса маңызды белес – жыныстық қалыптасу кезеңі басталады. Еліктегіш, тиым білмеген, отбасы тәрбиесінің жетіспестігінен дұрыс түсінігі жоқ жас қыз «ұятты» болып қалып, баласын жалған намысқа бола өлімге де қиып жатқанының небір мысалдары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария болып жатыр, ал жария емес, жасырын қалып жатқандары бар-ау деген ой келгенде жаның шошиды...

Бұл мәселеге немқұрайлы қарау – ХХІ ғасырдағы қазақ ұлтының болашағына балта шабумен бірдей. Сондықтан үнсіз қалуға болмайды. Осы орайда халқымыздың ғасырлар бойы жасаған халық педагогикасындағы қыздарды – қырық үйден тиым сала отырып, шеше, апа тәрбиесі, құрбылыстарының тәрбиесі, жеңге тәрбиесі, ене тәрбиесі болып жіктеліп әр тәрбиенің өзі әдептен озбауды қатты қадағалауды жандандыру керек...

Халық педагогикасында ең басты мәселе - әдеп, ізгілік, үлкенді тыңдау, сөйтіп жас өспірімнің бойындағы өзімшілдік пен өзім білемнің бас көтермеуіне ықпал жасайды. «Көргенсізбен құрдас болма, опасызбен сырлас болма» (мақал). Әр адамнан, бес жасар баладан да, еркек пен әйелден де әсіресе қыздардан дәстүр – салтымыз талап ететін имандылықтың қос босағасы – Ар мен Ұят екендігі белгілі, сондықтан да халық даналығында: - «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» - деп ұрпаққа аманат етіп қалдырған ұғымды әркез есте ұстау қажет.

Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовқа көзі тірісінде «XXI ғасырдың қазақ қыздары туралы пікіріңіз қандай?» деген сұраққа :

 «Қазіргі қыздардың түрі, түсі бұрынғы ғасыр қыздарына ұқсағанымен бұлар ұлттық үлгіден ауытқып бара жатыр. Қазір көптеген қыздар ана тілінен алыстап, ұлттық дәстүр, салт-санадан мақұрым болып барады. Олар үйде де, көшеде де, аудиторияда да, мекемеде де қазақша сөйлеспейді. Қазақ кітаптарын оқымайды. Радио, теледидардың қазақ тіліндегі хабарларын тыңдамайды. Қазақ тілінде ән салынып, қазақ күйлері тартылып жатса, ол каналды өшіре салады. Қазақтың тамаша ұлттық салт-дәстүрлерінен мүлде хабарсыз. Оны білгілері де келмейді. Бір сөзбен айтқанда қазіргі қазақ қыздарында ұлттық рух жоқ. Ол отбасы тәрбиесінің кемістігінен...»деген екен.

Қазір қазақ қыздарының кейбірінің әрекеттері ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқанын байқатады: ар сақтау, ұятты білу, үлкенді ардақтау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау азайып барады деуге болады. Оған басты себеп - қоғамның негізгі өзегі – отбасының өзгеріске ұшырауы, отбасы мүшелерінің әлеуметтік рөлдерінің, қарым – қатынас нормаларының өзгеруі. Жастарды отбасылық өмірге даярлауда әр отбасы, әрбір ұстаз олардың этноәлеуметтік рөлдерді меңгеруіне мән беруі тиіс. Тәрбиелеудің табиғилық ұстанымы - жас ерекшеліктері мен биологиялық толысу ерекшеліктерін ескеру; генетикалық мүмкіндік пен тұқым қуалаушылық мүмкіндіктерді ескеру; таза, мықты ұрпақ әкеліп, сабақтастық жолын сақтау.

Мәденилік ұстаным арқылы - отбасылық мүшелері арасындағы қалыптасқан дәстүрлі қарым-қатынасты сақтауда әлеуметтік рөлдерді меңгеруін ескеру; отбасы және әулет, ру және үш жұрт арасындағы этноәлеуметтік рөлдерді игеру және өмірде атқаруға дайын болу;

Халықтық ұстаным арқылы - этноәлеуметтік рөлдерді меңгерудің қыр-сырын насихаттау, өмір салтына ендіру.

Этноәлеуметтік қарым-қатынастарды реттейтін, іске қосып, жүзеге асыратын – этноәлеуметтік және әлеуметтік рөлдер. Этноәлеуметтік рөлдерді меңгертуге тәрбиелеу мен әлеуметтендіру отбасы, әулет, аталас, ру, жүз, ел бірлігін, ұлт тұтастығын сақтау, бауырмалдықты күшейту, сыйластықты арттыру, салт-дәстүр мен төл мәдениетімізді дәріптеуге қол жеткізеді. Этноәлеуметтік рөлдер “үш жұрт” аясында өз қызметін жан-жақты өрістетеді. Яғни, әр адам туғаннан бастап қартайғанға дейін бірнеше әлеуметтік рөлді атқарады: мысалы, қызы-немересі- жиені-апасы- сіңлісі- қайынсіңлі- келін-жар- жеңге-абысын-ана-ене-құдағи,т.б.

Халқымызда “Ағайын жұрт – күншіл, қайын жұрт – міншіл, нағашы жұрт - сыншыл” деген сөз бар. Бұл бір жағынан әлеуметтік-психологиялық сипаттама болғанымен, әлеуметтік-педагогикалық жағынан үш жұрттың адамды тәрбиелеудегі ұстанатын қағидасын көрсетеді. Демек, қазақтың жігіті немесе қызы үш жұртына жағу үшін үш түрлі ұстанымға сай әлеуметтенуі тиіс. “Күншіл”, “міншіл”, “сыншыл” ұстаным – адамды шыңдайтын аса өткір талаптар.

Өз жұртын күншіл деудің өзі ағайын жұрттың өз адамына деген талабының жоғарылығы. Қазақ тілінің сөздігінде “күншіл – іші тар, қызғаншақ” деген түсінікті береді. Қазақ өз туысы мен өз ағайынына әр ісімен есеп беріп отыруы қажет. Жолға шығарда қоштасып, келсе барып сәлем беріп, іс бастарда ақылдасып, өз тойыңда ағайынға ерік беріп, олардың тойы мен азасында басқа жұрттан мол үлес қосуы қажет. Бұл талаптан шығу өте қиын, екінің бірінің қолынан келе бермегендіктен де өз жұртыңның өкпесіне қаласың. Ағайын арасындағы араздық осы міндеттердің дұрыс орындалмауынан шығады да “күншіл” деген айып тағылады. Дегенмен, бұл да ағайынмен арадағы этноәлеуметтік қарым-қатынасын реттеудің биік талабы.

“Міншілдік” пен “сыншылдық” – талабы жоғары, басқа, өзге жұрттың үлесі. Міншіл саналған қайын жұрт туралы “Жағаңның қызылдығы мен қолыңның ұзындығына қарайды, жуас болсаң жүндейді, мықты болсаң күндейді” дейді. Әлеуметтік тұрғыдан қойылған бұл талапқа төтеп беру, өмір сүру салтында ыңғайын алу, ығына жығылу – психологиялық шеберлікті қажет етеді. Құдаласу мен құдандалы-жекжаттық қарым-қатынастың реттелуі – тұтастықты сақтаудың басты кепілі. Этноәлеуметтік рөлдер мен этноәлеуметтік қарым-қатынастардың аса қажеттілігі мен сынға түсер жері осы.

“Нағашы жұртың – сыншыл, жақсыңа сүйінеді, жаманыңа күйінеді, әрдайым тілекші тілеуқор болып жүреді” дегендейін, сынаудың түбі адал ниет екендігін байқауға болады. “Жиен ел болмас” деп, қайрай сынағанымен, “қыздан туғанның қиығы жоқ” деп, сыртқа теппей бауырына тартқан. “Қыздың баласын кезек сүй” десе, оның сүйегі басқа екендігін ескерткендігі. “Жиен неге ел болмасын, малы болса” деу арқылы өмірге ынталандырады. Жиен нағашыға еркін, “жиенді ұрғанның қолы қалтырайды” деп, нағашы жиендер үшін еркіндік педагогикасын қолданады. Демек, нағашы жұрт баланың кішкентайынан тәрбиеленуі мен әлеуметтенуіне өзіндік үлес қосатындығынан да адамның тәрбие мектебінен лайықты орнын алады.

Бұл “үш жұрттың” жігітті немесе қыз баланы тәрбиелеуде өзіндік өмірге бейімдеу-әлеуметтендіруде, тәрбиелеуде өзіндік педагогикасы, өзіндік психологиясы бар екендігіне көз жеткіздік. Демек, “үш жұрт” мүшелерінің де өз рөлі – өз үлесі бар екендігіне де көз жеткізуге болады. Туыстық жақындықтарға байланысты қазақы этноәлеуметтік рөлдер өз сипаттарын заманға сай жақсарта отырып, ұлттық ерекшеліктерді де жоғалтпауға, құндылықтарын бағалауға, оның тәрбиелік маңызын арттыруға үлес қосады. Қазақ отбасындағы туыстық қарым-қатынастардың сақталуы, сыйластық- ұлттық этникалық, рухани тұтастықты сақтаудың негізі болмақ. Заман ағымынан қалмау – уақыт талабы, бірақ ұлттық салт-дәстүрімізді, рухани қазынамызды жоғалтпай  қатар алып жүруді қыздар әрқашан жадында сақтау керек.

Еліміздегі бойжеткендерге оқу орындарында «Қыз жібек», «Сырғалым», «Ақжүніс», т.б. орталықтар, клубтар; «Сегіз қырлы, бір сырлы ол қандай кыз?», «Қыз әдебі»,»Қыз сыны», т.б. сайыстары, пікірталастар өткізіліп тұрса...

Қыз балаларға «Сырласайық, жеңеше», «Бозбала мен бойжеткен», «Қызым, саған айтам» т.б. сахналық қойылымдар, кештер, кездесулер ұйымдастыру керек. Ұлттық дәстүр құр уағызбен сіңбейді. Сабақ процесінде мақал-мәтел, шешендік өнер үлгілерін, тиым, мысалдар арқылы халық даналығын, тәрбиесін сіңіру міндетіміз.

«Кішіпейілдіктен кішіреймейсің», «Қыз қылығымен сүйкімді», «Үлгілі үйдің ұл-қызы ұялтпайды» деген ұлағат сөздерден ұлттық тәрбие бастау алмай ма?



Нарманбет Орманұлы:
«Бұл бала-бүгін бала, ертең дана,
Оқымаса көңіліне бітпес сана.
Адам туған баласын надан қылып,
Ата-ана болмасын жүзіқара...»деген екен...
«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дейді халық даналығы.

Жалаң сөзді болмас үшін, осы мәселе мені үнемі толғандыратынын, әр сабағымда қыздар мен бозбалаларға осы бағытта тәрбие беру мүмкіндігін қарастыратынымды, сондай-ақ, «Бүгін бала, ертең-ата-ана»: студент жастар мен жоғары сынып оқушыларын отбасы-некелік өмірге даярлаудың психологиялық-педагогикалық негіздері» атты авторлық бағдарлама жинақтап, интернетке жариялағандығымды, қажет деп тапқан адам «Үздіктер» сайтынан таба алады дегім келеді.


Сұлтанова Ғ.Т.

оқытушы, отбасылық психолог.



Қ

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет