Білім беру бағдарламасы: «6В01703 Қазақ тілі мен әдебиеті»



бет15/43
Дата18.11.2022
өлшемі430,76 Kb.
#158794
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   43
Байланысты:
Дәрістер кешені ҰДФ (копия)

Мәтел – халық поэзиясының ықшамды нақыл сөз үлгісінде келетін жанрлық түрі, кестелі сөз. Мәтел мақалға жақын, алайда өзіндік сипат, айырмасы да жоқ емес. Мақал әдетте толық тұлғалы болады, ой тұтас келеді, бір не бірнеше тұжырымды толық сөйлемнен құралады. Ал мәтелде көбінесе айтылатын ойдың ұшығы, тұспалы ғана болады, ол нақышты сөйлемше түрінде келеді. Бірақ сөз орайына келтіріліп, сөз қосылып айтылғанда мағынасы толысып, жетіліп тұрады. Мысалы, «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен», «Берсе – қолынан, бермесе – жолынан», «Асын ішіп, текеметін тіліп», «Барымтаға – қарымта», «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа», «Сыныққа – сылтау» секілді мәтелдерде ой қысқа қайырылып айтылған, алайда мақалға тән маңызды қорытынды-түйін, әр түрлі жағдайларға қатыстырып айтқанда, астарлы, ауыспалы кең мағына берерлік қасиет те бар екенін көреміз. Ал «Ат-тонын ала қашуы», «Көңіл қалмас, көйлек жыртпас» секілді қалыпты сөз тіркестеріне қарағанда, мәтел басқарақ болады, ол өмір құбылыстарын жинақтап, түйіп айту жағынан мақалмен жалғасып жатады. Мәтелдер, көбінесе - сөз айшығы, көркем теңеу, сөз образы («Көппен көрген ұлы той», «Құрыққа сырық жалғап», «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда», «Тілге тиек жасап», т.б). Егер мақалда дәлелдеу мен қорытынды пікір бірдей келіп отырса, мәтелде бұл екеуінің бірі ғана болады. Мәтел айтайын деген ойын турасынан білдірмей, жанама түрінде, әр түрлі салыстыру, теңеу арқылы жеткізеді, кейбір сөздерін тыңдаушының өзі аңғарып түсінер деген оймен әдейі қалдырып кетеді. Бұл – мәтелдің өзіне тән ерекшелігі.
Мәтел де, мақал секілді, ықшамды түрде айтылса да, көп жайды аңғартатын, қоғамдық өмірдегі әр қилы құбылыстарды тапқырлықпен түйіндеп, тұжырымды жеткізетін нұсқалы сөз нақышы.
Жұмбақтар. Жиналу, зерттелу тарихы.
Алғашқы кезде адам баласына дүниедегі заттардың, жаратылыс кұбылыстарының барлығы, олардың сыры, неден жасалатындығы мәлім болмаған, жұмбақ болған. Бірақ адам баласы сол жұмбақты шешуге тырысқан, білу жолын қарастырған, айнала қоршаған жаратылыс дүниесін, оның құбылыстарын, еңбек-кәсіп құралдарын, әртүрлі хайуанаттар жайын бір-біріне салыстыру арқылы тануды көздеген. Ол үшін өздеріне таныс бір затты екінші бір бейтаныс затқа салыстыра отырып немесе сол заттардың бір-біріне ұқсас белгілеріне қарап, олардың қандай зат екендігін, неден шыққандығын анықтаған. Жұмбақтардың алғашқы үлгілері осылай шыққан.
Қазақ ауыз әдебиетінен орын алған және ерте заманнан бастап бүгінгі күнге дейін даму, өсу үстінде келе жатқан жанрдың бірі — жұмбақтар. Ол - барлық елдің ауыз әдебиетіне ортақ жанр. Жұмбақтар – халық ауыз әдебиеті жанрларының бір түрі, көлемі қысқа, есте сақтауға қолайлы келеді.
Жұмбақтың негізгі жанрлық өзгешелігі ол – белгілі бір затты, нәрсені, табиғи құбылысты, адам болмысын, іс-әрекеті, ой-өрісі, мінез-құлқын, әлеуметтік, қоғамдық күрес-тартыс шиеленістерді ойланып, шешімін табуға ыңғайлап, басқа нәрсенің қасиет-сипаты немесе әрекет-қимылы арқылы тұспалдап айту тәсілі.
Фольклорлық туындылардың өзге түрлеріне қарағанда өсу, толысу жолдары мол. Әрбір дәуір туғызған жаңалықтарды бойына жинай отырған халық рухани қазынасының бір саласы. Халық шығармасының жұмбақ түрін зерттеген ғалымдардың айтуына қарағанда, жұмбақ ертедегі адамдардың, бүкіл коллективтің еңбек-кәсіп ету, тұрмыс-тіршілік құру тәжірибесінен туған.
Жұмбақ айту — әр халықтың әріден келе жатқан дәстүрінің бірі. М. Әуезов өз еңбегінде қазақтың ертедегі әдет-ғұрып салтында жұмбақтың ерекше орын алғандығын айта келіп, былай деген: “Кейде бүкіл бір ертек жұмбақтан туады. Әңгімелі әсем жыр, дастан ата-ұлының талайының жұмбаққа соғып кететіні болады. Ертеде ердің даналығын, жүйріктігін жұмбақпен сынау машық болған”. Бұл — тарихи шындыққа негізделген пікір.
Қазақтың көптеген ертегілеріне мазмұн болған да немесе сондағы көп әңгімелердің түйінін шешетін де жұмбақ болғанын білеміз. Бұған “Қарттың ұлына айтқан өсиеті”, “Қарт пен тапқыр жігіт”, “Аяз бидің ертегілері” дәлел. Сондай-ақ, ерте заманда күйеу таңдаған қыздар: “Жұмбағымды шешкен жігітке ғана тием”,— деп, жұмбақты өнер салыстыру, жігіттің ақыл-ойын сынау ретінде қолданған. Бертін келе жұмбақ ақындар айтысынан орын алған. Айтысқа түскен ақындар бір-бірінің ақындық өнерін байқаумен қатар, білім көлемдерін де сынасқан; ол үшін бір-біріне жұмбақ берісіп, өнер салыстырған. Ал енді кейбір елдерде жұмбақ үлкен әңгімелі жырлар тууына себепкер болған. Мәселен, ескі грек жұртының Эдип патша жайындағы трагедиялы әңгімесі жұмбақтан (Сфинкстің “Таңертең төрт аяқты, түсте екі аяқты, кешке үш аяқты болатын не?” деген жұмбағы) басталып, көп жағдайларды суреттеген.
Жұмбақ—оқушы балалар мен жастарға білім берерлік, тәрбиелік мәні бар құралдың бірі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   43




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет